«AMANAT»-тың Партиялық бақылау комитетінде су тасқынына дайындық мәселесі талқыланды

Су тасқынының алдын алуға әзірлік жұмыстары және барлық гидротехникалық құрылыстардың көктемгі қызыл суға дайындығы. Осы және өзге де өзекті мәселелер «AMANAT»-тың Партиялық бақылау комитетінің кезекті отырысында талқыланды.

▶️Комитет төрағасы Артур Платонов бүгінде еліміздегі 255 елді мекен су басу қаупі бар аймақтарда қалып отырғанын және онда 127 мыңнан астам үй мен 700 мыңнан астам адам бар екенін атап өтті. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда апаттық жағдайдағы 5 және жөндеуді қажет ететін 73 су қоймасы, қорғаныс бөгендері, платина мен тоғандар бар. Олар істен шығатын болса, халыққа зор қауіп төнеді. Алайда, былтыр 2021-2023 жылдарға жоспарланған Жол картасындағы су тасқынына қарсы 68 іс-шараның 41-і орындалмағаны белгілі болды.

«Еліміздегі 400-ден астам гидротехникалық құрылысты жөндеу қажет. Солай бола тұра, коммуналдық және жеке меншіктегі мұндай құрылыстардың басым көпшілігі жылдар бойы назардан тыс қалып келеді. Тиісінше, оларды жөндеу және жаңғырту іс-шаралары су саласын дамыту жоспарына енгізілмей қалады. Осындай құрылыстардың басым көбісі 30 жылдан астам уақыт пайдаланып келеді. Олардың 70%-дан астамының тозығы жетіп тұр. Сондықтан, олардың беріктігі мен қауіпсіздік деңгейі айтарлықтай төмендеді. Су тасқынына қарсы алдын алу іс-шараларын жоспарлау, сондай-ақ оларды қаржыландыру ісінде түйткілді мәселелер бар», – деді А.Платонов.

▶️Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің айтуынша, былтыр су тасқынына қарсы атқарылған жұмыс 213 елді мекеннің су басу қаупін болдырмауға және 120 мыңға жуық үй орналасқан өзге де 580 елді мекендегі қауіпті барынша азайтуға мүмкіндік берді. Онда 550 мыңнан астам адам тұрады. Алайда, жергілікті әкімдіктердің уақтылы алдын алу жұмысын қолға алмауы – негізгі мәселенің бірі болып қалып отыр.

#AMANAT

«AMANAT» баспасөз қызметі