«AMANAT» партиясының мүшелері ел дамуындағы әйелдің рөлін талқылады
Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, әйелдерді елдің қоғамдық-саяси өміріне тарту, гендерлік теңдікке және ауыл әйелдерінің өз қабілет-қарымын танытуына жағдай жасау. Осы және өзге де өзекті мәселелер «AMANAT» партиясының қолдауымен Қазақстанның барлық өңірінде өткізілген «Ел дамуындағы әйелдердің рөлі» форумында талқыланды.
Форумға қатысушылар туындаған мәселелерді шешудің ортақ тәсілін әзірлеу үшін заманауи қоғамдағы әйелдің рөлін талқылады. Диалогқа мемлекет және қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, көпбалалы аналар, бюджет саласының қызметкерлері, білім беру саласының өкілдері және тағы басқалар қатысты.
Ақтөбе облысында іс-шараға қатысушылар әйелдердің әртүрлі саладағы белсенділігін арттырудың маңыздылығын атап өтті. «Бұрын қазақ қоғамында әйел үй шаруашылығын жүргізіп, бала тәрбиесімен айналысуы керек деп есептелсе, бүгінде қыз-келіншектер жан-жақты дамып, бизнеспен айналыса алады. Саяси реформаларға қатысады. Осы форум – соның жарқын дәлелі», – деді Ақтөбе облыстық мәслихатындағы «АМАNАТ»-тың депутаты Жұлдыз Қожабекова.
Ақтөбе облыстық Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Күлпаршын Айдарханова бүгінде еліміздегі кәсіпорындардың 42,3%-ын әйелдер басқаратынын атап өтті.
«Әйелдер қауымы ел экономикасының, кәсіпкерліктің дамуына зор үлес қосуда. Жуырда осы өңірде «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр. Мұндағы мақсат – ауыл кәсіпкерлерін бір кооперацияға біріктіру. Олар өз бизнесін дамыту үшін «Ауыл аманаты» жобасы арқылы жылдық мөлшерлемесі 2,5%-ды құрайтын жеңілдетілген несие ала алады. Қазірдің өзінде ірімшік, киізден жасалған бұйымдар өндірісі жолға қойылып жатыр», – деді ол.
Қызылордада өткен форумда Мәжіліс депутаты, «АМАNАТ» фракциясының мүшесі Мақпал Тәжмағамбетова әйелдер барлық салада табысты жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, ол отбасын нығайту, әл-ауқатын арттыру бойынша мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралар туралы айтып өтті.
Шиелі ауданының кәсіпкері Ләззат Пәрменқұлова ауылдық жерде ауыл шаруашылығын дамыту бойынша өз тәжірибесімен бөлісті.
«Бүгінде мемлекет тарапынан әйелдердің ауылдық жерлерде өз бизнесін дамытуына көмектесетін бірқатар бағдарлама жүзеге асырылуда. Өз ауылымыздағы жағдайға ықпал етіп, оң өзгеріс жасай алатынымызды, ең бастысы жалғыз емес екенімізді сезінеміз», – деді ол.
Өскеменде ұйымдастырылған форумда Мәжіліс депутаты, «АМАNАТ» фракциясының мүшесі Динара Зәкиева әйелдер қауымына әлеуметтік мәселелер ерекше жақын екенін атап өтті.
«Осы күні елімізде 9,8 млн әйел бар. Қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты олардың әрқайсысының өзіндік ой-пікірі бары анық. Баланың жағдайын қалай жақсартуға болатынын анадан артық ешкім білмейді. Отбасы мәселесіне де әйелдер көзқарасы ерекше», – деді халық қалаулысы.
Кәсіпкер Диана Филлипованың айтуынша, қала мен ауылдың қыз-келіншектері жұмыс істеуге дайын. Тек, оларға өз ісін бастауға көмектесу керек.
«Белая сова» деп аталатын бірлестігіміз қолөнермен айналысатын ондаған қыз-келіншектің қарым-қабілетін танытуына көмектесті. Олар ағаштан, былғарыдан және шыныдан жасалған бұйымдарды бояумен айналысады. Сондай-ақ, табиғи тастардан зергерлік бұйымдар әзірлейді. Ойыншық тоқумен, сәндік бұйымдар жасаумен және тағы басқа істермен шұғылданады. Қызығушылықтан басталған іс кейін табыс көзіне, бизнеске айналуы мүмкін. Сондықтан, әйелдердің кәсіппен айналысуына барынша көмектесеміз», – деді ол.
Орал қаласында өткен форумда әйелдердің әлеуметтік-демографиялық прогресті қамтамасыз етудегі рөліне, сондай-ақ әйелдер арасындағы қаржылық сауаттылық мәселелерін шешуге ерекше назар аударылды.
«Жеке балабақша мен дүкен ашу, қонақ үй сервисін дамыту ісінде әйелдер қауымы өздерін табысты кәсіпкер ретінде танытып келеді. Сондықтан, бұл істе әйелдердің рөлі ерекше деп айтуға толық негіз бар. Бұған қоса, бала тәрбиесі де әдетте осы әйелдер қауымына жүктеледі. «Отан отбасынан басталады». Сондықтан отбасылық құндылықтарды насихаттау – аса маңызды мәселе», – деп атап өтті «AMANAT» партиясы Тасқала аудандық филиалының атқарушы хатшысы Люция Жұбанышқалиева.
«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі