«Алтын білезік қорабы»
Сәкен Сейфуллин інісі Мәжит Сейфуллиннің жары, келіні Әмина Сейфуллинаға сыйлаған алтын білезік қорабы.
С.Сейфуллин 1929 жылы Қара теңіз жағалауында орналасқан Алупка қаласындағы демалыс орнына демалуға барғанда келініне сыйлыққа алған болатын. Алтын білезік қорабының қазіргі жағдайы: қақпағы жоқ, биіктігі 5 см, көлденеңі 15 см, картон қағазынан жасалып, былғарымен қапталған.
Бұл жәдігерді мұражайдың қорына 2020 жылдың 07 шілдесі күні «Қазақстан» Телерадио корпорациясының «Жәдігер» бағдарламасының продюсері Рашай Мұхамедияр Қанқожаұлы табыстаған. Арнайы журналистік зерттеу барысында Әмина Сейфуллинаның қызы Софья Мәжитқызынан сұхбат ала отырып «Жәдігер» бағдарламасына деректі фильм түсірілімін жасаған. Сәкен атасының көзі іспеттес жәдігерді продюсер Мұхамедияр Қанқожаұлына музейге табыстауды аманат еткен. Қазіргі уақытта жәдігер мұражай экспозициясында тұр.
Дарынды жазушының өмірін толығырақ білгілеріңіз келсе мұражайдың қонағы болуға шақырамыз!