АЛТЫН ҚҰРСАҚ АНАЛАР МАРАПАТТАЛДЫ

Бүгін аудан әкiмiнің міндетін атқарушы Олжас Көкей аудандағы көп балалы аналардың бiр тобын «Алтын алқа, Күміс алқамен» марапаттады.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен алты және одан да көп бала өсiрiп — тәрбиелеген аналар қатары толыға түсті.

Марапаттау кезінде О.Көкей көп баланы дүниеге әкеліп, еліміздің демографиясына үлес қосқандары үшін алғысын айтып, оларға зор денсаулық пен отбасы бақытын тіледі.

 

 

Сондай-ақ, ардақты аналарға гүл шоқтарын тарту етті.

Бұл мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларды қолдауға үздіксіз қолдау көрсетудің бір ғана көрінісі.

Бүгінде ауданда тұрып жатқан көпбалалы отбасыларға жыл басынан бері арнайы жәрдемақы төленіп жатыр.

Сонымен қатар, балаларға мемлекеттік әлеуметтік пакеттер беріліп келеді.

 

 

Алдағы уақытта бұл қолдау түрлері жалғасын табатын болады, — деген Олжас Көкей алтын құрсақ батыр аналарға ізгі тілекке толы құттықтау сөзін арнады.

Содан соң 38 жасында күміс алқа иегері атанған Айнұр Сарыбаева;

— «Кез келген мемлекеттің болашағы – оның саналы ұрпағы. Бүгінгі сәби ертеңгі ел азаматы. Бүгін бізге көрсетіп отырған құрмет, қамқорлықтарыңыз ертең осы көп балалы отбасыларда өсіп-өнген балалардан қайтады. Олар Отанына, туған жеріне деген сүйіспеншілікпен талмай еңбек етіп, ел ертеңінің еңселі болуына үлес қосады деп сенемін. Отанымызға тыныштық, елімізге бірлік пен береке тілеймін!” – дей келе, өзіне көрсетілген құрметке шынайы алғысын білдірді.

 

 

Ия, шынында ана алдында бас имейтiн биiктiк жоқ. Өз отбасының ғана емес, мемлекеттің ұйытқысы саналып, көп бала өсiрiп, тәрбиелеген алтын құрсақ аналардың тәлiмдерi жастарға үлгi болар деген сенімдеміз.

 

 

Сарысу ауданы