«Алтын сағат»
1934 жылы жазушы Максим Горькийдің бас болуымен Мәскеуде Кеңес жазушыларының бүкілодақтық бірінші съезі өтеді. Сол кездегі Одақ құрамындағы республикалардың көркемсөз зергерлері жиналған маңызды жиынға Қазақстаннан Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин бастаған ақын-жазушылар делегат болып қатысады.
1936 жылы Қазақстан Жазушылар одағында Сәкен Сейфуллиннің әдеби және қоғамдық қызметіне 20 жыл толуына орай салтанатты кеш өтіп, осы мерейлі жиында үкімет ардақты азаматты Еңбек Қызыл Ту орденімен марапаттап, алтын қалта сағат табыс етеді.
Алтын қалта сағат Швейцарияның «НҮ МОZER» фирмасында жасалған. Сағат жоғарғы сынапты алтын металдан жасалған, салмағы 100 гр. Диаметрі – 4,5 мм. Сыртқы қақпақта Сәкен Сейфуллиннің есімі жазылған, астыңғы бөлігінде «HY MOZER&CE» «ECHAPPEMENTE ANCHE» «RERRES» «QUALITELEPAINE» фирмасы деп жазылған.
Сәкен атамыздың көзі кеткеннен кейін қайраткердің зайыбы Гүлбаһрам анамыз алтын қалта сағатты ақынның қолының табы тиген бірқатар затпен бірге сақтап қалған. 1973 жылы ол кісі қайтыс болғаннан кейін, жақындары оларды Алматыдағы Мемлекеттік мұражай қорына тапсырған. Қазір бұл сағат Сәкен Сейфуллин музейіндегі бағалы жәдігерлердің бірі.