АНАЛАРДЫҢ ЗАРЫНА ҚҰЛАҚ АССАҢЫЗДАР ЕКЕН!

Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановтың назарына

 «Қордай қақтығысына» жазықсыз жастар «жазықты» болып кетпесін, ағайын!

 

«Nur Otan» партиясы мен Ауылшаруашылығы министрлігі бірлескен «Ауыл – ел бесігі» экспедициясы үнемі Жамбыл облысымен аяқталады. Жылда солай.   Қазақияның 14 облысы мен 3 қаласына арнайы  экспедициямен жүру оңай шаруа емес. Түрлі қиындықтар кездеседі. Түрлі адамдармен жолығасың. Бірде қуанасың, бірде қуарасың. «Исатай басшы мен қосшы» деген Махамбеттің жорық жырының күш-қуатын осындай қиын сапарда сезінесің. «Qazaqstan dauiri» газетінің бар ұжымы осы науқанда ынтымақтасып, жұдырықтай жұмылып, президент жолдауының бағыт-бағдарымен  газет-журналға жаздыру үшін табанынан тозып осылай қызмет істейді.

Сонымен сөзімнің басында айтқанымдай Жамбыл облысына экспедиция көшін бастап келдім.

 

Масаншыдағы оқиғаға нақты баға әлі берілген жоқ

Бұл жақ менің өз елім, өз төркінім. Қазір жазылу науқаны қызып тұрған шақ. Сенері жоқ, сүйенері жоқ  (халықтан басқа)  біз секілді  қазақ баспасөзі – осы уақытта елді аралайды, әкім-қараны жағалайды.  Халықтың тұрмыс-тіршілігін саралайды. Шаршап-шалдыққанымызға қарамайды. Әрине, карантиннің қатал талабын ескереміз.

Ауылдағы ағайынның, жалпы кәсіпкерлік пен шаруашылық саласының да тығырыққа тіреліп, теңселіп тұрғанын көзбен көрдік. «Жау жағадан алғанда бөрі етектен тартады» демекші, әлемді «тәубәсіне» келтірген короновирус  індетінің кедергісі де шаш етектен. Қымбатшылық, құнсыздық үдеп тұр. Баға деген шарықтап барады. Ол аздай-ақ, онсызда шаршап-шалдыққан, қажыған кей отбасыларды әділетсіздік дейтін нойыстың қыл арқаны буып жатыр. Араша сұрап аңыраған ағайынды көргенде қытымыр қыстың, жұтымыр аяздың өзі жолда қалады.

Сонымен Жамбыл облысының бірнеше аудандарын аралап, ел-жұртқа кеңінен таныс Қордайға ат басын бұрдық. Қазақ жылнамасында «Қордай қақтығысы» деген атпен қалатын жерге табан тіредік. Естеріңізге сала кетейін, Қордай оқиғасы болғаннан кейін іле-шала үшінші күні осы өлкеге асыға жеткеннің бірі мен едім.

Ондағы ниет: осы өңірдің тумасы ретінде халыққа басу айту еді. Сол кезде Масаншы, тағы бірнеше ауылды аралап халықпен жүздестім. Жазар мақалам жұтаң, дерек-дәйексіз болмасын деген тілектен туды бәрі. Қазақпен де, дүнген ағайынмен де ой бөлістім. Ала қойды бөле қырықпай, қара қылды қақ жару – басты мақсатымыз болды. Сондықтан бұл мақалада бұра тартуға жол берілмеді. Сонымен нені аңғардық, нені сездік ? Алауыздықтың өршуіне, қос халықтың бір-біріне ата жауындай қарауына не түрткі болды? Бәрін тиянақтап қағазға түсіріп, «МАСАНШЫДАҒЫ ОҚИҒА…. САБАҚ БОЛАР ТАЛАЙҒА….» атты мақала жариялап, елді сабырға шақырғанымды айта кетпекпін. Сілтеме: https://www.elana.kz/masanshyda%D2%93y-o%D2%9Bi%D2%93a-saba%D2%9B-bolar-talaj%D2%93a-2/

Несін айтасың, Жамбыл облысы Қордай ауданы Масаншы ауылында болған дүрбелең қазақ даласын қойып, әлемді шарлап кеткені белгілі. Сенсация қуған ақпарат желілері Қазақиядағы қақтығысты «Жерден жеті қоян тапқандай» жарыса жазды. «Ұлтаралық қақтығыс, билікке қарсы топтың әрекеті, дінаралық жанжал» деп «бал ашып» жатқандар да болды. Кім не айтса да ар-ұятына тапсырғанбыз. Бірақ жалған ақпараттың ушығуына да факті жетерлік болғанын айта кету міндет.

Сол оқиғадан кейін де Қордайға төрт рет ат шалдырдым. Дүнген ағайындармен, олардың үлкен ақсақалдарымен тілдесу үшін. Не өзгеріп, не жөнделгенін көру үшін. Жазған мақаламыздың жаңғырығы қалай жеткенін білу үшін.

Сонда байқағаным, бәрі қазақ халқына, қазақ билігіне дән риза. Олардың жағдайлары бұрынғыға қарағанда түзелген, дұрысталған.  Қираған, жанған, өртенгеннің бәрі қайта орнына келген. Газ жеткізілген, асфальт жол жүргізілген. Бұдан артық не керек шаруа адамына?

