Алып ЕурОодақтың іргесі сөгілді

2020 жылдың 31 қаңтары, Ұлыбританияның еуроодақтан шегінген күні ретінде тарих бетінде қалатын маңызды даталардың біріне айналды. Осылайша үш жылдың алдында өткізілген халықтық референдум өз күшіне енді. Әлемдік саясатты сөз ететін жазбалардың арасына «Брекзит» (ағылшынша «Brexit» яғни « Britsh- Британия, «exit- шығу, шегіну») деген термин кеңінен қолданысқа ене бастады. Еуроодақтың құрылыуына ең алғаш негіз болған Еуропа елдеріндегі көмір мен болат өндіру бірлестігінен (1951 жыл) басталған экономикалық одаққа Англия мемлекеті 1973 жылы мүше болған екен. Еуропалық одақ әлемдегі ең қуатты экономикалық одақ саналады.

Англияның бұл әрекеті кімге пайда, кімге зиян?

Оған қазірге дейін мүше болып келген 28 мемлекеттің арасында еркін сауда айналымы және еркін көші-қон режимі бар. Осылардың арасында тек қана Ұлыбритания королдігі өздерінің ұлттық валютасы фунт стерлингті сақтап келген еді. Ұлыбританияның еуроодақтан шығуы жөнінде талас-тартыс пен одақ құрамында қалудың тиімді және тиімсіз тұстары турасында саясаттанушылар арасында түрлі жорамалдар мен пікірлер соңғы үш жылдан бері жиі айтылған тақырып. Бұл өз кезегінде Британия мен еуроодақты қойып күллі әлемнің саясаты мен экономикасына ықпал ететін айтулы оқиғаға айналайын деп тұр.
2016 жылы 23 маусым күні Ұлыбританияда Брекзит мәселесі жөнінде жалпы халықтық референдум өтті. Королдік халқының 71.8% белсенділік танытып дауыс берген бұл сындарлы сәтте, референдумға қатысқан 30 миллионнан астам адамның 51,9%-ы еуроодақтан шегінуді қолдады да, 48.1% адам одақ құрамында қалуды тиімді деп санайтындықтарын білдірді. Референдум кезінде мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіретін алабөтен оқиға орын алған жоқ. Наразы болған адамдар алаңға шығып, қарсылығын мәдениетті түрде білдіріп қайтты. Сол жолғы халықтық таңдаудан кейін, одақ құрамынан шығудың мерзімі белгіленген еді. Алғашында екі жыл ішінде іргемізді бөлеміз деген ағылшын билігінің шешімін парламент екі рет кейінге шегере отырып, ақыры 2020 жылдың 31 қаңтарына келіп тұрақтады. Дегенмен олар әлі де Еуроодақтан біржолата шегініп кете қойған жоқ. Яғни, 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі аралық олар үшін өтпелі кезең болмақ. Осылайша жылға жуық уақыт ішінде Ұлыбритания мен еуроодақ арасындағы экономикалық байланыстарды реттеу және қалыпқа түсіру мәселелері шешілетін болады. Өтпелі кезеңнің уақыты 2022 жылдың басы, немесе 2023 жылға дейін созылуы мүмкін. Дегенмен Англияның премьер-министрі Борис Джонсон бұл процестің тым ұзаққа созылмайтындығын айтып отыр.Осылайша әлемдегі аса қуатты саналатын 28 мемлекеттен құралған ірі экономикалық одақтың іргесі сөгілді. Одақтың белсенді әрі экономикалық қуаты жағынан ірі ойыншылары болып табылатын Ұлыбритания, Германия және Франция қатарлы үш елдің бірі «мемлекет мүддесі үшін тиімсіз одақтан» бөлініп шықты.

Бөлінудің бейнеті мен зейнеті

Жалпы жан саны 500 миллионнан асатын, ІЖӨ мөлшері (2019 жылы 18.29 триллион доллар көлемінде) АҚШ-нан кейінгі екінші орынды иеленетін Еуроодақтың алдағы тағдыры туралы кесіп-пішіп болжам айту қиын. Дегенмен әр екі жақ үшін де тиімсіз тұстары мен әлемдік геосаясатқа тигізер ықпалы жайлы шолу жасап жатқан сарапшылар бар. Бірқатар саясаттанушылар еуроодақпен жағрапиялық тұрғыдан бөлек тұрған, экономикалық жақтан толықтай интеграцияға кірмей, ұлттық валютасын сақтап келген Англия үшін бұл бөлініс – экономикалық құлдырауға апармайды десе, екіншілері саяси талғамдардың экономикаға ықпалын асыра бағалап отыр.
Бұл бөлінуді негізінен Ұлыбритания азаматтары бастағаны белгілі. Жаһанды жайпаған экономикалық дағдарыстың ұзаққа созылуы мен Еуропаға ағылған мигранттардың тасқыны Ұлыбритания еліне көптеген қиындықтар әкелгені белгілі. Ұлыбританиядағы еңбек күш нарығы мен ел азаматтарын жұмыспен қамту мәселелеріне айтарлықтай кері әсерін тигізіп отырған соңғы жағдайлар англиялықтар үшін «елдің егемендігіне қатер болаған» одақтан бөлінудің әлдеқайда пайдалы болатындығын аңғартса керек. Бұдан бөлек ел ішіндегі партиялардың ауызбіршілікке келе алмауы себебінен туындаған саяси қайшылықтар да Еуроодақтан шығудың дұрыстығын айғақтайтын себептердің біріне айналды. Соңғы бірнеше ғасыр бойы «Күні батпас империя» атанып, айналасына қожайындық жасап келген ағылшын елі, ендігі жерде өзгелер үшін салық төлеп, «келімсектерге» құшағын ашып отырғысы келмейтіндігін аңғартты. Қысқасы, Еуропарламент, еуропалық банк, экономикалық одақ, еркін көші-қон секілді ортақтықтар Ұлыбританияға тиімсіз болып шықты. Ағылшындар осындай қолайсыздықтардан құтылуды таңдады десек те, одақтан бөліну олар үшінде оңайға соқпайтын секілді. Кейбір саясаттанушылар ендігі жерде Ұлыбританияның бөлшектеніп кету қаупі туындайтындығын айтып отыр. Олардың болжамы бойынша, алдағы уақытта Шотландия мен Солтүстік Ирландия да егемен ел ретінде ағылшындардан іргесін аулаққа салу туралы референдумдар бастауы мүмкін екен… Ал, экономикалық одақтан бөлінгеннен кейін Англия Еуроодақпен арадағы болатын сауда үшін жаңаша кедендік шарттар жасайтын болады. Англия Еуроодақпен «есеп айырысу үшін» де көлемді қаржы төлеуі тиіс. Сонымен қоса, Еропалық инвестициялық қаржы ұйымдарына қосқан үлестерін қайтарып алатын болады. Бұл өз кезегінде қандай жеңілдіктер мен қиындықтарға соқтыратындығы алдағы келіссөздерге байланысты болмақ. Бұдан бөлек құқықтық саладағы өзгерістер, қауіпсіздік шарттары, электр энергиясы мен отындық газ саласындағы шешуге тиісті қыруар мәселелерді «шекараның екі жағына» теңдей бөліп ретке келтіру үшін де талай уақыт қажет екені даусыз. Көптеген мамандар бұл бөліністің Англияның экономикасы үшін тиімсіз болатындығын дәлелдеп жатыр. Осылайша әлемдегі қаржылық орталықтардың бірі болып отырған Лондон өз беделін жоғалтып, фунт стерингтің құнсыздану қаупі

туатындығын айтуда. Англиядан туындайтын мұндай өзгерістер өз кезегінде Еуроодаққа да салқынын тигізетін сияқты. АҚШ пен Еуроодақтың арасында, сондай-ақ НАТО мен екі арада «Алтын көпір» болып жүрген Ұлыбритания ендігі жерде Еуроодақ атынан шешім айтудан шеттейтін болады. Бұл одақтың экономикасы мен саяси беделі үшін үлкен сын болады дейді «саяси көріпкелдер». Олардың болжамы бойынша алдағы уақытта Еуроодақтан бөлінгісі келетін мемлекеттердің қатары көбейтуі мүмкін. Осылайша АҚШ-пен қатар шауып, Ресей секілді империяларға санкция салып, «алқымнан алып» жүрген Еуроодақ, сол мінезін өзгертіп, орыстармен татулыққа келе бастайтын сияқты. Бұл өз кезегінде Ресей үшін аса тиімді болмақ…

 

Брекзит практикасы және Қазақстан

Әлем назарында тұрған бұл айтулы оқиғаны, 1991 жылғы Кеңестер одағының ыдырауымен салыстыруға келмесе де, соңғы ширек ғасырдағы жаһандық геосаясаттың ірі оқиғасы ретінде тарих бетінде қалатын болды. Біз сөз арасында Англияға қарата қолданып отырған «Одақтан шегіну практикасы» қазақ елі үшін таныс әрі бейтаныс ұғым. Таныс дейтініміз кешегі Кеңес одағы құрамынан бөлініп шығып, өз алдына егеменді ел құрған Қазақстанның биыл 29- жылға аяқ басқан тәуелсіз жолы экономикалық тұрғыдан бірыңғай табысты болды деуге келмейтіндігінде. Ал ең зор әрі тарихи жеңіс-тәуелсіздіктің орнауы болды. Сондықтан да өз алдына шаңырақ көтеріп, демократияға қадам басқан қазақ елі бұл бөлінуден ұтылған жоқ. 1917 жылғы төңкерістен кейін өмірге келген жаңа империя 1922 жылы 30 желтоқсанда КСРО болып құрылды. Осында айырықша айта кететін нәрсе КСРО конституциясы бойынша егеменді мемлекет болып табылатын одақтас республикалардың КСРО-дан бөлініп шығып кету мүмкіндігі сақталғандығы еді. Алайда мұндай мүмкіндік Қазақстанға ең соңынан бұйырды. Анығында, саяси сипаты қою түс алған Кеңестік социалистік республикалар одағынан бөлініп шығуға ықпалды күштер мүмкіндік берген жоқ.
Қазақстан егемендік алып, жалпақ жаһанға «мемлекет дейтінің біз боламыз» деп асқақ үнмен жар сала жүріп тағы да одаққа бірігу туралы әңгіме бастаған мемлекет. Бұл жолғы одақтың сипаты да, қисыны да бөлек еді. Ол Еуразиялық экономикалық одақ деп аталатын экономикалық бірлестік болатын. Аталмыш одақты құру туралы ең алғаш Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінде сөйлеген сөзінде тұжырымдама ретінде таныстырған екен. Арада жылдар өтіп, талай реткі талқылаулардан кейін, 2011 жылы Ресейдің сол кездегі премьер-министрі Владимир Путин ЕЭО құру туралы мәлімдеме жасады. 2014 жылдың 29 мамырында Ресей, Қазақстан, Белоруссия елдердің басшылары ортақ келісімге қол қойысты. Осылайша Еуропалық одақтың тәжірибесіне сүйенген жаңа одақ өмірге келді. Қазіргі таңда ЕЭО-құрамына Қырғыз Республикасы мен Армения елі қосылып, іргесі кеңи түсті. Алдағы уақытта бұл одаққа мүше болғысы келетін елдердің қатары артады деген де болжамдар бар.
ЕЭО құру туралы белсенді келіссөздер басталғалы, саясаттанушылар арасында жағымды және жағымсыз пікірлердің көп айтылғаны белгілі. Жаңа одақтың саясаи сипатта емес, тек қана экономикалық бағытты көздейтіндігіне күмән келтірушілер,«бұл өңі өзгерген КСРО болайын деп тұр» дейтін күдіктерін күні бүгінге дейін жасырмайды. Одаққа бірігудің абзалдылығын дәріптеушілер 200 миллион адамдық үлкен рыногқа шығудың, қазақтарға пайда әкелетіндігін түсіндіруден жалыққан емес. Сонымен қоса экспорт көлемінің артуы да «қазақтың қоржынына алтын болып құйылады» екен… Алайда үлкен нарыққа ұсынатын дайын өнімдеріміздің жеткіліксіздігінен, қазақ кәсіпкерлері мен өндірушілері күні бүгінге дейін құлашын кеңге сермей алған жоқ. Ішкі өндірістің артуы сауда, экономикалық байланыстардың нығаюына ілесе біртіндеп жүзеге асатын шаруа десек те ЕЭО-ға бірігудің Қазақстан мүддесіне тиімсіз тұстары да көрініс беріп жатқандай. Бұл жайында ЕЭО елдерінің тәуелсіз сарапшылары өз дәлелдерін айтып келеді. ЕЭО-ға кіргеннен кейінгі жерде Қазақстан алғашқы екі әріптесімен тең дәрежеде бәсекелес бола алмайтындығын байқатып алды. Елге импортталып жатқан тұтыну бұйымдарының көлемі де аз болмай тұр. Яғни біздің ел ішкі нарыққа аса қажетті делінетін тұтыну бұйымдарының белгілі бөлігін қамтамасыз етуге қауқарсыз болып отырғанына қарамастан «теңізге күмп ете түсті». Онан да қиыны ұлттық валютаның құнсыздануы да халықтың өмір сүруіне оңай соқпай отыр. Теңге девальвацияға ұшыраған сайын, зат бағасының шарықтай түсуі жақсы үрдіс деп түсінуге келмейтін секілді.
Соған қарамастан біздің билік экономикамыздағы мұндай өзгерістерді жаһандық дағдарыстармен байланыстыра отырып, түсіндіргенді жақсы көретіні бар. Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, Ресей елімен Кедендік одаққа бірігудің нәтижесінде біздің де белгілі деңгейде халықаралық ықпалға ұшырап отырғанымыз жасырын емес. Соңғы жылдары АҚШ және Еуроодақ тарапынан Ресей Федерациясына салынып жатқан түрлі санкциялардың әсері ЕЭО-ға өз әсерін тигізіп отыр. Ал анда-мұнда қылаң ете қалатын «бірыңғай валютаға көшу» деген әңгіме шындыққа айналар болса, жұрт бұл одақтың саяси сипатын ғана көзге елестетері даусыз. Мұның соңы немен аяқталары әзірге белгісіз болмақ.
Осылайша тәуелсіз қазақ елі, халықаралық аренада өз «мінезі» бар екендігін айқындап шықты. Дегенмен «мемлекет мүддесіне тиімсіз болғандықтан Еуроодақтан шегініп шыққан» Ұлыбританияның тәуекелі алдағы жерде тағы қандай одақтарға ой салары белгісіз. Бір анығы демократиялық құндылықтар мен мемлекет мүддесін барынша қастерлейтін, халық пікірімен санаса білетін Англияның практикасын сынап көру, тоталитарлық режимнің үрейінен әлі де арыла алмай отырған, жемқорлық пен бюрократияның батпағына белшесінен батқан, халықтың үнін тұншықтыра беруден арланбайтын жү-йесі бар мемлекеттер үшін қол жетпес биікте жатқандай.

Ерқазы Сейтқали

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.