Алты Алаштың арда күреңі

Өз алдына бір планета сияқты болып жатқан Сары Арқаның сайын даласының Бетпақ жақ бетінде Ақдала деген бір жалпақ жазық бар. Жәй жазық емес, кей жылдары болатын қуаңшылықтан қысылған  барша жұртқа азық беретін ғажайып жер ол. Себебі онда табиғаттың небір таршылығына бой бермей желкілдеп өсіп, жайылып кете беретін селеу деген бір өсімдік бар. Оған ыстық-суығыңыз бәрі бір. Қашан көрсең жайқалып тұрғаны.

Селеулі жазықтың айлы түнгі көрінісі тіпті ғажап. Мыңдаған-миллиондаған селеудің  ай сәулесіне малынған күлтеленген басы самал желмен шайқалып, тұтаса тербелгенде бейне бір теңіздің жағасында тұрғандай әсер аласыз. Ай сәулесі астында аунап түсіп жатқан қисапсыз мол толқындар. Тәңірінің алып табағының кемерін толтырып, кемеліне келтіріп айдынына көз жеткісіз балқыған ақ күміс шымыр-шымыр қайнап жатқан секілді.

Менің Ақселеу ағамның  ішкі жан дүниесі де кіршіксіз аппақ, рухани байлығы да қауғаңды қанша салсаң ортаймайтын осындай қисапсыз мол еді-ау, шіркін! Басқаны қайдам өз басым затына сай қылып атын қалай тауып қойған деп таң қалумен болатынмын. Болмысын былай қойғанда, тіпті бітімінің өзі осы бір даланың дара шөбін еске түсер еді. Білуімізше әкесі Слан жарықтық соғысқа аттанып бара жатып құрсақта қалып бара жатқан қарағына осылай деп ат қойып кетіпті. Аталарынан арғысы Наймантай, бергісі Байғозы секілді   айбыны асқан  батырлар шыққан Слекеңе солардың аруағы сыбырлап, аян берді ме екен , ат қана қоймай, алтын  айдар да тағып кеткен сияқты.

Біз өміріміздің денін жат жұрт билеген жұтаң заманда, рухани қуаңшылықта өткіздік қой. Ол кезде өзгесін былай қойғанда  өз тіліңде сөйлеп, өз ұлтыңның атын атаудың өзі бір мұң болатын. Сол бір қытымыр заманның өкпек желі өкпеңді қысып, жаныңды күйдіріп, қаныңды кептіргенде  Ақселеу сияқты асыл да батыл ағаларымыздың жазғандарымен таңдай жібітіп, жанымызды бір шақырып алатынымыз рас енді.

Ол кезде әсіресе тамырымыздың тартылып, тарихымыздың көпе-көрнеу көміліп бара жатқан кезі. Революцияға дейін тіпті мынау кең дүниеде қазақ деген халық мүлдем болмаған секілді. Болса да қойын құрттап, айранын ұрттағаннан басқа түк бітірмепті бәтшағарлар. Осындай кесапат пікір мен жарымжан идеологияны бұзуға Ақаң сияқты алыптар болмаса, екінің бірінің батылы бара бермейтін кез еді ол.

Ағамыздың ел тарихына табан тіреп жазған алғашқы сүбелі еңбегінің бірі «Күмбір-күмбір күмбездер» деген кітабы еді. Талап алып оқыдық. Құдай-ау, аналар айтқандай емес, бізде де  ел қамын жеген естиярлар  мен жолбарыс жүректі, құрыш білекті батырлар, небір елім деп еңіреген ерлер баршылық екен ғой. Халқымыз да қарап қалмай дархан дала төрінде оларға небір  ескерткіш соғып, ризашылығын білдіріп отырыпты. Басқалардан бізде кем емес екенбіз. Ендеше есіміз кетіп, еңсеміз түсетін жөніміз жоқ екен. Сөйтіп бұл кітап күмбір-күмір соғылған қоңыраудай болып, көңілімізді оятып, көзімізді ашты. Ал ағамыз болса рухани дүниемізді дүбірлетіп, көсіле шабудан бір танған емес. Сөтіп Сейдімбековтың онсыз да сорайған бойы баяғының батырларынша  көз алдымызда күн санап өсіп  зорая берді. Оның атағы алысқа кетіп, алыпқа айналғаны сонша, ол кезде республиканың бас журналында әжептеуір қызмет істейтін мен жерлес ағамыздың қасына барып, қол қусырып сәлем беруден де қаймығатынмын.

