Алты жылдан соң оралған дін заңы жобасына 6 «әттеген-ай…»
Биылғы жылы сайтымыздың серіктесі «QAZAQSTAN ZAMANY» және («Қазақстан Заманы») газеті болып басшылықтың өзгеруіне байланысты біршама ізденістер, ерекшеліктер жасауға талпынып жатыр. Соның бірі Ақылдастар алқасын құрды. Алқаның құрамында кімдер болатынын алдағы нөмірлеріміздің бірінде назарларыңызға ұсынамыз. Әзірге белгілісі редакцияның Ақылдастар алқасының төрағасы белгілі саясаткер һәм қаламгер Дос Көшім. Бүгін біз Дос бауырымыздың алғашқы мақаласын жариялап отырмыз. Алдағы уақытта Дос Көшім ұлттық мүдде тұрғысында сүбелі тақырыптарда мақалалар жазып тұрады. Бұл мақаласын автор қалың оқырман қауыммен ақылдасу ретінде ұсынып отыр. Мақаланы оқып қана қоймай үн қатыңыздар, ағайын!
Қазақ елі 1992 жылы «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заң қабылдап, 70 пайыздан асқан мұсылман қауымын ондаған адамы бар діни бірлестіктермен теңестіріп, сан түрлі секталарға есікті айқара ашып берді де, діни мәселе ушығып кеткенде, естерін жинап, 2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа заң — қоғамдағы көбейіп келе жатқан деструктивті діни ағымдардың идеологиясына қарсы насихат жұмыстарын жүргізудің орнына, намазды қай жерде оқуға болмайтынын, секталардың насихат жұмыстарын қалай өткізе алатындығын және олардың тіркелуі үшін қажетті адамдардың санын көбейтумен шектелетін заң қабылдады. Осы соңғы заңның осалдығы болу керек, алты жылдан соң заңға өзгерістер мен қосымшалар енгізу мәселесі көтерілді. Заңға енгізілетін өзгерістер мен қосымшалардың жобасы арнайы сайттарда жарияланды, сондықтан азаматтар өздерінің пікірлерін білдіруге мүмкіндік алды. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, біз де өзіміздің көзқарастарымызды оқырмандардың талқысына ұсынып отырмыз:
Бірінші – ниқаб пен пәрәнжі мәселесі
«434-2-бап. Бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешекті қоғамдық орындарда киіп жүруге қатысты заңнама талаптарын бұзу
1. Бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешекті қоғамдық орындарда киіп жүруге қатысты заңнама талаптарын бұзу – жеке тұлғаларға ескерту жасауға, не елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Баптың мақсаты дұрыс, берілуінде де нақтылық бар, бірақ, менің ойымша, бұл бапты дін мәселесін реттейтін заңға кіргізудің қажеті жоқ сияқты. «Бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешекті» қылмыскерлер де, тонаушылар да, т.т киіп жүруі мүмкін. Бұл, сөзсіз, қоғамдық жерлердегі қауіпсіздік мәселесіне жатады. Әрине, оның ішіне ниқаб пен пәрәнжі де кіреді, бірақ бұл жердегі басты мәселе «діни киімге тыйым салу» емес, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау болып табылады. Заңды дайындаушылар да осыны жақсы түсінген болулары керек, екінші тармақты былай беріпті:
«2. Қызметтік (лауазым-дық) міндеттерін атқару, медициналық мақсаттарда, азаматтық қорғау, ауа райы жағдайларында, сондай-ақ спорттық, спорттық-бұқаралық және мәдени-бұқаралық іс-шараларға қатысу үшін қажет болатын жағдайларды қоспағанда, бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешекті қоғамдық орындарда киіп жүруге тыйым салынады.
Байқап қарасаңыз, бұл тармақтың мәтінінің діни мәселеге ешқандай қатысы жоқ. Сондықтан тағы да қайталауға тура келеді, бұл баптың (талаптың) «Қоғамдық жерлердегі қауіпсіздік мәселесі» деген сияқты басқа заңдардан орын алғаны тиімді болар. Бір сөзбен айтқанда, дін туралы заңға «киім-кешекті киіп жүруді шектеу» мақсатында арнайы бапты енгізуден көрі, сол мәселенің басқа заңдарда көрсетілгені дұрыс деп ойлаймын. Сонда бұл «діни белгімен күрестен» гөрі зайырлылықтың талабынан туған тыйым болып қабылданады.
Осы баптың заңды жалғасы ретінде және соңғы уақытта қоғамда даулы мәселе тудырған екінші өзгеріске көңіл аударайық.
Екінші – деструктивті діни ағымдардың атрибуттары туралы мәселе
21. Деструктивті діни ағымдарға қатыстылығын көрсететін сыртқы атрибуттарды, киім-кешекті қоғамдық орындарда пайдалануға, киюге және таратуға жол берілмейді.
Сыртқы атрибуттарды, киім-кешекті қоса алғанда, деструктивті діни ағымдарға қатыстылығын айқындайтын белгілер уәкілетті органның, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының бірлескен нормативтік құқықтық актісінде бекітіледі.»;
Өз басым адамдардың қандай киім киіп жүруін реттеуді – демократияның талабына қайшы келетін, тоталитарлық жүйенің белгісі деп есептеймін. Біріншіден, бұл мәселе адам құқығы мен еркіндігіне жатады және Ата заңымыздағы баптарға қайшы келеді (Адамдардың қандай киім киіп жүруі өздерінің еркінде, бұл мәселе заң арқылы анықталмайды). Екіншіден, егер дәстүрлі киім туралы сөз қозғасақ, мойындайық, біздің үстіміздегі киімдердің бір де бірі дәстүрлі қазақ халқының киіміне жатпайды. Шаш қойысымыз да, киіміміз де христиан әлемінен келген – өкінішке орай ма, қуанышымызға қарай ма, білмеймін, бірақ өмір біздерді осылай өзгертті. (Сондықтан «біздің дәстүрімізде жоқ араб киімі» деген сөздерді дәлел ретінде тықпалауды қойғанымыз жөн сияқты). 60-жылдары Кеңес Одағы «стилягалармен» (балақтары тар шалбар кигендермен) бітіспес күрес жүргізді, ал біздің бозбала болған уақытымызда «битлз» шаш қою сәнге айналды. Мектепке ұзын шашпен кіргізбеуді былай қойғанда, кейбіреулерді көшеде ұстап алып, шашын тақырлатын күштеп алып тастайтын заманды да көрдік. Ертең қандай киімнің нұсқасына көшетінімізді Құдай ғана біледі. Мүмкін, біздер деструктивті діни ағымды ұстанатын адамдардан өзгешелену үшін сары түсті, алты ұшты жұлдыздың белгісін тағып жүргеніміз дұрыс шығар… Айта кету керек, бұл заң баптары 2017 жылдың сәуірінде Шынжаң өлкесіндегі қандастарымзға арнап жасалған Қытай Халық Республикасының заңынан алынған сияқты. Ол жерде де ұзын сақал, қысқа балақ шалбар, т.т. кию шектеліп, керек десеңіз, ондай киімді адамдардың автобустарда жүруіне де тыйым салынған. Кеңес одағы кезінде де дінмен күрес жүргізіліп, талай қазақ азаматтарының жаназасы шығарылмай, кәстөм-шалбармен жерленгенін де ұмытпалық. Менің бұл пікіріме қарап, қысқа шалбар киіп, мұртсыз сақал қойғандардың сыртқы келбеті бұл кісіге ұнап отыр екен деп қалмаңыздар. Жоқ. Маған да ұнамайды. Бірақ маған немесе қоғамдағы көпшілікке ұнамайтын мәселеге заң жолымен тыйым салуға болмайтынын да естен шығармалық. Екіншіден, бұл бапты талқыға саларда нормативті құқықтық актімен («деструктивті діни ағымдарға қатыстылығын айқындайтын белгілер уәкілетті органның, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының бірлескен нормативтік құқықтық актісінде бекітіледі») танысып алғанымыз дұрыс болар еді. Қандай белгілерге тыйым салынғанын анықтамай жатып, жаңа бапты талқыға ұсыну – үлкен қателік. Есімізде шығар, осыдан үш жыл бұрын «Аңыз адам» журналының мұқабасында «Гитлер – адамзат қасіреті» деген айдармен Гитлердің суреті шығып, журналдың редакторы, белгілі журналист Жарылғап Қалыбайдың үстінен «фашизмді насихаттады» деген айып тағылып, іс қозғалған. Талқылап отырған баптағы «сыртқы атрибуттарды» деген сөз тіркесінен соң үтір қойылғанына қарағанда, «киім-кешектен» басқа да сыртқы белгілер бар. Ол қандай белгілер (атрибуттар)? Қысқасы, «белгілерді» заң арқылы анықтамаған уақытта билік пен сот орындары да өз түсініктерінше баға беріп, өз ойларын жүзеге асыруға мүмкіндік алады.
