Алты алаштың ардақты ақиық ақыны халықаралық деңгейде ұлықталды
Қазақ поэзиясында жыр алыбы Мағжан Жұмабаевтың алар орны ерекше. Академик-жазушы Мұхтар Әуезов: «Бүгінгі күннің бар жазушыларының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз — Мағжанның сөзі», — десе, жерлесіміз, академик-жазушы Сәбит Мұқанов: «Абай — ақылдың ақыны, Мағжан — ақынның ақыны», — деген болатын. Алты алаштың ардақты ақиық ақынының 125 жылдық мерейтойы Мағжан туған жер — Қызылжар өңірінде алғаш рет халықаралық деңгейде тойланды. Осынау салтанатты шараға егемен еліміздің өңірлерінен, Алматы мен Астана қалаларынан басқа, АҚШ-тан, Түркиядан, Әзірбайжаннан, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Ресей Федерациясынан, Монғолиядан түркітанушы ғалымдар, аудармашылар қатысты.
Елбасының Құттықтау хаты Қадірлі қауым!
Баршаңызды Алаш қозғалысының қайрат-кері, кейінгі ұрпаққа мол мұра қалдырған ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл толуымен құттықтаймын.
Мағжан — тек Қазақстанға ғана емес, барша түркі жұртына кең танымал ақын. Оның терең философиялық, асқақ азаматтық, нәзік лирикалық сарында жазылған бірегей туындылары бүгінгі буынға үнемі рухани нәр беріп келеді.
Мағжан Жұмабаев — халқының бостандығы үшін күрескен тұғырлы тұлға. Ол «Шолпан», «Сана» журналдарындағы, «Бостандық туы», «Ақжол» газеттеріндегі белсенді қызметі арқылы ағарту ісіне де зор үлес қосты. Небәрі 44 жыл ғана ғұмыр кешіп, репрессия құрбанына айналған ақынды зұлмат заманның саясаты елдің есінен шығара алған жоқ
Тәуелсіздіктің арқасында халқымен қайта табысқан арыстармен бірге Мағжан мұрасы ортамызға оралды. Туған өңірдегі ауданға есімі беріліп, шығармалары отандық әдебиеттің алтын қорына қосылды.
2018 жыл ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы-ның шешімімен «Мағжан Жұмабаев жылы» болып жарияланды. Ақын мерейтойының ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб пәтерінде атап өтілуі — оның ұлттың ауқымынан әлдеқашан шығып, әлемдік деңгейде ұлықталуының айқын көрінісі.
Рухани жаңғыру арқылы тарихын түгелдеп жатқан Қазақстан халқы Мағжан сынды біртуар перзентінің есімін мәңгі есте сақтайтын болады».
2018 жыл — Мағжан Жұмабаев жылы
Жыр алыбының 125 жылдық мерейтой қарсаңында облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бастамасымен түркітілдес мемлекеттер бойынша 2018 жыл «Мағжан Жұмабаев жылы» болып жарияланды. Соған орай биылғы ақпан айында Анкара қаласында «ТҮРКСОЙ» штаб-пәтерінде «Мағжан Жұмабаев жылының» ашылу салтанаты, сәуірде ЮНЕСКО-ның Париж қаласындағы штаб-пәтерінде «Рухани жаңғыру және мәдени мұра: өткеннен келешекке түркі тілі» атты халықаралық форум өтті. Оған Солтүстік Қазақстан облысының делегациясы да қатысты.
Осындай ауқымды шаралармен басталған мерейтойдың кезегі ақын туған жер — Қызылжар өңіріне де келіп жетті.
Салтанатты тойды алғашқы болып ақын бір кездері еңбек еткен Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж бастады. Мерейтойға келген қонақтар облыстағы белгілі кәсіпкер Біржан Шаймерденовтың демеушілігімен орнатылған мүсіннің ашылу рәсіміне қатысты. Осы білім ордасында өткен «Мағжан Жұмабаев және заманауи білім» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда ақын шығармалары арқылы жас буынды отансүйгіштікке тәрбиелеу, педагогикалық мұраларын қазіргі білім беру жүйесіне қолдану, идеяларын енгізу, «Мағжантану» зерттеу орталығын құру мәселелері төңірегінде сөз қозғалып, өзекті ойлар ортаға салынды.