Айтпақшы бір күні алдына барған екенмін ғой. Онда Ақаңның «Білім және еңбек» журналына бас редакторы болып келген кезі болатын. Партиялық бас басылымның қатып қалған қасаң жазуынан жалықтым ба, қыңқылдап келіп қызмет сұрағаным бар.  Келіп отырған органым ұнамай кері айналды-ау деп ойлаймын бұл күні. Әйтеуір жерлес ағам жібіген жоқ. Жершілдікке, ағайынгершілікке салынбады. Ол да биіктігінің бір белгісі екен-ау!

Бұрынғы бұрынғы ма, енді тіпті маңайына жоламайтын болдым. Бірақ тура бидей туғанын танымайтын ағама тағы бір баруға тура келді. Бір күні редакцияның тапсырмасымен атақты академик Әлкей Марғұланға барып жолықтым.

-Қарағым, сен Ақселеу Сейдімбеков деген журналисті білесің бе?-деп сұрады ол кісі әңгімеміз аяқталған соң,- ол жігіт тарихтың дәнін аршып, терең түйсікпен жазады. Бәрін оқып жүрмін. Айтшы, маған келіп кетсін.

Әлекеңдей ғұламаның сәлемін қалай жеткізбейсің, амал жоқ  тағы бардым. Анандай адамның атын  атап сұрағанын естігенде елпілдемесе де желпілдейтін шығар деп ойлағам. Жоқ, сол бұрынғы  қалпы. Кірпігін де қақпастан басын сәл изеді де қойды.

Бір шаңырақтың астында істейміз ғой. Талай бетпе бет келіп қалып жүрдім. Бірақ одан кейін «бардыңыз ба?» деп батылып барып сұраған емеспін.

Міне, менің алдымда Ақаңның әйгілі алты томдығының 2-ші кітабы жатыр. Соның ішінде берілген күнделігінің 1985 жылдың 21-ші шілде күнгі жазбасынында ол Әлекең туралы біраз толғаныпты. Оның ғұламаның көзі тірісінде өзімен, одан кейін еңбектерінен қол үзбегені анық сезіліп тұр. Оған  осы жазбасында: «Әлкей Марғұлан өзінің барша болмысымен орта ғасыр энциклопедистерін елестетеді. Ал ол кісінің адам ретіндегі болмысы нағыз әулиелік қалыбымен қайран қалдыратын» деп толғанғаны айқын куә.

Ағамыздың көп томдығын ақтарып отырып «Ақан мен академик» деген шағын әңгімесін кездестіргенім бар. Онда жылқы қарай шыққан Ақан деген бала тау ішінен жартас толы суреттер мен белгісіз таңбаларды көріп, кейінірек олар туралы Алматыдағы Әлкей Марғұланға хат жазып жібереді. Жаз шыға «Дарат тауының бойына Әлкей Марғұлан бастаған экспедиция келіп, шатырларын құрып тастапты» деген хабар дүңк ете қалады. Ұзамай бұлардың үйіне Әлекеңнің өзі келіп Ақанды ертіп кетеді. «Кейін әлгі тасқашау суреттері Әлекеңнің ғылыми кітаптарына басылып, байтақ елге мәлім болды» деп аяқталады әңгіме. Мұндағы Ақан бала Ақселеудің өзі екендігіне күмән жоқ. Ал ағамыздың елде жоқ ерекше есімі ғалымның есінде сақталып қалғаны да даусыз. Кейін оның баспасөз бетінде үздіксіз басылып жататын танымы зор, берері мол материалдарының соңындағы ныспысы тумысынан зерек ғұламаның көзіне оттай басылған ғой. Ал олардың арсындағы ертеден басталған  таныстықтың үзіліп қалған тінін қайта жалғап жіберуге  себепкер болғаныма  мақтанмын бүгінде. Бұл таныстық ұлтымыз үшін небір мәуелі жемісін төккеніне ешбір күмәнім жоқ.

