Аманатты сақтай алмағанның иманы жоқ, уәдесінде тұрмағанның діні жоқ
Мұқтаж болған адамға қарыз беру садақа бергеннен де абзал болады. Сондықтан мүмкіндігі болған мұсылман мұқтаж жанға қарыз беріп қол ұшын созғаны өзі үшін жақсы болады. Егер ол қарызды мүлдем кешсе одан да жақсырақ. Сөзімізге дәлел төмендегі хадис.
Аннас ибн Мәлик (Оған Алла разы болсын) жеткізген бір риуаятта ардақты Пайғамбар(Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Түнгі сапарға шығарылған түні (Исра мен Миғраж мұғжизасында) жәннаттың қақпасындағы «Садақа үшін он есе сауап, ал қарыз үшін он сегіз есе сауап» деген жазуды көріп, Жәбірейлден (Оған Алланың сәлемі болсын) : «Уа, Жәбірейл! Қарыздың садақадан артық болуының сыры неде?» -деп сұрадым. Сонда ол: «Өйткені сұраушы садақа сұрағанда оның бір нәрсесі болады, ал қарыз алушының тек бір қажеті үшін ғана қарыз алады», — деді. Ибн Мәжә риуаят еткен. Қарыз беру мен алудың дұрыс екекндігі жайлы мұсылман әлемінің ғұламалары да, халықтары да бір пікірде.
Сүйікті Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабасы Әбу Дарда(Оған Алла разы болсын): «Мен үшін екі динарды қарызға беріп, сосын оларды қайтарып алған соң қайтадан қарызға беруім оларды садақаға бергенімнен жақсы»,- деген. Сол сияқты ардақты сахабалар Абдуллаһ ибн Аббас (Оған Алла разы болсын) Абдуллаһ ибн Масғұдтар(Оған Алла разы болсын) да екі рет қарыз беру садақа бергеннен артық дескен.
Мұсылмандар үшін тағы бір ізгі, сауапты іс қарызға батқан адамға зекет малы арқылы көмектесу. Біріншіден ,мал-дүниесінің зекетін беріп тазартса, екіншіден мұқтаж жанның мұқтаждығын шешіп спуапқа кенеледі. Зекеттің мөлшері қасиетті Құранда айтылған. Ал оны кімдерге беру керектігі жайлы төмендегі хадисте баяндалған.
Қабиса мен ибн Мухарик араздасқан екі жақты жарастыру үшін берген құннан қарызға батып Пайғамбармызға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп жәрдем сұрайды. Пайғамбармыз(Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сол сәтте жеткілікті зекет малы болмағандықтан, оған зекеттің келуін күтіп былай дейді:
«Ей, Қабиса! Бұл мәселеде тек үш топтағы адамдар ғана жәрдемақы сұрай алады.
1) Екі жақты жарастыру үшін құн төлеуші немесе кепіл болған адам, қарыз алып, қарызын қайтарып бергенге дейін (зекет) сұрауына болады.
2) Апатқа ұшырап бар дүние – мүлкінен айырылып қалған адам.
3) Кедейлікке ұшыраған және оған үш көршісі куә болған адамның сұрауына болады. Осы үш топтағы адамдардан басқалардың зекет сұрауы харам. Олар тілемшілікпен алғандарын харам болған күйде жейді»,- деген.
Алайда үлкен өндірістік жұмыста істеп жүріп, кейіннен қарызға батса, бірақ ол қарызды өтей алатын сауда заттары не жылжымайтын мүліктері болса, бұларды кедейлер қатарына жатқызып қарыз беруге болмайды. Харам (арақ, темек,есірткі т.б.) істер үшін қарызға батқан адамға зекет берілмейді Көптеген мұсылман ғұламаларының пікірінше қарыз бергенде оған бір мерзімді белгілеу дұрыс. Алла Тағала былай дейді:
«Егер сендер бір-бірлеріңнен белгілі бір мерзімге қарыз алсаңдар, оны жазып қойыңдар»
Әбу Һурайра (Оған Алла разы болсын) жеткізген бірриуаятта Алланың Елшісі(Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылмандар келісім-шарттарында көрінеді»,- деген. Ибн Хиббан риуаят еткен. Ғалымдармыз бұл жердегі келісімшарт дегенді, қарыз келісім шарты деп санайды.
