АЛТЫН ТӘЖ……
Хазіреті Мәулана Руми атамыз елді таңғалдырудан танбаған әулие адам ғой. Көзі тірісінде-ақ даңқы жер жарып, шырынды хикметтері естіген жанды естен тандырған.
Бір күні Мәснәуидің бал татыған хикаяларын шалғайдағы христиан тақуасы естіп, рухани ләззат алады. Шыдай алмай, Румиді бір көрмекке Қония шаһарына аттаныпты. О, Құданың құдіреті! Қалаға кірген беті кең көшеде Румимен бетпе-бет жолығады. Жол бастаушы жігіт:
– Мәртебелім, міне, хазіреті Мәулана Руми деген – осы кісі! – дейді қуанып. Христиан қапелімде не дерін білмей, Румиге 15 рет иіліп тағзым етеді. Енді христиан діндарын Румиге таныстырды:
– Тақсыр, бұ кісі Костантинопольдан жеткен қадірлі қонақ. Сізбен сұқбаттасу үшін арнайы жол тартып келді. Өзіңізге сырттай мухлис, – дейді. Сол кезде Руми оған ерекше ілтипатпен иіліп, 20 рет тағзым етеді. Христианның аузы ашылып:
– Исламда бұлай етуге рұқсат па? Адамға тағзым етуге бола ма? Сізді тек Алла алдында иіледі деуші еді, – дейді таңғалып.
– Жоқ, – деді Мәулана сайып. – Алла сүйгенді біз де сүйеміз. Еш мәселе емес.
Сонан соң христианды ханакасына апарып, қонақ қылады. Үш күн сұқбат құрады. Ақыры сый-сыяпатын жасап, шығарып салған қонағы еліне разы боп қайтыпты. Бұл уақта Румиді іздеп келген христиан жайлы жаңалық қалада желдей есіп тұрған-ды. Сұлтан шыдай алмай, Румидің алдына келеді:
– Оу, тақсыр! Қонақтың қызығын айтпадыңыз ғой? Неғылған жан екен? – дейді дастарқан басында дегбірі кетіп.
– Эх, сұлтаным! – дейді ұстаз. – Бұл христиан – ойнайтын адам емес, қас тақуаның өзі екен. Әдебі қандай десеңші, шіркіннің! Мұсылман баласына хазіреті пайғамбарымыздан мирасқа қалған алтын тәж – КӨРКЕМ МІНЕЗ бен ӘДЕП еді ғой.
Анау маған 15 рет тағзым етіп, мұсылманның басындағы ӘДЕПТІҢ алтын тәжін тартып алуға шақ қалды. Бірақ ұлық Аллам маған да қуат берді, білем. Пайғамбарым да медет қылды, сездім.
Мен де оған 20 рет тағзым етіп, мұсылманға тиесілі ӘДЕПТІҢ алтын тәжін әрең дегенде қайтарып алдым. Сәл болмағанда тәжсіз қалып, ӘДЕПТІҢ рақатын христиандар көргендей екен. Не де болса, бізді Құдай сақтады! Тәуба-тәуба! Шүкір-шүкір! – деп басын шайқап, күбірлей беріпті…
Санжар Керімбай.