Ақаң болса сол кездегі қасаң идеологияның қатып қалған қалың тоңын жібітіп, өзі басқарып отырған журнал бетінде қазақ тарихының қатпарларын қопарып, тереңінен қаузаудан  бір танбады. Ұмыт болуға айналған ұлтымыздың игі жақсыларының, халқымызға игілігі тиген байлар мен бағыландарының, ел қорғаған батырлардың аты аталып, аттарына қайта мінгендей болды. «Білім және еңбекті» енді еңбектеп жүріп іздейтін болдық. Әр бетін құныға оқып шығамыз. Оқыған сайын есіміз жиылып, еңсеміз биіктей түседі. Бірақ бұл қуанышымыз ұзаққа бармады. «Сейдімбековты орнынан алыпты» деген суық хабар жан-тәнімізді қарып түскендей болды. Әнеки, сол кездегі саясаттың сиқы.

Асыл ағамыз өзінің атына заты сай екенін сол кездері тағы бір көрсетті. Арқаның ақ селеуіндей өмірдің ыстық-суығына бірдей шыдас берді. Арқаның ақ селеуі мен адамның Ақселеуінің қабаттаса шендесіп, ең жақын келген кезі осы тұс-ау, сірә. «Алмас пышақ қын түбінде жатпайды» деген рас екен. Бір жыл өтті ме, жоқ па,  «Сейдімбеков ғылым жолына бір жола түсіп, кандидаттық диссертациясын қорғап та тастапты» деген хабар да жетті. Тақырыбы қазақтың қара өлеңі жайында көрінеді. Ақиық ақынымыз Мұқағали Мақатаев «Қазақтың қасиетті қара өлеңін, үстіне шекпен жауып қайтарса» енді Ақселеу Сейдімбеков оның үстіне алтын жағалы  қамқа тон кигізді. Бұл еңбегін ол докторлыққа дейін жеткізгені көпшілікке аян.

Оның осындай қамкөңіл болып жүрген кезінде бір жерде бірге болып қалғанымыз бар. Барымды салып әңгіме айтып, «қиядан шауып, қисынын тауып» көңілін көтеріп, біраз күлдірдім де. «Өй, мынау бір әңгіме білетін бала екен ғой» дегендей тұңыш рет маған жылы қарады сол жолы.

Дегенмен Ақаңның  соншама зарықтырған ыстық ықыласы мен қызуы мол құшағына астанамыз Алматыдан Амолаға ауысып келгенде барып бірақ кенелдім.  Намазалы, Несіпбек, Жүрсін мен Тұрсын Һәм Жанболат сияқты курстас достарым да бұл ұлы көштен қалмай «жасаймыз жаңа дүние» десіп арқырап жетті Арқаға. Бұлардың бәрі де ағамыздың ақ жайлауына менен бұрын қол жеткізіп, ақ үйлерін жағалай тігіп баяғыда-ақ  қоныстанып алған.  Ал  ілкімді досым Несіпбек  болса қызметке ілінер-ілінбестен-ақ  қара нардай ағаммен қарта сапырысып жүретін. Міне, осылардың арқасында армандай болған ақ көкеммен етене араласудың сәті түсті.

Сол кезде жаңа астанада  Евразия университеті шаңырақ көтеріп, оған бір кездегі ұстазымыз Мырзатай Жолдасбеков ағамыз басшы болып келді. Әлгі атаған достарымның көбісі оған қосшы болып жетті. «Астана ауған жерге ырыс ауады» деген рас екен,  солардың қай-қайсы да жаңа жерде жаман болғаны жоқ. Берекелері тасып, атақтары аспандады. Ал Ақселеу ағамыз болса журфактың жеткешісі. Түрлі кездесу, отырыстарда жиі бас қосып, көңіл түйістіріп те қаламыз.

