Амангелді Айталы: «Демократия бұйрықпен, заңмен, жарлықпен келмейді»
Белгілі қоғам қайраткері, ғалым, бұрынғы мәжіліс депутаты Амангелді Айталы Мемелкет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі халыққа арнаған жолдауына қатысты пікір
«Бұл жолдау халықтың көптен айтып жүрген, ойындағы арманын, ұсыныстарын іске асыруға бағытталған үлкен қадам деп ойлаймын. Мысалы, Абай облысын құру ұсынысы, халықтың басылып қалған көңілін қайтадан жаңғыртуы — үлкен жаңалық. Сондай-ақ басқа да әкімшілік құрылымның өзгеруін мен құптаймын. Әрине бұл жаңа бастамалардың барлығы бүгін болады, барлығы ойымыздан шығады деп оптимизмге бас ұру да артық болар», — деді қоғам қайраткері.
Оның айтуынша, Жолдауда қамтылған партиялық жүйенің өзгеруі бәсекелестікке жол ашады.
«Президенттің ешқандай партияда болмауы, әсіресе, «Нұр Отан», кейін «Аманат» атанған партияға үлкен сын. Енді оның нағыз келбеті, күш-қайраты, беделі көріне бастайды. Себебі ешқандай дені сау адам таяққа сүйеніп жүрмейтін сияқты, өзінің интеллектуалдық күш-қуаты бар партия билікке сүйенбейді. Билікті өзінің беделі, күшімен жеңіп алады. Осылай билік партиясы қылады. Бірақ «Нұр Отан» бұрынғы аграрлық, азаматтық партияларды қосып, билік партиясы бола салды ғой. Сондықтан еліміздің партиялық жұмысында үлкен бір бәсекелестікке жол ашылады деп ойлаймын», — деді қайраткер.
Ғалым жолдауда айтылған мәселелер бір күнде орындала салмайтынын, халықтың деморкатиялық жолға түсуіне уақыт керек екенін айтты.
«Ертеңгі күннен бастап біздің елімізде демократиялық жүйе, мінез, әдеп қалыптасып кетеді деп айта алмаймын. Бұл — ноқталанып қалған қоғам. Тұсауланған аттың тұсауын алып тастаса да секіре береді дейді. Бұрынғы тұсауға үйреніп қалған. Сол секілді ноқталанған қоғам әлі де болса осы еркіндікті пайдалана алар ма екен, алмас па екен?! Бұрынғы ізбен жалтақтап, біресе оңға, біресе солға, біресе президентке, әкімге қарап, мүмкіндікті пайдалана алар ма екен деген күмәнім бар. Себебі деморкатия деген ол — тәрбие, мәдениет. Ол бұйрықпен, жарлықпен, заңмен келмейді. Қоғамның дамуы осы өзіміздің ішкі дүниемізге, ішкі психологиямызға байланысты», — деді Амангелді Айталы.
Сондай-ақ ғалым кейбір мәселелерге баса назар аудару керек екенін де айтты.
«Еліміздің ішінде түрлі жағдай бар. Мемлекетті құраушы қазақ ұлтының бүгінгі қоғамдағы орнын айту керек еді. Мәселе, қазақты басқа ұлттан артық санау емес. Мысалы, орыс диаспорасы, басқасы болсын, олардың көкейтесті мәселелері өзердерінің тарихи отанында шешіліп жатыр. Бұлар Қазақстанда тек өздерінің ұлттық тегін сақтау үшін жұмыс жасайды. Ал қазақ елі үшін бұл — бөлек мәселе. Қазақ ұлты бұл жерде көп ұлттың бірі емес. Осы мәселеге мәселеге аса назар аударымыз керек. Себебі қазақтың тілі, мәдениеті, бүгінгі күнгі деморгафилық, экономикалық жағдайы бөлек мәселе. Қазақсыз бұл мемлекет, мемлекет болмайды. Сондықтан менің қосарым, жолдауға айтатын ойым, осы ұлт мәселесіне аса бір зер салсақ. Бұл ұлтаралық мәселелерді ушықтырып алмай, мәдениетті түрде жүзеге асырылуы керек. Біздің диаспоралар түсінікпен қарауы керек», — деді қоғам қайраткері.
«Қазақстан Ассамблеясы атынан сайланатын тоғыз депутатты алып тастау дұрыс деп ойлаймын. Жалпы ассамблея атынан сенатқа бес депутатты түсірудің өзі шартсыз дүние ғой. Мәселен, менің бір ұлттың өкілі болғандықтан сенатор болуым этика жағына үйлеспейді ғой, мен өзімнің кісілік қасиетім, интеллектуалдық деңгейім арқылы, яғни сондай бір сүзгіден өтіп, халықтың сайлауы арқылы келмесем, қалай болғандада менің мәртебем төмен болады. «Ол өзбек болғаннан, татар болғаннан депутат болып жүр» деген пікір ортада болады, бола береді. Сондықтан біз негізгі ойды ұлтына емес, азаматтардың азаматтық қасиеттеріне қарай бөлгеніміз дұрыс деп ойлаймын», — деді ғалым.
Ең үлкен мәселе — бүгінгі экономикалық дағдарыстардан шығу.
Одан шығудың жолын бүгін айту қиын да шығар. Себебі Президент айтқандай күн санап, сағат санап жағдай өзгеріп жатыр. Десек те Президенттің осы мәселеге көңіл бөлгені дұрыс, — деді Амангелді Айталы.
Қоғам қайраткерінің айтуынша, мәжіліске, әр облыстан бір адамды мажоритарлық жолмен сайлау аздық етеді.
Әр облыстан екі адам болса, 90-ға жақын депутат болады. Соның 24-25-і мажоритарлық жүйемен келсе, еркіндік болар еді. Партиялық тәртіптен аулақ, еркін сөйлейтін депутаттар көбірек келер еді, — деді Амангелді Айталы.