АЛТАЙ АРУЫ бүкіл Ресейді дүр сілкіндірді

Ежелгі қорғандар құпиясы

Ғасырлар тоғысындағы тағы бір сапарымыз  Өр Алтайдың, төр Алтайдың жерінде, бүгінде Ресейге қарасты Алтай республикасына тән өңірлерінде жалғасқан еді. Осыдан біраз уақыт бұрын республикалық басылымда Алтай тауының Берел қорғанында сақ ханзадасы мен оның қасына бірге көмілген жылқылардың сол күйі бұзылмай, бәз қалпында жатқаны жөнінде мақала жарияланған болатын. Кейін сол Шығыс Қазақстандағы Қатонқарағай ауданының таулы өңіріндегі Берел қорғанына да жолымыз түсіп, ондағы археологиялық жұмыстардың жүріп жатқанын көзімізбен көргенбіз. Онда жаз бойы студенттер мен  арнайы экспедиция жұмыс істейді екен.

Ал осы Берел қорғанынан жетпіс шақырымдай қашықтықта, бүгінде Ресей Федерациясына қарайтын Таулы Алтай республикасы аумағындағы Жазатыр деп аталатын жерде дәл осыған ұқсас қазбалар табылып отыр. Осылардың бәрі бір-бірімен тығыз байланысты екені ақиқат.
— Қазіргі зерттеушілердің пайымдауынша, алғашқыда бұл қорғандарға үш мың жыл болған делініп келсе, шетел ғалымдары тіпті әріге сілтеп, жеті мың жыл деген болжамдар жасап, соған дәлелдер тауып отыр, — дейді сол кездегі Қосағаш ауданының әкімі Әуелхан Жатқанбаев.
Алтайдың «Ақшешек» баспасынан 2000 жылы шыққан кітап «Алтайдағы ежелгі қорғандар құпиясы» деп аталады. Сол кітапқа көз жүгіртіп шықтық. «Аталмыш қорғандарда құпия көп. Бұл үлкен жаңалық», — делінген кітапта. Көне Алтайда өмір сүрген скиф, сақ дәуірі адамдарының археологиялық мәдениеті мыңдаған жылдардан соң ашылып отыр. Мәңгі мұз күйінде сақталған сақ көсемдерінің сол сәттердегідей, еш бұзылмай, бәз-баяғы қалпында сақталуы талайды таң қалдыруда.
«Ақшешек» баспасынан шыққан кітапта 1927 жылы Алтайдың Шибе шатқалында Пазырық қорғаны табылғаны айтылады. Ол мәңгі мұз күйінде жатқан. Сондағы табылған дүниелер Алтынкөл, яғни Телецкое арқылы Бия, Қатынсу (орыстар оны Хатунь деп бұрмалап айтады) өзендерімен төмен қарай ағылыпты. Кейінірек, өткен ғасырдың елуінші жылдары Алтай экспедициясы Урсула және Қарақол далаларында, Құланды, Тұйықты елді мекендері маңында тағы төрт скиф дәуірінің қорғанын тапқан. Оның бәрін кеңес ғалымдары Пазырық археологиялық мәдениеті деп ұйғарды. Содан кейін ұзақ жылдар бойы зерттеу жұмыстары тоқтап, Пазырық, Башада, Шибе, Тұйықты қазбалары құпия қалпында жатқан.
Ал Укок үстіртінде табылған Пазырық мәдениетін зерттеуді тоқсаныншы жылдары Новосібір археологтары қайта жалғастырады. Шибе қорғанының диаметрі — 4,5 метр, биіктігі — 2 метр, тереңдігі — 6 метр. Төбесін жабуға 600 ағаш бөрене пайдаланылған. Қабырғасын таспен қалап, су құйып, мәңгі тоңазытып тастаған. Ендігі бір қорған аумағы 7,2 х 7,2 метр, тереңдігі 4 метр. Көп қорғандарда тура Берелдегідей жылқылар қоса көмілген. Белгілі Новосібір археологі Д.Кубарев осындай ондаған қазбаларды ашып, бұл Алтай халқының дәстүрі деген қорытындыға келген.
Онда балбалдар, бұғы тастар, түрлі әшекей бұйымдары Қосағаш маңындағы Юстыд өзенінде де табылған. Одан үй бұйымдары, ыдыс-аяқ, керамика, кілемдер де шығыпты. Кәдімгі жүннен иірілген, жіптен тоқылған әшекейлі кілемнің көлемі әуелгіде 6,5 метр болған көрінеді. Адаммен қоса көмгенде оның бір шетін кесіп алыпты. Қазіргі сақталғаны 4,5 метр. Кілемнің шетінде атты кісілер бейнеленген. Одан басқа кішілеу тағы үш кілем табылды. Кілем жіптері түрлі-түсті, қанықты бояумен боялған.
Укоктағы қорғандар қабырғасы ағашпен қаланыпты. Онда қоладан жасалған әшекейлер, айналар, магиялық қасиеті бар музыка аспаптары, кілемдер, бас киімдер, ат, қоян, бұғы, елік, таутеке, қасқыр, арыстан, балық пен түрлі құстар бейнеленген көптеген заттар ұшырасады.
Осы үстірттегі Ақ-Аллах қорғанынан 2002 жылы табылған, жасы алпыстар шамасындағы ер адам мен жиырма бестердегі әйелдің денелері сол күйде, күні кеше ғана жерленгендей бұзылмаған күйде жатуы талайды таңдандырып отыр. Сол екі адамның денелеріндегі татуировка, яғни салынған таңбаларына дейін бәз қалпында сақталуы да қызықтырады. Әлгі таңбалар 25 жасар әйелдің тек сол жақ иығында, ал ер адамның тізесінен төменгі жақ балтырында бейнеленген. Ер кісіде татуировка көптеу. Онда көбінесе жылқының, аң мен құстардың суреті салынған.

