Аналардың аманаты
Кеше «Анаға тағзым» орталығында қаңтар оқиғасы бойынша істі болып жатқан жастардың ата-аналарымен Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ғали Кенжеахметов кездесті.
Сонымен қатар оған Жамбыл облысы прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы, облыс әкімдігінің жанындағы «Қоғамдық қабылдау» кеңсесінің төрағасы Қасымхан Төлендиев, «Қаңтар- Тараз» қоғамдық комиссияның төрағасы Нурлан Қанатов, «Общественная позиция» қоғамдық қорының президенті Асия Калиева және Тараз қаласы әкімінің орынбасары Бақдаулет Сариев қатысты.
Сотқа дейінгі тергеу изоляторында отырғандардың 43 ата- аналарының атынан Президентке жолдаған өтініштерін алып келген бес ана мен бір әке Ғали Қуанұлына балаларының жағдайын айтып, бәрін сотқа дейін үйлеріне жіберуді, жазаларын жеңілдетуді сұрады. Өз кезектерінде Президент өкілі мен прокуратура өкілі келген адамдардың сұрақтарына толық жауап беріп, түсіндірме жасады.