Аналарға тиесілі қаржы тақыр кедейлерге ғана ма? немесе 21 мың теңгенің «жыры» қашан бітеді?

21 мың теңгенің жыры таусылар емес. Кеше ғана қолжетімді секілді көрінген қайран ақша, көпбалалы аналардың өзіне оңайлықпен берілетін түр көрсетпейді. Әр өңірден жеткен ақпараттарға қарап отырсақ, қорадағы тауық жұмыртқасымен ауладағы кішкентай жерде «табыс әкелетін» көрінеді. Өзге де көзге қораш, ойға қонбайтын жайттардың да шеті шыға бастады. Ал Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бізде бәрі тамаша деп отыр.

Бірақ әр аймақтағы көпбалалы аналардың жанайқайы күшейе түсуде. Оған әзірге көңіл бөліп жатқан үкімет көрінбейді. Не болса да әліптің артын бағып отырған сыңайлы. Тек Мәжіліс депутаттары арасынан Бейбіт Мамыраев мырза ғана саусақпен санарлықтай әріптесімен қосылып «Атаулы көмекті рәсімдеу қиын» деп талаптарын батыл қоюда. Демек аналардың өкпе-реніші жоғарыға жетті деген сөз. Депутаттар өз көзқарастарын Парламент мәжілісінің жалпы отырысында Премьер-министр Асқар Маминге депутаттық сауал етіп жолдады.
Сауалда «…көпбалалы аналар мен тұрмысы төмен азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш тапсыру кезінде туындайтын мәселелерді шешуді сұраймыз» делінген. Депутат Бейбіт Мамыраевтың сөзінше, құжат тапсыру кезінде «Е-халық» ақпарат жүйесінде ақау бары анықталған. «Мекенжай реестрінде отбасыны енгізу кезінде мекенжай, үй, пәтер нөмірлері шықпайды. Баланың әкесі туралы, алиментке қатысты дерек көрінбейді. 2007 жылдың 13 тамызына дейін туған балалар жайлы ақпарат та жоқ. Бұған «Е-халықтың» басқа мемлекеттік органдардың деректерін алмағаны себеп», — дейді депутат.
Бір қызығы осы депутаттық сауалдағы «Е-Халық» ақпарат жүйесі басқа мемлекеттік органдардың деректерімен алмаспайды» деген мәжіліс депутаты Бейбіт Мамыраевтың сөзін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жоққа шығарды.
Араға бір күн салып Еңбек министрлігінің депутатқа берген жауабында, «мекенжайлар, үйлер мен пәтерлер нөмірі жайлы мәліметтердің болмауына органдардың деректері арасында интеграцияның жоқтығы емес, әкімдер толтыратын және енгізетін деректерде сол мәліметтердің болмауы себеп», — делінген. «Отбасы құрамы туралы мәліметтерді де «Азаматтық хал актілерін тіркеу» жүйесіне әкімдіктер енгізеді. Мысалы, 2007 жылдың 13 тамызына дейін туған балалар жайлы мәлімет бұл жүйеде жоқ», — деп нақтылапты министрлік.
Ведомство жауабына қарағанда, «Е-Халық» ақпарат жүйесі атаулы әлеуметтік көмекке өтініш қабылдау кезінде қажет болатын мемлекеттік органдардың «Мекенжай тіркелімі», «Азаматтық хал актілерін тіркеу», «Жеке тұлғалар», «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» сияқты ақпарат жүйелерімен интеграцияланған.
Бұл айқай-шудың тек бер жағы ғана секілді. Тереңірек үңілген адам, әкімдіктердің көпбалалы аналарға тиесілі қаржыны — тақыр кедейлер мен бір тілім нанға мұқтаж отбасыларға бөлгізуге «құштарлықтарын» аңғара алады. Ондай отбасылар әрине аз. Қарға тамырлы қазақтың ағайын-туысы, жілік-жекжаты бар. Олай болса намысты қазақ отқа қарап отырмайды. Күнкөріс үшін күресін тоқтатпайды. Бірақ шын мұқтаж адамға, шиеттей бала-шағаға 21 мың теңгені көп көру — ұлтқа жаны ашымастың ісі емес пе? Билік осы жағын да терең ойластырса дейміз дағы…

Нағашыбай Қабылбек

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған