«Амангелдінің» өнімдері шетел асып жатыр

Оңтүстік Қазақстан облысындағы қасиетті Қазығұрт тауының атымен аталатын ауданда «Амангелді» деп аталатын ЖШС-ның барын көпшілік жақсы біледі. Бұрынғы 5 өндірістік кооперативтің бірігуінен құрылған шаруашылықтың бүгінде 540 гектар жері бар. Онда алма, алмұрт, алхоры, айва, жүзім, өрік, шабдалы, черешня секілді бау-бақша өнімдерінің көптеген түрі өндіріледі. Биыл алманың 9 түрінен 555 тоннадан астам өнім жиналыпты. Жүзім де жылдағыдан мол өнім берген. Өнімдер жергілікті нарықта сатылуымен қатар Ресей асып, мәскеуліктердің дастарханының төрінен орын алғанға ұқсайды.

— Өнімдерді қысы-жазы сақтауға мүмкіндік беретін 2 мың тонналық қойма-тоңазытқыш бар. Онда өзіміздің өнімнен бөлек өзге де әріптестеріміздің сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндігіміз бар. Өнімдердің сапасын тексеретін зертханамыз жұмыс істейді. Серіктестік бау-бақша өнімдерін өндіруден бөлек егістікпен де айналысады. Жиналған бидайды ұнға айналдыратын диірменіміз бар. 100 гектарда миллион түпке жуық егуге дайын, будандастырылған элиталық, суперэлиталық көшеттеріміз бар. Оны кез-келген клиентке және қанша көлемде аламыз десе де сата береміз. Өнімдеріміздің бағасы базардағыдан төмен жүреді, — дейді «Амангелді» ЖШС-ның меңгерушісі Абай Пірімжаров.

Серіктестікте көптеген жұмыстар техникамен атқарылады. Техникалардың барлығы да Түркия мен Кореядан әкелінген. Серіктестікте тұрақты түрде 200-ден астам адам жұмыс істесе, науқан кезеңінде олардың қатары екі есеге дейін артып, 400 адамнан асады. Олардың дені серіктестікке қарасты кооператив мүшелері мен ауыл тұрғындары. Осы бір серіктестіктің арқасында ауылдың жұмыс істеймін деген азаматтың екі қолына бір күрек табылатыны анық.

Нұр МЕКЕН,