Анас Баққожаев, Мәжіліс депутаты:

Ауыл мәселесі әрқашан назарда

– Анас мырза, сіз «Ауыл» партиясынан Мәжіліске депутат болдыңыз. Жалпы осы партияның белсенділігіне, атқарып жатқан позициясына, істеріне бәзбіреулер күмәнмен қарайды. Елге, оның ішінде ауылға қаншалықты сіңірген елеулі еңбектері бар?
– Партия жайлы айтар болсақ, оның саяси сахнаға шыққанына биыл ширек ғасыр, яғни 25 жыл болады. «Ауылдың» жұлдызы 2023 жылы жанды. Сол жылдың наурызында өткен Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында сайлаушылар партиямызға үлкен сенім артты. Біз Мәжілістен 8, Мәслихаттардан 228 мандат иемденіп, депутат саны бойынша республикада екінші орынға шықтық. Партияның бұған дейінгі өміріне бұқараның күмәнмен қарауы заңдылық. Себебі, ол кезде партия Парламентке өтпеген еді. Сондықтан үніміз билікке жетпеді. Мұндайды дана қазақ «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайды» дейді. Ал қазір, жоғарыда айтқанымдай, Парламенттік партиямыз. Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлауда да партия мүшелері еліміздің үш ауылдық ауданы – Абай облысы Абай ауданының, Ақмола облысы Ақкөл ауданының, Түркістан облысы Бәйдібек ауданының әкімі болып сайланды. Бұдан бөлек 39 ауыл әкімі біздің партияның мүшесі.
Облыстық мәслихаттағы бір депутатымыздың сауалы бойынша ауылда мектеп құрылысы басталса, екінші депутатымыз ауылда мәдениет үйін салудың Бас жоспарға енгізілуіне ықпал етті. Аудандық мәслихат депутатының ықпалымен шалғай ауылдар балаларын орталық ауыл мектебіне таситын «Газель» шағын автобусы сатып алынды. Мәжілістегі «Ауыл» партиясы» фракциясының депутаттары аталған тапсырмалар шеңберінде жүйелі шаралар қабылдау үшін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дақылдардың өнімділігін арттыру және әртараптандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»; «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне топырақ құнарлылығын сақтау және жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»; «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалануға бақылауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірлеуде.
– Кеңес өкіметі кезінде ауылды өркендетуге зор мән берді. Осы саланы кеңінен қарқынды дамытуда социализм дәуірінен қаншалықты пайдалы нәрселер алуға болады?
– Жоспарлы экономика мен нарықтық экономиканы салыстыруға болмайды. Социализмде «Еңбегіне қарай өнбегі» қағидаты тек сөз жүзінде болды. Тұлғаның қарым-қабілеті ескерілмеді. Адам жалқының емес, жалпының байлығы үшін тер төкті. Бәрі бірдей жалақы алды. Социализм кезінде ауылға деген көзқарас басқаша болды. Ауылдардың басым бөлігі мемлекеттік дотациямен өмір сүрді. Көп ретте іргелі, экономикалық жағдайы жақсы кәсіпорындардың қаржысы өз қажеттілігін өтеуге жетпейтін, шығынын ақтамайтын кеңшарлардың «жыртығын жамауға» дотация болып төленетін. Кеңестік жүйе ауылды ұстап тұру үшін осындай қадамдарға баратын. Кеңес кезеңінде еңбек адамына деген құрмет басқаша еді. Мектептің өзінде оқушыларды еңбекке баулитын. Біз қазір сол игі дәстүрді жоғалтып алдық. Біз тоқсаныншы жылдардағы өтпелі кезеңде капитализм, нарықтық экономиканың заңдылықтарын түсінбегендіктен қуатты, ірі мекемелерден айырылып қалдық. Халықты күйзелтіп алдық. Сол мекемелерді сақтап, жұмысшыларын акционер еткенде қазір олар кәсіпорыннан түскен пайданы дивиденд ретінде алып, бақуатты өмір сүрер еді. Кез келген мемлекеттің басты тірегі – орта тап қалыптасар еді. 90-жылғы коллективтік-кооперативтік принципті дұрыс нарықтық жолға қойып дамытқанда, жағдай басқаша болар еді. Белоруссия сияқты ұжымшарларды алып қалғанда өтпелі кезеңдегі талан-таражға жол берілмес еді. Бізге қазір артқа емес, алға ұмтылу керек. «Ауыл» партиясы қазір «Ауыл аманаты» бағдарламасын ауылдық кооперацияны дамытудың мемлекеттік бағдарламасына айналдыру жөнінде ұсыныс дайындап жатыр. Біз кооперативтердің қазақстандық ауылды табысты дамытудың әлеуметтік, экономикалық және саяси негізі бола алатынына сенімдіміз. Кооперативтік жүйені қабылдауымыз керек. Себебі әлем әзірге ауылдық елді мекендерді дамытуда, ауылшаруашылығын ілгерілетуде кооперативтерден де тиімді ештеме ойлап тапқан жоқ. Мәселен, Германияда әртүрлі түрдегі жергілікті, аймақтық және федералды деңгейдегі кооперативтер жұмыс істейді. Германияның несиелік кооперативтерінде 30 миллионнан астам клиентке қызмет көрсетіледі.

