Алтыннан қағылған Елдос, жолы болған Галбадрах

ХХХІ Жазғы Олимпиада ойындарының алғашқы күнінде  ел қоржынына екі медаль түсті. Оның екеуі де Рио төріндегі додаға үкілеп қосқан дзюдошыларымызға тиесілі.

         photo_81075Қазақстанның намысын қорғаған Отгонцецэг Галбадрах 48 келі салмақ дәрежесінде ширек финалда жапон қызы Ами Кондоға есе жіберсе де, жұбаныш кездесуінде айы оңынан туды. Венгриялық Эва Черновицкиден басым түскен Галбадрах қола үшін айқасуға мүмкіндік алған еді, кубалық Даярис Алварестің оны жеңуге шамасы келмеді. Сөйтіп, қоржынымызға алғашқы медаль түсіп, ел болып бір қуанып алдық. Кезекті жүлдені, жарқын жеңісті Елдос Сметовтен күткен Қазақстан халқының сенімі ақталмады. Финалға дейін қарсыластарының түгін қалдырмай әдіске салып, сабырлықпен, ақылмен жеңген Елдос тек финалда сүрінді. Ресейлік балуан Беслан Мудрановты қосымша уақытта жеңуге талпыныс жасаймын деп қателікке ұрынды. Елдостан ел текке үміттенбеді де. Өйткені, Олимпиадаға тыңғылықты дайындалған әрі негізгі қарсыластарының осал тұсын әбден барлап, бақылап алған Елдос Бақтыбайұлының Рио төрінде алтыннан алқа тақпауы мүмкін еместей көрінген болатын. Десе де, оның бір кездері Асхат Жеткеевтің жеткен жетістігін қайталауға ғана шамасы келді. Сонымен, қоржынымызда бір қола және бір күміс бар. Ал, жарыстың екінші күнінде дзюдо күресінен 66 келіде Жансай Смағұловтың жарыс жолына шығатынын естеріңізге саламыз. Сондай-ақ, Максим Раков пен әйелдер арасында Мариан Ордабаеваның да дзюдодан ел намысын қорғайтынын айта кету керек.

Жарқын жеңістеріміз көп болғай, алғашқы медаліміз құтты болсын, Қазақ елі!

«ЕлАна»