Сақ ханшайымының ашуы

1242348 20.09.2012 Сотрудники музея института археологии и этнографии СО РАН упаковывают мумию «»Принцессы Укока» для передачи ее в национальный музей имени А. В. Анохина в Республике Алтай. Александр Кряжев/РИА Новости

Осы Алтай аруы, кейбіреулердің пайымынша Сақ ханшайымы атанған әйел мен ер кісінің мәйіті көп кешікпей Новосібір қаласындағы тарихи-этнографиялық институтына жеткізілді. Кезінде соны арнайы барып көзімен көрген, ғалымдардың пікірін естіген, Алтай аруы жөніндегі сирек кітаптың бірін қолына тигізген, Алтай республикасындағы қазақтар мен алтайдар қоныстанған Қосағаш ауданының ұзақ жылдар әкімі болған Әуелхан Жәзитұлы Жатқанбаев мырза бұл жөнінде өз пікірін жеткізген болатын.
— Бұл көне қорғандар Қазақстан, Ресей, Моңғолия және Қытай мемлекеттерінің бір-бірімен жақындасқан, төрт мемлекеттің түйіскен жеріндегі қазақтың Жазатыр деп аталатын жазығынан табылып отыр. Алтай аруының өмір сүрген кезеңін ғалымдар шамамен үш мың жыл деп келсе, шетел ғұламалары тіпті жеті мың жылға жеткізуде. Бұл негізсіз, жәй айтыла салған сөз емес, ол жөнінде жазылған арнайы орыс тілінде шыққан еңбектер де бар. Егер шынымен солай болса, бүкіл тарихты қайта қарап, жаңаша жазуға тура келер, — дейді Әуелхан.
Сонымен археологтар бірнеше күн бойы ыстық су құя жүріп, мәйітті ақ қар, көк мұздан аршып, барынша бүлдірмей шығарып алған. Бұдан соң төрт рет машинаға тиеу кезінде көліктері жиі сынып жүруге жарамай қалған. Содан кейін оны тікұшаққа тиеген, бірақ ол да Новосібір аумағында апатқа ұшыраған.
Осы оқиғадан кейін Алтай өлкесінде жеті күн бойы тоқтаусыз жаңбыр жауған. Археологтар амалсыз бүлініп бара жатқан мүрдені Новосібірдің мұражайына асығыс тапсыруға мәжбүр болады. Не керек, сақ ханшайымының мүрдесі Ресей Ғылым Академиясының Сібір бөлімшесіне қарасты Археология және этнография институтына тапсырылғаннан кейін, жергілікті тұрғындар арасында толқу басталған. Жер сілкінген. Өзін-өзі өлтіретіндер мен ауру-сырқаулар саны күрт көбейген. 2003 жылдың қыркүйек айында Рихтер шкаласы бойынша 7,3 балл болған қатты жер сілкінуін де жұрт Алтай ханшайымының назасымен байланыстырған-ды. Себебі жер сілкінуінің орталығы Қосағаш ауданындағы Алтай ханшайымының сүйегі қазып алынған жерге жақын арада болған. Жалпы, ханшайымның зары салдарынан Алтай өлкесінде отыз мыңнан астам жер сілкінісі тіркеліпті. Өзінің мүрдесін жалаңаш тәнімен көпшілік алдына жайып салғандарға назаланып, аһ ұрған ханшайымның зарына шынында да қара жердің өзі қарсылық білдіріп жатпасына кім кепіл?
Ханшайымның қаһарына ұшырадық деп қорқып жүрген, Тәңірге табынатын Алтай жұрты енді ханшайымның отанына қайта жерленетін болғанына алақайлап қуануда. Алтай шамандардың айтуынша, дәл осы мумияның кесірінен Ресейде соңғы жиырма жылда түрлі табиғат апаттары мен қанды оқиғалар тым жиілеп кеткен. Кезінде Ақ үй атқыланып, азамат соғысы туып кете жаздағаны да осы оқиғадан соң орын алған. 2009 жылы дәл сол ханшайымның сүйегі қазып алынған жерге жақын орында биік лауазымды шенеуніктер мінген тікұшақ апатқа ұшыраған. Ал саясатшылар: «алда Президент сайлауы келе жатыр. Сондықтан болашақ президент Путин Сақ ханшайымының жаны тезірек жай тапса, өзінің де ың-шыңсыз сайлаудан аман-есен өтетініне сенімді болады. Сол үшін мумияны тезірек отанына оралтуға жанталасып жатыр», — дейді.
Кезінде Самарқандағы әлем әміршісі атанған әйгілі Әмір Темірдің мүрдесін қазып алғанда, Ұлы Отан соғысы басталып кеткенін еске алсаңыз, Сақ ханшайымын қазып алғандағы жағдай да тап сол сияқты елестейді. 1943 жылы жез мұрт Сталин Ақсақ Темірдің мүрдесін Самарқандағы өз орнына қайтарғаннан кейін, артынша Сталинград майданындағы қиян-кескі шайқаста шешуші рөл атқарған жеңіске жетеді. Кім біліпті, Сақ ханшайымы өзінің отанына оралса, Ресейдің бір жағына ауған жүгі түзелер бәлкім.
Жалпы, теңіз деңгейімен салыс¬тыр¬ғанда 3 мың метр биіктікте жатқан Укок үстірті бағзы заманнан құпиясын ішіне бүккен сыры — жұмбақ қасиетті аймақ саналған. Қазір де барған адамға ерекше қасиет сыйлайтын құпия жер аталады. Бұл жерді ертеден көктен түскен адамдар мекендеген, солардың сүйегі жерленген-мыс. Ұшатын табақшалардың бұл жерді жиі төңіректейтіні де, бабаларының жатқан жерін қорып жүретіні де сондықтан деседі. Бұл жерге тікұшақпен болмаса, адамның көлікпен жетуі оңай емес.