Сол сапарымыздың бірінде газетіміздің бас директорының орынбасары Жанбақыт Борантаев мырзаның «БІЗ ТУҒАН ЖЕРІМІЗ ҚАЗАҚСТАННАН ЕШҚАЙДА КЕТПЕЙМІЗ!» атты айқара бет дүнген ағайындардың бүгінгі тіршілігі жайлы мақаласы шықты. Сілтемесі: https://qazdauiri.kz/archives/23405  

Әрине, осы жағдайларды реттеп, үнемі бақылап және ұйымдастырып отыратын басшы болмаса, мұндай жетістіктерге жетудің де екіталай екендігі баршаға мәлім. Осы орайда, Президент, ел-жұрт сенім артып тағайындалған Жамбыл облысының әкімі Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың қажырлы еңбегін ерлікпен парапар десек болады. Облыс басшысының ұтымды ұйымдастырулары мен жаңа бастамалары аймақ тұрғындарына қайрат беріп, алдағы жақсы өмір сүруге деген құлшыныстарын арттыра түскен. Сонымен қатар облыс әкімінің тапсырмаларын тапжылтпай орындап, халық үшін, ел үшін түн ұйқысын төрт бөлген аудан басшысы Рүстем Рысбайұлы Дәулет мырзадан бастап, Масаншы, Сортөбе, тағы басқа да ауыл әкімдерінің еңбегін ерекше атап өтуге тұрарлық. Олардың жанкешті қызметтерін қарапайым халықтың бәрі бірдей біле бермеуі мүмкін. Сондықтан кейде алып-қашпа сөздерге еріп кететіндері де жоқ емес. Әсіресе, «ұлтшыл» болып көрінгісі келетін кейбіреулер тырнақ астынан кір іздеп, түймедейді түйедей етіп көрсетуге бейім тұратыны жасырын емес. Рас, өткен жолғы сапарымызда байқаған кемшіліктерді біз де жаздық. Сынадық, мінедік. Бірақ осы жолғы көріп-білгендеріміз көзқарасымызды өзгертті. Бұл орайда, дүңген десе дүңк етіп, бітіспес жау көретін ағайындарға, дүңгендердің біздің жерімізге аяқ басқан кезден бастап, ата-бабаларымызбен қоян-қолтық араласа жүріп, жер тырмалаған адал еңбектерімен осы халге жеткен, өзімізбен тағдырлас халық екенін, тек қана оларды жүйелі басқаруда биліктің жіберіп алған қателіктерінің кесірінен келеңсіздік орын алғанын жеткізгім келеді. Әттең, деп сан соқпасақ та, өзге ұлт өкілдері, өзге диаспоралар бүгінде қазаққа мың алғыс жаудырып отырған осы дүңген ағайындардан үлгі алса жаман болмас еді.

 

ПРЕЗИДЕНТКЕ ХАТТЫҢ АСТАРЫНА ТЕРЕҢ ҮҢІЛСЕК ЕКЕН

Сөзім жалаң болмасын, сол жолы газетке басылған  тұрғындар хатын назарларыңызға ұсынбақпын:

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Өзіңізге белгілі, Қордай ауданында орын алған оқиға барша қазақстандықтардың қабырғасына батты. Осы оқиға бірлікпен өмір сүрудің қаншалықты маңызды екендігін ұғындырды. Өзіңіз келіп, біздегі жағдайды бақылауыңызға алғаннан кейін аймақтағы қоғамдық-саяси ахуал бір қалыпқа түсті. Біздер, Масанчи және Сортөбе ауылдарының ақсақалдары Сізге осындай қамқорлығыңызға ризашылығымызды білдіргіміз келеді.

Аймақта орын алған оқиғадан кейін әлеуметтік желіде: «Қордай дүңгендері биыл егіншілікпен шұғылданбайды екен. Олар Ресейге көшеді екен…» деген қауесет ақпараттар орын алған еді. Бірақ бұл мүлдем олай емес. Біздің Отанымыз  Қазақстан! Қиын-қыстау заманда туған бауырындай қабылдаған қазақ халқына қашанда алғысымыз шексіз!

Ғасырдан астам қазақ жерін мекен еткен дүңген этносының негізгі айналысатын кәсібі — егіншілік, бау-бақша. Қордай ауданымен қоса, жыл сайын Шу ауданына барып, егіншілікпен айналысатын ауыл тұрғындарының биыл Шу ауданындағы көктемгі дала жұмыстарын бастауына алғашқыда алаңдаушылық болған еді. Бірақ Жамбыл облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Қордай, Шу аудандарының жергілікті атқарушы органдары бірлесе жұмыс жасап, елге түсіндіру жұмыстарын жүргізді, сондай-ақ тиісті қауіпсіздік шараларын қабылдады. Осындай бірлесе атқарған жұмыстың нәтижесінде, бүгінде көктемгі дала жұмыстары жоспарлы түрде жүруде.

Ауыл тұрғындарының біразы Шу ауданына барып, жылдағыдай көкөніс егумен айналысуда. Сонымен қатар, кейбір азаматтар Алматы облысының Жамбыл, Қарасай және Іле аудандарына да барып, көкөніс егумен шұғылдануда.

Біз туған жеріміз Қазақстаннан ешқайда кетпейміз. Қайта Республикамыздың Солтүстік, Шығыс, Орталық өңірлеріне қоныс аударуға, сонда көкөніс өсірумен шұғылданып, тіршілік етуге ниет білдіріп отырған азаматтарымыз да бар. Біздің мемлекетімізде оған барлық жағдайлар жасалғанына көзіміз жетіп отыр.

Құрметті Мемлекет басшысы! Сіздің халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін дер кезінде қабылдаған оңды шешіміңіз бен қамқорлығыңыздың арқасында бүгінгі таңда ауданымызда алаңдайтын жағдай жоқ, барлық азаматтар жылдағы тірлігін жасауда. Ортақ үйімізде әрқашан тыныштық пен береке орнауына және ел бірлігін нығайтуға өз үлесімізді қосамыз деп сендіргіміз келеді.

Сізге еліміздің өркендеу жолындағы қызметіңізге табыс, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілейміз! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Құрметпен, Масанчи және Сортөбе ауылдарының тұрғындары».

Газетімізде жарық көрген   Масанчи және Сортөбе ауылдары тұрғындарының   хатына ҚР Президенті Қ.Тоқаев  газетіміз арқылы  жауап бергенін мақтанышпен айта аламын.

«Жамбыл облысы Қордай ауданы Масанчи және Сортөбе ауылдарының тұрғындарына!

Сіздердің хаттарыңызбен мұқият танысып шықтым. Ақжарма тілектеріңіз бен ілтипаттарыңыз үшін алғысымды білдіремін.

Біз  көпұлтты, бірлігі жарасқан мемлекетпіз. Егемен еліміздің бүгінгі жетістіктеріне тұрақтылық пен келісімнің арқасында қол жеткіздік. Ата Заңымызда көрсетілгендей, Қазақстанда адамды ұлтына, діні мен тіліне қарай бөлуге жол берілмейді. Сондықтан, татулық пен достығымызды одан әрі нығайту әр азаматымыздың абыройлы міндеті болуға тиіс.

Қордайдағы оқиға кім-кімге де сабақ болғаны анық. Сіздер қауесет сөзге ермей, елдің тыныштығын бәрінен жоғары қоя білдіңіздер. Сол үшін шынайы ризашылығымды жеткізгім келеді.

Қазақстанның барлық азаматтары береке-бірлігімізді арттыруға, Отанымызды одан әрі өркендетуге үлес қосуы керек. Осы ретте өздеріңіздің игілікті істеріңіз қуантады. Егін науқаны қызған шақта еңбекқорлық танытып, көпке үлгі көрсетіп отырсыздар. Жұмыстарыңыз табысты болсын!

Халқымыз: «Ынтымақ қайда болса, ырыс сонда» деген. Татулығымыз бен бірлігімізден ажырамай, баянды ғұмыр кеше берейік! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және толайым табыс тілеймін!»

Қасым-Жомарт Тоқаев!

Біз ел бірлігі үшін бұл өңірге ерекше көңіл бөлдік. Ерекше назар аудардық. Бұл біздің азаматтық та, журналисттік те парызымыз болатын. Себебі ел тыныштығына жетер байлықты ғаламды кезіп таба алмасыңыз анық!

Сөзіміз дәлелсіз болмасын, жоғарыдағы мақала жарыққа шыққаннан кейін келесі номерде «ҚАЗАҚ ҮШІН ЖАНЫН АЯМАҒАН ДҮҢГЕННІҢ БҰЛАР БАТЫРЫ» деген бір бет мақала тағы жарық көрді.  https://qazdauiri.kz/archives/23471 08/10/2020

 

Бұлар батыр жайлы тарихи дерекнаманы оқырман назарына ұсынудағы мақсат – арамыздағы кейбір ағайындардың жатжұрттықтан келгендерге жатырқай қарайтын көзқарастарын өзгерту еді. Өйткені дүнген ағайындар да мақалада әңгімелегендей, түрлі зобалаң заманды біздің ата-бабаларымызбен бірге кешіп, мүдделес болғандар деп түйіндеп едік.

Осыдан-ақ мен басқарып отырған баспасөздің елдің ынтымағы мен бірлігі үшін қай кезде де  жанқиярлықпен еңбек етуге дайын екенін оқырман қауым жақсы түсінген болар деп болжаймын.

 

«ҚОРДАЙ ОҚИҒАСЫ» АСҚАРДЫ «АТТАН АУДАРЫП», ТАЛАЙДЫ «ТАҚТАН» ТҮСІРДІ

Сонымен Прокуратураның мәліметінше, Қордайдағы ұлтаралық жанжал кезінде 164 үй мен сауда орны, 100 көлік қираған. 342 адам жәбірленуші деп танылған. 400-ден астам сараптама жүргізіліп, мың жарымнан астам адам сұралған.

Яғни, 7 ақпанда  болған қазақтар мен дүнгендер арасындағы қақтығыс тан оқиға кезінде 11 адам қаза тапқан. Жанжалдан соң 120-дан астам қылмыстық іс қозғалып, 50-ден астам адамға айып тағылған. Қордайдағы жанжал кезінде негізінен этникалық дүңгендер тұратын Масанчи, Сортөбе, Ауқатты ауылдары көп зардап шеккен еді.

Ресми мәлімет бойынша, жанжалға Сартөбе ауылындағы қазақтар мен дүнгендер арасындағы кикілжің себеп болған. Тергеу органдары дерегінше, ұлты дүнген Марат Юнху жолға шығып, ауладан ағасы мінген жүк көлігін шығару үшін басқа көліктерді тоқтатқан. Дәл осы кезде 78 жастағы қазақ Төлеген Құдашбаевты балалары көлікпен дәрігерге апара жатқан. Осы кезде екі жақ жолға таласып, төбелесіп қалған. Қарияның жамбасы сынған, оның ұлының бас сүйегі мен миына зақым келгені хабарланған. Кейін сот Марат Юнхуды 2,6 жылға соттаған. Ал оның әкесі Эрсман Юнхудың бас бостандығын 2,6 жылға шектеген.

