Ана қадірі

Аналар-ай, біртуар дарасыңдар,
Бұл өмірден өлшеусіз аласың бар.
Кей уақытта ақылгөй, данасыңдар,
Бейуақытта бейкүнə баласыңдар.
Сабырменен ашуды жеңе біліп,
Сан отаудың шырағын жағасыңдар.
Қара нарға жүк болар қиындықты,
Сендер ғана көтере аласыңдар.

Қарғыс айтпай қатігез тағдырыңа,
Қанағат қып халықтың саулығына.
Кең дүниеге қарайсың мейіріммен,
Маңдайыңның қарамай тарлығына.
Қуансаң да, жылайсың күйінсең де,
Көз жасыңды жасырып жаулығыңа.
Қандай дастан, қандай жыр жазсам екен,
Естелік қып бəріңе…барлығыңа.

Топырақтан жан беріп жаратқалы,
Жер бетіне тарыдай таратқалы.
Тозағына тірліктің төтеп беріп,
Түн артынан бозамық таң атқалы.
Не көрмедің?
Енді аман жүріңдерші,
Табаныңның астында жаннат бағы.
Адамзаттан Аллаға хат тасыған,
Ей, пəкизат періште қанаттары!!!

Бауыржан Халиолла