Аталмыш шараға дейін қалалық, облыстық деңгейде «Мен жастарға сенемін!» атты оқушылар айтысы өткізіліп, айыртаулық Дәулет Құрмаш жеңімпаз атанған болатын. Жас ақынға М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ректорының «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арнайы бөлген оқу гранты тапсырылған. Сонымен бірге «Мағжан Жұмабаев өмірі мен шығармашылығы — ұлтжандылық пен руханилықтың үлгісі», «Білсін әлем Абайы бар қазақтың мәңгі жасар Мағжаны да барлығын!..», «Мағжанның ұлы мұрасы — ұрпақтар бірлігінің негізі» сияқты тақырыптық кештер, «Ұстаз» клубының әдеби-сазды шаралары ақын мұраларын кеңінен насихаттауға бағытталды.
23 маусым күні мерейтой қонақтары М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы скверде жыр әлемінің пайғамбарына арналған еңселі қола ескерткіштің ашылу салтанатына қатысты. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов жаңа ескерткіштің жастар ең көп жиналатын орынға қойылып отырғанын, олар Мағжан ақындай күрескер, елінің ертеңіне жанашыр болса, онда ақын арманының орындалғаны екенін атап айтты. Осы ескерткіштің жасалуына көп еңбек сіңірген әрі ақынның інісі Мұхамеджанның ұрпағы Лейла Жаңабаева тебірене сөз сөйлеп, Мағжан атасының аруағына құрмет көрсетіп, ұрпақ парызын орындау зор мәртебе екенін тілге тиек етті.
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, белгілі ақын Ұлықбек Есдәулет:
Өмірде іздемеген арзан несіп,
Ақынның Сарытомары — арман бесік.
Бұл күнде Қызылжардың қайыңдары
Сыбдырлар Мағжан, Мағжан, Мағжан десіп.
Тағдардың бұзып шығып тар қапасын,
Сен бүгін ескерткіш боп толғатасың.
Тисе де пешенеңе теріс тілек
Қазағың берген саған оң батасын, — деп жауһар жырдан шашу шашты.
Осындай қуанышты сәтте жыр жұлдызына арналған ақ тілектердің, мәдени шаралардың тиегі ағытылды.
Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Ұлтын сүйген ұлы жүрек» көрмесі, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды — драма театрында кемеңгер тұлғаның әңгімесі желісінде жазылған «Шолпанның күнәсі», Н.Погодин атындағы орыс драма театрында «Мағжанның соты» спектакльдері тамашаланды. Соңғы туындының авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Виктор Шалаев тағдыр тауқыметін көп көрген жанның абақтыдағы өмірі мен зайыбы Зылиқа арасындағы шынайы сүйіспеншілікті нанымды бейнелей білген. Орта Азия елдерінің екінші театр фестивалінде «Тарихи тұлғаны айшықты сомдау» аталымы жүлдесін иеленген қойылымды келешекте шетелдерде қою жоспарлануда.
Мерейтой қарсаңында облыстық мұрағат қызметкерлері жерлесіміздің өмірі мен қызметіне байланысты көптеген тың деректер тауып, тарихи айналымға ұсынды. Солардың бірі — Мағжанның өз қолымен жазылған сауалдамалық құжат өте құнды саналады.
— Онда ақынның нақты туған мекені Петропавл уезі, Бейнетқор ауданы, алтыншы ауыл екені тасқа басылғандай жазылған. 1927 жылы Қызылжардағы орыс педагогикалық техникумында қазақ тілінен сабақ берген. Ресейдің әлеуметтік-саяси тарих архивінен алынған құжаттар бойынша 1917 жылдың наурызынан қарашасына дейін Ақмола облыстық қазақ комитеті ағарту бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған. 1923 жылы Түркістан Республикасының квотасымен стипендия алып, Мәскеуге оқуға кеткен. Онда жоғары көркем әдебиет институтында 1924-1925 жылдар аралығында оқыған. Мәскеуде зайыбы Зылиқамен, қайын енесі Ғадам Жалтыровамен және он жастағы інісі Сабыржанмен бірге тұрған. Сабыржан № 19 мектепте оқыған. 1912 жылы Қазан қаласындағы Каримовтар баспаханасында жарық көрген тұңғыш «Шолпан» өлеңдер жинағын Қазақстан Ғылым академиясының қолжазба бөлімінен алғаш рет алдыртып отырмыз. Мұрағат құжаттарында осындай назар аударатын, дүдәмал жайттарға нүкте қоятын мәліметтер аз емес. Олардың бір парасы Анкара қаласында өткен халықаралық конференцияда жария етілді. Ауқымды зерттеулер негізінде екі томдық жинақ құрастырдық, — дейді облыстық мұрағаттың директоры Сәуле Мәлікова.
Cарытомар мен Сасықкөлге жер жетпес…
Салтанатты шара осы күні қазақ поэзиясының жарық жұлдызы дүниеге келген Сарытомар ауылында жалғасты. Алпыс шақты үйі бар елді мекенде мәдениет үйі, мешіт, мұражай, фельдшерлік-амбулаториялық қосын, «Туған жер» қазақ ұлттық-мәдени орталығы жұмыс істейді. Мерйтой қарсаңында осы Сарытомар кіретін Молодежный ауылдық округіне Мағжан есімі берілді, ал Молодежное елді мекені Жастар ауылы болып өзгертілді. Осыдан үш жыл бұрын жергілікті жолдардың 52 пайызы қанағаттанғысыз жағдайда болатын. Мағжан Жұмабаев ауданының әкімі Асқар Бегмановтың айтуына қарағанда, оларды қалпына келтіру жұмыстарына үш жылда 4 мииллиард, оның ішінде биыл 1,9 миллиард теңге бағытталды. Аудан тұрғындарының 99,4 пайызы сапалы ауызсуын тұтынады. 46 отбасы көшіп келіп орнықса, 10-ы шетелден оралған қандастарымыз. Аудан орталығындағы бір мектепке Мағжанның атын беру, ескерткішін қою мәселесі шешімін таппақ. Оның жанынан жұртшылық дем алатын гүлзар мен спорт ғимараты салынып, кешенді орталық бой түзейтін болады.
Өткен жылы «Көші-қон» бағдарламасы бойынша тұрақты қоныс тапқан қандастарымыз ауыл мешітін, мұражайды, мектеп пен Мәдениет үйлерін, Сасықкөлдің маңындағы Мағжан Жұмабаевтың ескерткіш тасының айналасын жөндеп, абаттандыру ісіне қолғабыс етіпті.
Түркия, Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстаннан, АҚШ-тан, Монғолиядан және еліміздің әр қиырынан арнайы келген делегациялар мен құрметті меймандар ақ қайыңдар баурайында жағалай тігілген ақ шаңқан киіз үйлер мен этноауылдың тамаша келбетіне қарап, Мағжан ақынның рухын сезінгендей болды.
Салтанатты рәсімді облыс әкімі Құмар Ақсақалов кіріспе сөзбен ашып, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың мерейтойға арнаған Құттықтау хатын оқып беріп, оны Сарытомардағы мұражайға табыс етті және Мағжанның түркі әлемінде алатын орны жайында сөз қозғады.
— Қазақ поэзиясында жыр алыбы Мағжанның алар орны ерекше. Мағжан ақын болумен қатар, бүкіл түркі әлемінің тыныштығы мен болашағын ойлаған, өзімен бірге ұлтының тарихы ерте келген, сол үшін құрбан болған қайраткер. Ол отты жырларымен Гундерді, Еділді, Тұранды, Түркістанды, ер түрікті, Ақсақ Темірді, Абылайды, Кенесарыны ұлттың жүрегіне дарытпақ болды. Мағжанның осы «түрікшілдігі» мен «ұлтшылдығы» өзіне айып болып тағылғанымен, әдебиет әлемінде орнатылатын мәңгілік ескерткіштің іргетасына айналды. Шынында да, асыл сөз, жауһар жырларының арқасында Мағжан түркі әлемінің ақиық ақыны, қазақ лирикасының Хантәңірі атанды. Осындай артына өлмейтін сөз қалдырған ақиық ақынның мерейтойын алғашқы болып түрік ағайындар бастаса, кең байтақ елімізде, оның ішінде туған жерінде жалғасын тауып жатыр, — деді Құмар Іргебайұлы.
Иә, ақиық ақын толығымен ақталғаннан бергі 30 жылдың ішінде Мағжантануға байланысты қыруар жұмыс атқарылды. Қазақ әдебиетінің сарқылмас қазынасына айналған ұлы суреткердің шығармашылығын көптеген ғалымдар зерттеп, ғылыми еңбектер, оқулықтар жазды. Петропавлдағы орталық көшелердің біріне қазақтың маңдайына біткен шолпан жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың есімі беріліп, орталыққа және вокзал маңына алып ескерткіштері орнатылды. Балалық балдәурен шағы өткен өңір — Булаев ауданы ақынның атымен аталып, орталығында еңселі ескерткіш бой көтерді. Сондай-ақ облысымыздағы білім ордаларының бірі — гуманитарлық-педагогикалық колледж 1993 жылы қазақтың атақты ақыны, педагогы, ғалымы Мағжан Жұмабаевтың атын иеленді. Жыл сайын облысымызда ақын шығармашылығына арналған байқаулар, ғылыми конференциялар, «Мағжан көктемі» фестивалі ұйымдастырылады. Жерлес ақын-жазушылардың бастамасымен жыр жинақтары басылып, халқымыздың рухани қазынасына айналды.
Осындай игілікті істен басқа өңірлер де шет қалып отырған жоқ. Облыс орталықтарындағы, аудандардағы, елді мекендердегі, Алматыдағы және Астанадағы мектептерге, гиназиялар мен лицейлерге, ғылыми әмбебап кітапханаларға даңқты жерлесіміздің есімі берілді. Жоғары және орта арнаулы оқу орындарында Мағжан атында зертханалар мен дәрісханалар ашылды. Туысқан Түрік елі Мағжанды пір тұтады. Осыдан 25 жыл бұрын шетелде орнатылған алғашқы ескерткіш осы Түркияның Стамбул қаласында. Анкарада ескерткіш-тақта бар. Анкара университетінде Мағжантану кафедрасы жұмыс істейді. Мағжан Жұмабаевтың 100 жылдық мерейтойына орай режиссер Сламбек Таукелов «Батыр Баян» поэмасы бойынша көркем фильм, 2013 жылы режиссер Марат Қоныров «Мағжан» көркем-деректі фильмін түсірді.
Салтанатты шарада «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов түркі әлеміне ортақ тұлға туралы тебірене ой толғады. Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, қомақты шаралар атқарылғанын, оның ішінде көрнекті тұлғалардың, айтулы ғалымдардың, зерттеушілердің қатысуымен Анкара мен Кастамону қалаларында Мағжан жылының аталып өтілуін ерекше оқиғаға балады.
— Өткен ғасырдың 20-шы жылдары түріктердің басына түскен қасыретіне арнап «Алыстағы бауырыма» деген өлең жазып, қаражат жинау ісіне белсене араласқан Мағжанның қайраткерлігі еш ұмытылмайды, — деді Дүйсен Қорабайұлы.
Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі ақиық ақынның шығармала-рына түркі жұрты ерекше қызығушылық танытып отырғанын, отты жырларын еркіндіктің, азаттықтың символы ретінде қабылдайтынын, бұл орайда академия көптеген шараларға мұрындық болып жүргенін әңгімелей келіп, әлемнің 11 тіліне аударылған кітаптарды өңір басшысына тарту етті.
Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі Бекзат Смағұлов министр Арыстан Мұхамадиұлының құттықтау лебізін жеткізді. «Ресей федералдық қазақ ұлттық-мәдени автономиясы» жалпыресейлік қоғамдық ұйымының президенті Тоқтарбай Дүйсенбаев, Баку мемлекеттік университетінің професоры Аскер Рамиз өздерінің жүрекжарды сезімдерімен бөлісті.
Жергілікті өнерпаздардың концерті эстрада жұлдыздары Алтынай Жорабаева мен Досымжан Таңатаровтың орындауындағы әндермен әрлене түсті.
Бәйге мен балуандар күресі тойдың сәнін әрлей түсті. Бұл күні тойшыл қауым боз кілемдегі түйе балуандардың белдесуін тамашалап, кіл мықтылардың ішінен үздік шыққандарға құрмет көрсетті. Жергілікті спортшылармен бірге Астана, Қарағанды, Көкшетау қалаларының сайыпқыран балуандары иық түйістірген сайыс көрермендердің айызын қандырды. Ақтық белдесудің қосымша уақытында астаналық Айбат Сейтеннен айласын асырған «Қазақстан барысы» турнирінің 2014 жылғы жеңімпазы, бүгінде «Қызылжар арландары» кәсіпқой күрес клубы құрамында жаттығып жүрген. Мұхит Тұрсынов жеңімпаз атанды және бәйгеге тігілген темір көлікті еншіледі. Шілде айында өтетін «Қазақ барысы» сайысында ол теріскейдің намысын қорғамақ.
Аламан бәйге Мағжан ақынның тойының көркін, тіпті қыздыра түсті. Ұшқыр және топ бәйге, жергілікті тұқымдас аттар мен жорға жарысы көрермендердің делебесін қоздырды. Еліміздің түкпір-түкпірінен тұлпарларын баптап келген шабандоздар тақымын қысып, сәйгүліктерін жарыс жолынан асыға күтті. Тұлпарлар жарысының ажарын 17 шақырымдық аламан бәйге аша түсті. Жарыстың осы түріне тігілген жеңіл көлік М. Жұмабаев ауданының желмен жарысқан жүйрігі «Василектің» қанжығасына байланды.
Той мұнымен аяқталған жоқ. Жалпы білім беретін мектеп оқушыларының республикалық Мағжан оқуларына қатысушылар Сарытомардың аспанын ақын жырларымен тербетті.
25 маусым — ақын туған күн
Бұл күні ақын мерейтойы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де өткен «Мағжан Жұмабаев мұрасы және әлемдік руханият» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасты. Мерейтойға орай республикамызда және шетелдерде Мағжанның өмірі мен шығармашылығына арналған оншақты кітап жарық көрді. Ақын еңбектері он шақты тілге аударылды. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «М.Жұмабаевтың туғанына 125 жыл» тақырыбында «Естелік және мерейтойлық даталар» сериясымен пошта маркасын әзірледі. Конференция барысында он мың данамен басылған марканы өңір басшысы Құмар Ақсақалов пен “Қазпошта” АҚ-ы ОФ директорының міндетін атқарушы Жанна Омарова салтанатты түрде айналымға енгізді.
Облыс әкімдігі мен өңіріміздегі іргелі оқу орны ұйымдастырған шараға «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының өкілдері, Түркияның Кастамону, Кази және АҚШ-тың Мичиган университеттері мен отандық жоғары оқу орындарының мағжантанушылары, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Монғолия елдерінен келген ғалымдар мен қаламгерлер, ақынның туыстары қатысты.
Аталмыш шара барысында Шаңбай Тұрдықұлдың «Біздің Мағжан», Зарқын Тайшыбайдың «Мағжан Жұмабай өмірі мен шығармашылығы» кітабының 2 томының, Жарасбай Сүлейменовтің «Мағжан Жұмабаев» энциклопедиясының таныстырылымы болды.
Конференцияға 90-нан астам баяндама келіп түсткен. Олар пленарлық отырыста және 3 секцияда тыңдалды.
Бұл күні Мағжанның өлеңдері қазақ, ағылшын, түрік тілдерінде оқылды.
Акбар РЫСҚҰЛОВ, Қырғызстан Жазушылар одағының төрағасы, Тоқтағұл атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
«Біз халықаралық «ТҮРКСОЙ» қоғамы және Түркі академиясы шеңберінде қазақстандық ақын-жазушылармен ынтымақтаса жұмыс істеп келеміз. Бұған дейін Мағжанның бірді-екілі өлеңдерін қырғыз ақындары аударып келген. Мен де қал-қадірімше атсалысқанмын. Бірақ жеке жинақ түрінде шықпаған екен. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатымен 80 шақты өлеңі мен «Батыр Баян» және «Қорқыт» дастандарын қотарып, «Арыстан айбаты» деген кітапқа топтастырдым. Нұрлан Қалыбеков та бір жинақ бастырды. Ол осында жүр. Түркі академиясының қолдауымен Бішкекте арнайы іс-шара өткіздік.
Бұл салада Мичиган университетінің профессоры Тимур Қожаоғлу өте өнімді еңбек етіп жүр. Оның Мағжанды ағылшын тілінде «сөйлеткен» айтулы еңбегі «Мағжан Жұмабаев — азаттық пен махаббат отының ақыны» деп аталады. Биыл Түркі академиясының қолдауымен үш кітап шықты».
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, «Егемен Қазақстан» газетінің басқарма төрағасы, Халықаралық Түркі академиясының президенті:
«Мағжан — алты алаштың ғана ақыны емес, ол — бүкіл түркінің, бүкіл шығыстың шоқтығы биік шайыры. Осындай үлкен жүректі ұлы ақынды дүниеге әкелгені үшін қасиетті Қызылжар жері мақтануы тиіс. Елбасымыз «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жария етті. Сондағы ұлттық код, тарихи сана, киелі мекен дене ұғымдарды Мағжан ақынның жырларынан табуға болады. Бүгінгі шара — рухани жаңғырудың жемісі десем, қателеспеймін».
