Алыс жолға шықпауды сұраймыз!
Облысымыздың бірнеше аумақтарында ауа райының қолайсыздығына (қалың қар, боран, көк тайғақ) байланысты автомобиль жолдарының жекелеген учаскелері бойынша қозғалыс жабық күйінде қалып отыр.
Жабық аумақтарда 627 жүк және 573 жеңіл автомобиль, сондай-ақ, 15 жолаушылар автобусы (200 адам, оның ішінде 10 бала) жиналған.
Жолда қалған жүргізушілер мен жолаушыларға барлық қажетті көмек көрсетілуде. Олар ыстық тамақ пен сусынмен қамтамасыз етілуде. Бұл шараларға барлығы 71 қызметкер мен 45 бірлік техника жұмылдырылды.
Шақпақ ата, Б.Момышұлы, Нұрлыкент, Айша бибі ауылдарында 6 жылыту пункті ашылды. Оларға орналасуға ешқандай өтініш түспеді.
Сағат 12: 00-де Жамбыл ауданы Айша бибі ауылынан 10 автобуспен жолаушыларды Тараз қаласының теміржол вокзалына жеткізу ұйымдастырылды. Қиын жағдайға тап болған 377 жолаушы жедел түрде теміржол қатынасымен тиісті бағыттарға жөнелтілді.
Жуалы ауданында бүгін қатты желдің салдарынан 18 елді мекенде (барлығы 5127 абонент) электрмен жабдықтаудың авариялық ажыратылуы орын алды. Қалпына келтіру жұмыстарына «ЖЭС» ЖШС (25 адам және 5 адам) тарапынан тиісті мамандар жұмылдырылуда.
22 қаңтарда дауыл туралы ескерту жарияланған. Тараз қаласы және бірқатар аудандарда оқушылар қашықтықтан оқытуға ауыстырылды.
Коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуде.
Құрметті жамбылдықтар!
Сіздерден барынша қауіпсіздік шараларын сақтауды және аса қажет болмаған жағдайда алыс жолға шықпауды сұраймыз! Сондай-ақ қозғалысқа шектеу енгізілген жолдар бойынша ресми ақпараттарды назарға алуға шақырамыз!