Ананың бәрі асыл, бәрі алтын

Ананың бәрі асыл, бәрі алтын. Баланы жарық дүниеге алып келіп, оның жер басып жүруіне, тілі шығып былдырлап, үні сыңғырлап ойнап-күлуіне барлық жағдайды жасайтын — ана. Тілі шыққан күннен барлық жақсылықты үйретіп, санасына сіңіріп, имандылыққа баулитын да анаң. Соның арқасында біз бір Құдай бар екенін білеміз, оған сенеміз және өмірбақи сол сеніммен өтеміз. Ана өзі өле-өлген-ше баласының тірлігін,  амандығын тілеп өтеді.

Менің анам Шырынкүл Абызбайқызы (1912-1970 ж.ж.) да сондай асыл аналардың бірі. Сол анадан туған үлкен әпкем Күміскүл мен кіші қарындасым Бейбіткүлдің арасында мен Ұзақбай ерке ұл бала болып өстім. Негізі анам 13 құрсақ көтергенімен, шешек ауруынан шетінен шетіней берген көрінеді. Содан Құдай сақтап, Күміскүл әкпем, Бейбіткүл қарындасым үшеуіміз аман қалыппыз.

Күміскүл әкпем күйеуі Тоқтармен бірге Ленин колхозында ауыл тірлігімен айналысты. Әпкем сиыр сауады.Ол кезде сүт сауатын машина жоқ. Қолмен сауады. Таңғы 5-тен тұрып сиыр фермасында жүреді. Күніне кемінде 25-30 литрден сүт тапсырады. Ешбір тыным таппайды. Осындай ерен еңбегінің арқасында аудандық кеңеске депутат болып сайланды. Ал Тоқтар колхозда атақты тракторшы болды. Ол да ерен еңбегімен көзге түсіп, ауыл-аймаққа сыйлы азамат атанды. Анам да оны өз баласындай сыйлап, қадірлей білді.
Тоқтар мен әкпем жарасты жанұя атанып, Аман деген баласын өсірді. Оның үйіндегі Мираш деген келіннен 6 немере көрді. Құдайға шүкір, анамыз Күміс қызынан шөбере де көрді. Бейбіткүл қызына келетін болсақ, күйеуі Әділмен бірге олар да көп бейнеттене жүріп, жақсы өмір сүре білді. Әділ күндіз тракторын айдаса, кешке қарай қоян, түйетауық асырап, соларды жақсылап күтетін, сонымен бірге азын-аулақ қойы мен сиырын баптайтын. Әйтеуір еңбектеніп, тыным таппайтын. Бейбіткүл мен Әділден Шыңғыс, Айдар, Азамат деген үш ұл, Нұрсұлу атты бір қыз өсіп-өнді. Әке-шешесі оларды жастайынан еңбекке баулып, адамгершілікке тән жақсы тәрбие бере білді.
Анам Шырынкүл осындай ұл-қыздар мен олардан өсіп-өнген немере, шөберелерінің ортасында өзін шын бақытты санайтын.
Сол анам 1972 жылы 60 жасында өмірден өткен еді.
Әкемнің шешесі Барша әжем мені бауырына басып, емірене сылап-сипап, аялап өсірді. Әжемнің мейірбанды жарқын бейнесі әлі күнге дейін көз алдымда.Анамның әкесі Абызбай қарт ауыл-аймаққа аты белгілі палуан, көкпаршы болған екен.