Қордайдағы жанжалдан соң Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов бастаған бірнеше шенеунік және полиция департаментінің басшысы қызметтен кетті. Облыс әкімінің орнына сол кезде премьер-министрдің орынбасары болған Бердібек Сапарбаев тағайындалды.

29 сәуірде Алматыдағы тергеу изоляторында ұлтаралық жанжалға байланысты ұсталған Бекбол Кибаев қайтыс болды. Прокуратура осы оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлаған. Оқиғаның басқа жайттары белгісіз.

Сөйтіп 19 қарашада әскери сот Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүңгендер арасындағы ұлтаралық жанжалға байланысты сотталған жеті адамның төртеуінің жазасын жұмсартқаны белгілі. Апелляциялық шағымды қараған сот төрт сотталушыға берілген түрме жазасын шартты жазамен ауыстырған. «Жаппай тәртіпсіздікке қатысты» деп айыпталған бұл сотталушылардың барлығы бірінші инстанцияда дәл осы мөлшерде түрме жазасын алған еді. Сот үкіміне сәйкес, бейсенбі күні бұл ақпаратты Informburo сайты жазды, әскери сот өкілдері растады. Сот қызметкерлері үкімнің үш күн ішінде онлайн ресурсқа салынатынын айтты.

Сайттың жазуынша, сотталушыларды 100 сағат қоғамдық жұмыс істеуге де міндеттеген. Сот оларды қамаудан бірден босату туралы қаулы шығарған. Қалған үш сотталушы: Абзал Нұраханов, Мырзағали Дүйсенбаев, Бақытбек Ибрагимовке шыққан сот үкімі өзгеріссіз қалған.

Бірінші инстанцияда «жаппай тәртіпсіздікке қатысты» ақпарат бойынша, 40-тан астам қалған айыпталушының ісі бойынша сот жақын арада басталады.

Қорыта айтсақ, осы Қордай қақтығысынан кейін 50-ден аса тепсе темір үзетін жас жігіт қамауға алынды. Ата заңымызға сай, ол азаматтарға сот әділ үкім етеді деген ойдамын. Дегенмен сол Қордай ауданы халқы атынан, және дүңген ағайындар көп қоныстанған үш ауылдың атынан билікке айтар датым бар. Сондай-ақ Қарасай, Қаракемер ауылдарында болған кездесуде халық «Сіз басқарып отырған газетті оқимыз. Билікте бұл газетпен санасады. Өйткені дәл сіздердей бізге жанашырлық танытқан, дәл сіздердей үнемі келіп хал-жағдайымызды білген орыс және қазақ баспасөзі жоққа тән. Жуырда ғана Өзіңіз басқаратын «Мөлдір бұлақ» журналының редакторы  Саят Қамшыгер келіп, оқушылармен  кездесу өткізіп кетті. Балаларымыздың тың туындыларын, көркем дүниелерін журналға шығарып, бала қиялының ұшталуына жасап жатқан еңбектеріңіз зор» деп ағынан жарылып өздерінің ішкі ойларында жасырмады. Ол жазықсыз жапа шегіп жатқан жастардың жайы баяғы.

Баспасөзге жазылу жайында халықпен өткен кездесу барысында бірнеше ата-ана менімен жеке жолығып, шемен болған шерлерін тарқатты.  Оларды көзге жас алмай, жүрегің ауырмай, жаның шырқырамай тыңдау мүмкін емес.  Балапанын қорғап шырылдаған торғайды көріп пе едіңіз, тап сол кеп.

Абақтыға қамалған жастардың біреуі нақақтан, енді біреуі абайсызда шатылған.  Тек әділ сот қана шешер түйін тұр. Егер сот айыптап, жаза тағайындап жіберсе кей отбасылардың шаңырағы шайқалып, бала жылап, ана күңіреніп, әке түңіліп кетуі әбден мүмкін.  Сот әлі болмаған, бәрі тергеу изоляторында жатыр. Сегіз ай болыпты. Елді дүрліктірген Қордай қақтығысына да бір жыл толады ақпан айында.

 

МҮЖІЛГЕН МҮГЕДЕК ӘКЕЛЕР, МҮГЕДЕК БОЙЖЕТКЕН, КҮЙЗЕЛГЕН АНАЛАР

Сегіз айдан бері қамауда жатқан  ұстаз, тарихшы  Мұраттың  үйінде болып жүрегім шаншып, жігерім мүқалып, көңілім күйзеліп қайтты. Менің сол үйде екенімді естіп, менің қолымда құзіретті бір күш тұрғандай  мұңға батқан аналар аңырап келіп, көз жастарын көл етті. Бұл да болса, әділдік іздеген аналардың, әйтеуір бір көмегі тиер деген сөнбеген үміттерінің  қоламтадағы шоқтай  бықсып, алға жетелегені деп түсіну керек.  Біздегі заң, өкінішке орай кей жағдайда аналардың жағдайына, тұрмысына, шиеттей бала-шағаның көз жасына, артында қалған біреуі ракпен, біреуі инсультпен әке-шешесіне, мүгедек бала, жас балаларына  асыраусыз қалғанына қарамайды. Тек әділ сот қана бұл айтқандарымды ескерер деген үмітім бар. Маған келіп, баспасөздің қуатына сенім артып араша сұраған аналардың бәрін тізіп шығу мұрат емес. Балалардың тар қапасқа қамалуы аналардың ортақ мұңы. Сондықтан үшеуіне арнайы тоқтала кетуді жөн көрдім.