Сонымен қатар қарыздың мерзімін белгілеуге болатындығы туралы мынадай хадис те бар. Әбу Һурайра (Оған Алла разы болсын) жеткізуінше Алланың Елшісі(Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір адамның Бәни Исраил қауымынан бір адамнан мың динар сұрап, белгіленген мерзімінде қайтарғаны туралы айтқан. Соған орай Абдуллаһ ибн Омар (Оған Алла разы болсын) қарыз бергенде қайтаратын мерзімін белгілесе болады деген. Бұл туралы Бұхари риуаят еткен
Құран Кәрім адамдар арасында болатын барлық мәселелерді қамтыған. Солардың арасында қарыз мәселесі де назардан тыс қалмаған. Құран Кәрімдегі жалғыз өзі бір бетті алып жатқан ең ұзақ аят һәм одан кейінгі бір аят бүтіндей қарыз мәселесіне арналған. Соның өзі Қарыздың шариғаттағы маңыздылығын білдірсе керек. Жаратушы Хақ Тағала былай дейді:
«Иә, иман келтіргендер! Егер сендер бір-біріңнен белгілі бір мерзімге қарыз алсаңдар, оны жазып қойыңдар һәм оны сендердің араларыңда бір хатшы әділдікпен жазсын. Хатшы Алла жазып үйреткендей етіп жазудан еш бас тартпасын. Ол жазсын, қарыз алушы айтып тұрсын һәм Алладан – Раббысынан қорықсын, одан (қарыздан) ештеңе кемітпесін. Ал егер қарыз алушы алаңғасар не әлсіз немесе өз бетімен айтып тұра алмайтын болса, оның өкілі әділдікпен айтып тұрсын. Куәлікке ерлерден екі адамды келтіріңдер, ал екі ер болмаса, өздерің разы болатын куәгерлерден бір ер және екі әйелді келтіріңдер, егер (кейін куәлік керек болғанда) олардың (әйелдердің) біреуі қателессе, екіншісі есіне салып тұратын болады. Куәгерлер егер шақырылса, еш бас тартпаулары тиіс. Келісімді мерзіміне дейін жазуға, ол аз болсын, көп болсын еш ерінбеңдер. Солай еткендерің Алланың алдында әділірек, куәлікке де күшті һәм күмәннан да ең аулақ жол. Алайда өз араларыңдағы жүргізетін қолма-қол сауданы жазбасаңдар онда тұрған ештеңе жоқ. Ал егер сауда келісімін жасасаңдар, куәлік келтіріңдер һәм хатшыға да, куәгерлерге де ешбір зарар тимесін. Егер оларға зияндық қылсаңдар, ол сендер үшін күнәлі пасық іс. Алладан қорықыңдар, сонда Алла сендерге үйретеді. Расында Алла әрбір нәрсені білуші. Ал егер сапарда болып, ешбір хатшы таппасаңдар, онда қолма-қол алатын кепілдік белгілеңдер. Ал егер бір-бірлеріңе сенсеңдер, сеніп берілген жан аманатын өтесін һәм Раббысы – Алладан қорықсын. Сондай-ақ куәлікті ешқашан да жасырмаңдар. Ал кімде-кім оны жасырып қалса, ол – жүрегі күнәға батқан жан. Расында Алла сендердің не істегендеріңді білуші»[1, 2, 282].
Бұл аяттан мынадай қорытынды шығады:
— Қарызға ақшаны, тауарды не басқа заттарды бергенде ол туралы арнайы кітапқа жазып қою керек;
— Оны жазуды екі тараптың ақысына бірдей әділ, аманатқа қиянат жасамайтын адамға тапсыру керек. Ол қарыз туралы келісімді Алла Тағала үйреткендей әділетті түрде анықтап жазуы тиіс;
— Егер қарыз алушы әлсіз немесе сауатсыз болса, келісімді оның атынан оның өкілі жазуы тиіс;
— Қарыз келісіміне екі тарап разы болатын екі ер кісіні куәгер ету керек. Ал егер бір ғана ер кісі болса, онда бір ер және екі әйелді куәгер ету керек. Бұл адамдар өз кезегінде екі тараптың ортасында дау шыққан жағдайда іске куә болғандықтарын көрсетіп, әділдігін айтады;
— Егер қарыз сапар үстінде беріліп, хатшы табылмаса, қарыз берушінің қарыз алушыдан кепілдікке бір зат алуға хақысы бар. Ол кепілдік сол заматта қолма-қол алынуы тиіс;
— Егер тараптар бір-біріне нақты сенетін адамдар болып, аталған шарттарды қажетсінбесе, орындамаса да болады. Мұндай жағдайда қарыз алушы қарыз берушінің сенімін ақтап, аманатқа қиянат жасамауы керек.
Иманды, тақуа жандар Алланың аты аталған жерде ешқандай куәлік те, кепілдік те сұрамай, бір-біріне сеніп таныса да, танымаса да қарыз бере білген. Сондай жандардың қиссасы төмендегі хадисте баяндалады.
Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Ертеде Бәни Исраилдың бір кісісі екінші Исраилдықтан мың динар бере тұруын сұрайды. Екіншісі: «Куәгер болатын кісі әкел», — дейді. Сонда ол: «Алла Тағала куәлікке жетеді»,- дейді. Екіншісі: «Кепілдікке кісі әкел»,- дейді. Қарыз алушы: «Алла Тағала кепілдікке де жетеді»,- дейді. Екіншісі: «Жарайды, дұрыс»,- дейді. Қарызды белгілі бір уақытқа дейін деп береді. Қарыз алушы кемемен сапарға шығып, ісін бітіреді. Қарызды қайтаратын уақыт таяп қалған соң еліне қайтатын кеме іздеп көреді. Бірақ ешқандай кеме таппайды. Ол бір ағаш тауып алады да оны ояды. Ішіне мың динар мен қарыз берушіге жазылған хат салып, теңізге барады. Онда: «Иә, Алла! Өзің білесің, мен пәлен деген кісіден мың динар алғанмын. Ол кепілдік сұрағанда: «Кепілдікке Алла Тағала жетеді»- дедім, ол Сенің кепілдігіңе разы болды. Куәлікке кісі сұрағанда: «Алла Тағала куәлікке жетеді»- дедім, ол Сенің куәлігіңе разы болды. Мен әрі-бері оның аманатын жеткізетін кеме іздеп көріп едім, таба алмадым. Мен енді осы қарызды өзіңе тапсырдым»,- дейді. Сөйтіп, саудагер ағашты теңізге тастайды. Ағаш толқындардың арасынан көрінбей кетеді. Сосын ол бұл жерден шығып, тағы еліне қайтатын кеме іздейді.
Мына жақта қарыз беруші адам ақшасын әкелетін кемені күтеді. Сөйтіп, теңіз жағасында қалқыған ағашты көреді. Оны отын қылу үшін үйіне алып келеді. Оны жарғанда ішінен ақша мен хат шығады. Біраз уақыттан соң ақша алған кісі де келеді. Ол мың динар әкеліп: «Уаллаһи, сенің ақшаңды әкелу үшін кеме іздеп таба алмадым», — дейді. Сонда әлгі кісі: «Сен маған ештеңе беріп жібермеп пе едің?»,- деп сұрайды. Қарыз алушы: «Мен саған келетін кеме таба алмадым деймін»,- дейді. Сонда қарыз беруші: «Алла сенің ағашпен жібергеніңді жеткізді»,- дейді. Мың динар қалтасында қалған қарыз алушы қуанып қайтады. Бұхари риуаят еткен.
Расында Алла Тағала кепілдікке жеткілікті һәм сонымен қатар, қайтаруын ниет етіп қарыз алған жанға жәрдемдеседі. Ең бастысы қарызды қайтарамын деп тілмен айтып, жүрекпен бекітіп, Алла Тағаладан дұға тілеу керек. Оған төмендегі хадис дәлел болады.
Убайдулла ибн Абдуллаһ ибн Утбаның жеткізуінше бірде ардақты Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұбайы Мәймуна(Оған Алла разы болсын) қарыз алады. Сонда оған біреулер: «Уа, мүміндердің анасы! Өтейтін еш нәрсеңіз болмаса да қарыз ала бересіз бе?» — деп сұрайды. Сонда ол: «Расында мен Алла Елшісінің(Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім қарызды өтеуін қалап алса, даңықты һәм ұлық Алла Тағала оған көмектеседі», — дегенін естігенмін», — дейді. Нәсәи риуаят еткен.
Шындығында қарыз – аманат. Қарызды берген адам амнатын сеніп береді. Оны алған адам қашан қолына қаражат, мал түскенде одан құтылуға асығуы керек. Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала былай дейді:
«…(қарыз) сеніп берілген жан аманатын өтесін һәм Раббысы – Алладан қорықсын»[1, Бақара сүресі 282-аят].
Аманатқа қиянат жасау ешқашан иманмен қатар тұра алмайды. Олай жасау үлкен күнә. Ардақты Пайғамбармыз(Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл туралы қатаң ескерткен. Анас ибн Мәлик (Оған Алла разы болсын) былай дейді: «Бірде Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізге хұтпа айтып тұрып: «Аманатты сақтай алмағанның иманы жоқ, уәдесінде тұрмағанның діні жоқ», — деді».Ибн Хиббан риуаят еткен.
Қарызды тезірек қайтаруға асығу нағыз мұсылмандықтың белгісі. Бұл туралы Хатим әл-Асам былай дейді. «Асыққан шайтанның ісі. Бірақ Тек бес жағдайда: келген қонаққа ас беруге, мәйтті аттандыруға, балиғатқа толған қыз баланы ұзатуға, қарызды қайтаруға, істелген күнәға тәубе жасауға асығу Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетінен».
Әдебиеттер:
- Құран Кәрім Халифа Алтай қазақша түсіндірмесі, Сауд-Арабиясы 1991ж.
- Сүнән, Әбу Дәуіт, Дарул ал-Мағриф баспасы, Бәйрут 1998ж.
- Сүнән, Ибн Мәжә, Дарул ал-Мағриф баспасы, Бәйрут 1998ж.
- Фатхул-Бәри алә Сахихил-Бухари әл-Асқалани, Дарул Фикр баспасы, Бәйрут 2000ж.
- Сахих Бухари, Әл-Бұхари Мұхаммад ибн Исмағил, Дарул ислам баспасы, Әр-Риәд 1999ж.
Сыздық Ермек Қуатұлы,
Павлодар қалалық «Бижан» мешітінің найб имамы