Абайдың батасын алған Абызбай

Абызбай небір тұтасқан додаға баса-көктеп кіріп кетіп, серкені қалың топтан еркін суырып шығады екен. Көкпарды қай үйдің есігінің алдына апарып тастаса, сол үйдің, ауылдың абыройы артып, арты тойға айналады екен. Абызбай ата сөйтіп, ауылдың берекесін келтіріп, талай адамның батасын алған абыройлы адам болған. Айта берсе, Абызбайдың палуандық ерліктері де жеткілікті. Алдымен Арыс өзенінің бойындағы айқаста өзбектің Мәрасыл деген палуанын ат үстінен аударып түсіріп, бәйгеге тіккен атан өгізді жеңіп алады.
Абызбайдың екінші ерлігі Аспара өзенінің жағасында көрінеді. Қазақ елі қашан да көкпаршыл емес пе? Аспараның арғы жағы қырғыздар да, бергі жағы қазақтар. Қазақтар той-томалақ жасап, көкпар тартса, қырғыздың шабандоздары жетіп келіп, араласып кетеді екен. Кезі келсе, көкпарды алып кетіп, бәйге олжаларын олжалап қайтатын көрінеді. Сондай қызықтың бірінде қырғыздың Бақтығұлбек деген шабандоз палуанымен көкпарға араласып, қыза келе көкпарды ала қашады ғой. Абызбай арттарынан қуа отырып, Аспара өзенінің бойында қуып жетеді. Екі палуан тартыса кетеді. Бір кезде Абызбай Бақтығұлдан серкені тартып алып, өзін ат-матымен Аспараның батпағына батырып жібереді. Артынан Абызбайдың өзі құтқарып, Бақтығұл ажалдан әрең аман қалады. «Аруақты Абызбай сен екенсің ғой. Мен жеңілдім, енді екеуіміз дос болайық», — деп қол алысып, құшақтасып достасады. Абызбай Шуға жақын Абай ауылына алып келіп, Бақтығұлды бірнеше күн қонақ қылады.
Абызбай кейіннен Жидебайға да барып, өзінің шабандоздық, палуандық ерліктерін көрсетіп, ақын Абаймен танысып, батасын алып қайтқан ғой. Доданы топ ішінен жарып шығып, серкені тақымына басып, зымырап бара жатқанда, Абызбайдың көкпар тартысына шын риза болған Абай төбе басында отырып: «Міне, қазақты көркейтетін осылар ғой. Көсегесі көгере берсін», — деп ақ батасын берген екен.

Шәмші Ана туралы жырын менің анама арнаған

Сол әулие Абызбайдың Шырынкүл қызынан мен тусам, Сақыпжамал атты қызынан Шәмші Қалдаяқов туған. Сонда, Шәмші екеуіміз бөле болып келеміз.
Мен политехникалық институтта оқып жүрген кезім. Бір күні Шәмші келіп:
— Алдымен Шуға, одан кейін Абызбай атам мен Сақыпжамал анам жатқан Шиеліге барып қайтайық, — деді.
Біз бұрынғы Новотройск, қазіргі Төле би ауылында 10 күндей қонақ болып, Шиеліге аттанып кеттік. Шәмші Шырынкүл анамды көремін деп, ерекше жақсы көңіл күймен келе жатты. Анамның жалғыз інісі Сағынтай ағам мен Қалия жеңеше жандары қалмай күтіп алды. Шырынкүл анам менен бұрын Шәмшіні құшақтап тұрып: «Сақыпжамалымның көзі келді ғой», — деп біраз жылап алды. Содан кейін барып мені құшақтап сүйді. Сол жерде Шәмші: «Мынау ән Сақыпжамал және Шырынкүл аналарыма арналған», — деп Ана туралы жырын өз дауысымен шырқап жіберді:
Әлемнің жарығын
Сыйладың сен маған.
Даланың бар гүлін
Жинадым мен саған.
Сен бердің құстардың
Қанатын самғаған.
Балалық құштарым
Өзіңе арналған, — деп әнді түгелдей айтып, шырқап, менің анамның алдында бас иді.
Институттың соңғы курсында демалыста тағы да ауылға бардым. Анам құшақ жая қарсы алып, мәз-мейрам болып қалды. Бір жағынан Бейбіткүл қарындасым да мойныма жас балаша асылып жатыр. Қарындасым кәдімгідей бойжетіп қалған. Анама көмектесіп, үйдің бар шаруасын бір өзі тындыратын көрінеді. Біраз күн мауқымды басып, Алматыға кері оралатын болдым. Анам не берерін білмей қипақтап, өзінің зейнетақысын қалтама салып жатыр. Содан соң бір қомақты дорба ұстатты:
— Мынау бидай әрі тары талқаны, жартысын Шәмші балама да берерсің, — деп қойды.
Мен болсам талқанды алып жүруге ұялдым. Сонда да болса үйге келген соң дорбаны босағаға қоя салдым. Ол кезде Шәмші менімен бірге біздің үйде тұратын. Күнделікті әдетімен Шәмші келе қоймапты, ол кештеу келетін. Ол келе сала Шырынкүл анамның, ауылдың жағдайын сұрап жатыр:
— Кәне, анам маған не беріп жіберіпті?, — дейді әлденені күткендей.
Ішінде талқан бар деуге ұялып:
— Анау бір дорбаны беріп жіберді, — дей салдым.
Шәмші дорбаны тағатсыз ашып жіберіп, талқанды көргенде, балаша қуанбасы бар ма:
— Міне, маған керегі осы емес пе? — деп, талқанды табақшаға салып, үстіне сүт құйып, араластырып, апыл-ғұпыл асап жей бастады. — Айналайын апам-ай,
«Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» десе де, бізді есінен шығармай, қамқорлық жасап жатқанын қарашы.
Мен менсінбей келген талқанды Шәмші шын сүйсініп жеп жатқанын көргенде, оны беріп жіберген анама да, оны алыстан арқалап келген өзі ме де риза болып қалдым.

