«Алтын белгіге» үміткері көп мектеп
«Алтын белгіге» үміткері көп мектеп
25-мамыр — қызығы мен қиыншылығы мол, әр оқу жылы қайталанбас тарихқа толы мектептің мерекесі. Оқушылардың сыныптан-сыныпқа көшіп, асыға күткен жазғы демалысқа шығарып салатын – соңғы қоңырау! Осы күн Алматы қаласындағы № 36 лингвистикалық гимназияда аса әсерлі өтті. Аталмыш үлкен шаһарда білім ошақтары жеткілікті, соған қарамастан ат басын сөз болып отырған мектепке бұруымыз жайдан-жай емес. Бұл мектеп көшбасшы мекемелердің бірегейі. Жетістіктері де мақтауға тұрарлық.
Білуімізше, биылғы 2015-16 оқу жылында мектеп оқушылары түрлі деңгейдегі білім бәсекесіне қатысып, талай игі жетістіктерге жеткен. Гимназияда жалпы 700 оқушы білім алады. Оқу жылының қорытындысы бойынша, үздіктер — 254, екпінділер — 272 оқушыға жетсе, сапа 76 пайызды көрсетсе керек.
Әңгімеге тартқанымызда, мектеп директоры Ақмарал Ақсерікова бірден оқушыларымен мақтана жөнелді:
-Елбасы Н.Назарбаев пен үкімет жас ұрпақ тәрбиесіне, білім беру ісіне ерекше назар аударып, балалардың сапалы білім алып, үлкен азамат болулары үшін барынша жағдай жасауда. Игiлiктiң барлығы елдiң болашағы – жас ұрпақтың келешегi жарқын болуы үшiн жасалынып жатыр.
Шәкірттерімізге қатысты айтсам, қалааралық байқауда «Таза табиғи орта – «Қазақстан – 2050» стратегиясын жүзеге асыру негізі» бағыты бойынша 10-сынып оқушысы Серікбай Арай ІІІ дәрежелі диплом иеленді.
Ол сондай-ақ, еларалық қоршаған ортаны қорғау проблемаларына арналған «Человек — Земля – Космос» атты жарыста ғылыми-зерттеу жобасымен ІІ дәрежелі диплом иеленді.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың аудандық, қалалық және республикалық олимпиадаларының нәтижесі бойынша:
— аудандық пән олимпиадасында — 10 оқушы,
— қалалық пән олимпиадасында — 3 оқушы,
— республикалық пән олимпиадасында — 2 оқушы жүлдегер атанды.
Серікбаева Әсел мен Смағұлова Жұлдыз Алматы қаласы әкімінің «Үркер» төсбелгісінің иегерлері.
Оқушыларымыз КИО республикалық қашықтық олимпиадасында үш диплом иеленсе, «Nalanda-2016» халықаралық қашықтық олимпиадасына 99 оқушымыз қатысып, еншімізге 193 диплом тиді.
Шығармалар байқауына қатысқан Мейрамбекқызы Динара «Жыр алыбы – Жамбыл» тақырыбында өткізілген қалалық шығармалар байқауының І орын иегері. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті ұйымдастырған Ә.Н.Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толуына орай 10 сынып оқушылары арасында «Әлихан Бөкейханов және Алаш мұрасы» халықаралық конференция аясында «Ұлттың ұлы тұлғасы» атты шығарма байқауынан Абетей Айжүрек — ІІІ дәрежелі диплом иеленді.
Біз білім беру саласының өзекті мәселелерін қайта қарастыруды талап ететін, адам қызметінің барлық салалары жаһандану үдерісін кешіп жатқан дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан, бүгінгі таңда ақпараттық және коммуникативтік құзыретілікпен қатар көпмәдениеттілік те жаһандық білім беру қауымдастығының тануынша білім беру саласының негізгі құзыреттілігі және жаһандық білім кеңістігін қалыптастырудағы басты бағыттардың бірі болып саналады.
«Жеті түрлі білім біл, Жеті жұрттың тілін біл». «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, жас ұрпаққа саналы, мағыналы, өнегелі тәрбие мен білім беру бүгінгі күннің талабы. Тілдің адам өмірінде аса маңызды рөль атқаратыны әркімге де түсінікті. Сондықтан көптілді білім берудің басты мақсаты — әлем бірлестігінің жағдайында бәсекеге түсе алатын көптілді тұлғаны дамыту. Ол танудың, түсінудің, дамудың құралы. Көп тіл білу біздің мемлекетіміздің халықаралық байланыстарын дамытуға мүмкіндік беретін тұлғааралық және мәдениаралық қарым-қатынастардың аса маңызды құралы болып табылады, — дейді Ақмарал Мағжанқызы.
Өмірде өлшенбейтін іс – балаға берген білімің, мейірімің, қамқор пейілің. Болашақтың бүр жарған сабағына құйған білім нәрің мәңгілік. Сондықтан да осынау мәңгілік борышты ауырсынбай, қажырлы еңбек етіп жатқан бастауыш сынып мұғалімдері Ишмухаметоава А. Матаева Н. Тантаева Қ. Месебаева А. Байназарова Ж. Даулетбақова С. Уразымбетова А. Нүсіпбаева М. Даулетшина Б. т.б. есімдерін мектеп басшысы ерекше атап өтті. Сонымен қатар, «оқушылары талай жарыстар мен байқаудан жүлделі болып жүрген пән мұғалімдері Мырзахметова Р. Нақысбекова Г. Алимхожаева С. Орынбаева Ж. Қожаниязова З. Исабаева А. Ахметжан және деңгейлік курстан өтіп, тәжірибеде жаңа технологиялар пайдаланып жүрген пән мұғалімдері Д. Темірбекова, М. Иманбаева, Р. Қасимова, Бейсенова, А. Ақысбекова, Ә. Жарасова т.б мұғалімдер көпке үлгі» деп атап өтті ол.
-11 жыл оқып, ата-ана мен ұстаздарының қуанышы болған мектеп бітіруші түлектер гимназиямыздың ғана емес, еліміздің де мақтанышы. Олардың болашағынан ел-жұрты үлкен үміт күтеді. Биыл 26 түлек мектеп бітіріп отырса, соның төртеуі «Алтын белгіге» үміткер. Олар сапалы білім, саналы тәрбие берген ұстаздардың еңбегін, аялап өсірген ата-аналарының үмітін ақтайды деп сенеміз. Бұл мектеп бітірушілер үшін де, ұстаздар мен ата-аналар үшін де қуанышты, салтанатты кезең. Қоңырау — мектеп өміріндегі құлаққа жағымды шәкірт жүрегінде сақталатын ұмытылмас үн. Жүректері лүпіл қағып қимастық пен қуаныш, аңсау мен арман сезімдері араласқан осынау сәтте мектебімен қоштасып өмірдің екінші белесіне қадам басқалы тұрған жас түлектер, осыдан 11 жыл бұрын қоңырау үнімен мектеп табалдырығын аттаған болса, сол сыңғырлаған қоңырау үнімен болашаққа аттанбақ. Жас түлектерімізге сәт-сапар тілеймін, — деді сөзінің соңында Қазақстан Республикасының Білім берудің құрметті қызыметкері, №36 Б.Атыханұлы атындағы гимназияның директоры Ақмарал Ақсерікова толқып.
«ЕлАна»