Мұрат ұстаз

(Мына сілтемеге көңіл аударсаңыздар:  https://facebook.com/groups/2311275672530253/permalink/2664938590497291/)

Олар: ұлағатты ұстаз, ауылға да, елге де құрметті, оқушыларына абыройлы  Кибеков Мұраттың әйелі Ошақбаева Лилия және  Алиева Зеркүл (ұлы Алиев Сапар) мен Акимбаева Гульмира (ұлы Чарабас Максат)

Мені арнайы іздеп келген аналармен сөйлесу кезінде, адвокаттарымен қылмыстық істің ақ-қарасын қарау, танысу барысында, жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов мырза Қордай ісіне өзі тікелей араласып, әр істі жеке-жеке қаратады деген ойдамын.

Тіпті кейбір отбасының жалғыз асыраушысын кепілдікпен бостандыққа шығарса, әділ соттың мейірбандығына сусаған халық қандай қуанар еді. «Нағыз гуманды сот біздің елде деген» сөздің өзі қандай жүрекке жылы тиеді десеңші!

 

Чарабас Мақсат

 

«Қордай оқиғаларына қатысы бар деген күдікпен қамауға алынған ауылдас азаматымыз Қибеков Мұратқа араша сұраймыз. Оған ҚР ҚК 272 статьясы бойынша айып тағылуда. Ешкімді  арандатпаған, адам өлтірмеген, үй өртемеген, ұрлық жасамаған, кінәсіз адам қамауда отырғанына 2 айдан асты. Мұраттың қанды оқиғадан кейін қара қылды қақ жарып, камераға сөйлегенінен басқа кінәсі жоқ. Сөз бостандығын қолдайтын құқықтық мемлекетте өмір сүрудеміз. Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ. Бірімізге бала, бірімізге бауыр, бірімізге әріптес азаматтың ақталуына бас прокуратура мен сот алқасы септігін тигізер деп білеміз. Ауылдастар үніне құлақ түрсеңіздер екен» деген ауылдастар үндеуіне бей-жай қарау мүмкін бе өзі?

Жазықсыз түрмеге жабылған Сапар Алиевтің анасының сөзі жүректі ауыртады. «Масаншы оқиғасына байланысты облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлымен кездескен де болатынмын онлайн арқылы. Ол кісі мені жақсы қабылдаған-тын. Өзім 2018 жылдан рак ауруымен ауырып, ай сайын химия терапия алынады. 2018 жылдан онкологиялық аурудың есебінде тұрмын.

Сапардың  алты баласы бар артында. Қарындасының үш баласы, өзінің үш баласы. Бәрі мектеп жасындағы ұсақ балалар. Алдыңғы екеуі  7 және 5 жаста. Тағы екеуі 1 сыныпта оқиды. Соңғы екеудің біреуі 2-де, екіншісі 4-те.  Алладан күні-түні әкелерінің аман-есен келуін тілеуде. Жағдайымыз өте ауыр десе де болады. Мынадай қиын заманда баламыз нақақтан күйіп кетіп отыр.  Әділдік бар шығар жер бетінде. Соған сіздердің көмектеріңіз тие ме деп отырмын. Сапар үйдегі  қамқоршымыз да, асыраушымыз да, жалғыз ұлымыз да еді» дейді қамыққан ана.

 

Сапардың ұлы 4 жасар Ықылас

 

Мына хат маған бағытталыпты. «Сəлеметсіз Сəуле апай? Мен Чарабас Мақсаттың қысқаша отбасы жағдайын өзіңіздің қолыңызға бердім. Толықтыра  кету үшін, жеткен жетістіктерін жібердім. Енді Алланың қалауымен, сіздің қолдауыңызбен бір жақсылық болар деген үмітіміз бар.

Бəрі де бір Алланың қолында ғой, сіз себепші болсаңыз ісіңізге сəттілік тілеймін. Апай сіз қолымнан келген көмегімді көрсетемін,  біздікі басу  «екі ортаға алтын көпір болу», балам қылмыскер емес. Қазағым деген жігіттің бірі. Аман-есен шығып жатса сізді  жерге қаратпайды. Елінің сенімін ақтайтын жігіт. Біз  баламызға еш көмек бере алмаған соң, қатты  қынжылдық. Сізбен жолыққан соң, сізді бізге Алла өзі көз жасымызды көріп жəрдемге жібергендей сезім пайда болды. Сіздің сөз жылуыңыз бізге дем беріп, қайта еңсемізді көтере бастадық, қайта бір үміт пайда бола бастады. Облыс әкіміне де рахмет, бəрі жақсы болады деп үміттендірген. Рүстем Рысбай ұлына (аудан əкімі) өз отбасымның атынан алғысымыз шексіз. Үйімізге келіп, жағдайымызды көріп, қолынан келер көмегін көрсетіп жүр. Жағдайымызды сұрап, біліп тұрады. Алла разы болсын. Сізге ең бастысы денсаулық тілеймін. Ісіңізге сəттілік тілеймін!» дейді тағы бір ана.

Жалпы мына жалған дүниеде қателескен пендеге, нақақтан күйген пендеге, сүрініп кеткен пендеге тағы бір мүмкіндік туғызуға неге болмасқа? Көз жасына қарамай, шиеттей бала-шағасын аямай, қарт ата-анасын бағаламай соттай беруге неге құмармыз осы? Ол жақтан жастар түзеліп келе ме, әлде бәрінен күдер үзіп келе ме, осыны да бір сәт сот мүшелері қаперге алса шіркін, дейсің! Мына жалған дүниеде  жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ бар ма!

