Амалбек Тшанов: Адалдықтың форматын аналарымның атымен атар едім…
«Әкім бол, халқыңа жақын бол» дейді дана халқымыз. Қиын күндерде халықтың қолтығынан демеп, қыспақтан шығарса, бос уәде бермей, сөзінде тұрса, шенеуніктің жақсы аты еліне жасаған игілікті ісімен қалады емес пе?! Атқарылған нәтижелі жұмысты құлақ естіп емес, көз көргенде ғана билікте отырғандардың еңбегін ескерусіз қалдыра алмайсың. Тақыр жерге ғимарат салып, тал ексе, мемлекеттік бюджетті қалтаның емес, халықтың қамына жаратса, жасампаз елдің тағдырына алаңдап, ұлттық мүдде үшін күрессе, мұндай басшыдан қалайша айналмайсың?! Көрші елдің кезіндегі президенті Ислам Кәрімовтің де назарына ілігіп, қолынан шапан киген, қырғыз басшысы болған Асқар Ақаевтың иығына шапан жапқан кім дейсіздер ғой?.. Сөзімізге арқау болған «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, бокстан КСРО-ның спорт шебері, педагогика ғылымдарының докторы, Мәжіліс депутаты, Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент және Тараз қалаларының құрметті азаматы, көптің ықыласына бөленген шенеунік Амалбек Тшанов мырзамен сұхбатымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз.
— Амалбек аға, биліктен кетсеңіз де, әлі күнге дейін жұрт Тшановтың тегін ұмытқан жоқ. Тұлпар тай кезінен білінеді дейді ғой. Әңгімемізді сіздің балалық шағыңыздан бастасақ…
— Әу бастан-ақ адамның қалыптасуы мен адамдық болмысының қандай болу керектігі қасиетті Құран Кәрімде жазылып қойған. Бала ананың құрсағында пайда болғаннан кейін оған төрт айда жан бітеді. Содан кейін оның өмір жолы амал дәптеріне жазылады.
Мен соғыстан кейінгі жылдары өмірге келген адаммын. Бір атадан төрт ұл, төрт қыз тарадық. Үйдің бесіншісімін. Әкемнің ағасы Тшан соғысқа кеткенде одан қара қағаз келіпті. Ал бұл уақыт елдің аш-жалаңаш күн кешіп жүрген кезі еді. Соғыстан оралмаған соң, оның әйелі Күлдәр апам отыз бір жасында жесір қалғандықтан, өмір сүруге деген құлшынысы болмаған көрінеді. Мұндай қиын да қысылтаяң кезеңде менің туған анам Ортай «тірі адам тіршілігін жасайды, бұлай босаңсыма, мықты бол, құрсағымдағы сәби ұл болса, өзіңізге беремін» деп жұбатыпты. Апамның айтуынша, мен тумысымнан төбемде мең болып өмірге келіппін. Сол үшін апам қақ төбеме тұлым өсіріп қойғанда, балалар маған қызтеке деп күлетін. Мен оған намыстанып, балалармен төбелесетінмін. Бокспен айналысуыма да бірден-бір себеп осы болса керек. (Күлді).
Ырымшыл халықпыз ғой, Құранның «Амаль» (үміт) деген сөзінен есімімді Амалбек қойып, анам уәде еткеніндей мені Күлдәр апама беріпті. Менің былдырлап сөйлегеніме, тәй-тәй басқаныма шаттанып, әр қылығыма қуанатын аналық махаббатты барынша артық берген апамның маған деген сезімін көріп, кейде өзімнің туған анам қызыға да, қызғана да қарайтын кездері болғанын айтып отыратын. Алайда екеуі де менің тәрбиеме көңіл бөліп, еркелетіп өсіргендерін ешқашан ұмытпаймын.
Қос ананы тел емген, жылуын сезінген, махаббатына бөленген бала ретінде өзімді ең бақытты жанмын деп айтар едім. Бойымызға ізгіліктің нұрын сеуіп, адам болмысына керек тазалық пен шыншылдық сынды қасиетті дарытқан екі анамның алдында өмір бойы борыштармын. Өйткені жоқшылық кезде де шүкір етіп, қиындыққа төзе білуге, алға қойған мақсатыңа жету үшін аянбай тер төгуге себепкер болған да осылар.
Қазір мен азамат болып қалыптассам, екі ананың мейірім-шапағатының арқасы деп білемін. Кішкентайымнан-ақ, мені «министр болатын бала» деп үлкендер жиі айтады екен. Туған анам Күлдәр апамнан қызғанғандай болып, «бұл министрдің шешесі бізді менсінбейді» деп әзілдейтін көрінеді. Жоқтықты көрген, өмірдің қатал сынағына қасқайып қарсы тұрған апаларымды мен қалай қуанта аламын, үміттерін қалай ақтаймын деген сауал мені сол бала кезден мазалайтын…
1999-2004 жылдары мен жоғары кеңестің депутаты болдым. Үкімет отставкаға кеткенде Елбасының мені министр етіп тағайындау ұсынысын парламент мәжілісі де бірауыздан қолдаған болатын. Сол күні кешке үлкен ағам хабарласып, Күлдәр апамның инсульт алғандығын жеткізді. Мені бүгін министр қылып тағайындады. «Ертең сағат 11-де Президенттің алдында ант қабылдаймын, ал келесі күні мені министрлікке таныстырады. Егер апамның жағдайы ауыр болса, мен жұмысымды тастап, барамын» дедім. Оның ертесіне ағам апамның өзіне келгендігін хабарлады. Ұжыммен танысқаннан кейін келесі күні-ақ ұшып бардым. Апам қуанышыма ортақтасып: «Халім жақсы, балам, жұмысыңнан қалма», — деп, жанында қалуыма бір күн ғана рұқсат етті (Сірә, дүниеден өтер алдындағы бой жазу сәті болар). Мен, сөйтіп, Алматыға қайттым. Сол күні түнде апам дүниеден өтті. Бір кездері «министрдің шешесі» деген негізсіз арманы орындалып, апам осы бір сөзді естіп кетті… Мен қайта келіп, апамды министр болып жерледім.
Ол кезде ауыл үйлерінің есігінде мүлдем құлып салынбайтын. Сол жылдары өскен қазақ балалары мұны жақсы біледі. (Күлді.) Тұрғындардың тұрмысы қазіргідей емес, барлығының ауқаты бірдей еді. Бір нанды бөлісіп жеп, кез келгеннің бойынан табыла бермейтін сыйластықтың, бауырмашылдықтың үлгісін көрсете білгендіктен де, мен өмірдің қатал тұстарында да адал жолмен нан тапқан жанның жолы ақ болатынын бір кісідей білемін. Екі ананың сөзі, тілегі, арманы мен ақ ниетінің арқасында мен Амалбек Тшанов болдым. Мен ерте есейдім. Осындай жылулық беріп отырған, менен үміт күткен нағыз жанашырларыма пайдам тиюі керек екендігін де бала кезден-ақ ұқтым…
— Екі анаңыз жайлы жақсы естелік айтып өттіңіз. Қос ананың махаббатына бөленген жан ретінде өзіңіздің қандай әке екеніңізді білгіміз келеді. Балаларыңыз жайлы айтып өтіңізші, немен шұғылданады?
(Бұл сұраққа бірер минут үнсіздіктен соң, тосылып жауап берді)
— …Менің екі қызым бар. Бір ұлым болған… Есімі Нұрғали, 2003 жылы 23 жасында жол апатынан қайтыс болды. Аллаға тәубе, бүгінде екі ұл тәрбиелеп отырмын. Үлкенім он сегізде. Үш жыл Канадада оқып келді. Музыкалық шығармашылықпен айналысады. Музыканы жаны сүйеді. Қазір ағылшын тілінде трэктер жазып, Голландиядағы продюсерлік орталыққа жіберіп отырады. Қазақша да тәп-тәуір дүние бастады. (Күлді). Бірінші әнінің сөзін, аранжировкасын белгілі компазитор, ақын Бауыржан Есебаев жазды.
Ұлым Нұрдәулеттің әнін қазір қазақстандық танымал әншілер орындамақ ниетте. Баламның музыкаға деген ынтасын көргеннен кейін оны тыюға да, шектеу қоюға да болмайтынын түсіндім. Ал екінші ұлым тоғыз жаста. Төртінші сыныпта оқиды. Жаһандану дәуірі болғандықтан, қазір баламның көп тіл білуіне, қабілетінің ашылуына барымды салудамын. Екі қызымнан бес немерем бар. Аллаға шүкір. Бақытты отбасымыз.
— Жеке меншігіңізде не бар?
— Жеке меншігімде үйім, көлігім, жинаған қаражатым бар. Құдайға тәубе, жетеді. Әр қазақ менің жағдайымдай өмір сүруі керек деп ойлаймын. Себебі біз өте бай елміз. Менделеевтің кестесіндегі элементтердің барлығы бізде ғана бар. Жан басына шаққанда, әрқайсысымыз дәулетті тұруымыз керек. «Алма піс, аузыма түс» деген заман емес қазір. Демалысымда ауылға барғанымда тепсе темір үзетін жігіттердің қарғадай тізіліп, карта ойнап, тапқан тиынын «ащы суға» жұмсайтындарын көргенде жаным құлазиды. Ал солар осындай кең байтақ жерде, бейбіт елде тұрып, екі қолға бір күрек табылмады деп сылтау айтуы негізсіз. Біреуге қызмет еткің келмесе, өзіңе-өзің қожайын боламын десең, еңбектен, біліміңді жетілдір. Алға мақсат қой, соны орындау арқылы асқақ арманыңның да күндердің бір күнінде жүзеге асатындығына куә боласың. Сол себепті нәтижелі жұмыс жасауға тер төгу керек деп есептеймін. «Көш жүре келе түзеледі» дейді. Алла қаласа, оған да жетеміз…
— Ер адамға ағаш отырғызу, үй салу мен үйлену сынды міндеттелген ауыр жүкті, білуімше, сіз артығымен орындадыңыз. Сіз жасамаған не қалды? Өткен күнге өкінішіңіз бар ма?
— Өзіңіз айтып өткендей, ер адамға артылған зіл батпан жүкті мен барынша артығымен жасадым. Жамбылда әкім болған кезімде жыл сайын миллиондаған ағаш ектік. Жалпы, ағаш егу, оны күтіп баптау — менің бала кезден қалыптасқан әдетімнің бірі. Марқұм әкем қасына ертіп жүріп, ағаштарды будандастырып, бір бұтадан үш төрт сорт алма өсіруді көрсететін…
Мен басшылық еткен шырайлы Шымкент пен Тараз өлкесінде ағаш отырғызу мен бұтап реттеу бірінші орында тұрды. (Күлді). Ал үй салуға келсек, менің мамандығым — құрылысшы. Құрылыс министрі қызметін атқарғандықтан, осы межені орындай алдым ба, қалай ойлайсыз? (Күлді) Ал ұрпақ өсіру мәселесіне тоқталсам, немерем Айдияна Американың Бостон қаласында, екінші немерем Алан Жаңа Зеландияда оқып жатыр. Тәубе. Әрине, пенде болған соң, мына өмірдің жалған екенін білеміз. Фәни деп бекер айтпайды ғой. Менің басымнан өткен қиындықтар аз болған жоқ. Барлығы керемет, өмірімде өкініш жоқ деп айта алмаймын. Қателеспейтін адам жоқ. Өйткені біз періште емес, пендеміз.
Алла Тағала адамды жаратқанда несібесімен жаратады деген бар ғой. Қасиетті Құранда жазылған әрбір аят, сүренің мағынасын тереңінен түсінсеңіз, өмірімізге пайдасы тиер дүние көп… Несібе туралы неге айтып отырмын? Жаңа балаларым туралы сауалыңызға тосылып қалғаным рас. Кезінде енді аяққа тұрып, жаңадан қызмет етіп жүргенімде әйелім 4-ші балама жүктілік мерзімінде болды. Мен жолдасыма «тұрмысымыздың кескіні мынау, қалай күн көреміз, баланы қалай асыраймыз? Одан да алдыртып тастайық» деп шешім қабылдаған едік. Сол кезде анам маған қатты ұрысып, сөйлеспей қойған еді. «Баланы шешілмейтін түйін деп қарағаныңа жөн болсын! Әр бала өмірге Алланың қалауымен, өз несібесімен келеді, бұл әрекетің үлкен қателік болды» деп қатты жекіп еді… Кейін Нұрғалиым 23 жасында дүниеден қыршын өткенде сол кезде жасаған олқылығымнан болар деп, қатты қынжылдым. Осы бір менің өмірімде жіберген орны толмас қателігім кейбір жастарға сабақ болса деймін…
— Амалбек аға, сіздің білдей бастық болып отырып, бір жылға жуық уақыт жұмыссыз қалғаныңызды білеміз. Оған нендей себеп болды? Бұл уақытта немен айналыстыңыз?
— Қазақты азғындыққа апаратын бірден-бір жол — іштарлық. Қызғаныш пен көреалмаушылық деген өте жаман қасиет қой. Біреуге тілеулес болудың орнына, оның тақтан тайғанын не құлдырағанын тілеген адам өзінің қаншалықты төмендеп кеткенін білмей қалады. Жетістікке жеткенді өзіне жау көріп, денсаулығын құртатындығын ойламайды. Бір сөзбен айтқанда, мұндай асқынған дертке шипа табу қиынның қиыны. Сөзімнің төркінін түсінсеңіз, мен осы себеппен қызметімнен кеттім. Осы ретте бір нәрсені айтып өткім келеді. Амалбек Тшанов, мен біреу ғанамын. Мен сияқты ешкім екінші рет дүниеге келмейді. Ол менен артық болуы мүмкін, ақылды болуы мүмкін, сұлу болуы мүмкін. Барлық қасиеті менен жоғары болуы мүмкін, бірақ ол сол адамды қайталай алмайды! Біз соны біле тұра біреуге қиянат жасаймыз…
Шымкент қаласында әкім болып бар-жоғы бір жыл он ай ғана қызмет еттім. Аллаға шүкір, халық әлі күнге дейін Тшановтың тегін ұмытқан жоқ. Жасаған нәтижелі жұмысымыздан шығар, Шымкент қаласында екі рет жоғары кеңеске, екі рет мәжіліске ешқандай партия мен биліктің шекпенін жамылмай депутат болдым. Осының барлығы аз ғана уақытта жасаған еңбегімнің жемісі деп білемін. Шымкент қаласының халқына қашан да ризамын. Кейіннен Жамбыл облысында екі жыл үш ай ғана жұмыс атқардым. Әрине, ол бір облысты басқарған азамат үшін өте аз мерзім. Сіз айтып өткендей, одан кейін бір жылға таяу жұмыссыз отырдым. Өмірдегі кез келген қиындықтан адам баласы сабақ алуы керек деп ойлаймын. Өткінші сынақ болғандықтан да шығар, мен бұл уақытта ғылыммен айналыстым. Жұмыссызбын деп жасып, тауымды шағып қалғаным жоқ. 1998 жылы техника ғылымдарының кандидаты болдым, кейін 2011 жылы педагогика ғылымдарының докторы атағын алдым. Бұл еңбектерім — биліктен кеткеннен кейін жеткен жетістіктерім.
Тура жолдан таймасаң, еңбегің еш емес
— Сізді пара алмаған шенеунік ретінде жақсы танимыз. Бұл қаншалықты рас екендігін өз аузыңыздан естігіміз келеді.
— (Күлді). Ол рас. Мен жұмысқа келгенде өте қатал басшымын. Талапты бірінші орынға қоямын. Әлі де солай. Өйткені ол — қанға сіңген қасиет. Жалпылай алғанда, жемқорлық — әлемде бар көрініс. Бірақ оның әр мемлекетте дамуы да әртүрлі. Әлемдік бизнесте нәтижелі жасаған жұмысқа алғыс есебінде «бонус» деген түсінік қалыптасқан. Ол қазақша «рақмет» айту. Өзім «мен саған, сен маған» деген ұғымды ажырата білетін адаммын. Мен билікте болған кездері менің қарамағымда қызмет еткен кез келген әкім бетпе-бет келіп, «Тшановқа пара беріп, қызмет алдым» деп айта алмайды. Қызметімді асыра пайдаланып, ешкіммен келіскен де, ешкімге уәде берген де емеспін. Өйткені оның артында үлкен жауапкершіліктің жатқанын білемін. Әйткенмен, ағалық қамқорлығымды көрсетіп, қолымнан келген көмегімді жасағанымда ризашылығын білдіріп, шапан жауып, сый-сияпат жасайтындардың болғаны рас. Әрине, мен мұны сол адамның маған деген көңілі, ыстық ықыласы деп білемін.
— Адал жолмен жүретіндердің жолы ауыр болады ғой, аға. Дегенмен билікке қайтып баруыңыз мүмкін бе?
— Адамның физиологиялық мүмкіндігі жасқа қарамайды. Сондықтан менің қызметім елге қажет болса, мен халық үшін шамам келгенше, еңбек етуге дайынмын. Оған басты себеп өмірден жинаған қанша жылдық тәжірибем мен денсаулығыма аса жауапкершілікпен қарайтын адам ретінде айтып отырмын.
«Шынықсаң, шымыр боласың»…
— Расында да сізге өз жасыңызды беру қиын. Спорт колледжінің директоры спортсмен жігіттермен күнделікті спорт залында жаттығатын болар?
— (Күлді). Әлбетте. Спорт — менің жан серігім. Күнде сағат алтыда тұрып, шынығамын. Өйткені бұл мен үшін қалыптасқан күнделікті табиғи норма. Мектепте жүрген кезімде бокспен шұғылдандым. Тіпті, КСРО-ның спорт шебері де атандым. Кеңес үкіметінің кезінде мұндай дәрежені алу қазіргі халықаралық дәрежедегі спорт шебері деген атақтан кем болмайтын. Темірден жаратылған жоқпыз. Салауатты өмір салтын ұстану кез келген жанның міндеті деп білемін. Әр адам өз өміріне өзі тікелей жауапты.
— Бұл жерге қызметке келгеніңізге де он жылдай уақыт болыпты. Колледж студенттерінің халықаралық деңгейдегі жетістігі жаман емес. Риода орын алмағандардың «Токиода міндетті түрде жүлде аламыз» деп сендіргеніне не айтасыз?
— Елбасының бұқаралық спортты дамыту туралы саясатын қолдай отырып, Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстан спортының дамуына бар мүмкіндігін жасап отыр. Жалпы, биыл медаль санынан жаман болғанымыз жоқ. Бізде олимпиадалық спорттың 17 түрімен айналысатын 500 бала оқиды. Заманауи талапқа сай оларға барлық жағдай жасалған. Қазақстанның спорт деңгейі жыл өткен сайын дамымаса, төмендеген жоқ. Дегенмен биылғы олимпиадада алтын медальдан біраз артта қалып қойғанымызды мойындауымыз керек. Оның басты себебі «допинг» екені белгілі. Қазір бұл мәселе спортшылар арасында актуалды тақырып болғандықтан, оның қаншалықты қатты қаралып жатқандығынан да хабардарсыздар. Осы мәселемен біздің көптеген спортшыларымыз Риоға бара алмады.
Енді уәдеге келер болсақ, қазақта «уәде — Құдай сөзі» деген. Әрине, бұл адамның өзіне, бағына, дайындығына байланысты. Себебі спорт дегеннің өзі маңдай тер төгуді қажет етеді. Ал соның нәтижесінде ғана еңбегі еселеніп, жұлдызы жанады. Токиодағы олимпиадада жоғары жетістіктерге жететіндігімізге сеніміміз мол.
— Колледжді кім қаржыландырады? Демеушілеріңіз бар ма?
— Кезінде колледждің көркеюіне республикалық бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаев пен қазіргі республикалық дзюдо федерациясының президенті Кеңес Рақышев тікелей қаржылық көмегін көрсетті. Қазір жекеменшік болмағандықтан, жыл сайын мемлекет тарапынан өзімізге жеткілікті бюджет бөлінеді. Сол арқылы колледж студенттеріне күнделікті нормаға сай бес мезгіл тамақ беріледі.
Бұл жер еліміздің көк байрағын көкке көтеріп, әлемде қазақтың әнұранын шырқатқан халықаралық деңгейдегі спортшыларды дайындаған қара шаңырақ. Айталық, Дәулет Тұрлыханов, Ольга Шишигина, Ислам Байрамуков, Ермахан Ибрагимов сияқты тағы да көптеген тұлғалар осы спорт мектебінің түлектері.
Бүгінде колледжде 2 әлем біріншілігінің жүлдегерлері, 16 Азия біріншілігінің жүлдегерлері, 7 Азия балалары ойындарының жүлдегері, 15 халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, 77 спорт шеберлері, 264 спорт шеберіне үміткерлер, 48 бірінші разрядтағы оқушылар бар. Жалпы бізде 7-сыныптан бастап 5 жыл мектепте, ал жалғастырамын деушілер 3 жыл колледжде, яғни сегіз жыл бойы екі олимпиадалық циклда оқып, «мұғалімжаттықтырушы» деген диплом алып шығады.
— Сұхбатыңызға рақмет! Еңбегіңіз еселене берсін, аға!
— Рақмет! Сіздерге де табыс тілеймін. Оқырмандарыңыз көбейсін!
Сұхбаттасқан — Жұлдыз Әбіл