Абай дана, Мағжан дара..!
Сәуле Мешітбайқызы, халықаралық «Qazaqstan ZAMANY» газетінің Бас директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері: Мағжан қазақтың ғажап лирик ақыны. Мағжан — ғаламат ақындығымен қоса, ағартушы ғалым, көрнекті педагог. Қазақ балаларының келешегіне алаңдаған ақын «Педагогика» деген кітап жазған. Ол кітап күні бүгінге дейін өзінің құнын жойған жоқ. «Балаларға тарту» деген 1927 жылғы Қызылордадан басылып шыққан жинақта да жеткіншектерге арналған өлеңдері жетерлік. Демек, балалар әдебиетіне де қомақты үлес қосушы.
Ал Мағжанның қазақ тілінде алғаш рет жазған атақты «Педагогика» оқулығын білмейтін ұстаздар арамызда жоқ та шығар. Ұлттық педагогика мен балалар әдебиетімен қатар Мағжанның Жаратылыстану ғылымы туралы жазған еңбектері де жетерлік.
Мағжан Мәскеуде жүргенде 20-дан астам оқулықтар мен ғылыми еңбектерді аударып, олардың өзі жұмыс жасап жүрген «Күншығыс» баспасынан мыңдаған данамен басылып шығарылып таратылғанын білеміз. Ол оқулықтар мен ғылыми еңбектердің қатарына сол кезеңдегі Қазақ қоғамының сұранысына орай шығарылған саяси бағыттағы үгіт-насихат құралдары, әдеби-тарихи бағыттағы төте аудармалар және ғылыми саладағы қазақтың ұлттық тұрмысы мен жасаған ортасына үйлестіріп жазған еңбектері де жатады. Кейбір басылымдарын Басқарманың талабы мен тапсырмасы бойынша аударған болса, кейбір ғылыми аудармаларды қоғамның қажеттілігіне орай жазуға тура келген. Сондықтан да маған ерекше жақыны осы еңбектері. Себебі 30 жылға жуық ұстаз болдым. Осындай Ұлы тойдың болуына сансыз шүкірлік етейік, Тәуелсіздігіміздің арқасы! Кезінде Алаш арысы Міржақып Дулатов: «Абай ақылдың — ақыны, Мағжан — ақынның ақыны», — деп айтқан.
Не көрсем де Алаш үшін көргенім,
Маған атақ ұлтым үшін өлгенім.
Мен өлсем де, Алаш өлмес, көркейер,
Істей берсін қолдарынан келгенін…
Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Əуезов: «Бəрімізде жазамыз, болашаққа алаңдаймыз, бірақ менің пайымдауымша, келешекте оқылатын, болашаққа риясыз жететін дүние Мағжанның жазғандары. Қалғандарымыздікі құр əурешілік болмаса қайтсін», — деуі үлкен ойға жетелейді. Мағжан — түркі дүниесіне, түркі əлемінің бірігуіне күш салған ақын. Оның Түркия мемлекетіндегі төңкеріс кезінде жазған «Түрік бауырыма» деген өлеңі соның айғағы. Бүгінде Түркия елі Мағжан ақынды атаусыз қалдырмады. Ақынды ардақтап, оның өлеңіне құрмет көрсетіп, атақты қалаларында оның есімін ұлықтап жүр. Мағжан — орыстың демократ ақындарымен жақсы қарым-қатынаста болған. Əсіресе Александр Блокпен достығы, Максим Горькиймен сыйластығы өзінше бөлек əңгіме. Мағжан «Мен жастарға сенемін» деп өздеріңдей жастарға сеніп өткен. Енді сендер ақын аталарыңның сенімін ақтауға тырысыңдар, қарақтарым…
Бұл айтулы датаны түгел түркі жұрты тойлап жатыр десек артық айтқанымыз емес. Себебі, Мағжанның дүниетанымы мен азаматтық көзқарасы Ұлттық деңгейден Түркілік империялық деңгейге, тұтас адамзаттық биікке көтерілгені белгілі. Жыл басында Мағжанның 125 жылдық мерейтойын тойлау шарасы Анадолы жерінен бастау алған. Бүгінде Қызылжар өңірі де тойлауда. Міне бүгін 3 күн. Маған бүкіл әлем тойлап жатқандай әсер қалдырды. Бүгінгі ғылыми конференцияда сөйлеген ғалымдар бір-бірінен асады. Олар жан-жақты терең, мәнді әңгімелер айтуда.