 

Ұстаз Мұраттың қызы

 

Мүжілген мүгедек  әкелер, бойжеткен мүгедек қыз, кәмелетке жетпеген жас бүлдіршіндер зарлап жылаған, жанарын мұң шалған аналар, жас келінді  көрдім. Кім баласын жаман дейді? Кім баламдікі теріс дейді? Бәрі де баласы үшін отқа да, суға да түсуге дайын отыр. Онсыз да аз қазақтың жылағанын көргеннен жаман нәрсе бар десе сенбеймін ешқашан! Жазықсыз жала жабылып, сотталып жатқан баласына адвокат жалдауға ақша таба алмай зар жылаған ананың сөзін тыңдаудан ауыр не бар ағайын!

Осы сапарда бір байқағаным, әкімдер мен облыс басшылығы да жапа шегіп отырған отбасыларға қолдау білдіруге ниетті. Бірақ соттан асып не істей алады? Қанатымен су сепкен қарылғаштай пейілдеріне мұңайған отбасылар дән риза!

Ұзынқұлақтан естуімше, тап осы қамалып отырған балалардай статьясы бар жастар қамаудан босағанын естіп, үміт оты кеудемде жарқ етті. Тек өлім-жітімге қатысы болмаса болды деген жағымды жаңалық та жанға қуат беріп тұр.

Әріптесіміз, осы өңірдің белгілі журналисі Нұржан Қадірәлі Фб парақшасында: «Президент рақымшылығы риясыз көңіл қуантты!

Елбең-елбең жүгірген,

Ебелек отқа семірген

Арғымақ мінген жаратып,

Ақ сауыт киген темірден,

Алатаудай бабалар,

Аруағыңмен жебей көр!

…Тұтқынға түстім жаутаңдай,

Жоламай ешкім қасыма.

Бара қалсаң, сәлем айт,

Сырттағы құрбы-досыма, – деп қазақтың қаһарман оғланы Қайрат Рысқұлбеков айтқандай, Қордайдағы жағдайдан кейін тергеуге ілініп, темір торға тоғытылған азаматтардың төртеуі үйіне, отбасы-ошақ қасына оралды деген қуанышты хабар естідік. Олардың ақ жаулықты аналары, аяулы жарлары, ағайын-туыстары жанары жәудіреген бүлдіршіндерінің көз жасын төккізбеуді, жанұяны арқасүйерінен айырмауды сұрап, ел Президентіне бірнеше мәрте өтініш жазған екен. Нәтижесінде Мемлекет басшысы рақымшылық жасап, қазір төрт азамат үйіне оралды. Бек қуаныштымыз!!!» деп жазды. Бұл әрине үлкен қуаныш! Ақ түйенің қарнын жарып тойлатын қуаныш!

 

«МАСАНШЫ» МЕН «СОРТӨБЕ»… НЕГЕ ОЛАР БІР ТӨБЕ?

Елді аралап жүріп түрлі қауесетке де куә болдым. Анамын ғой, жүрегім шаншыды. Бір еңіреген ананың мына бір сөзі де көңіл тақтасына жазылып қалды. «Ауылдастарым сізге де айтқан шығар. Кездесуде тергеудегілердің бетін көрсетпейтін болыпты. Бұрын ортада әйнек тұрушы еді ғой. Қазір жауап тастапты. Тек даусын естиді. Сол жағы да көп сұрақ тудырып отыр. Беттеріне не болған олардың, неге көрсетпейді.  Оны да жылы жауып қояр едік, аман-есен шығарса» деп еді мұңайып. Бұл да күмәнді ойға жетелейтін сауал негізі. Бұл айтқанымды да жоғары жақтағылар қаперіне алар деп  жазып отырмын.

Осы жолғы сапарда Қордай ауданы әкімі Рүстем Дәулеттің идеясымен қазақ пен дүнгеннің достығын, ынтымағын дәріптеген «Tagylym» деген қысқаметражды фильм түсірілгенін көрдім  https://m.facebook.com/story.php?story_fbid=1670318083147578&id=100005082063852

Ең жаманы сол фильмнің астындағы комментарий жазатын жерде дүңген ағайындар мен қазақтардың салғыласып жатқаны ұнамады маған.  Елдің тұтастығын ойлап, Президентіміздің өзі тікелей бақылап отырған елдімекенде осыншама төгілген термен, жасалған жағдайға әлі күнге мұрнын пысқыра қарап отырған ағайындар бары қандай өкініш! Қандай қасірет!

Былайша айтқанда идеологияға жұмыс істеуі тиіс фильм жараның бетін қайта тырнап қанатып жатқан сияқты көрінді маған.

Бұл да әлі күнге «Қордай қақтығысының» сырты бүтін, іші түтін екенін көрсетіп тұрған  сияқты ма қалай?

Менің Қордай ауданына келіп тұрып мынаған көзім анық жетті. Халықтың алғысын алған оқушылардың сүйікті ұстазы тарихшы Мұраттың үйінде болғанымда оның үш қызы барын естідім. Біреуі тұрмыста екен. Екінші қызы 10-11 сыныпта оқиды. Ал үлкен қызы 27 жаста. Мүгедек. Қолында.  Әйелі жұмыс істемейді, мүгедек қызға қарайды.

Айтайын дегенім, балалары қапастағы аналар мені осы үйге іздеп келді. Өте сақ бәрі де. Артық-ауыс сөз айтуға батылдары бармайды. Түрмедегі балаларға кесірі тие ме деп қорқады, шамасы.

