«АЛТЫН ЖЕБЕНІ» РУМЫНДАР АЛЫП КЕТТІ
Биылғы жаз айларында Астана қаласындағы «Қазанат» ипподромы арғымақтардың дүбірінен босамады десек артық айтқанымыз емес. Әсіресе, елорданың 20 жылдығына орай ұйымдастырылған ұлттық спорт түрлерінен іс-шара-лар, жарыстар шіліңгір шілдесінің өзі қарашаның суығынан кем түспеген Арқа төсіндегі қаны да, жаны да қазақ көрермендерінің назарынан тыс қалмады.
Жаздың соңғы екі тәулігі, яғни, тамыз айының 30, 31-і күндері Астанада ІІ «Алтын жебе» халықаралық турнирі өтіп, оған 11 мемлекеттен келген 25 сұрмерген мен қолмергендер қатысты. Екінші рет өкен халықаралық турнирде тағы да Румыния спортшысы, ат үстінен садақ атудан 2014 жылы Кореяда өткен әлем чемпионатының жеңімпазы, 2017 жылы Францияда өткен Еуропа чемпионатының чемпионы атанған даңқты сұрмерген Михай Козмейдің бағы жанды. Ол «Азиялық стиль» бойынша дара шықса, «Түрік стилімен» садақ атуда екінші орын алған еді. Дегенмен, «Қазақ стилінде» Михайдың алдына түсер жан табылмай, жамбыларға жебелерін қолмен құйғандай дәл қадаған румыниялық мерген жалпы жиынтығы 169,65 ұпай жинай келе, «Алтын жебе» турнирінің екі дүркін чемпионы атанып, арнайы кубок пен 1 800 000 теңгені еншіледі. Румыннан 24 ұпайға кем жинаған отандасымыз Ералхан Айкөз күміс жүлдені місе тұтып, 1 000 000 теңгені иеленсе, үш стиль бойынша да үздік үштікке ілікпесе де, жалпы жиынтық ұпайы бойынша Ералханға 8 ұпай ғана жетпей қалған Абзал Тулыбековке турнирдің қола жүлдесі бұйырды. Сондай-ақ 4-ші орынды моңғол мергені Эрдэнэсувд Эрдэнэге және 5-ші орынды түркиялық спортшы Алкан Ибраһим Алперен иеленді.
Бір айта кететіні, былтырғы додада қола жүлдені қанағат тұтқан Ерасыл Айкөз биыл шеберлігінің шыңдалып келе жатқанын байқатты. Әсіресе, «түрік стилінде» алдына қара салдырмаған Ерасыл турнир жеңімпазы М.Козмеймен иық тіресе өнер көрсетті. Оның ендігі мақсаты да, оған жүктелер тапсырма да — келер жылы тек «Алтын жебенің» бас жүлдесін жеңіп алу дейді мамандар.
Ермұрат НАЗАРҰЛЫ