Алтыны аз ел — бейшара

Кәнігі сарапшылар сөзіне сенсек, дағдарыс кезінде әлемнің көп елдері ақшаны алтын мен күміс түрінде сақтағанды жөн көреді екен. Қаржы саясаткерлері де осы пікірге ден қойған. Себебі елде тұрмыс-тіршілікте ең қажетті барлық заттарға деген баға құлдыраған кезде, алтын бағасы өсіп шыға келетін көрінеді. 2007 жылғы дағдарыс қарсаңында алтынның 1  унциясы 560 доллар тұрса, қазір ол көрсеткіш 1240 «баксқа» жеткен. 2007 жылғы алғашқы дағдарыстан бергі уақыт ішінде алтын бағасы 121 пайызға артты. Мұндай табысты бірде-бір банк иә валютамен алыпсатарлық жасау бере алмайды.  Күні кешеге дейін елімізде алтынды құйма түрінде сатып алуға болмайтын-ды. Бірақ биылғы жылдың қаңтар айында Елбасы алтын мен күмістің айналымын реттейтін «Бағалы металдар мен тастар туралы» Заңға қол қойып, соған сәйкес, енді тұтынушылар құймаларды Ұлттық банк пен коммерциялық банктерден сатып ала алатын болды.

Оларды 1-ден 1000 грамға дейінгі салмақпен сатады. Құймаларды үйге алып кетуге, болмаса банк сейфінде сақтауға қалдыруға болады. Рас, бұл үшін ақы төлеу қажет. «Тау-Кен Алтын» компаниясының директоры Мейрамғали Тілеужанов: «Осы заңның арқасында Қазақстан өндірген алтынының бәрін өзінде сақтап, қолданыстағы аффинаждық зауыттардың көмегімен өзінің алтын қорын арттыра алады. Нақ осы заң зергерлік компанияларға құйма алтын мен грануларды бізден тікелей сатып алуға мүмкіндік береді. Бұған дейін зергерлер монеталарды сатып алып, оны қайта балқытып барып бұйымдар жасайтын. Олар алтынды басқа ешқайдан ала алмайтын. Құйманы сатып алған кезде 12 пайыз ҚҚС төлеу керек. Соның нәтижесінде бағаның нарықтан айтарлықтай айырмашылығы болады. Банктер алтынды кері қайтарып алмайды. Оны басқа адамға сатуға немесе ломбардқа металл ретінде өткізуге болады. Бұл процестің де өзіндік ерекшелігі бар, яғни ломбардтар сыртындағы пластикалық орамасы бұзылмаған құймаларды ғана қабылдайды. Бұған қоса әлгі құйманы сатып алғанда оның түпнұсқа екендігін растап берілетін сертификаты болуы шарт, әйтпесе оны жарты бағасына ғана қабылдайды. Құйманы елден сыртқа алып шығуға болады. Бірақ оны кеденде декларациялау керек.

Бұдан шығатын қорытынды, алтынды өз қалағаныңша мол мөлшерде алып кете алмайсың», — дейді. Бүгінгі күні алтынның 1 унциясының бағасы — 1234 доллар. Келімен есептегенде 32,15 унцияға тең. Ол шамамен 40 мың доллар тұрады. 400 унция банктік құйма (12,5 келі) 496 мың доллардан астам тұрады. Мұндай қомақты мөлшердегі ақшаны шытырлатып санап беруді кез келгеннің қалтасы көтермесі анық. Көлемі шағын құймалардың дайындау бағасы артығырақ. Соның нәтижесінде оларға деген баға Лондон биржасындағы металл бағасынан қымбатқа түседі. Сол себептен де алтын дәулетті адамдардың активі деп есептеледі. Құймаларға қарағанда, алтын және күміс монеталарды елден еш қиындықсыз алып шығуға болады. Қазақстандық ережеге сәйкес, әрбір адам елден сыртқа өзімен бірге декларациясыз 3 мың доллар алып кете алады. Декларациямен, бірақ олардың қайдан шыққандығы туралы құжатсыз 10 мың долларға дейінгі ақшаны өзімен бірге алып шығу мүмкіндігіне ие. Инвестициялық монеталардың ҚР Ұлттық банкінде белгіленген бағасы бар болғандықтан, оларды белгіленген бағасы бойынша шығарып әкетеді. Ондай жағдайда декларациясыз 100 унциялық монеталарды алып шығуға құқылысыз. Оның салмағы 3 келіден асады, ал декларациямен 340 монета (10,5 келі) алып кете аласыз. Қазір инвестициялық монеталардың үш сериясы қолжетімді, олар: «Жібек жолы», «Алтын барыс» және «Күміс барыс», белгіленген бағалары 1 теңгеден (күміс монета) 10 мың теңгеге дейін (алтын монета), яғни 3-тен 311 грамға дейін. Рас, олар қазірде банктерде қалмаған. Монеталарды сатумен айналысатын менеджерлердің айтуынша, соңғы кездері қазақстандықтар арасында алтын мен күміс жоғары бағаланып, осыған дейін сатылмай жатқан монеталар екі айдың ішінде шүлен таратқандай тез сатылып кетсе керек.

Тек «ескерткіш» монеталар ғана қалыпты деседі. Бұл ақшалар «пруф» атты өте күрделі технологиямен жасалғандықтан, әдеттегі инвестициялық монеталардан анағұрлым қымбат тұратын көрінеді. Алтынды бірден Ұлттық банктен немесе оның филиалдарынан сатып алған жөн. Өйткені коммерциялық банктер сату кезінде олардан ҚҚС ұстайды. Ұлттық банк олай етпегенмен, Лондон биржасына бағыт ұстана отырып, өз бағаларын бекітеді. Нәтижесінде салмағы 1 унция, белгіленген бағасы 100 теңге тұратын «Алтын Барыстың» құны 445 584 теңге тұрады, бұл нарықтық бағадан 20 мың теңгеге артық. Сосын мұның тағы бір артықшылығы — Ұлттық банк өз ақшасын еш кедергісіз кері қайтарып алады. Ол сырты тырналған, сынған, сыртында орамасы жоқ монеталардың бәрін қайта алады. Бағалы металдың түпнұсқасын анықтау үшін жасалатын сараптау жұмысы тегін өткізіледі, рас, бір ай ішінде ғана. Бағалы металдарды сатып алу ең кең таралған тәсіл болғанымен, ең тиімсізі болып табылады. Оның басты кемшілігі — сату-сатып алу бағасы арасындағы айырмашылықтың өте жоғарылығы. Себебі бұйымның құнына шебердің жұмысы (ол жалпы бағаның үштен бірін құрайды) мен сатушының табысы (маржасы) енгізіледі. Негізінен мұндай бағалы металдармен ломбардтар айналысады. Олар бұларды лом бағасымен алады, яғни бұйым құрамындағы таза алтын бағасы бойынша. Осылайша, ақшаның қалған бөлігі жоғалады. Зергерлік бұйымдарды сатып алу кезіндегі инвестиция туралы айтуға болмайды. Бұған қоса, оларда таза алтын емес, олардың қоспалары пайдаланылады. Олардың құрамындағы алтынның үлесі сынақ түріне байланысты 37,5-тен 50, кейде 95 пайызға дейін болуы мүмкін. Бүгіндері ломбардтарда алтынды қабылдау құны грамына 8,5 мың теңгеге дейін жетеді. 1 грамм алтынның нарықтық бағасы 13,68 мың теңге тұрады.

Баға арасындағы айырмашылық — 40 пайыз. Тағы да сол сарапшылар сөзіне жүгінсек, алтынның әділ бағасын шығару мүмкін емес екен. Сондықтан оның негізгі мақсаты салымды қорғау немесе олардың арасалмағын теңестіру деседі. Мысалы, АО «Private Asset Management» талдау департаментінің директоры Дамир Сейсенбаев: «Қағаз алтынды пайдаланған тиімді, ол таза құйманың өзі емес. Мұндай инвестор өзіне белгілі бір мөлшердегі алтын тиесілі екендігі туралы электрондық есепшоттардағы таспаларды алады. Осынау халықаралық нарықтағы тәсілді пайдалану арқылы ендігі жерде активтермен ойнауға, яғни фьючерстер мен алтын қағаздарды сатып алуға болады. Әлемде SPDR Gold Trust атты ірі алтын қоры мен кәдімгі алтын бар. Әлгі SPDR қағаздары таза пайда әкелмейді. Олар бағамдармен ілесіп бағасы жағынан не өседі, не құлдырайды. Себебі қордың активтерінің 98 пайызы осы металдарға салынған. Бірақ бұл қағаздар мен таспалар, шын мәнінде, клиенттің есепшотында болмағандықтан, ол сол үшін қолма-қол ақша алу үшін оны қорға қайта сата алмайды.

Осындай компаниялардың акцияларын сатып ала отырып, алтынды сақтауға ақша жұмсаудың қажеті жоқ. Соның салдарынан олардың жойылымдылығы жоғары. Мұндай қорлар салымды қолында артық 1-2 мың доллар пайда болған, онша ауқатты емес адамдардың алтынмен салуына мүмкіндік береді. Қазақстандық немесе шетелдік брокер арқылы қорда есепшот ашуға болады. Әдетте ол тегін. Сосын брокерге қор акцияларын сатып алуға тапсырыс беру керек, сонда қағаздар клиенттің есепшотына түседі. Мұны Ғаламтордағы сауда алаңы немесе қосымшасы арқылы клиенттің өзіне істеуге болады. Брокердің комиссиясы әртүрлі болуы мүмкін. Біреулер келісім үшін 9, енді біреуі 20 доллар алуға келіссе, үшіншісі келісімнен түскен пайданың пайызынан үлесін алуы мүмкін. Металдық есепшотты қазақстандық банкте ашуға болады. Мұндай қызмет түрлерін «Халық банкі», «Қазком», «ЦентрКредит» сынды банктер көрсетеді. Бұлар да алтын қор қағаздары сияқты жұмыс істейді. Есепшоттар алтын, күміс бойынша қолжетімді.

Ақшалар «қағаз» металға есепшот ашылған күнгі бағам бойынша ауыстырылады. Валюта сияқты, банктер бағалы металдарды да бағаға қосымша ақы қосу арқылы сатады. Есесіне жеңілдікпен сатып алады», — дейді. Биылғы жылдың 15 наурызында Лондон биржасында (LTE) алтынның бағамы 1 унциясына 1234 теңгеден болды. Халықтық банк өзінің бағамын: сату — 1248 доллар, сатып алу — 1219 доллар деп белгіледі. Айырма — 29 доллар (2,35 пайыз), бұл, шындығында, айырбас пункттеріндегі сияқты агенттік пайыз. Лондон биржасындағы күмістің бағамы — 15,4 доллар. Халық банкінің сату бағамы — 15,54 доллар, сатып алу — 15,18 доллар. Айырма — 0,36 доллар, бұл — 2,34 агенттік пайыз.

Ермек Сахариев