“АНА” (әңгіме)
Өткенде қайтыс болған шалдың асына барғанымда естігенмін. Бір кісінің әйелі бала үстінен қайтыс болып, оның артында екі баласы қалыпты. Сүйген жарынан айырылған еркек біразға дейін үйленбей жүріпті. Бірақ, әйелсіз үй қаңырап тұрады ғой. Үйдің берекесі кетіп, екі балаға ана іздеп, ақыры таныстарының ақасында бір шүйкебасты әкеледі. Әлгі келіншек ә дегеннен туыстары мен көрші-көлемге ұнап қалады. Момын. Көп сөйлемейді. Үй шаруасына да тындырымды келіншегіне күйеуі де риза болыпты. Бұл кезде кіші ұл екі жасқа келіп, үлкені төрт жаста екен. Кішісі өте мазасыз, беймаза болғандықтан жаңа түскен келінді онша-мұнша жақтыра бермепті. Өз құрсағынан шықпаған баланы кім бауырына бірден баса қойсын? Енесі мен атасы оған аса мән бере қоймапты. Солай уақыт жылжып жүре береді. Бір күні ата-енесі кіші ұлды үйлендіріп, соның қолына кетеді. Ал, күйеуі болса машинист болып теміржолда жұмыс істегеннен соң, кейде апталап жолда болады екен. Кіші ұл анасын сағынады ма, әлде уызына жарымай ембегеннен бе, кім білсін, әкесі жолға шыққаннан аңырап жылай береді. Осы кезде өгей ананың ішіне сайтан кіріп, екі баладан құтылудың жолын іздейді. Бұлар өздері рәзездің(разъезд) дәл жанында тұрғандықтан, өгей шешейге бұл тиімді болады. Сөйтеді де, екі баланы қолынан жетектеп поезд жолдың үстіндегі реліске байлай бастайды.
— Апа, не істеп жатсыз? -дейді үлкені күлімсіреп.
— Осы жерде жатсаңдар, қазір поезд келеді соны көресіңдер, қозғалмаңдар, жарай ма?- дейді өгей ана алдаусыратып.
Қуанып кеткен екі балақай мәз болып жатады. Сөйтеді де өгей шешей сәбилерден құтылғанына мәз болып, үйге қарай қаша жөнеледі.
Сәбилердің алаңсыз аспанға қарап жатқанына да біраз уақыт өтеді. Бұл кезде кеш те батыңқырап қалған еді. Біреуі былдырлап, екіншісі күлімдеп поезды күтіп жатқанында, гүрілдеген паровоздың дауысы шығады. Қатты шыққан дауыстан қорқып кеткен қос құлыншақ шырқырап жылай бастайды. Үлкені байланған жіпті итергенімен күші жетпейді. Осы кезде Құдайдың құдіретімен паровоз кілт тоқтай қалады. Ішінен машинист пен көмекшісі шығып, жерге қараса екі сәбидің тыпыршып, жылағанын көреді. Жалма-жан екеуін шешіп, хабарландыру береді. Кейін машинистен сұраған ғой:
— Қалайша білдіңдер?-деп. Сонда әлгі жүргізуші:
— Қатты зырғып келе жатқан едім, бір ақ киінген келіншек қолындағы қызыл орамалымен қол бұлғай берді. Шошып кеттім де, әрең тоқтай қалдым. Тоқтағаным сол еді, әлгі әйел жоқ боп кетті де, есесіне мына екі сәбидің жатқанын көрдім,- депті күрсініп.
Құлындарым, аналарыңның тілеуін тілеңдер. Сорлы шеше бала үшін отқа түседі, шоққа да табаны күйеді. «Әкемді алсаң, ал, Құдай, шешемді қой. Шекпен тоқып берсе де өлмеймін ғой», -деген екен бір байғұс. Әкенің жақсы көргені жездедей-ақ. Әйел өлсе, олар төсек жаңғырта салады. Сондықтан да, ұйықтар алдында: Анашыма ұзақ өмір бер деп ұйықтаңдар, деп әңгімесін аяқтады.
Сол әңгімеден кейін қанша жылдар өтсе де, поездға мінер кезде әлгі қос сәбиді арашалап қалған ананың әруағы елестейді. .