Аналарымыз ұлтты осылай сақтаған!..
Баяғыда Хожай деген бай саудагер болыпты. Бұрыңғылалардың батасында «Ер Қосайдың жолын берсін, Хожай саудагердің саудасын берсін»,— дейтін жолдар бар еді.
Хожай саудагер бір күні Ер Қосайға мақтаныпты:
— Арғынның Ақсары биінің үйінде жатамын. Ардақты қызы Ботагөз сұлу некелі қатынымдай, — депті.
— Өтірік сөз, ол сені қойнына алмайды, — депті Ер Қосай.
Ақыры екеуі ерегесіп бәстесіпті. Егерде сарттың сөзі рас болса, Қосай бар жиған-тергенін сартың алдына салып береді. Хожайдың сөзі жалған болса маңдайындағысын Қосайдың қолына тапсырмақшы болады.
Базар тарқап, Қосай мен Хожай саудагер арғынның Ақсары биінің ауылына келеді. Қатын-қалаш, бала-шаға бәрі үймелеп келіп жатыр. Хожай дүниені аямай шашып-төгеді. Келгендердің бірі — Ботагөз сұлу. Бәрі тарқаған кезде Ботагөз сұлуды Хожай бай жалғыз алып қалып, жалынып:
— Баяғыдан бері алдадың, енді бүгін қойныңа ал! — деп жабысыпты.
Қыз айтыпты:
— Ит ас ішетұғын итаяққа жылы су төгейін, соны іш. Мені шын жақсы көретіндігіңді дәлелдесең, білгеніңді қыл — депті.
Хожай сорлы қыздың не айтқанын орындайды.
Қыз:
— Тойдың ба, шөлің қанды ма? — депті.
Хожай:
— Дүниеде сусын іздеместей шөлім қанды, — деп жауап қатады.
— Ендеше осы тойғаның да жетер. Итаяқтан адам асішпес, ішкен сарттың астына ит те жатпас! — деп, қыз үйіне тұра жөнеліпті.
Қыздың ары — ұлттың ары! Аналарымыз ұлтты осылай сақтаған. Байлық үшін ешкімге арын сатпаған!