«Алтын қалам» байқауы алтыншы жеңімпаздарын анықтады (Фото)
Негізгі мақсаты Еуразиялық Топ (ERG) кәсіпорындарында тер төгіп жүрген еңбек адамдарын бейбіт заманның қаһармандары ретінде өзгелерге үлгі етіп, насихаттау болған дәстүрлі «Алтын қалам» байқауының жеңімпаздары белгілі болды.
Бүгін Астанада Бас Редакторлар клубы Еуразиялық Топтың (ERG) қолдауымен қазақ тілді журналистер арасында өткізген VI «Алтын қалам» байқауында басқалардан оза шапқан алты журналисті марапаттады.
-Байқауға қатысуға республикалық және өңірлік басылымдардың, теледидар, радио және интернет басылымдарының 37 журналисі ниет білдіріп, жіберілген 133 мақала мен видео-аудио материалдары байқауға қатысты. Оның ішінде 22 журналистің 57 жіберген материалы комиссиясының мүшелерімен талапқа сай деп танылды,-дейді Бас Редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай.
Сонымен, «Үздік мақала» номинациясы бойынша облыстық «Ақтөбе» газетінің тілшісі Кәмшат Қопаеваның асығы алшысынан түссе, «Егемен Қазақстан» газетінің Қостанай облысындағы меншікті тілшісі Нәзира Жәрімбетова жүлделі ІІ орынға табан тіреді.
Ал, «Үздік сюжет» номинациясы бойынша «Астана» телеарнасының журналисі Айгүл Шайхимованың айы оңынан туып, жеңімпаз атанса, «24.KZ» телеарнасының Павлодардағы меншікті тілшісі Қарлығаш Қасиетова ІІ орынды місе тұтты. Сондай-ақ, жүлделі үшінші орынға «Қазақстан» РТРК Қарағанды облыстық филиалының журналисі Әшмұхан Жампейісов пен Павлодар облыстық «Халық» радиосының радиотілшісі Раушан Сыбанжанова қол жеткізді.
-Бұл – менің ғана емес, «Астана» телеарнасы ұжымының жеңісі. Өзім Павлодар облысында туып-өскенмін. Осы «Алтын қалам» байқауында Павлодар облысының өндіріс ошағы туралы жасаған сюжетіммен жеңіске жетуім екі есе қуаныш болып тұр,-деп ағынан жарылды жеңімпаз журналист Айгүл Шайхимова.
Ермұрат НАЗАРҰЛЫ