Швецияның ауылдарында бар болғаны 1,5 млн адам тұрғанымен, ондағы ауылдық кооперативтерге 2,2 млн адам мүше. Швецияның тағы бір ерекшелігі: ауылшаруашылық өнімдері мен азық-түлік тауарларын сатудың кооперативтік сауда желісі – әлемге әйгілі Varta сауда тобының басты бәсекелесі. Ал Дания ауылдық кооперацияның дамыған жүйесінің арқасында жан басына шаққандағы азық-түлік өндірісі бойынша әлемде 1-орында.

Кәсіпкерлікті дамытуымыз керек

– Бұрын ауылшаруашылығы саласында біраз жерде жұмыс істеген екенсіз. Қазақстан аграрлы мемлекет болып есептелсе де, тәуелсіздік алғалы 30 жылдан асса да бұл саланы кешенді түрде дамыта алмай отырмыз. Себебі неде деп ойлайсыз?
– Жекеменшікке көшкеннен кейін әркім өзінің қара басын ойлауға мәжбүр болды. Әркім өз жағдайын жақсартуға тырысты. Бұл – заңдылық. Мемлекетіміздің әл-ауқаты артқаннан кейін ауылшаруашылығына қолдау көрсету мүмкіндігі пайда болды. Бірақ бұл жерде кейбір жекелеген адамдар өз лауазымын, тамыр-таныстықты, мемлекеттік билік тетіктерін пайдаланып байып кетті. Осылайша қоғам екіге – бай мен кедейге бөлінді. Тым пысықтары шаруашылықты бөліп алды. Олар тек ірі шаруашылықтар субсидия алсын, соларға жағдай жасалсын деген саясатты ұстанды. Нәтижесінде ат төбеліндей ғана ірі шаруашылықтар дамып, шағын шаруашылықтарға қатысты «өз күніңді өзің көр!» принципі болғандықтан, олар бас көтере алмай қалды. Бейнелеп айтсақ, «Аспаннан киіз жауғанмен кедейге ұлтарақ бұйырмады».
Біз өнеркәсіп саласына қатты ден қойып кеттік. Қазір біз «Қазақстан басқа мемлекеттерден несімен ерекшеленеді? Экспорттық бағытымыз қандай болу керек?» деген мәселе төңірегінде ойлануымыз қажет. Мысалы, жер аумағы шағын Жапония кезінде «жоғары технологияны жетілдірсек қана жетістікке жетеміз» деп соның жолында жұмыс істеген. Жаңа технологиялар патентін ресми түрде сатып алып, өткен ғасырдың 50-70-жылдар аралығында өнеркәсіптік революция жасап, дамыды. Әлемнің алдыңғы қатарлы елінің біріне айналды. Қытай да солай. Ал біз едәуір кешігіп қалдық. Отыз жыл бойы той тойлап жүргенде басқа елдер еңсесін тіктеп алды. Енді олармен бәсекеге түсуге шамамыз жетпейтін сияқты. Мәселен біз неше жылдан бері жеңіл автокөлік өндірісін жолға қоюға талпынып жатырмыз. Ал шетелдер болса электромобилдер, ұшатын квадрокоптерлер жасауға кірісті. Бүйте берсек, біз әлемдік көштің соңында қалып қоямыз.