Үшінші – мектеп формасының мәселесі
Енді мектеп формасына келейік. Қазіргі Қазақ еліндегі «даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» болып жатқан да осы мәселе. Атқарушы билік тарапынан: «Мектеп формасының талабы осылай ғой, заңды ұстануымыз керек» деген сөздерді жиі естиміз. Тіл мәселесіне келгенде де, жалпы ұлттық мәселе қозғалғанда да «заң солай ғой» деген сөз алдымыздан шығады. Сол уақытта билік иелері де қазақтың мәселесін түсініп, іштей қолдап отырғандай, бірақ заңның аясынан шыға алмай жатқан сияқты болып көрінеді. Сол сөздерді естігенде: «Тәуелсіздігімізді не үшін алдық?» — деген ой келеді. Отар болып отырған ел, сөз жоқ, өзінің үстінен қарап отырған доминант елге жалтақтап, көздері жыпылықтап отырады. Ал тәуелсіз ел керек деп тапқан заңдарын шығарып, ол заңдарды қажет деп тапқан уақытта өзгерте алады. Тәуелсіздік осы үшін де керек). Ниқаб пен хиджапты киіп жүру жөніндегі пікірталасқа араласқым келмейді, бірақ балиғатқа толған оқушылар үшін орамал тағу не тақия киюге тыйым салуды өз басым түсінбеймін және қолдамаймын. Дәстүрдің дінге кірген жерлері бар болса, діннің де дәстүрге еніп кеткен жерлері бар. Орамал, тақия – бұл өзіміз айта беретін қазақтың дәстүрлі киімдері емес пе?
Екіншіден, менің ойымша, орамал тағып, тақия кию мектеп формасының талабын бұзбайды. Кейбір елдердің мектеп формаларында тек сыртқы киім емес, қандай аяқкиім мен шұлық, олардың түстеріне дейін берілген. (Мысалы, Түрікменстанның мектеп формасында ұлттық тақия да бар). Құдайға шүкір «ұлттық» деген сөзден жаман қорқатын біздің қоғамымызда мектепте қандай баскиім не аяқкиім болуы керектігі көрсетілмеген. Демек орамал тағу – мектеп формасын бұзған болып табылмайды. Алайда осыдан төрт-бес жыл бұрын, мектеп формасын талап ету басталған уақытта тақия киген, айдар қойған оқушылардың да мектептен қуылғанын білеміз. Сондықтан мектеп формасына деген талапты да қайта қарау қажет сияқты.
Төртінші – «миссионер» ұғымы туралы
Осы уақытқа дейін қабылдаған екі заңда да «миссионер» деген термин кездеседі, миссионерлік қызметті реттейтін заңның баптары да бар. Өз басым, «миссионерлік қызмет туралы» мәселенің заңнан толық алып тасталынғанын қалаймын. Заңда «миссионерлік қызмет» терминін «Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың дінге үндеу мақсатында Қазақстан Республикасының аумағында діни ілімді таратуға бағытталған қызметі» деп түсіндіреді. Ал «Википедияда» миссионерлікке төмендегідей түсіндірме берліген: «Миссионе́рство (от лат. missio — посылка, поручение) — одна из форм деятельности религиозных организаций, имеющая целью обращение неверующих или представителей иных религий. Встречается, в основном, в универсальных религиях, прежде всего, в мировых религиях и не распространено в национальных религиях. …Нередко, те, кого миссионеры хотят обратить в свою веру, отвергают эти попытки, а иногда даже убивают миссионеров, как случилось с пятью протестантскими миссионерами из США в 1956 году, когда они пытались обратить в свою веру индейцев племени Хуаорани в бассейне реки Амазонки в Эквадоре.[1] Аналогичная история случилась на острове Вануату, где туземцы убили, а затем съели миссионеров.[2]