Басы жылқы, 
аяғы жылан суреттер сыры

Әуел баста Алтай аруы атанған Сақ ханшайымы осыдан жиырма жыл бұрын Алтай Республикасындағы Қосағаш ауданына қарасты Укок үстіртіндегі скиф қорғанындағы Ақ-Аллах деген жерден табылғанын жоғарыда айттық. Бұл аймақ кезінде Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданына қараған болатын. Орыс ғалымдары бұдан үш мың жылдан астам уақыт бұрын жерленген ханшайымның мумияланған мүрдесін дәл осы жерден тауыпты. Қорған бұған дейін бірнеше мәрте тоналған екен. Тіпті беріде, 60-шы жылдары Қытаймен болған саяси шиеленісте қорған қалдықтары әскери бекініске де пайдаланылыпты. Ал табылған мумияның жақсы сақталуына арнайы салынған терең құдық толы мәңгі тоң көк мұз әсер етсе керек. Әйел адамның оң жақ қырынан аяғын бүктеп жатқан, жақсы сақталынған мәйіті археологтарды қатты таңғалдырған. Аршу кезінде әр¬бір зат бейнекамера мен фотоаппаратпен мұқият түсіріліп алынған. Ханшайымның сол жақ иығы мен қолдарына көптеген татуировка салы¬ныпты. Денесіне жібек көйлек, жалпақ белдік, аяғына жүннен жасалған шұлық, басына парик, алтын жалатылған биік баскиім кигізіліпті. Қайтыс болған кезде жасы шамамен 25-терде болған. Ал жерленгеніне үш мың жылдай толыпты. Әйелмен бірге алты жылқы ер-тоқымымен қоса жерленіпті. «Аспан әлеміне арғымақ алып ұшады» деген ертеде сенім болғанын ескерсек, бұдан оның тегін адам болмағандығы айқын көрінеді.
Сонымен Алтай ханшайымы деп жүргеніміз шын мәнінде кім? Бәлкім, ол Кир патшаның тақыр басын торсыққа салған Тұмар ханым шығар?! Ал Алтайдағы жергілікті қарт тұрғындар өз бабаларының Қыдым есімді әулие әйелдің жерленген жерін бұрыннан білетіндіктерін, бірақ оның қасиетті ұйқысын бұзуға ешқашан батылдары бармағандарын айтады. Жер бетін оның бейітінің өзі жаман рухтардан қорғайды деп сенеді олар. Новосібірлік генетиктер мумияны түбегейлі зерттей келе, оның түркі халқына мүлдем қатысы жоқтығын, үнді-еуропалық текке жататынын, бойы шамамен 1,70 метр болатынын, атқа мініп, садақ тартқанын айғақтап отыр. Мұның рас-өтірігін білмейміз. Ғылымда неше түрлі құйтырқылықтар жасалына беретінін тарихтан білеміз. Жақ сүйегі еуропалыққа келгеннің бәрін азиялық емес деп, еуропалық текке жатқызу мүлдем дұрыс емес. Сақал-шашының түсіне, терісінің ақтығына қарап, Ақсақ Темір де еуропалық текке жатқызылған болатын. Алтайды ешуақытта еуропалықтар жайламағанын ескерсек, Сақ ханшайымының нағыз алтайлық, азиялық текке жататыны күмәнсіз.
