АЛТЫНБЕК АЗАМАТТЫҚ ТАНЫТТЫ

Мемлекетімізде бұқаралық спорттың дамуы жолында көп жұмыстар атқарылуда. Салауатты өмір салтын қалыптастыру жолында көптеген спорт сарайлары, шағын спорт алаңдары халық игілігіне беріліп жатқанын жақсы білеміз.
Міне осындай спорт саласына байланысты игілікті істер ауданымызда да қарқынды дамуда. Соның нәтижесі аудан спортшылары спорттың әрбір түрлері бойынша жоғары жетістіктерге жетіп, аудан абыройын асқақтатып келеді. Ал мұндай жүйелі жұмыстар тек мемлекет тарапынан ғана емес, жекелеген азаматтар есебінен де жүргізіліп жатқанына риза боласың. Сөзімізге Қазақстан Республикасы Конституциясы күні мерекесі қарсаңында Үлгілі ауылында ашылған шағын футбол алаңшасы дәлел бола алады. Бұл алаңшаны аудандық жарықтандыру бөлімінің басшысы, белгілі кәсіпкер, ауданымыздың Құрметті азаматы, аудандық мәслихаттың депутаты Алтынбек Жәмішжанов өз қаржысына соғып, пайдалануға берді.

Шағын футбол алаңшасының ашылуына ауыл халқы, әсіресе жастар көп жиналды. Оның ашылуында аудандық мәслихаттың хатшысы Бақтияр Ақбаев, аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов, Үлгілі ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Фазыл Шаухаров, еңбек ардагері Нағима Дәусариева апайлар сөз алып, Алтынбектің жасаған азаматтығына ризашылықтарын білдірді. Ол «қолы ашықтың-жолы ашық» демекші, бұл ғана емес бұған дейінде өзінің демеушілігімен көрініп, аз қамтылған отбасыларға, жалғызілікті жандарға көмек қолын созып келе жатқанын атап өтті. Әсіресе жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Мектепке жол» акциясына тұрақты қатысып, бірнеше оқушыға киім-кешек, оқу құралдарын әперіп келеді. Өзінің туып-өскен ауылы Үлгіліге, оның ішінде өзі оқыған мектепке жасаған жақсылықтары да аз емес.

-Мен осы ауылда туып-өстім, Тура осы шағын футбол алаңшасы соғылған жерде талай рет футбол ойнадық. Қолымнан келгенше жағдайы төмен азаматтарға көмек қолымды созып келемін. Енді ауылыма менен естелік болсын, ауыл жастары бірмезгіл спортпен айналыссын деп осы алаңды соқтым. Алда да мүмкіндік болып жатса өз ауылыма көмектесе беретін боламын,-деген Алтынбек Миятұлы ауылдың футбол командасына арнайы форма мен доптарды сыйлық ретінде тапсырды.
Әсем безендірілген футбол алаңшасының ашылу лентасын еңбек арадагерлері Ф.Шаухаров пен Н.Дәусариева қиған бетте жағалай шашу шашылды. Келген қонақтар мен ауыл тұрғындары алаң ішіне еніп, жанкүйерлерге қойылған орындықтарды көрді.
Көп ұзамай ауылдың екі көшесінен жасақталған командалардың ойынына Алтынбектің өзі допты қосып берді. Бірден ойын қыза түсті. Ауыл тұрғындары осы күні күн батып, ымырт үйірілгенше ауыл балаларының ойынын тамашалады.
«Туған жерге туыңды тік» демекші, туған ауылына осындай сый жасап отырған Үлгілінің үлгілі түлегі Алтынбек Миятұлының бұл игілікті ісі өзгелерге үлгі болса игі.

Сүндетулла ӘБІЛОВ. Үлгілі ауылы.