Тимур Кожаоғлу — Мичиган университетінің профессоры (АҚШ) «М.Жұмабаев — азаттық пен махаббаттың отты ақыны», — деді. Сонау АҚШ-та ақынның өлеңдерін ағылшын тіліне аударып, Мағжанды ағылшын-ша сөйлетті.
Хулия Касапоғлу Ченгел — Гази университеті, Түріктану институтының директоры, филология ғыл. докторы, профессор (Түркия) «Рухани жаңғыру» идеясы және М.Жұмабай», — деп ерекше тебіреніспен сөйледі. Ағылшын Шекспир тілінде, орыс Пушкин тілінде сөйлегенде, бүкіл түркі әлемі Мағжан тілінде неге сөйлемеске?
Елбасы «Қазақ қазақпен қазақша сөйлесейік», — деген жоқ па? Біз Мағжан тілінде сөйлейік деп, рухымызды көтеріп кетті..! Бұл жиынға алыс-жақын 7 мемлекеттен қонақтар келді. Барлығының да баяндамасы қазақ тілінде болды.
Еліміз аман, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Әлі-ақ әлемнің 70 елінен келетін кезі болады. Мағжан зерттеле бермек, ашылмаған сырлары мен жырлары мұхит тәрізді. Бар болған 44 жас ғұмырында ұрпағына ересен еңбек қалдырды. Құрметті қонақтар қатарында мен де осы тойда Мағжанның 125 жылына арналған медаль тақтым. Бұл медальдың мен үшін бағасы өте жоғары. Осыны ұйымдастырған СҚО әкімі Құмар Іргебайұлы Ақсақалов мырзаға, бірнеше жылдан бері, жүректерімен, мойнымен бар жауапгершілікті көтеріп, ынтымақты ұжымымен осы істі атқарып жүрген СҚО тілдер басқармасының басшысы Кемел Қарашұлы Оспанов мырзаға, Қызылжар халқына алғысымыз шексіз, Алла разы болсын..! Бірлік болған жерде, осындай тірлік болары сөзсіз!
P.S. Ұрпақ болашағын ойлап, ана тіліміздегі ғылымның қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан Алаш Арыстарына бүгінгі ұрпақтар атынан тағзым! Баба рухы, бәрімізді де жебеп жүрсін, әрдайым!
P.S.
Қызылжар өңірінде өткен Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл толуына арналған салтанатты шараға халықаралық «Qazaqstan ZAMANY» газетінің Бас директоры, ҚР-нің еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік тілдің жанашыры Сәуле Мешітбайқызы да арнайы шақырумен құрметті қонақ ретінде қатысты.
Мәдени шаралар аяқталысымен, Сәуле Мешітбайқызы мен газеттің СҚО-дағы меншікті тілшісі екеуі өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың жеке қабылдауында болды.
Газеттің бас директоры облыс әкіміне халықаралық басылымның Қызылжар өңірімен байланысы, соңғы жылдардағы «Нұр Отан» партиясымен және Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе жүргізген экспедициялардың ұтымды тұстары, оңтүстіктен теріскейге қоныс аударғандардың тыныс-тіршілігін баспа бетінде шынайы көрсету арқылы насихаттау жұмысына үн қосу, «Серпін» мемлекеттік бағдарламасымен оқып жатқан студенттермен өткен кездесулер жайлы келелі әңгіме қозғалды. Газет редакциясының және облыс әкімінің бастамасымен Айыртау ауданының Сырымбет ауылындағы Шоқанның әжесі Айғаным Қасқалдаққызының көне қорымдағы зиратына орнатылған кесене, оған бас директордың арнайы шақырумен қатысқаны да тілге тиек етілді. Сәуле Мешітбайқызы енді Шыңғыс төренің зираты да қолға алынса деген оқырмандар тілегін өңір басшысына жеткізді.
Өз кезегінде Құмар Іргебайұлы облыста атқарылып жатқан ауқымды істер жайлы қысқаша әңгіме өрбітіп, газет пен оқырмандар және облыс әкімдігі арасындағы байланыстың алдағы уақытта да жалғаса беретіндігін алға тартты.
Нұрсайын Шәріп