Біздің артықшылығымыз – ауылшаруашылығы. Соны дамыту керек. Елімізде оған қажет ресурстың бәрі бар. Тек тиісінше дамытатын инвестиция мардымсыз. Ол басқа салаларға кетіп жатыр. Бұдан бөлек тағы бір күрмеулі мәселе – бүгінгі ауылдардың жағдайы. Ауыл мен ауылшаруашылығы егіз ұғым. Ауыл дамымай, ауылшаруашылығы дамымайды. Экономикалық жағдай бойынша салыстырсақ, ауыл мен қала арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Қалада тұтынушы көп болғандықтан, кәсіп ашып, оны дөңгелету жеңілірек. Біздің бір жіберген қателігіміз – қала мен ауыл арасындағы бизнес климаттың тепе-теңдігін қамтамасыз ете алмадық. Қазақстандағы әр адам басына шаққандағы бюджеттік шығынды есептесек, ауыл тұрғынына қарағанда қалалыққа 20 есе артық қаржы жұмсалады. Бұл алшақтық азаюы тиіс. Қолда бар капиталдың басым бөлігін ауылшаруашылығына бұрып, ауыл индустриясын көтеруіміз керек. Мемлекеттің ата кәсібіміз мал шаруашылығын да, өсімдік шаруашылығын да дамытуға мүмкіндігі жетеді. Біз, «Ауыл» партиясы осы мәселелерді Парламент арқылы көтеріп, тиісті заң жобаларын қарастырудамыз.
– Істері оңға басу үшін шаруаға немесе кәсіпкерге не керек? Біздіңше, олар өздерінің өнімдерін өткізуге пейіл. Өткен жылы Жамбыл, Жетісу облыстарында қызылша, Солтүстік облыстарда астық уақытында өткізілмей қар астында қалды. Кім кінәлі?
– Мемлекеттің меншігінде ештеме жоқ. Әркімнің өз жекеменшік бизнесі. Нарық принципі бойынша әр кәсіпкер өз ісіне өзі жауап беруі тиіс. Кәсіпкер өз бизнесі жолында кездесетін түрлі тәуекелді өзі шешіп үйренуі керек. Әрине, мемлекет азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кәсіпкерлерге тиісті шаралар бойынша көмек көрсетеді.

Нарықта баға құбылмалы! Жүгеріні алып қарайық. Бір жылдары оның тоннасының бағасы 120 мың теңгеге дейін көтерілді. Келер жылы бәрі жаппай жүгері екті. Ұсыныс сұраныстан асып кеткендіктен, сол жылы оның бағасы өткен жылғы бағадан екі есеге құлдырады. Ауылшаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындары жоқ деп жатады. Олар бар. Бұл жерде жетіспейтіні – кластерлік принцип. Мемлекет ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласына ірі инвесторларды тартқанда өз жеңілдіктерін ұсына отырып, оларға айналасындағы шаруашылықтармен ұзақ мерзімді келісімшартқа отыруы жөнінде нақты талап қоюы керек.