Менің әкем..

Әкем Омар қарапайым, еңбекқор адам еді. Аздаған білімімен ауылда мал дәрігері болып істеп жүргенде соғыс басталып кетті де, майданға аттанды. Көп ұзамай жараланып елге оралып, біраз емделіп, жүріп-тұруға, еңбекке жарағаннан кейін қайтадан майданға алып кетті. Содан ауыр жараланып, 1950 жылы бір-ақ оралды. Кеудесі толы жарқыраған медаль, орден болғанымен, мен соғысқа қатыстым, абыроймен оралдым деп мақтанған кісі емес. Өле-өлгенше колхоз малын бағысып, күтіп, емдеп, адал еңбек атқарып өтті. Ауыр еңбектің әрі соғыстың зардабы бар, Омар әкем 1959 жылы қайтыс болды. Шаңырағымыз ортасына түскендей сезінгеніммен, анам соның бәрін жуып-шайып, әкемнің жоқтығын сездірмеді. Тамағымды дайындап, кірімді жуып, киімдерімді жамап-жасқап, қас-қабағыма қарап отырды. Туысты туыстай, ағайынды ағайындай бауыр басып, араласып жүрді.
Әкемнің әкесі Қожантты көргенім жоқ. Елдің айтуынша, молдалығы болған кісі екен. Құранды ашып қойып, оқып отырып жылап отырады екен. Менің кітапқұмарлығым сол атама тартса керек.
Омар әкем мен Шырынкүл шешем екеуі қатар тұрып тоған бекітіп, арық қазғанда алдарына жан салмайды екен. Сондай еңбектерін ерекше бағалаған бастық екеуіне керзовый бәтеңке беріпті. Бұл ол кезде көптің қолы жете бермейтін үлкен сыйлық екен.
Әкем кейіннен соғыста аяғынан және қолынан жараланып, елге оралып, ауылда мал дәрігері болып істеп жүрген кезінде «в тылу» деген көтерме сөзбен Шудың Қосқұдық деген жеріне алып кетеді. Сонда мен іште қалып бара жатқан бала екенмін. Сол кезде әкемнің қарындасы Теңгеш вокзалға тұра жүгіреді. Жанұшыра жетсе, пойыз қозғалып бара жатыр екен. Сонда әкем Теңгешке вагонның терезесінен қағаз лақтырады. Теңгеш алып оқыса: «Айналайын Теңгеш, Шырынкүлге бас-көз бол, ішінде бала қалып барады. Аман-есен босанса, атын Ұзақбай қойыңдар, баланы барынша бағып-қағыңдар, тіл-көзден аман болсын!», — деп жазыпты.
Әкем содан 4 жыл жоқ болып кетіп, 1950 жылы бір-ақ оралған ғой. 1952 жылы Бейбіткүл қарындасым өмірге келгенде менің қуанышымда шек болған жоқ. Қой сойып, көрші-қолаңды шақырып, шағын той-томалақ жасадық. Алайда әкеміз Омар соғыс салған зардаптың салдарынан1959 жылы қайтыс болды. Ендігі бар ауыртпалық анамыздың басына түсті. Бірақ қиындыққа мойымай, біздерді сабағымыздан қалдырмады. Біздер де анамыздың сенімін ақтап, сабағымызды жақсы оқып жүрдік. Анамыз болса таңертеңнен кешке дейін тыным таппайды. Ерте тұрып ферма сиырын сауса, сәске болмай қырманға жүгіреді. Бидай тазалап, одан оны машинаға тиеседі. Кешке өрістен қайтқан малды сауып, сүтін пісіріп, бізді тамақтандырады. Күбі пісіп, сүзбе, қаймақ дайындайды. Содан түннің жарымына дейін көз шырымын алмай еңбек етумен болады. Таң сібірлеп ата бере келесі күннің кезекті тірілігі қайта басталады.
Анамның жалғыз інісі Сағынтай Арыс стансасында теміржол бастығы болып істейтін. Шәуілдірдегі Темір совхозында мен Абызбайдың қарындасы Сақыпжамалмен, Шәмшінің туған інісі Қадырмен танысып, олармен тай-құлындай тебісіп, ойнап-күліп қатар өстік.