Менің бір дәрігер досымның айтуынша барлық адам баласы екі түрге бөлінеді екен. Оның біріншісі – биовапир, екіншісі биодонор деп аталатын көрінеді. Алғашқысының алдына барсаң білдіртпей  кеудеңдегі бар қуатыңды өзіне сорып алып, қураған жапырақтай қалтыратып қояды екен. Ал екіншісі, бұған керісінше, бүкіл жан дүниеңді шуаққа бөлеп, жарқыратып жіберетін көрінеді. Менің Ақселеу ағам тура осындай еді. Жұғысып кетсең жаныңның жыртығын жамап, жоғыңды бүтіндеп, жадыратып жіберетін. Білмейтін нәрсесі жоқ. Әсіресе қазақтың салт-дәстүрінің, ән-күйінің асқан білгірі еді-ау ағамыз. Бірде мініп келе жатқан  машинамыздың радиосынан Ардақ Балажанова қарындасымыз «Қара жорға, түссең қолға, Кетер ем, мініп алып, алыс жолға» деп өзінің ерекше даусымен ғажайып бір ән айтып берді.

-Әй, шіркін-ай,-деді Ақаң ән аяқталған соң,- мен Мәдениет министрі болсам, мына қызға дәл осы әні үшін ғана «Халық әртісі» атағын берер едім!

Бұл енді ұлтымыздың жанының жайлауы, тіпті алтын ұясы саналатын  ән өнерінің өрісіне топан су қаптап, жастарымыздың «аспанға қарап, жұлдызды санай» бастаған кезі еді.

Ағамыздың сегіз қырлы, бір сырлы екені белгілі. Ол кісінің қамшы-жүген өріп, тіпті көңіл хошы келген де домбыра да жасап тастайтынын еститінбіз. Және ол домбыраны шертісі қандай. Ал қарта ойынына құмарлығы тіпті бөлек. Ағамыздың тіпті ішімдік ішкені де бөлекше еді. Фужерді толтырып бірақ тартатын да одан кейін жайына қарап отыратын. Ол мінезін білмейтін кейбіреулер оймақтай рюмка ұсынса қайтарып тастап, өзі фужер ұсынатын. Бұған түсінбей сасқалақтаған әлгі адам жанашырлық жасап аздап қана тартына құйса, Ақаң бүйірлі ыдысының аузын жақындатып: «Құй,құйсаңшы, мен рульдемін ғой» деуші еді тіпті таңқалдырып. Болды, одан кейін отырыс бойы өлтірсең де татып алмайды.

Ал тасқаяққа деген құмарлығы тіпті ойсаң.  Шақырсаң  болды, таяғын алып жетіп келетін. Құдай ұрғанда мен осы тасқаяғы құрғырды қақпайды екенмін. Тіпті әліпті таяқ деп білмеймін. Кейінен барып бертінде  үйрендім. Алға озып айта берейін, оған Қойшықара ағамның қамшылауы себеп болды. Бірде ол кісінің достарым ойнап жатқанда үстел жанында состиып тұрған мені көріп «Оу, мұның қалай сенің, өзіңді жақсы көретін, өзің де құрмет тұтатын Ақселеу ағаңның жақсы көретін ойыны емес пе еді бұл» дегені. Шымбайыма батырып, шымшып айтты. Содан Қанағаттың Жеңісі деген ауылдың жігітін ертіп алып, бір қыс ойнап, әжептәуір үйреніп алдым. Бүгінде Несіпбекті жеңемін. Тұрсынды тұралатып, Жүрсінге жетіп қалған жайым бар. Ал Намазалыны ұтсам, мен үшін 9 Май – Жеңіс күні сол күнге дереу ауысатын болады.

Ал енді әңгімеміздің жүйесіне қайта ауыссақ, біздерді жақындастырған осы бильярд болды. Ойын үстінде небір қалжың қарша борап, талай сыр шертіледі. Айтылмайтын әңгіме жоқ. Бірде ағамыз екеуіміз басқалардан оңашалау отырып біраз сыр шертістік. Әңгіменің өзегі  жылқы жайлы болды. Әңгіменің әсері ме, қыза-қыза келіп, ағама баяулатып «Екі жиренді» салып бердім. Бұл әнді шығарған Жүсіпбек Аймауытов деген де әңгіме бар. Сол әсер етті ме, әйтеуір ол әлдебір тұңғиық ойға шомымып отырып тыңдады. Ақаңның алдында ән салып жүрген жүрегімнің түгі бар екен ғой деп ойлаймын бүгінде.

-Ойпырым-ай, сен екеуміз Шажағай өзенінің екі жағында құрық ұстап, құраулап жүріппіз-ау,- деді сонсоң.