Миссионерлік қызмет әлі дінге келмеген, күн мен айға немесе пұтқа табынып жүргендерді бір құдайға, әлемдік діндердің біреуіне алып келуге бағытталады. Қысқасы дінді білмейтіндерді дінге алып келу – миссионерлер арқылы жүзеге асады. Бұл – дінсіз елге, құдайсыз тайпаға келгендердің қасиетті жұмысы. Ал сан ғасырлар бойы мұсылман дінін ұстанып келген Қазақ еліне келген миссионерлердің жұмысы қандай бағытта болмақ? Олар әлимсақтан мұсылманбыз дейтін қазақтарды қандай «дінге үндемекші», қандай «діни ілімді таратпақшы»? Демек өмір бойы ұстанған өз діні бар елге келген «миссионерлер» — біздерді өз дінімізден аластатушы, басқа дінге тартушы болып табылады емес пе? Әрине, зайырлы ел есебінде біздер азаматтарға кез келген дінді ұстануға мүмкіндік береміз, бірақ өзіміздің діннен аздырушыларға есікті өзіміздің аш ып қойғанымыз қалай болар екен. Осы жерде айта кететін тағы бір мәселе бар. Көптеген елдерде, демократиялық мемлекеттерде «мемлекеттік дін» немесе «негізгі дін» деген терминдер, ұғымдар кездеседі. Діни сенім бостандығын ұстана отырып, бірқатар елдер өздерінің тарихи, ұлттық діндеріне айрықша орын береді. Мысалы, Италияда католик діні – мемлекеттік дін болып саналса, Грузияда өздерінің Ата заңдарында грузин православиясы – негізгі дін деп бекіткен. Мүмкін, Қазақ елінде де мұсылмандықты – негізгі дін деп белгілейтін күн жеткен сияқты. Бұл дәстүрлі исламның дамуына шын мәнінде үлкен қолдау болады деп ойлаймын. Бірақ біздің талдап жатқан өзгерістер мен толықтыруларда «Ешбiр дiн мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгіленбейді» деген жолдар бар. Өз басым, «міндетті дін» дегенді көргенім жоқ, бірақ «мемлекеттік діндерді» Ата заңдарына енгізген елдер жеткілікті деп ойлаймын. Бір сөзбен айтқанда, осы мүмкіндікті пайдалана отырып, миссионерлік туралы ұғымды заңнан толық алынып тасталынуы қажет деп білемін.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» деген атау да рухани дүниеден гөрі үкіметтік, ресми атауды есімізге салуда. «Колхоз басқармасы», «басқарма бастығы» деген сөз тіркестері Кеңес заманындағы «Ара» журналында көп орын алатын… Меніңше, «Қазақстан мұсылмандары мүфтияты» (не мүфтилік болар) деген атау салмақты да салиқалы болар.
Бесінші – заң баптарындағы ұғымдарға жан-жақты түсінік беру мәселесі
Заңдағы кейбір баптардың ішіндегі сөз тіркестері мен терминдерге жан-жақты, толық түсінік беру қажет деп білемін. Мысалы, «5. Діни бірлестіктің саяси қызметпен айналысуы, сол сияқты саяси партиялардың қызметіне қатысуы және (немесе) оларға қаржылық қолдау көрсетуі, мемлекеттік органдардың қызметіне араласуы, не мемлекеттік органдардың немесе олардың лауазымды адамдарының функцияларын діни бірлестіктер мүшелерінің иемденіп алуы – қызметті үш ай мерзімге тоқтата тұрып, үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады» деген баптағы «саяси қызметпен айналысу», «саяси партиялардың қызметіне қатысу» деген сөз тіркестері нақты түсініктемені (қажет болса, мысал келтіре отырып) талап етеді. Саясат – белгілі бір мақсатқа жету жолындағы айла-тәсілдердің жиынтығы. Сондықтан екі қазақ сөйлесіп отырса да, біреуі екінішісіне «сен осы сөзді қандай саясатпен айтып отырсың», — дейді. «Экономикалық саясат», «қаржылық саясат», т.т. деген терминдер де қоғамдық өмірде кең қолданылады. Сондықтан діни бірлестіктердің «саяси қызметпен айналысуы» деген үғымды нақтылай түскен дұрыс сияқты. (Осы жерде «діни бірлестіктердің мүшелері саяси партияларға мүше бола ала ма?» деген сұрақ та туындайтын сияқты).
Егер сайлау науқанында саяси партиялардың бірі «халал тағам» мәселесін көтерсе (ондай мәселе көтеруге олардың құқығы бар), діни бірлестіктер бұл мәселені қолдайтындықтарын білдірсе, бұл – «саяси партиялардың қызметіне қатысу» болып табылмай ма? Ал «лауазымды адамдардың функцияларын діни бірлестіктер мүшелерінің иемденіп алуы» деген сөз тіркесі мүлдем түсініксіз. Меніңше, лауазымды адамдардың функцияларын кез келген азаматтың иемденіп алуына жол берілмеуі керек.