Ханшайымның қазасы дәл неден болғаны әлі күнге дейін нақты анықталмай отыр. Бұған мамандар оның ішкі органдары мен миының жоқтығы қолбайлау болғанын айтып ақталады. Бас сүйегі мен дене сүйегі аман болғанына қарағанда, ханшайымның әйтеуір жарақаттан өлмегені анық. Оның қазасын ғана емес, мамандар денесіндегі татуировканың мағынасын да шеше алмауда. «Онда адамзат үшін өте маңызды ақпарат жазылған, оны оқып-түсінудің әлі мезгілі келе қойған жоқ» деп өздерінше болжам жасаушылар да бар.
Осы өңірдің тумасы, арғы-бергі тарихтан хабары бар Жатқанбаевтың айтуынша, қазып алынған екі адамның да, олардың қасына көмілген жылқылардың да дене мүшелері сол күйі бұзылмаған. Тылсым құпиясын ішінде сақтаған адамдардың денесінде салынған татуировкада басы жылқы, аяғы жылан тектес суреттер бар. Ал маңайында бірге көмілген жылқылардың қайыс жүгендерінде алтынмен жалатылған түрлі әшекей суреттер, адамдардың астына төселген сырмақтарда бүгінгі қазақтың ою-өрнектері салынған. Әйелдің шашы сары, қоңқақ мұрынды, ат жақты, бойлары осы күнгі біздер шамалас.
Сол кездегі өркендеу дәуіріне қарағанда, адам денесі ұзақ сақталу үшін бальзамдау тәсілін шебер қолдана білген. Ағашты үңгіп, көрағаш жасап шапқан да, мәйітті соның ішіне жатқызған. Сол бөрене ішіне су кірген. Ол жерастында қатып, мәңгі мұз болып жата берген. Мәйіттердің басы құбылаға қараған. Қорым ішіндегі ою-өрнектерге зер салғанда, ежелгі түріктектес адамдар деуге келеді. Әрі жері де ежелгі бабалар мекендеген өңір. Жалғыз бір түсініксіз жәйт, екі адамның иықтарындағы татуировка жазу.
Біз Алтай республикасының Қосағаш ауданында болғанымызда жергілікті қазақтар қайтыс болған адамды ағаш ішіне ойып, соған салып көміп жатты. Демек, бұл көрініс те сол көне заман дәстүрімен үндескендей. Оның бір себебі, Алтай өңірінің табиғаты қатал, қысы өте суық, тоң жерді қазу мүмкін емес, әрі жазда құм сусиды. Ал ағашты ойып, адамды соның ішіне жатқызғандықтан, ішіне су кіріп, мәңгі тоң, мұз болып қатып қалады екен. Дене ешқашан бұзылмай, сол қалпында ғасырлар бойы жата береді.
Ежелгі адамдардың көму рәсімі бойынша, адам өмірі жер астында жалғасады деген түсінік болған. Сондықтан оған керектінің бәрін өзімен бірге көмген. Көсемдерді оның күтушілерімен қоса мініс көліктерін де қасына қойған. Ал ерлерді қаруымен, әйелдерді әшекей бұйымдарымен, тіпті азық-түлігімен, арфа секілді музыкалық аспаптарымен қоса жерлегені сол ұғым-түсініктен.
Жергілікті халықтың айтуынша, осы төрт мемлекеттің түйіскен жерінде керемет қасиет бар. Ұлаған, Қосағаш аудандарынан табылған Пазырық мәдениетінің қазбалары Моңғолиядағы Орхон ескерткіштерімен байланысатын секілді. Осының бәрі сонау Шыңғысхан заманынан бұрынғы, ежелгі түріктектес халықтың, Атилланың жарты әлемді алып, Еуропаны тұтас бағындырып, кезінде дүниені дүркіретіп тұрғанын дәлелдесе керек. Ол жөнінде, әрине, кесіп-пішіп айта қою ертерек болар. Дегенмен ғалымдар пікірі осыған саяды.