1953 жылы Сағынтай Арыстан Шиелі стансасына ауысқаннан кейін біз де сонда көштік. Ел есін енді жиып, тойынамыз ба деген шақта қызыл көсеміміз Сталин өліп, халық күңіреніп кетті. Көзіне жас алмаған адам болған жоқ. Артынша өкімет басына Маленков келді. Ол біраз жақсылықтар жасап, нанның бағасын тұрақтандырды. Сонда да қарнымыз тойып нан жемейтінбіз. Жанның бәрі колхоз, совхоздарда күн-түні жұмыс жасап, еңбеккүндерімен күн көретін. Қала берді, азын-аулақ өз шаруаларымен айналысады: жер жыртады, оған бидай, тары, жүгері егеді. Жерді тырмалап, дәнді қолмен себеді. Себілген дәнге торғайлар жау болса, дән сабақтанып өсе келе оған ауыл малы қырғидай тиеді. Торғайды сақпанмен қорғаса, малға қарсы қалқиған қолдан жасаған қарауылшықтар қояды. Қойшы, әйтеуір ауыл тіршілігі бір тынбайды. Кәрі де, жас та егінді аман-есен жинауға бар жандарын салады.
Бірде Сара деген көрші әйел ауырып қалды да, жері жыртылмай, егіні егілмей қалатын болғандықтан, анамыз өз жұмысын тастай сала, сол Сараның жерін жыртып, егінін егісуге көмектесті. Ал егіні жақсы өніп-өскеннен кейін, Сараның өзі оны бір ұл, бір қызымен жинап алып, анамызға алғысын жаудырды. Ол кісі өле-өлгенше біздермен туысқандай біте қайнасып, араласып кетті. Сара менің өкіл шешем ретінде жанындай жақсы көретін және мені «Натай» деп еркелететін. «Натай» деген не сөз десем, кейіннен білдім, «нардай» деген сөзі екен.
Біздер жеркепеде тұрамыз. Жеркепе дегеніміз қырдың, төбенің жарлау беткейін төрт бұрыштап ойып, айналасын қамыспен қоршап, сексеуілмен қымтап, төбесін ағаш бұтақтарымен, шыммен жауып, есік жасап, кәдімгі жер тамға ұқсатып, сонда тұра береміз. Сүтіміз де, піскен айранымыз да босағада тұра береді. Кепемізге кейде қарлығаштар ұшып келіп, тасбақа да кіріп кетеді. 6-7 жасар кезім, мен бірде қатты ұйықтап кетіппін. Енді бірде кеудемнен бір суық нәрсе жылжып бара жатқандай болды. Көзімді әзер ашып қарасам, ұзындығы бір құлаштай қара шұбар жылан белімнен асып барып, босағаға иіріліп жата кетті. Мен алғаш қатты қорқып қалғаныммен, бірте-бірте бойымды билеп, есімді жидым. Үлкендерден, анамнан естіген сөзім бар: үйге кірген жыланның басына ақ құйып шығарады деген. Сонда жылан адамға тиіспей жайлап шығып кетеді дейтін. Сол әңгіме есіме түсе кетті де, кішкене тостағанды алып, қазанда тұрған сүттен құйып алып, жыланға жақындадым. Ол біртіндеп басын көтерді. Мен жақындап барып тостағанды алдына қоя салдым. Жылан тостағанға басын салды да, сүттен екі-үш рет ұрттағандай болып, сыртқа қарай жылжи жөнелді.
Менің жыланды алдына ақ қойып шығарып салғанымды естігенде анам: «Балам, өте дұрыс істегенсің. Енді сенің иең бар. Ол киелі жылан екен», — деп үстінен үлкен бір жүк түскендей кеудесін бір керіп, еркін демін алды. Содан кейін жыланға байланысты мынандай бір әңгімені айтып бергені бар. Ертеректе Сырдың бойында Қайырғали деген шаруа бір шүйгін жерді көріп, сол жерге егін салмақшы болады. Мұны байқаған ауылдастары: «ол киелі жер, егін саламын деп әуреленбей-ақ қой», — деп ескертеді. Бірақ алған бетінен қайтпаған Қайырғали жаңағы өзі көздеген жерді тегістеп, оған су келтіретін арық қаза бастайды. Сол кезде кетпеніне бір жылан орала кетеді. Ойында қорқыныш жоқ Қайырғали жаңағы жыланда кетпенімен бірнеше рет бөлшектеп тастайды. Артынша айналасынан ысылдаған у-шу құлағын тұндырады. Бойын шын қорқыныш пен үрей билеген Қайырғали атына қарғып мініп, ауылға қарай шаба жөнеледі. Атының құйрығына, жалына оралған бірнеше жылан Қайырғалиды жабыла шағып, атының жалын құштырады. Ол сол жерде жан тәсілім етеді. Сөйтсе, Қайырғали ордалы жыланның ордасына тап болған екен. Ордалы жыланның ордасын бұзамын деп, өзі мерт болыпты.