Алтыншы – діни бірлестіктерді шетелдік азаматтардың басқаруы мәселесі
7. Уәкілетті органмен келіспей шетелдік діни орталық тағайындаған адамның діни бірлестікті басқаруы – Қазақстан Республикасының азаматтарына – ескерту жасауға не елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберіле отырып, елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Қазақстандағы діни бірлестіктерді шетелдік діни орталық тағайындаған адамдардың бас-қаруы – ұлттық қауіпсіздігі-мізге қатер төндіре-тін мәселе деп білемін. Керісінше, бұл құбылысқа заң арқылы тыйым салынуы керек. Елу адам жиналып, діни бірлестік ашқанда, солардың ішінен басшы болатын қазақстандық азамат табылмаса, ондай бірлестік – адасқандардан тұратын, нақты сенімі жоқ жандардан құралған қауіпті тобыр ғана. Сол тобырды немесе сектаны шетелдік азаматтың басқаруы – ақылға симайтын мәселе. Қазақстандық казак ұйымдарының бірқатары (мүмкін, барлығы да болар) – Ресей казактарының әскери қосындарының бір бөлігі… Демек, олардың басшылары – басқа елдің азаматтары. Енді сондай мүмкіндікті діни ұйымдарға беретін болсақ, жанымыздан айбалтамызды тастамауымыз керек.
Тағы да басқа «әттеген-айлар»
Қазіргі ұсынылып отырған өзгертулер мен толықтырулар – бұрынғы заңға қарағанда өмірдің өз талабынан туған, қажеттілікке сай жасалған заң баптары екендігі айқын. Менің пікірлерім – заңды іске алғысыз етіп сынау емес, оның, менің көзқарасымдағы, «әттеген-ай» деген жерлерін көрсету ғана. Сондықтан төмендегі қысқаша пікірлерімді де оқырмандардың алдына тартамын:
Кәмелетке толмағандардың «дау-дамайы»
8. Діни бірлестік басшысының он алты жасқа толмаған кәмелетке толмағандарды ата-анасының біреуінің, кәмелетке толған жақын туысқанының немесе кәмелетке толмаған адамның өзге де заңды өкілдерінің ілесіп алып жүруінсіз, сондай-ақ ата-анасының бірі немесе кәмелетке толмаған адамның заңды өкілі қарсылық білдірген кезде Құдайға құлшылық етуге, діни жораларға, рәсімдерге және (немесе) жиналыстарға қатыстыруға жол бермеу шараларын қолданбауы – ескерту жасауға не қызметті үш ай мерзімге тоқтата тұрып, елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Мақсаты – дұрыс, бірақ орындалу жолдары көптеген сұрақ тудыратын бап. Куәліктерлі тексеру, қасындағы адамның он алты жасқа толмаған баланың ата-анасы не сол ата-анасының өкілі екендігін анықтау – Қазақстанның басқа да заңдарына өзгеріс енгізуді қажет ететін немесе адамдардың арасында жанжал, дау-дамай тудыратын мәселе деп ойлаймын. Сонымен қатар, бұл бап арқылы деструктивті діни бағытқа түскен жандардың өз балаларын өздерінің жолдарына түсіруіне де жол ашып береді.
Орыс тілінен аударылғандығы «түсініксіздікке апарады»
— Алдымыздағы заң жобасының ең басты кемшілігі – заңның орыс тілінде дайындалып, қазақ тіліне көшірілгендігі дер едім (өзгерістер мен толықтырулармен танысып шыққан адамдардың барлығы осы ойға келетіні анық). Заң мәтінінде бір сөйлемнің ішінде бір сөздің қайталануы («он алты жасқа толмаған кәмелетке толмағандарды»), сөздердің байланысуындағы кемшіліктер («адамның өзге де заңды өкілдерінің ілесіп алып жүруінсіз), түсініксіз сөйлемдер («Сот таласқа түскен араласу негізінде негізді және мақсатқа лайық деп шешті.») өте көп кездеседі.
«Жақсылықтың» болмауы қарсылықты тудырмасын
«Әттеген-айлық» тағы бір мәселе – заңның біржақтылығы. Өзгерістер мен толықтырулардың ішінде дінді ұстанушыларға мемлекет тарапынан жасалынатын ешқандай бір «жақсылықты» көрген жоқпын. Ең болмаса, темір жол, автобус бекеттерінде намаз оқитын орындардың болу міндеттілігі де көрсетілмеген. Тек қана тыйымдар… Тыйым салу — тек қана дәрменсіздіктің белгісі емес, ертең туындайтын қарсылықтың да белгісі болмаса екен деп тілеймін.