-Иә, біз жайлаған Сұрбие өзегі созылып барып Сарыбұлаққа құлайды ғой. Ол барып Батпақ суға құяды. Батпақ судың сол жағында Қоңырқұлжа, Сары құлжа таулары. Оң жағында Алақұнан болса, алыстан мұнартып Айғырұшқан да төбе көрсетер еді. Өзіңізде білесіз, бір байдың жауды алыстан сезетін текті айғары осы таудың басына шығып ел мен жерді күзетіп тұрады екен дейді ғой. Таң алдында қалғып кеткен жануар келіп қалған жау дүбірінен селт етіп оянып, әдеттегідей арқырап кісінеуге мұршасы да келмей, тау басынан ауылға қарай бірақ қарғиды ғой…

Мен әр өзен- судың атын айтқан сайын Ақаңның жүзі бал-бұл жайнап, айрықша толқыды.

-Әй, сен  адамды жылатасың енді,-деді сонсоң. Бет әлпетіне қарасам, бүкіл тұла бойы елі мен жеріне деген сарытап сағынышқа толып, буыны босап булығып отыр екен.

Мен туған жер Киік деген кішкентай ғана станса. Осы бір алақандай ауылдан Сыдық Мұқамеджанов пен Софы Сматаев деген әдебиет пен өнердің өрен жүйріктері қатар шыққан. Жалпы Шет ауданын күйшілер елі дейді ғой. Сол шертпе күйдің соңғы саңлағы Бегімсал да осы ауылдан. Ал қазақтың алғаш домбыра алып сахынаға шыққан әнші қызы Ләзат Сүйіндікова болса менің жақын нағашым. Ал енді аулымыздың атағын аспанға көтеріп тұрған бір тұлға бар.  Кенесерының бас батыры атақты Ағыбай да осы жердің тумасы. Оның шөбересі Тарғынның балаларымен мектепте бірге оқыдық. Ақаң болса осы Тарғын атамыздың қолында жылқы баққан. Біздің ауыл мен көрші Жаңарқаның Қызылтау совхозының жері өрістес, қойы қоралас, адамы аралас іргелес жатқан елміз. Ақселеу ағамыздың Жаңарқа мен Шет аудандарының құрметті азаматтығын қатар иеленіп отырғаны тегін бомаса керек.

-Тарғын атамыз бүркіт ұстайтын. Бойы биік адам еді ғой,-дедім әңгіменің бетін бұрып. Ақаң жайнап сала берді. Оның өзі де екі метрге жуық. Әлгі көктемде келетін шуағы мол ең ұзақ күндерді қазақ «Ұзын сары» дейді ғой. Тура осы кісіге қаратып айылғандай.

— Менің бойымды көріп отырсың ғой,- деді сонсоң,- ал қатар тұра қалғанымызда ол кісі менен бір бас биік болатын.

Сонда дала батырының бойы қазіргі жер-жаһанның тұлғалысы атанып жүрген Шварценегерден артық болмаса кем болмағаны ғой. Батыр малдас құрып отырғанда төбесі киіз үйдің керегесінен асып, жабығына жетіп отыратын көрінеді,- деп әкем айтушы еді. Сол сөз рас болды.

Астанадағы Кенесары көшесі стадионнан басталады. Стадион болса бір кезде оның өзі ойран салған казактардың бекінісінің орнында тұрса керек. Ал осы көшемен Ағыбай, Бұқарбай, Бұғыбай батырлар көшелері қапталдасып жатыр.  Азаттық үшін алысқан Кенесары бабамызбен соңына дейін бірге болған олар әлі күнге шеп құрып азаттығымыздың символы Астанамызды кірпік қақпай күзетіп тұрған сияқты болып  елестейді маған. Ал айрықша сәтімен шешілген  бұл игілікті істің басында сол кезде қаланың ономастикалық комиссиясының мүшесі болған Ақселеу ағамыздың тұрғаны күмәнсіз. Қолтаңба сөзсіз соныкі.