Өтірікке қайта оралма!

Менің анам Шырынкүл мен Шәмшінің анасы Сақыпжамал жас кезінде қатар жүріп, қатар өскен екен. Екеуі егіз қозыдай жарасып, бірімен бірі жарыса таласып ән салады екен. Дауыстары зор болса керек, олар той-томалақта ән салғанда, дауыстары көрші ауылдарға естіліп жатады екен. Шәмші талантының бір бұтағы Сақыпжамал анасынан дарыса керек.
Анам Шырынкүл бірде мынандай әңгімені айтқаны бар:
Ауылда Қайырғали деген адам болыпты. Ол карта ойнап, арақ ішіп, ұрлық қылып, отбасының берекесін қашырған мазасыз жан болыпты. Оның осы қылығына әбден күйінген анам бір күні көпшілік бас қосқан жерде оған:
— Саған бір өтінішім бар еді, — дейді.
— Айтыңыз, тәте, — дейді Қайырғали тосылмастан.
— Онда былай, мына көпшіліктің алдында өтірік айтпаймын, Алла атымен ант етемін деп уәде бер, — дейді анам.
— Сіздің бұл тілегіңізді орындаймын. Бұдан былай ешқашан өтірік айтпайтын боламын. Алла атымен ант етемін, — дейді Қайырғали қаймықпастан.
Көпшілік сол жерде Қайырғалиға ақ батасын беріп тарқасады. Содан Қайырғали түзеледі, анам 4 жылдан кейін Қайырғалидың үйіне барса, отбасы мұнтаздай тап-таза, жүріс-тұрысы да түзеліп қалған секілді. Реңі де түзелген. Анамды көріп қуанып қалады, асты-үстіне түсіп, шәйін беріп отырып, қиналып барып, былай дейді:
— Тәте, өтірік айтпаймын деп берген уәдемді қайтып алайыншы. Өйткені өтірік айтпасам, карта ойнай алмайды екенмін, өтірік айтпасам, арақ іше алмайды екенмін, өтірік айтпасам, ұрлық жасай алмайды екенмін. Мына дүниенің көзі өтірікке байланысты екен.
Сонда анам:
— Қиындықтың қырқына шыдай білдің, енді біріне де шыда. Қазіргі күйің көп адамнан жақсы. Енді өтірікке қайтып оралма, — деп бұрынғы берген ақ батасын қайта берген екен.
Анамның «өтірік айтпа» деп Қайырғалиға берген ақ батасы бізге де айтылғандай. Біз отбасымызбен тек шындыққа жүгінеміз. Дүниеде шындық пен әділдікке не жетсін?!

Ұзақбай Қожантов,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Абай атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты

(6)