Алпыс жыл өмірін ауыл шаруашылығы саласына арнаған ақсақал Павлодар облысының Құрметті азаматы атанды
Павлодар облысының ауылшаруашылығы саласының дамуына бүтіндей бір өмірін арнаған Мұрат Тәниев Павлодар облысының Құрметті азаматы атанды. Еңбек ардагерін облыс әкімінің орынбасары Дәурен Мақажанов құттықтап, облыс әкімінің атынан алғыс білдірді.
— Сіздің еңбегіңіз бен тәжірибеңіз біз үшін бағалы, — деді Дәурен Мақажанов. – Сіз өңірдің ауылшаруашылығы мен әлеуметтік экономикасын дамытуға зор үлес қостыңыз. Қызмет атқарған көп жылдар ішінде Сіз тек қана әділдік пен адалдық қасиеттерііңізбен көріндіңіз.
Мұрат Тәниев 1936 жылы Павлодар қаласында туған. Алматы зооветеринарлық инситутын бітірген.
— Мен еңбек жолымды тракторшы болып бастадым. 1954 жылы Көкшетау облысында жұмыс істедім. Кейін институтқа оқуға түсіп, оны өте жақсы бағамен бітіріп, қазіргі Шарбақты ауданының Қарабидай совхозында зоотехник болып жұмысқа тұрдым. Бұдан соң мені Май ауданының Киров совхозына жіберді. Осында мен бес жыл еңбек еттім. Бұл ең ауыр кездердің бірі болды. Сол жылдары бізбен еңбек еткен азаматтар 1963 жыл қандай болғанын біледі. Барлық жер құмнан көрінбеді. Азық базасы болған жоқ. Сондықтан жем-шөпті бүкіл республикадан жинауға тура келді. Егер сабан табылса, соның өзіне қанатын едік. Бірақ ол да тапшы болды. Жамбыл облысынан қамыс әкеліп, ұсақтағыштан өткізіп, оны дәмдеп малға беретінбіз. Осылайша, 1963 жылы біз мал басын барынша сақтап қалуға тырыстық. Қойдың үш жүзінен, ал ірі қара малдың біраз ғана басынан айырылдық. Осы еңбегім үшін облыстық ауылшаруашылығы басқармасының атынан «Москвич» автокөлігін сыйға алдым, — деп еңбек ардагері есіне түсірді.
Мұрат Тәниев қиын-қыстау кезеңде мал басын сақтап қалғаны үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. 1965 жылдан бастап ардагер облысымызда түрлі қызмет атқарды. Соның ішінде, ауылшаруашылығы басқармасының бас зоотехнигі, партия комитетінің инструкторы, Успен және Май аудандары аудандық партия комиетінің бас хатшысы болып қызмет етті.
Әлихан Рахметоллаұлы