Ана қадірін білейік!!!
Кез келген адамның әдептілігі мен жан дүниесінің сұлулығы ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Баланың бойындағы қасиеттер де ана бойынан тарайды.
Ана — әлемдегі ең кешірімді, ең мейірімді жан. Ана баласы қандай қателік жасаса да кешіреді. Оның мейірімділігінде шек жоқ. Өз баласын бағып-қағуда ана өзін-өзі ұмытып, барлық күш-жігерін перзентіне жұмсайды. Осы арқылы ананың жаны нұрлана түседі. Оның балаға деген махаббаты шексіз. Ананы барынша құрмет тұтып, қастерлеу — әрбір перзенттің борышы.
Ана махаббатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әркімнің өз анасына деген махаббаты ұшан-теңіз. Мен де анамның маған сыйлаған мәнді өмірі үшін алғысымды айта отырып, өз ойымды аз да болса жеткізгім келеді.
Ана дегенде толқымайтын жүрек, толғанбайтын жан жоқ. Бар болғаны үш әріптен құралған сөз. Бірақ мағынасы теңіздің терең тұңғиығындай, қол жетпес көк аспандай, қажеттілігі адамға ауадай маңызды.
Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды. Расында да, анамыз бар кезде біз өзімізді әлі де сәбидей, қорғаны бар адамдай, ұясы бар балапандай сезінеміз. Оны сыйлаймыз, құрметтейміз, еркелейміз. Біздің еркелігімізді көтеретін бұл жалғанда анадан басқа жан бар ма?
Жарық дүниенің есігін ашқаннан бері, осы күнге дейін бағып-қағып, мәпелеп өсірген, ешкімнен кем қылмай, осы күнге жеткізген жан анамызға «Анашым, рақмет!» деп айттық па? Әй, қайдам?! Бірақ айтқандар да бар шығар, кім білсін?! «Ана, сізге мың да бір рақмет!» — деп айту кей адамдар үшін күнделікті «Ана, шай ішейікші» деген сынды жаттанды сөздер болып қалған. Күнделікті жаттанды әдет. Ал кейбіреулер үшін бұл сөзді айту қиынның қиыны.
Сөзімізді қорытындылай келгенде, анамызды аялайық. Айтқанын, бар тілегін орындайық. Өмір сыйлағаны үшін қарызын өтей алмасақ та, анамызды ешқашан ренжітпейік. Алдағы өмірімізде не боларын кім білсін. Тіпті біз бір нәрсені бүлдіріп қойсақ та, анамыз бізге қанша ұрсып, ренжісе де, оның жүрегінде балаға деген махаббаты өшпейді. Анамызды әрқашан құрметтейік. Бұл — біздің перзенттік парызымыз. Аналарымыз әрқашан біздің бақытымызға аман болсын!
Зағипа Заттыбек
Бетті дайындаған — Жұлдыз Әбіл