Көрген-білгенімді саралап отырсам, дүңген ағайындарға бар жағдай жасалынған секілді. Онсыз да тұрып жатқан жерлері жәннатқа бергісіз. Жерлері шұрайлы. Өзені тұп-тұнық. Осындай нығметті көтере алмай, асып – тасыса дүңген ағайындар, онда тым шектен шығып кеткендері деп шамалаймын. Ал келеңсіз оқиға кездейсоқ орын алса, онда түсіністікпен қарауға мәжбүрмін…

Масаншыдағы екі орыс мектептің бұрынғы директорлары дүңген ағайындар еді, қазір қазақтарға беріліпті. Сырт көз сыншы ғой, оларда жалтақтық бар секілді. Бәлкім тапсырма солай ма? Әрине алғашқы жылдары қиындық туады. Өйткені кешегі қақтығыстың да ызғары әлі кете қойған жоқ. Білуімше Масаншыда 20 мыңдай халық бар. Сортөбеде 25 мың тұрғын бар. Монахалық. Монаауыл. Бәрі дүнген ағайындар. Тіпті біздің көзімізше өз тілдерінде сөйлеседі. Қарқ-қарқ күледі. Тілдерін құрметтеуге, сақтауға деген ықыластарына мен де тәнтімін. Бірақ тым болмаса біздің алдымызда тізгін тартып, сәл де болса бізге «түсінікті тілде» шүйіркелесіп жатса мәз болып қаламыз ғой. Бұларда ол жоқ. Бізге қыр көрсеткендей кейіп байқалады.  Қазаққа құрметі осы болса жетіскен екенбіз. Жасап жатқан жағдайға, көрсетіп жатқан құрметке айтқан алғыстары осы ма? Тіл үйренеміз, қазаққа адал боламыз деген адам бұлай шалқаймаса керек-ті.  Себебін өзімізден де көрем, өзіміз құрметтемеген тілді өзге керек ете ме?!

Қазақстандағы түрлі этнос өкілдерінің татулығы мен береке-бірлігі жайлы жиі айтамыз. Этносаралық қатынастардың қазақстандық моделі ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясын бетке ұстаймыз. Дегенмен этносаралық қатынастардың өзіндік ерекшеліктері, ұлыстар арасындағы татулықты сақтаудың тың тәсілдері, заманауи сын тегеуріндер бар екенін жоққа шығармаймыз. Кейде этносаралық қайшылықтар болуы мүмкін екенін мойындамайтын тәріздіміз. Әрі «баршаның баласын» қазақтың төңірегіне топтастыруға бағытталған саясатымыз да тым сәтті еместей көрінеді.

Қазақстанның бірқатар аймақтарында шоғырланып өмір сүріп жатқан кейбір этнос өкілдерінің ішкі көші-қонға араласу деңгейінің төмен екені байқалады. Себеп неде? Неге оңтүстіктен солтүстікке жұмыс күшін тартуда мұны ескермедік?

Еліміздегі түрлі этнос өкілдері ішкі көші-қонға аздап болса да араласа бастағаны рас. Ал егер жұмыс орнын ашып, мемлекеттік бағдарлама бойынша оларды сол жерлерге қоныстандыратын болсақ, алдымен процеске қатысатын этностың ішкі қарым-қатынастарын, отбасылық-әулеттік жағдайын, құндылықтарын ескеру қажет. Сондықтан бағдарлама даярланғанда немесе оны жүзеге асырған кезде мұндай ерекшеліктерге назар аудару керек. Мысалы, әлеуметтік-демографиялық зерттеулер де маңызды. Мұндай зерттеулер этностың демографиялық потенциалы қандай, жастар саны қанша, еңбек нарығына кіру мерзімі, өздері қоныстанған өңірде еңбек нарығы оларды толық қамтамасыз ете ме, жоқ па және басқа да осыған ұқсас көрсеткіштер ескерілгені дұрыс. Ішкі көші-қон мен еңбек потенциалын бағалау кезінде мұндай өлшемдерді бірінші кезекте назарда ұстаған жөн. Мен мұны Масаншы мен Сортөбеге қатысты айтып отырмын. Әйтпесе Дүңген ағайындардың осы екі ауылда өз «заңдары» мен өз «талаптары» күшті екенін бір көрген адам аңғара алады. Сондықтан сең қозғалуы керек. Сырттан ағыс келіп жаңармаса, бір жерде тұрған көлшіктің иістенетіні бізге сабақ болуы тиіс.

 

АНАЛАР: «БАР ҮМІТ СОТ ТӨРАҒАСЫ ЖАҚЫП АСАНОВТА»

ТҮЙІН: Бірді айтып, бірге кете бердім-ау, Қордай сапарында жылаған аналардың көз жасынан жарты жасым кеміді. Өйткені біреудің жалғызы, біреудің асыраушысы түрмеде жатыр. Олардың ішінде қақтығысқа қатыспаса да, әділетсіз істерге күйінген, көп жыл қордаланған проблеманы ашып айтуға оқталғандар да жүр.

Қақтығыстан кейін дүңген ағайындар мен жергілікті қазақтар өзара келісімге келіп, жауапқа тартылғандарды кешіруге, босатуға келісім бергені есімізде. Арнайы өтініш хаттары да жөнелтілген. Оны жоғары сот төрағасы Асанов та, Бас прокуратура, облыстық прокуратура да біледі.

Сонымен қақтығысқа қатысты деген жаламен ұсталған төрт жігіттің әділ сот арқылы бостандыққа шығуы, көптеген аналардың үмітін үкілеп отыр.