Мазасыз рухы жай таба ма?

Сандаған ғасыр бойы мәңгі ұйқыға кетіп, тыныш жатқан Алтай аруын орнынан қозғап, әруақтың мазасын алып, жалаңаш күйінде бүгінгі жер басып жүрген жұрттың алдына шығарып, көз алдына қою әсте дұрыс болмаса керек. Сақ ханшайымы немесе Алтай аруы атанған әйелдің бұзылмаған денесі он шақты жыл Новосібір қаласындағы археология және этнография институтында ғалымдардың зерттеу нысанасына алынғаны мәлім. Олардың қандай қорытынды шығарып, нендей тұжырым жасағаны беймәлім. Алайда қазып алынғанына пәлен жыл өткен соң, Сақ ханшайымының мумиясын өз отанына қайтару туралы шешім шығарылды.
Таулы Алтай Республикасы алтай халқының киесі саналатын ханшайымның сүйегін барынша сән-салтанатпен күтіп алуға қызу дайындалуда.
Алтай Республикасы Ұлттық мұражайы басшыларының айтуынша, ханшайымның мүрдесін сақтау үшін жер астынан Ленин мавзолейінен кем түспейтін арнайы камера жасақталуда екен. Алтай ханшайымының рухы жай табуы үшін Алтайдан шыққан бай демеушілер де аянып қалмауға тырысып бағуда көрінеді. 2012 жылы қыркүйек айында музей толық жөндеуден өтіп, мумияны қабылдап алуға даяр болады деген жағымды жаңалық естідік.
Сонымен Сақ ханшайымы бұйырса өзінің мәңгілік мекеніне оралады. Бірақ дәл қазып алынған қасиетті орнына жерленбей, арнайы жасалған камерада сақталмақ болып отыр. Кезінде Ленин мавзолейін тамашалағандай, жұрт болашақта Сақ ханшайымын да тамашалай алады. Бұдан оның мазасыз рухы жай таба ма, оны дөп басып айта қою қиын.

Таулы Алтай республикасы
ПС: (25 жастағы Алтай аруының суретін қолдан салып жіберуге болар еді…)
Саясат БЕЙІСБАЙ, журналист

(8)