«Алтын күз» өтті дүркіреп

Үстіміздегі жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен «Алтын күз» мерекесі өте жоғары деңгейде өтуде. Кей жылдары ұмыт қалып жүрген шара биыл екі реттен өткізілуде. Себебі, өңір басшысы Ж.Қансейітұлының идеясымен облыс орталығында «Agro fest» фестивалі ұйымдастырылған. Бірнеше айға созылған фестивалдың әр аптадағы бөлімін әр аудан өткізіп отырды. Мұнан соң әр аудан өз жерлерінде «Алтын күз» мерекесін атап өтуде. Жаңа әдіспен өткізілген шара облыс шаруаларының әл-ауқатын толық көрсетті. Әрі мал өсіріп, диханшылықты кәсіп еткендердің рухын да көтерді. Сонымен бірге, жәрмеңкеге шығарған өнімдерін тұрғындарға да арзан бағамен алып, қыстық қамын жасап қоюға мүмкіндік берді.

Міне, осы мереке жуырда Бәйдібек ауданының орталығы Шаян орталығында да өткізілді. Аудандағы «Тәуелсіздік» алаңында ұйымдастырылған шара барысында аудан тұрғындарының өз өңірлерінде осыншалықты өнім өндірілетінін көріп таңданған болатын. Олар да ішкі нарықты өзіміз-ақ қамтамасыз ете алады екенбіз деген сенім пайда болды. Өйткені, ауыл-ауылдан әкелінген жергілікті өнім алаңды толтырып тастаған. Ал аудан әкімі өңір әлеуетін арттыруға, дамытуға үлес қосқан шаруалар мен бірқатар азаматтарды марапаттады. Мысалы, «Озат астық өндіруші-2017» номинациясы Ғабиден Заманханұлына, «Озат мақсары өндіруші-2017» номинациясы Асқар Оразханұлы, «Озат бақша өнімдерін өндіруші-2017» номинациясы Жеңіс Қоңырбайұлына тапсырылды. Аудан басшысының әріптестеріміздің де еңбегін елегені бізді қуантты. Олар аудандық «Алғабас» газетінің жауапты хатшысы Эльмира Жамашова мен «Шаян» газетінің редакторы Ұлан Абзалұлы.

Осыдан кейін «Алтын күз» іс-шарасы ұлан асыр тойға ұласты. Ән әуелеп, күй күмбірлеп, сайдың тасындай жігіттер күш сынасты. Тіпті, ұлттық ләңгі тебуден жарыс өтіп Е.Данияров 1-орын алды.

Осылай дүркіреп өткен «Алтын күз» алдағы жылы да игі жалғасын тапқай!

Сабыржан БАЙБОСЫНОВ.