Осындай рақымшылық өзге де азаматтарға, әсіресе қаракемерлік жігіттерге де жасалса деген арманым бар. Әрине мен емес,  Сот төрелігін әділ айтуы тиіс. Өйткені олардың да отбасына оңай соғып тұрған жоқ. Шындығында олар оқ атылып, үй өртенген жаққа соңынан ғана барған. Сондықтан кейбірі жаламен тергеліп жатқан болуы да әбден мүмкін. Қаракемерліктер ауылдың абыройы, амандығы жолында аттандап атқа қонғаны үшін айыпты болып отыр. Бірақ кім бастады деген сұрақты қазбалайтын болсақ, таяқтың екінші ұшы бар екенін ұмытпауы тиіс әділ сот пен прокурорлар. Бұра тартты демеңіздер, қазақ жігіттері  қос ауыл арасындағы жанжалды бірінші болып бастамағанын ел айтып отыр.  Халық айтса қалып айтпайды ешқашан.  Сосын әділ соттан сұрайтыным, Қордайдағы сотқа барлық қазақ жұрты сеніммен қарауда. Өйткені қазақ жастарының жігері мен намысын балталау, олардың өршіл рухын сындыру, келешек жастардың да бойына үрей нөсерін себелеп өтуі әбден мүмкін. Ал рухы сынған, намысы тапталған, қыжылы қайтқан ұрпақтан, елді қорғайтын жалынды ұрпақ өрбуі неғайбыл. Осыны естеріңізден шығармасаңыздар екен! Бұл менің аналық  ақ тілегім!

Бірден айтайын, Қордайдағы қос ауыл (Қаракемер, Масаншы) тұрғындарының қақтығысына қатысты сот шешіміне енгізілген өзгерістер біраз отбасының күпті көңілінің күдігін сейілтті. Дүнган ағайындарды бөле-жарғым келмейді…

Жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін деген айып тағылған 4 азаматтың жазасы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың рақымшылық беруімен жеңілдеп, бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалыпты. Түсінгенім, енді темір тордың арғы жағында отырмайтын болыпты. Бұл абақтыда екі көздері төрт болып отырған қыршын жастарға жұғысты болғай дегім келеді.

Бұл мақаламды жоғары сот төрағасы Жақып Асановқа арнауым да бекер емес. Өйткені барлық адам анадан туады. Ана сүтімен ержетіп, толысып, мансап, байлық, даналық қуады. Әлемде ананың нәзіктігіне, ананың жанашырлығына жетер дүние жоқ.  Әйел-ана бір қолымен бала тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді деп бекер дәріптелмейтін болса керек. Төмендегі аналар құрметті Төраға сізден әділдік күтеді! Болар іс болды. Қазақта «Қол сынса жең ішінде, бас жарылса бөрік ішінде» деген керемет тәмсіл бар. Ел тұтастығы бәрімізге қымбат. Ел ішіне іріткі салу – кешірілмес қателіктердің бірі. Әйтседе бабалар даналығында «Адасқанның айыбы жоқ, қайтіп үйірін тапқан соң» деген де сөз бар. Кешегі әділ билер заманында жетімді жылатпау үшін, бұзақыны қаңғыртпау үшін,  шаңырақты шайқалтпау үшін, ананы баладан, баланы анадан айырмау үшін, «Алдыңа келсе атаңның құнын кеш» депті.

Құрметті төраға! Сізде қабырғалы қазақтың  бір баласысыз. Бәлкім сіз, көп нәрседен бейхабар боларсыз! Оған қым-қуыт жұмысыңыз кедергісін келтіріп жатқан болар. Алайда адам тағдыры сынға түскен сот процестерінде тәжірибеңіз мол екеніне сенімім зор. Сондықтан да Қордай оқиғасына бей-жай қарамайтыныңызға сенімдімін. Жамбыл облысына арнайы барып, аналармен жүздесіп, не көргенімді, көкірекке не түйгенімді өзіңізге ашық жазып отырмын. Астарлап болса да, кей мәселелерді қаузап кеттім. Кей жерде ашынғаннан ащы дауысым шығып кетіп жатса, ғафу өтінемін!

Және де бейбіт күнде  зар еңіреген аналардың  өзіңізге үлкен үмітпен қарап отырғанын жеткізгім келеді. Сабыр Адай ақын айтпақшы «Әр қазақ менің жалғызым» дей отырып (тар қапаста өзге ұлт өкілдері де жатыр. Оларды да өз баламдай бауырыма баса отырып) жалындаған жастардың өміріне нақақтан-нақақ балта шабылмаса екен деймін.

Сізге жандарын шүберекке түйген аналардың бір шоғырының есімдерін жолдап отырмын. Олар сізден көмек күтуде!

Алиева Зеркүл (ұлы Алиев Сапар)

Акимбаева Гульмира (ұлы Чарабас Максат)

Соғамбаева Айғаныш  (ұлы Нурдәлі Әльдар). Бұл баланың әкесі төсек тартып жатыр. Балам кашан кіріп келер екен деп есікке телмірумен күні өтуде.

Тореева Бейсехан (ұлы Тореев Азамат )

Ахметжанова Зульфия (ұлы Токен Мейрамбек) Осы Токен Мейрамбек кішкентайлы болыпты. Бірақ баласының маңдайынан бір иіскеуге зар болып қапаста жатыр.

Ошакбаева Лилия (күйеуі Кибеков Мурат)

Оңалбай Айзада  (күйеуі Жаныбек Бақытжан)

Жабдыкбаева Жанар (күйеуі Ибраимов Бақытбек) Бұл азаматтың әкесі кайтыс болыпты. Топырақта сала алмапты. Ұзак жылдар қант диабетімен ауырған кісі екен.

Баласы қамалғанда төсек тартып жатып қалған, содан тұрмаған.

Акимбаева Гульмира (ұлы Чарабас Мақсат)

 

Сәуле Мешітбайқызы,

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері