Әміренің әні

Ескі альбом
ӘМІРЕНІҢ ӘНІ
(КСРО Халық артисі Қалибек Қуанышбаевтың естелігінен)

Әміренің әнінен бұрын адамшылығы аса зор еді. Барынша адал жүректі еді. Дүние үшін қабақ шытысып, бір тарықпайтын, ауырмаса, қоң етін кесіп беретін жомарт еді. Сирек бітетін қасиеттері көп болатын.
«Біздің Әміре Қасым-жомарт» қой деп күлуші едік. Ашу-ренішті білмейтін. Кейде үлкен ерні томпайып, бірнәрсеге барынша өкпелейтін. Әсіресе, онысы тіпті келісті еді. «Ой, сорлы Қашаубайдың баласы-ай!», – деп бір саусағыңды шошайтып, «құқ» деп қытықтап қорқытсаң, күлем деп жүріп, өкпесі әп-сәтке жетпей ұмытылып кететін. Бұл сияқты қасиеттері толып жатыр. Оның бәрін айтып жеткізе алмаспын.
Әміренің бір қасиеті – үні ғой, соған келейік. Әміре ән салғанда, әнді көркемдеп, нықтандырып, аспандата айтар еді. Қандай әнді болса да, түзеп, кесек бейнелі ән ғып айтып жүрсе де, мынаны мен түзедім демес еді. «Ағаш аяқ», «Шіркін-ай», «Баянауыл», «Қарға», «Екі жирен», «Толқын», «Қос барабан» тағы толып жатқан әндерде Әміренің аса көп еңбектері бар, түзеген, сұлулаған еңбек. Айтушылар сол қасиеттерін сақтауы керек.
Әміре ән салғанда қандай күшпен, айқаймен бірнеше әндер айтқанда түсі бұзылмас еді. Күшпен айтатын әнді айтарда барлық демін бір-ақ жиып алатын. Оң жақ алқымында мойнының қалтасы бар еді. Соған бар демді толтырып ап, үнемдеп шығарып, көпке дейін дем алмайтын.
Әміре әнді ылғи сүйіп, ұнатып, өзі әнге ғашық болғандай боп айтатын. Әсіресе, әнді кейде тым кесек айтатын уақыты болар еді. Халық көп болса, делебесі қозып кететін. Театрға жиналған халықтың ішінде өзінің жақсы көретін жолдастары отырса, не болмаса басқа республикадан, Москвадан, Ленинградтан концертте кісі болса, тіпті, құйындай ұйтқып, құландай ойнақтап, жүйткіп, дабылдай саңқылдап, кішірек театрға сыймай, далада болса, жер мен көктің арасын жаңғыртар еді. Аса көтеріліп ән салғанда, біресе қуанғандай күлімсіреп, біресе жеке келе жатқан бәйге атындай жарқылдап, ойнақтап кетер еді. Сол кездерде бетінде әртүрлі сипаттар елестер еді. «Әміре бүгін күндегідей емес, әнге ықыласы жоқ па қалай, бүгін жайылыңқы сияқты», – деп, жанына тиіп, қалжыңдап, қытығына тисең, соған да нанып, – «шын-ақ сөйтіп тұрмын ба?» – деп, өршеленіп, даусынан әртүрлі құбылыстар, бұйма-бұйма иіндер, біресе сұңқылдаған, біресе толқынып, әсерлі үндер үсті-үстіне боздап шыға берер еді.
Әміре 1927 жылы Майндағы Франкфуртқа барып, мұнда да Париждегідей екінші орын алып қайтты. Бұ да ән мен күйдің жержүзілік жарысы еді. Бұл жолы Әміре газеттерді тіпті қаттырақ шулатты.
Әміренің тағы бір кесек түрі – үйде болған мәжілістерде домбыра, гармондарьды кезек алып, 25-30 әнді түйдектеп соқтырып шыққанда даусы қыңқ етпейтін.
Әміре – қала мен даланы түгел кезген, ел дәстүрін анық білетін, сері-әнші.