Алматыны дүрліктірген қарақшы кімге өкпелі?
Айдың-күннің аманында Алматы қаласы дүрлікті. 18 шілде күні сағат 11 шамасында қолына қару ұстаған қанішер бейбіт халыққа оқ жаудырды. Осы оқиғаның салдарынан 4 полиция қызметкері мен 2 қала тұрғыны қаза тапты. Жараланғандар саны нақты емес. Олардың ішінде ауыр халде жатқандардың бар екені айтылуда. Елді үрей биледі. Қаңғыған оқ тиіп кетпеу үшін билік тарапынан қала жұртына көшеге шықпау ескертілді. Қарап отырсақ, соңғы уақыттары жан шошырлық қанды оқиғалар жиілеп кетті. Бұл қарсылықтар не үшін жасалып жатқаны да белгісіз. Жеке бастың мүддесі ме? Осыншама қатыгездікке барып жүргендердің көксегені не? Бұл әзірге жұмбақ. Оларды бұған баруға не итермеледі? Ол да беймәлім. Саны қанша? Осы тектес сан сауалдар көпшіліктің көкейінде жүр.
ҰҚК басшысы Владимир Жұмақанов Алматыда полицейлерге оқ жаудырған содыр деп отыр. «Аты-жөні — Күлекбаев Руслан Алпысбайұлы. 1990 жылы 11 маусымда туған, Қызылорда облысының тумасы, бұның алдында Байқоңыр қаласында тұрып келген. Үйленген. Бұрын екі рет сотталған. Колонияда салафиттерге қосылып кеткен», — деді ҰҚК-нің басшысы. Ал баспасөз мәслихатын өткізген Алматы қалалық терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтың ресми өкілі Салтанат Әзірбек: «Барлық заңға қайшы әрекеттерді бір адам жасаған. Алайда шаралардың аясында қаладағы барлық күмәнді тұлғаларды тексеру жұмыстары жүріп өтті», — деді.
Сондай-ақ, Салтанат ханым: «Фигуранттың сыбайластары тексеріліп жатыр. Мұны исламшылар жасады деуге әлі ерте», — деп, тілшілердің сұрағына қысқа жауап берді. Қазақстанның Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Алматыдағы шұғыл өткен брифингте полицейлерге шабуыл жасаған адамның құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен кек алғысы келгенін алға тартты. Министрдің айтуынша, шабуыл жасаған адам тонау және қаруды заңсыз сақтау бойынша сотталып, абақтыда болған жылдары үшін полицейлерден өш алмақ болған. Қарап отырсаңыз, болжамдар әртүрлі. Табан тірер нақты факті жоқ. Бірақ қанішердің адам қанын мойнына жүктеп құрықталғаны шындық.
Қанды оқиғаның ізін суытпай ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Қауіпсіздік кеңесінің жиынын өткізіп, Алматыда болған атысты теракт деп атады. Қауіпсіздік кеңесінің жиынында Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовтың, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Владимир Жұмақановтың, сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесінің басқа да мүшелерінің Алматы қаласындағы оқиғаларға қатысты баяндамалары тыңдалды.
«Бүгін Алматыда, өкінішке орай, тағы да адам құрбандығына ұшыратқан террорлық акт болды. Зардап шеккендер мен қаза болғандардың жақындарына көңіл айтамын, оларға тиісті психологиялық және материалдық қолдау көрсету керек. Сондай-ақ, құқық қорғау органдарына қаладағы құқық тәртібін қамтамасыз ету тұрғысынан барлық қажетті шараны қабылдауды тапсырамын», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осы жиында мемлекет басшысы азаматтарды ақпараттық кеңістіктегі ықтимал арандатушылықтарға бой алдырмауға шақырды. «Қазір құқық қорғау органдары жұмыс істеп жатыр, қаскүнемдердің кім және қандай мақсат көздегенін анықтауда. Жұрт көп жиналатын орындарды қорғап, жараланғандарға медициналық көмек көрсету жөнінде жедел шаралар қабылдау керек. Қылмыскерлерді анықтау үшін шұғыл түрде толық тергеу жүргізу қажет. Сондай-ақ, Алматы тұрғындарына тұрақты түрде мәлімет беріп, жалпы қоғамдық тыныштықты қамтамасыз ету керек. Қауесет таратушылардың аяусыз түрде жолын кесіп, арандатушыларды анықтау маңызды. Алматыдағы және республикадағы барлық азаматтар тәртіпті ретке келтіру үшін ең қатаң шаралар қабылданып жатқанына сенімді болуға тиіс», — деді Қазақстан Президенті. Отырыс қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев Ішкі істер министріне оқиға орнына баруды және Алматы қаласының әкімімен бірлесіп, қаладағы жағдайды тұрақтандыру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.
Сонымен қатар мемлекет басшысы Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне азаматтардың барлық сауалдарына жедел жауап беріп, халыққа уақтылы және толық ақпарат беріп отыруды қатаң ескертті. ҚР Президентi жанындағы Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин: «Алматыда болған қайғылы оқиғалар бiз, яғни қоғам мен мемлекет үшiн үлкен сабақ болды. Сондай-ақ, бұл осы қауiптерге қарсы әрекет ету проблемаларын шешуде күш бiрiктiруге ықпал етпек. Бiз сыртта, Орталық Азия аймағындағы лаңкестiк актiлерге назар аударамыз деп, iштегi «ұйқыда жатқан» ошақтарды байқамадық. Менiң ойымша, осы қауiп-қатердi мемлекет пен қоғам деңгейiнде дұрыс бағаламау жалпы ахуалға ықпал етiп отыр. 20112012 жылдардағы оқиғалардан кейiн барлығы жылдам басылып қалды. Болған оқиғалар радикализмнiң бiр реттiк көтерiлiстерi деп бағаланды. Өкiнiшке қарай, мемлекет пен қоғамға терроризммен ұзақ күреске дайындалу керек», — дейді.
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК