«AMANAT» пен Қаржылық мониторинг агенттігінің өзара келісімі
Жақында «AMANAT» партиясы мен ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі өзара ынтымақтастық туралы Меморандум жасасты. Құжатқа партияның Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек пен Агенттік төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов қол қойды. «AMANAT» партиясы баспасөз қызметінің дерегіне жүгінсек, қазірге дейін «Қарызсыз қоғам» жобасы арқылы 850 мыңға жуық қазақстандық азамат қаржылық сауатын арттыру курстарына қатынасқан екен. «Жоба түлектерінің 40%-дан астамы қарыз жүктемесі мен несиелер санын азайтты. Алайда бүгінде азаматтарды интернет-алаяқтардың белсенді әрекетінен қорғау жұмысын күшейту, сондай-ақ қаржы пирамидаларынан зардап шеккен адамдарға көмек көрсету мәселесі аса маңызды болып отыр», – делінген хабарламада.
Кездесуде «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек атқарылған жұмыстар туралы тоқталып өтті. «Қарызсыз қоғам» жобасы қарызға, қаржылық тұрақсыздық мәселелеріне тап болған адамдарды қолдаудың тиімді тетігіне айналды. Осы жобаның тиімділігін Президент те бірнеше рет атап өтті. Өкінішке қарай, көп азамат өзінің қаржылық құқығын білмейді. Жобаға қатысушылар тек оқу барысында ғана өз қарызының артық төлемін біліп жатады. Сондықтан біздің бастамамыз қазақстандықтар үшін нағыз «құтқару шеңберіне» айналды. Жоба жүзеге асырылып келе жатқан екі жыл көлемінде ел аумағындағы 850 мыңға жуық адам қаржылық сауатын арттыру курсынан өтіп, олардың 70 мыңына заңгерлер көмек көрсетті. Қаржылық мониторинг агенттігімен өзара бірлескен жұмысымыз профилактикалық және білім беру қызметін күшейтуге, сондай-ақ жобаға барынша көп азаматты тартуға ықпал етеді», – деді партияның Атқарушы хатшысы. Ол сонымен қоса «AMANAT» партиясының бұдан былай да азаматтардың қарызын қайта құрылымдауға және коллекторлармен туындаған дау-дамайларды шешуге көмектесетінін жеткізді.
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов «AMANAT» партиясымен ынтымақтастық орнатып, қаржылық алаяқтыққа қарсы бірлесіп жұмыс істеудің маңызын атап өтті.
«Бүгінде қаржы пирамидалары белсенді жұмыс істеп жатыр. Олардың басым бөлігі шетелден басқарылады. Өткен жылдың өзінде Агенттік 29 қаржы пирамидасын анықтап, 41 онлайн құмар ойын алаңын жойды. Қаржылық алаяқтық белгілері бар 327 чат жабылды. Ондағы азаматтардың жалпы саны 1,5 миллионнан асады. «Кибербақылау» жүйесінде қаржы пирамидасы белгілері бар 15 мыңға жуық сайт пен аккаунт және 12 мың онлайн-казино бұғатталды. Биыл екі айда 11 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды, 4,5 мың сайт пен аккаунт бұғатталды, әлеуметтік желілерде 13 мың әлеуетті салымшысы бар 6 топ, 4 мыңнан астам онлайн-казино сайттары мен аккаунттары жабылды», – деді ол.
Меморандум шеңберінде тараптар бірлесіп оқыту материалдарын әзірлеуге және таратуға, қоғамды алаяқтардың әрекеттері мен оларды танып-білу тәсілдері туралы жедел хабардар етуге, алаяқтардың құрбандарына қолдау көрсетуге, сондай-ақ заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізуге ниетті.