Жалпы белдігімізді бекем буып, елдігімізді таныту жолындағы Ақаңның тындырған істері жоғарыда мен атаған таулар сияқты шоғыр-шоғыр. Менің замандастарымның ішінде бір өзі бір институттың жұмысын атқарған үш адам бар. Оның біреуі кешегі өткен Асқар Егеубаев болса, екіншісі бүгінгі еңбегі еленбесе де ел үшін еңіреп жүрген Тұрсын Жұртпай ғұлама. Ал солардың біреуі де бірегейі Ақселеу Сейдімбеков екендігіне ешкімнің шәгі жоқ болар. Ол кісінің өзі құрастырып кеткен алты томдығы еліміздің ерен қабырғасының алты кірпіші, рухани дүниеміздің алтын сандығы десе болар.

Соңғы кезде «Арқаның Ақселеуі» деген сияқты тарлау тақырып қоятындар көбейіп кетті. Ағамыз бұл күнде Арқаның ғана емес, тіпті иісі қазақтың ғана емес, алты алаштың ардағы емес пе! Кезінде бір бауырымыз ол туралы «Алты алаштың алтын сақасы» деп жазды да. Дөп айтылған сөз – осы.

Ағамыздың ортасы, жора-жолдастары да керемет болды. Өздерін «Жеті жетім» дейтін олардың бәрінің де әкелері Отан қорғау жолында шейіт болған. Бүгінгі жастардың бірі білер, бірі білмес, олар атап айтсақ: Оралхан, Бексұлтан, Кәдірбек, Қуанышпай, Кәрібай  мен Серік Әбдірайымов және Ақселеудің өзі.  Бұлар өртеңге шыққан көк шөптей қаулап шығып, соңғы жүз жылдықты «Қазақ әдебиетінің алтын ғасырына» айналдыруға аянбай ат салысқан айтулы азаматтар еді. «Қазір солардан үш қара ғана аман отырмыз» деп күледі бүгінде аузын ашса көмекейі көрінетін ақкөңіл ағамыз Қуанышпай. Ол үш қарасы Бексұлтан мен Кәдірбек және өзі көрінеді. Аман жүрсін ағаларымыз. Әйтпесе біздің де алдымыз айқара ашылып қалатын түрі бар.   Есағаң, Намазалы, Несіпбек бастап, етістік есімдес Жүрсін мен Тұрсын және артымнан ерген жалғыз қара  Жанболат екеуіміз қостаған  біз де жетеуміз. Бұл күнде «Жеті жолаушы» деп ат қойып, айдар тоғып, бір кітапты қолға алып отырған жайым бар, құдай қаласа.

Менің аулым Қарағанды қаласынан жұз шақырымдай ғана, баяғы Сәкен оқыған Нілдінің жанындағы Жарық стансасының маңайы. Атақты балуан- сері Иманжүсіпке әнге қосқан Бұғылы-Тағылы тауының баурайы. Демалыста ауылға барып, даланың жолымен заулап келе жатып жол шетінде қалбаң-құлбаң етіп отырған әлде бір құсты көзім шалып қалды. «Тоқташы» деген дауысым қатты шықса керек, жүргізуші тежегішті оқыс басты. Секіріп-секіріп түстік.

-Ойбай, мынау бүркіт қой!

-Қайдағы бүркіт, аға, әшейін қарақұс қой,-деп қолын соза берген жүргізуші жігіттің білегіне әлгі құстың шеңгелін салып-ақ жібергені. Әрең ажыратып алдық. Бір қанаты топшысынан сынып, ақсөңке болып сорайып сүйегі шығып тұр. Құрттамапты, жағымсыз иіс те жоқ. Жылқы сияқты бұлар да құртамайды екен-ау. Екі аяғын шыжым жіппен қосақтап буып, қапқа салып, бара жатқан жерімізге ала келдік. Қаптың аузын ашсақ жауқабақтанып, шүңірейе қарап, сары жағал аузын ашып ысылдап айбат шегеді. Не істерімізді білмей, ақыры Ақселеу ағама телефон соқым.

-Айтыстарыңа қарағанда алдағы бүркітің бір жасар  балапаны. Тірнек дейді оны. Түлкіге түскен болуы керек. Түлкі де қоқақтап айбат қылады ғой. Топшысын шайнап жіберген ғой. Енді алдағы өзіңе сойылған қойды қылғыта бермей сұрпы етін алып, әбден ақжем болғанша суға салып қоясың. Бұл да бала сияқты тәттіні жақсы көреді. Оған аямай қант қос. Сонсоң зорлаңқырап аузына тығасыңдар,-деп ағамыз әдеттегідей баптана сөйлеп ақыл берді. Құдды бір күнде жасап жүрген кәсібі сияқты сенімді. Бәрібір арамыздан құстың бабын табатын адам табылмады. Ақыры бір ретін табарсың деп сол үйге тастап кеттік. Ал асқартаудай ағамызбен  ақырғы рет тілдесіп отырғанымды мен бейбақ білмеппін-ау сонда.

Бірер күннен кейін Астанама қайтып оралып, әдетімше үйіліп қалған газеттердің бетін ашып қалсам, алтын ағам маған қара рамканың ішінен қара-ап тұр. Сөтіп ақ көкем мынау жарық дүниені бізбен қосып бірақ күнде тастап кете барды. Түсінігі мен ақыл-ойы біз сияқты қарапайым пенделерден әлде қайда жоғары азамат қой. Кім білсін, заманның біздің ақылымыз жетпейті әлде бір ауыртпалығы жанын езіп,  жүрегіне ауыртпалық түсірді ме екен. Орны әлі күнге опырайып тұр.

Өзінің құтты мекені Жаңарқасына апарып қойды. Қу жұмыстан шыға алмай,қаралы көштен қалып қойдым. Кейін Көпен екеуіміз арнайы барып құран оқып қайттық. Бір кезде «Бәйге төбе» деп аталатын қырқаның басына қойып, ерекше белгі қойыпты. Онда қызылқоңыр мәрмәр тасқа «Көктегі күннің нұры мен жердегі елімнің ықыласына мейірім қанбады» деген сөздер қашап жазылыпты.

-Бақилыққа кететінін құдай сездірді ме, осыдан біраз жыл бұрын ауылға келгенімізде мәңгілік мекені болатын осы жерді өзі көрсетіп, «былай деп жазасың» деп осы сөздерді қағазға түсіріп беріп еді,-дейді артындағы жоқтаушысы болып жүрген жақынының бірі — інісі Асылхан Сейдімбеков. Ағамыздың артында бір ұл, екі қыз қалған. Олар да әкелері десе жандары қалмайды. Ал біздің Намазалы Омашев болса жыл да журналистер күніне қарсы бильяртан Ақселеу Сейдімбеков атындағы жарыс ұйымдастырыа жүр. Азаматқа айтар алғыс мол.

Әңгімемізді қайғылы  нотамен аяқтап, оқырманымыздың жанына қаяу түсірмей,  Кәдірбек көкеміздің әзілімен бітіргенді жөн көріп отырмын.

Тәуелсіздік таңы атқан соң жастарымыз ерекше рухтанып, қызыл қырғынды еске түсіретін ескерткіш атауылыны аластатуға кіріскені аян. Сондай серпілістің сәттің бірінде бір топ жігіт «Анау  тұрған қызылдардың қызылкөзі Дзержинскийдің ескерткішін алмақ керек, батаңызды  беріңіз» деп Кәдірбекке барады ғой. Сонда Кәдекең: «Өй, оны алап әуре болып қайтесіңдер, үстіндегі шинелін сыпырып алсаңдар болды, ол ескерткішіңіз  Ақселеуге айналып шыға келеді» деген ғой.  Ол кезде шегіміз қатып лекітіп күлдік те қойдық. Әр қалжыңының астарында қатпар-қатпар астар жататын Кәдірбек көкеміздің сол кезде -ақ  бәрімізге ойтамызық тастағанын енді түсініп отырмыз.

Биыл арамыздан алыстап кеткен Ақселеу ағамыз тірі болса 75 -ке толар еді. «Ол өзіне өзі қолдан келмес ескерткіш орнатып кеткен» деп осылай отыра береміз бе, ағайын! Ағамыз арамызға еңселі ескерткіш болып қайта оралса деген игі тілек, үкілі үміт қой біздікі. Ол оған әбден лайық жан.

Сәулебек Жәмкенұлы, доғарыстағы әділет полковнигі, заңгер-журналист

Abai.kz