Ана тілі – ардың ісі
Елімізде 7 723 мектеп бар. Олардың 3 757-сі қазақ тілінде білім берсе (54,3%), 1 053-і орыс тілінде (15,2%) және 2 107-cі аралас тілде оқытады (30,4%), ал ұйғыр тілді 5 мектеп (0,1%) бар. Бұл мектептерде барлығы 3 млн 479 мың бала оқиды. Статистикаға сенсек, орта білім алу құқығымен мектеп жасындағы балалардың 99,8%-ы қамтылған. Осы орайда аралас мектептерде қанша сынып қазақ тілінде оқытады, орыс мектептерінде оқитын қазақ балаларының үлес салмағы қанша деген сұрақ өз-өзінен туындайды. Сонымен қатар қоғамда аралас мектептерді жабу және қазақ мектептерінде орыс тілді сыныптар ашу мәселесі текетіресіп қалатын сәттер аз емес. Кейбір ата-аналар балабақшадан бастап тек қана қазақ тілінде білім беретін оқу стандартына көшуді қаласа, кейбір ата-аналар баласының орыс тілінде білім алғанын құп көреді. Баласының орысша оқуын ойлайтын ата-аналар арасында қазақтардың да қарасы көп. Былтыр «Қазақ мектебінен орыс сыныбын ашпасаң, Путинге айтамын» деген қаракөздерді де көрдік.
Бірақ сау ақылға салсақ, қазақ жерінде қазақтың қасиетті топырағын басып, ауасын жұтып, бар қазақтың жалғыз отаны – Қазақстанда орысша оқу мен орысша сөйлеуді мәртебе санау артық. Өйткені жұмыр жерді мекен еткен кез келген елдің мемлекеттік тілі бар және ол біреу ғана. Қазақтың да бір ғана отаны, бір ғана мемлекеттік тілі бар. Қосарланған ресми тіл – орыс тілінен арылуды аңсаған талай қазақ ана тілінің «көсегесінің көгергенін» көргісі келеді. Қазақ «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дейді. «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деп өсиет еткен де қазақ бабаларымыз. Сондықтан айтпағымыз – өзге тілді білме, үйренбе немесе оқыма деу емес, өз ана тіліңді құрметте, ана тілі – арыңды сақта, ұяттан аттама дегенге саяды.
Астанада Тіл басқармасы және Білім басқармасының қолдауымен «Қара шаңырақ» республикалық қоғамдық бірлестігі «Өнегелі ата-ана – өрелі ұрпақ» жобасы аясында «Балаңды қазақша оқыт» тақырыбында белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ұлт және тіл жанашырлары мен балабақша түлектері арасында рухани-танымдық сұқбат-кездесу ұйымдастырды. Елорданың бірқатар балабақшаларында мектеп табалдырығын аттағалы отырған мыңдаған балалардың ата-аналарымен жүздесіп, балалардың қазақша білім алуына «қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей» әсер ете алсам деген ниетпен «Қара шаңырақ» РҚБ директоры Тұрар Сәттарқызы, Мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай, ҚР Еңбегі сіңген әртіс Светлана Айтпаева, Қайым Мұқамедханов атындағы N90 ұлттық гимназия директоры, ақын, PhD химик, QAZBILIM білім беру орталығыныңы негізін қалаған ұстаз Аятжан Ахметжанұлы, Республикалық «Әкелер одағының» төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбат, танымал тележурналист Ләйлә Сұлтанқызы, белгілі театр және кино актері, ҚР Еңбегі сіңген қайраткері, Қуанышбаев театрының көркемдік жетекшісі Қуандық Қыстықбай, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицей директоры Аблезов Марс Сапарұлы секілді көптеген танымал тұлғаларды әр кез әр түрлі балабақшаларға шақырып, пікір алмасып, ата-аналарға баланы қазақша оқытудағы мақсат пен міндеттің не екенін айтып, ойларымен бөлісті.
Кездесу барысында түрлі көзқарастағы ата-аналар ел сөзін ұстаған тұлғалардың сөзіне иланып, баласын бірауыздан қазақ сыныбына беретіні туралы айтып, қуанып жатты. Кейбір ата-аналар қазақша контенттің аз екенін айтып қынжылса, кейбір ата-аналар ұлт құндылығын насихаттап, қоғамға жеткізетін, тіл, діл, дін мәселесін, қазақ тілді ортаның дамуын ту етіп көтерген ұлт жанашырларының барына тәубә етіп жатты.
Иә, Аятжан Ахметжанұлы айтқандай, қазір қалың қазақты жинап алып, «балаңды қазақша оқыт» деп жүрген ауыр, әрине. Бірақ, біраздан бері «Қара шаңырақ» РҚБ төрағасы Тұрар Сәттарқызы бүкіл бала бақшаны аралап, ата-аналарға сол бағытта лекция оқып жүр. Ұлтқа деген сүйіспеншіліктен туған әрекет қой. Тұрар Саттарқызы әр кездесуінде бұл тақырыпта сөйлей алатын адам, ата-аналарды дәлелімен иландыра алатын адам іздейді. – Екі бала бақшаға біз де барып, әңгімемізді айттық. Қазақ мектептерінің ерекшеліктерін, қазақша оқудың артықшылықтарын түсіндірдік. Ата-аналардың сұрағы көп екен, бәріне шама келгенше нақты дәлелдермен жауап беруге тырыстық. Дәл қазір бұндай ағарту жұмыстары көп жүру керек деп ойлаймын. Қазаққа барып балаңды қазақша оқыт деп дәлелдеу күлкілі, бірақ, соны істеуге мәжбүрміз қазір…, -дейді Аятжан Ахметжанұлы.
Бір байқағанымыз қай балабақшаға барсақ та тәрбиеші-педагог қауымның баланы қазақша оқытуға, ұлттық құндылықты сіңіруге, ана тілінде сөйлеуге баулып, баланың болашағын қазақ тілімен қазақтың руханияты, мәдениетімен байланыстыра үлгі-өнеге сіңіріп жатқанына куә болдық. Сонда аулаға шықсаң өзге тілде шүлдірлеген бүлдіршіндер, орысша сынып ашуды талап ететін ата-аналар қайдан шығып жатыр деп таңқаласың да. – Ең бірінші атамен әже қазақша сөйлеуі керек. Мәселенің бәрі осыда. Ата мен әже қазақша сөйлемеген жерде бала да немере де орысша сөйлейді. Біздің отбасымызда бәрі де қазақша сөйлейді. Орысша сөйлеуге рұқсат жоқ. Балабақшамызда да тәрбиешілер 100 пайыз қазақша сөйлеп, таза ұлттық тәрбие береміз. Таңертең қазақша қабылдап алып, кешке қазақша шығарып саламыз. Бірақ бала таңертең балабақша табалдырығын орысша аттайды. Күні бойы қазақы нәрді бойына жиып, қазақша сусындайды, бірақ кешке ата-анасы жетектеп есіктен шыға бері баланың тағы да басқа тілді шүлдірлеп бара жатқанын көрген кезде көңіл құлазып, біртүрлі ренжисің, қатты қынжыласың. Шырағым-ай сен мына түріңмен қай кезде қазақ боласың деп айтқым-ақ келеді. Ең қауіптісі – тілдің шұбарлығы, баланың екіұдай күйде дүбәрә болуы. Бала не таза, не таза орысша уызынан жарып тәрбиеленуі керек. Не қазақ, не басқа емес баладан қандай үміт күтуге болады. Бала біздің айнамыз. Сондықтан барлығын алдымен отбасынан бастауымыз керек. Менің немерелерім орысша бір сөз айтып қойса, кешірім сұрап түкіріп келеді, -дейді Алмас Түркебайқызы.
Иә, баланың қазақша сөйлегені дұрыс, қазақша тәрбиеленгені дұрыс. Бірақ үнемі бақылауда, қазақша-орысша ортада екі ұдай күйде, үйге келсе қазақ, аулаға шықса түрлі тілдік қысымның болуы кейде қазақ баласының жүйкесіне салмақ екенін неге ұмытамыз?! Қашан қазақ тілді қалыпты қоғам құрамыз… Балаға тәрбие беру қағидасын өзгертіп, қашан өнеге бола алатын орта құра аламыз… Баланы қазақша немесе орысша оқыту мәселесі мемлекеттік деңгейде көтеріліп, неге түбегейлі шешімін таппайды… Барлық балабақша қашан тек қазақ тіліне көшеді, қашан аралас мектептер түбегейлі жойылады… Билік қашан қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәселесін түбегейлі шешіп, балалардың біртұтас қоғамда бір ел – бір тіл қағидасымен өмір сүруіне жағдай жасайды… Қазақ баласының обалы кімге… деген сұрақтар тізімі жыл санап ұзарып бара жатқанын неге ескермейміз. «Мойнына бұршақ салып» қазаққа балаңды қазақша оқыт, қазақша сөйле деп жүрген тіл жанашырларының жанайқайын жоғары билік ести ме?..
Ал Тұрар Сәттарқызы: – Бұл әрекетіміздің мақсаты – «әр қазақ баласын қазақ сыныптарына берсінші» деген ой. Балабақша қызметкерлері жіберіп жатқан ата-аналардың пікірлерін оқып, еңбегіміз еш кетіп жатпағанына қуанып отырмын. Бүгінгі күнге дейін атсалысқан барша жанашыр жандарға алғысым шексіз! Жоба жалғасады. Қатарымыздан табылар нағыз тіл, ұлт жанашырлары көп болсын!
Тағы бір идея – ойым бар. Қолдаушылар болса, қуанар едім. Жазда кешкі салқынмен аулаларды аралап, балаларға ұлттық ойын ойнатып, балалар ойнап жатқан кезде ата-аналарға «Балаңды қазақша оқыт» деп рухани-танымдық дәрістер өткізсек, баласын орысшаға берейін деп тұрған біраз ата-ананың бетін қайтарар едік.
Астанада балаларды Человек Паук, Хаги-Ваги, Маша сияқты аниматорлар өзге тілде шүлдірлеп ойнатып жүреді. Өкініштісі, бірде-бір ұлттық ойын ойнататын орталық та, қазақ ертегілері кейіпкерлерінің аниматорлары да жоқ. Толағай, Көлтауысар, Тазша бала, Ертөстік, Алдар көсе және басқа да кейіпкерлердің киімін тігіп беретін кісі болса, қазақша аниматорлар жұмысын бастап кетсек. Асық, ләңгі, бестас, арқан тарту, «ұшты-ұшты» және басқа да ұлттық ойындар ойнатсақ, қазақша викториналық сұрақтар, жұмбақтар мен жаңылтпаштар, мақал-мәтелдер жарысын ұйымдастырсақ… «Құрғақ қасық ауыз жыртады»дегендей, баланың көңілін аулау үшін жейтін тәтті, дәмді құрт, бауырсақ сияқты ұлттық тағам таратсақ… Ұлттық құндылықты балаларға 100 рет құр сөзбен айтқанша, іспен көрсетсек, жақсы емес пе?!, -дейді.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