Аналардың анасы Әмина
Әмина анамыз (р.а) — аналардың анасы, Пайғамбарымыздың (с.а.с) анасы. Әмина бинт Уаһб ибн Әбдіманап ибн Заһра. Меккенің ең текті әулеттерінің бірінен. Мәдинада дүниеге келген. Әкесі Уаһб өз тайпасының белгілі қолбасшысы болған. Оның қызы өте жақсы тәрбиемен өскен. Құрайш қыздарының ішінде Әмина анамызға (р. а) сұлулығымен де, тәрбие жағынан да тең боларлық қыз болмады. Ол өзінің көркем мінезімен Құрайш тайпасының қыздарынан асып түсті.
Оның арғы атасы мен күйеуі Абдуллаһтың арғы атасы бір атадан тараған. Әмина анамыз (р.а) он төрт жасқа толғанда, Құрайш тайпасының текті ұлы Абдуллаһ бин Абдулмуталибке тұрмысқа береді. Бұл неке хайырлы болғанмен, ұзаққа созылмады. Бірталай уақыт өткенде, Абдуллаһ сауда жұмысымен Шамнан (Сириядағы қала) қайтып келе жатқанда, жиырма бес жасында Мәдина қаласында қайтыс болады. Күйеуінің өлімін естіген Әмина анамыз (р.а) қатты күйзелген еді.
Оның жалғыз жұбанышы, анасының құрсағында жатып, жетім атанып үлгерген Абдуллаһтың ұлы болды. Ол жетім — Аллаһтың күллі әлемге рақым етіп жіберілген , адамзаттың соңғы Пайғамбары – Мұхаммед (с.а.с) болатын.
Міне, екі әлем сардарының дүние есігін ашатын күн туды. 571 жылдың 20-шы сәуірінде, Рабиғул – Әууәл айының он екінші жұлдызында, дүйсенбі күні, таңға жақын түнек басқан әлем ерекше нұрға бөленді. Пайғамбарымыздың (с.а.с) өмірге келуі Әмина анамыз (р.а) үшін үлкен қуаныш болды. Баласын кеудесіне қысқан ана, барлық көрген қиыншылықты ұмытты.
Әмина анамыз босанарында әйелдер әдетi бойынша толғақ қысу, құрсақ ауруы сияқты толғақ қиыншылығын көрмеді. Оған перғауынның әйелі болған әділ Әсия және Исаның (а.с) анасы, шыншыл Мәриямның өзі бата беріп, періштелер көмектескендей еді.
Әмина анамыз (р.а) түсінде бір кісі келіп, былай деп айтқанын айтты: «Ей, Әмина! Сен шынында да әлемдегі адамдардың ең жақсысына жүктісің. Ұлыңның атын Мұхаммед деп қоясың!». Ол: «Босану уақыты жақындағанда құлағыма бір қатты дауыс келді, қорқып кеттім. Дереу бір ақ құс келіп, қанатымен арқамды сипады. Қорқыныш пен үрейден құтылдым. Мені шөл қатты қысып, өне бойым жанып тұрды. Мен жанымнан сүтке ұқсас ақ түсті шербет құйылған ыдысты көрдім. Маған сол шербетті ұсынды, мен ішіп алдым. Ол балдан тәтті және салқын болды. Ішкен бетте шөлім қанып, қызуым түсті. Содан кейін, мен үйімнің барлық жеріне шашырап тұрған жарық нұрды көрдім, оның жарығынан еш нәрсені көрінбеді. Сол кезде көптеген әйелдерді көрдім. Олар бойшаң, жүздері күндей жарқырап тұрды. Олар мені айнала қоршап, маған қызмет жасады…кейін менің көз алдымда шымылдық түрілді. Мен шығыстан батысқа дейінгі бүкіл жерді көрдім. Мен үш белгі көрдім. Оның бірі шығыстан, басқасы батыстан, ал үшіншісі Қағбадан көрінді. Сол кезде көптеген періштелер жиналды. Мұхаммед (с.а.с) дүниеге келгенде, ол бірден сәжде жасап, сұқ саусағын көтерді.»
Пайғамбарымыздың (с.а.с) тәтесі Сәфия анамыз оның туылған күнін былай баяндайды: «Мұхаммед (с.а.с) туғанда күллі әлем жарық нұрға бөленді. Ол туған сәтінде, бірден сәжде жасады».
Сосын басын көтеріп, анық былай деді: «Алладан басқа тәңір жоқ, мен Аллаһтың елшісімін». Мен оны шомылдырмақ болғанда, маған былай бұйырылды: «Біз оны шомылдырылған күйі жібердік». Ол пәк тазалықпен сүндеттелiп, кiндiгi кесiлiп, денесi майланып, үстiнен жұпар иiсі аңқыған түрде өмір есігін ашқан еді.
Мен оны құндақтамақ болғанда, оның арқасындағы мөрді көрдім. Одан мына жазу көрінді: «Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед Аллаһтың елшісі!». Туылған сәтте сәжде жасағанда, ол күбірлеп бірдеңе айтты. Мен құлағымды тосып тыңдағанымда, мынаны естідім: «Менің үмбетім…!»
Әмина анамыз (р.а ) екінші рет тұрмысқа шықпады. Әмина анамыз (р.а) 20 жасында, күйеуі Абдуллахтың қабірін зиярат етіп болған соң қайтарда Мәдина мен Меккенің ортасындағы Әл-Абуа деген жерге келгенде кенеттен қатты ауырып, қайтыс болады. Ол сол жерде жерленеді. Бір ақын бұл жағдайды өлеңмен тамаша жеткізген:
Әл-Абуа жерінде жерленген,
Бәрінен де керемет жан өмірде
Сенің бағыңда раушан гүлденді.
Пайғамбарымыздың (c.а.с) әке-шешесі Ибраһимның (а.с) дінін берік ұстанған. Олар өте тақуа адамдар болған.
Пайғамбарымыздың (с.а.с) анасы — Әмина анамыз (р.а) Исламда ерекше орын алды. Өйткені, оған өзге әйелдердің біріне бұйырмаған, адамзаттың ардақ тұтар тұлғасын, екі әлем сардарын, түнек басқан әлемді құтқарар Аллаһ Елшісін (с.а.с) өмірге әкелу бұйырған.
Амантай Тойшыбайұлы