Сонда диқандар келісімшарт бойынша әр жылда қанша тауар өндіруі керек екенін алдын ала білетін және сол бойынша жоспарлы түрде жұмыс істейтін болады. Бұл принциптерді мемлекет несие немесе субсидия берген уақытта ескерген жоқ. Бұл ірі шаруашылықтарға барынша мүмкіндік беріп қойған Үкіметтің, министрліктердің қателігі. Ірі шаруашылықтар қашанда көп пайда табуды ойлайды. Айналасындағы шағын шаруашылықтардың жағдайы оны қызықтырмайды. Бағаны да өз қажеттілігіне қарай солар реттейді. Оның зардабын шағын шаруашылықтар тартады. Сондықтан алдағы уақытта ауылшаруашылығын өндіретін шаруашылықтар мен оларды қайта өңдейтін кәсіпорындарды біріктіріп, кластерлік принциппен жұмыс істеткізу керек. Жаңадан салынатын қайта өңдеу зауыттарын кооперативтік модельмен сол шаруашылықтардың иелігінде болатындай етіп жасауымыз тиіс. Бұл әдіс ауылшаруашылығының барлық саласына енгізілуі тиіс. Дамыған елдерде солай.
– Алматы облысы Кемертоған ауылының проблемасымен бірнеше депутат болып келдіңіздер. Бұл ауылдың проблемалары көптеген ауылдарға тән. Негізі бұл кемшіліктерді жөндеу үшін жаңа заң керек сияқты.
– Кемертоған ауылының негізі проблемасы – кезінде жол берілген жемқорлық. Шаруашылыққа тиесілі жерлерді сегментация жасап, бөліп-бөліп сатып жіберген. Халық ол жерлерді сатып алып баспана салған. Ол енді мемлекет тарапынан елді мекен ретінде мойындалмай отыр. Мойындаса, ол жерлерге коммуникациясын жүргізіп, бүкіл мәселесін шешіп беруі керек. Оған жергілікті биліктің шамасы жетпейді. Енді жергілікті әкімдіктер халыққа мүмкіндігінше көмектесіп, ол елді мекенді заңдастыруы тиіс. Ел өзіміздікі, жер өзіміздікі. Бұл менің жеке пайымым.

Жайылым,жүн мен тері мәселесі қашан шешіледі?

– Қазір ауылшаруашылығының, ауылдың дамуына тұсау болып келе жатқан үлкен мәселе – жайылым мәселесі. Бұл түйіннің әзірге шешілер түрі көрінбейді. Сіздіңше, мұны шешуге бола ма?
– Біз бұл мәселені шешіп қойдық. 2024 жылы жайылымдар туралы заң қабылдадық. Бұрынғы заңда мал ұстайтын адам жер алатын болса, оның жүктемесі 5 есе болу керек делінген. Яғни, бір бас малға 7 гектар жер тиесілі болса, мал иесіне жайылымның, малдың қысқы азығын есепке ала отырып, 35 гектар жер алуға мүмкіндік берілді. Осылайша бұрын мал иелері жерді артығымен алып отырған. Қазіргі заң оны 14 гектарға дейін төмендетті. Биыл мемлекеттік инспекция әкімдіктермен дұрыстап жұмыс істесе, шамамен 10 млн гектар артық алынған жер мемлекет қарауына қайтады. Сонымен қатар «қоғамдық жайылымдар» деген түсінік енгіздік. Бұл ауыл малының жайылатын жайылымы болады. Ал халқы тығыз қоныстанған жерлердің тұрғындары мал бағудың интенсивті түріне көшуі керек. Тұрғындар кооперативке бірігіп, малдарын бір жерде ұстау керек. Бұл жағынан тиімді.
– Бізде 33 жылдан бері сүрлеген бір маңызды мәселе бар. Ол жүн және тері мәселесі. Атырауда батыс өңірін қамтамасыз ететін фабрика ашылды. Бірақ ол жеткіліксіз. Алматы облысында қытайлар жүн зауытын ашып, пайдаға батып отыр. Мұны қалай шешуге болады?
– Жалпы елімізде тері мен жүннің шикізатын дайындау базасы жоқ. Қазір сыртқы нарықта жүн мен теріден, былғарыдан жасалатын бұйымдарға сұраныс азайып барады. Аяқкиім, киім қазір көбіне жасанды матадан тігілетін болды. Үкімет жүн мен терінің далаға тасталмауын қадағалау қажет. Ол үшін осы мал өнімдерін өңдеумен айналысатын кәсіпорындарды қолдап, ынталандырып отыруы тиіс.

Бұрын малдың селекциясы болатын. Биязы жүн беретін меринос қой тұқымы азайып кетті. Қазір тықыр жүнді, етті бағыттағы мал келді де, селекцияны қолдан шығарып алдық. Жүннің ұзын-қысқалығымен қоса сапасы да нашарлады. Елімізде жүн мен теріні өңдейтін бірнеше кәсіпорын бар. Бірақ олар отандық мал өнімдерін алмайды. Неге? Себебі сапасы нашар.

Қазір халық жүн мен тері өтпеген соң, оны ауыл сыртына апарып тастайтын болды. Одан келетін экологиялық зардапты ойлап жатқан ешкім жоқ. Бізге қазір жүн мен теріні өртейтін биоқондырғылар қажет. Мемлекет енді азғантай ақшаға болса да жүн мен теріні сатып алып, утилизациялау мәселесімен айналысуы тиіс. Олардан ауру тараса қиын болады. Билік соны қадағалауы керек. Біздің кәсіпкерлер шаруашылықтардан сатып алған жүн мен теріні өңдеу үшін 12 пайыз ҚҚС төлейді. Ал елімізде жүн мен тері алып жатқан қытайлық кәсіпкерлер ҚҚС төлемейді. Біз қазір салық кодексінен осы 12 пайыз ҚҚС-ты алып тастауды жоспарлап отырмыз. Бұл мал шикізатын өңдеушілерге аз да болса көмек болар еді.

Несие алуға байланысты түйткілдер көп

– Субсидия, несие алу қарапайым шаруаға оңай емес. Қанша ұмтылса да өмір бойы несие ала алмаған кәсіпкерлерді де білеміз. Бізде несиенің пайызы өте жоғары. («Аманат» жобасын қоспағанда) Сондай-ақ мал шаруашылығына берілетін несие алушының жағдайына қарамастан қысқа мерзімге беріледі. Несие алуды оңайлатуға және ұзақ мерзімге беруге болатын заң керек пе?
– «Ауыл» партиясының Мәжілістегі депутаттық фракциясы сайлауалды бағдарламамыздың негізгі міндеттері – «Аграрлық банк туралы» және «Азық-түлік қауіпсіздігі туралы» екі заң жобасына бастамашылық жасап, әзірледі. «Аграрлық несие корпорациясы», «ҚазАгроҚаржы» және басқа қаржы институттарының басын біріктіріп, мемлекеттен жыл сайын бөлініп жатқан қаржыны бір жерге топтастырып, шаруалардың қаржылық проблемаларын бір орталықта шешетін «Агробанк» құруды ұсынады. Онда ауыл кәсіпкерлерінің бәрі агробанкте есепшотын ашып, жұмыс істейтіні, айналымда қаржысы болғандықтан, банктің оларға кепілдік бойынша талаптарды жеңілдетіп, несие бере алатыны айтылды. Беларусьте «Белагропромбанк», Қытайда «Agrocultura Bank of China», Өзбекстанда «Агробанк», Ресейде «Россельхозбанк», Францияда «Credit Agricoi», басқа елдерде де аграрлық банктердің бар екені дәлел ретінде келтірілді. Құзырлы мекемелер біздің ұсынысымызға қарсы нақты уәждері болмаса да қазіргі қолданыстағы ауылшаруашылығын қаржыландыру жүйесін өзгеріссіз қалдырды.
– Бұл сауалымыз тағы да несие алуға байланысты. Неліктен басқа қазақы түліктерге қарағанда шошқаға субсидия көп беріледі?
– Біз зайырлы мемлекетпіз. Еліміздің әрбір азаматы өз кәсібін еркін жүргізуге құқылы және оның тиісті шарттарын жасап беру мемлекеттің тікелей міндеті. Елімізде басқа ұлт өкілдері мен этностар өмір сүреді. Сондықтан олардың да қажеттілігін ескеруіміз қажет. Шошқаға келсек, харам болса да экономикалық тиімділігі өте жоғары, өсімтал, басқа малдар сияқты күй талғамайды. Қой шаруашылығымен салыстырсақ, шошқа шаруашылығы субсидиясыз-ақ 4-5 есе артық пайда әкеледі. Сондықтан біз субсидиялау бағытын өнімділігі, пайдасы, табыстылығы төмен түліктерге бұруымыз керек. Осы жағын ойластыру керек сияқты. Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі жыл сайын шошқаға берілетін субсидия көлемін азайтып келеді. Оны уақыт өте келе тоқтатуы да мүмкін.

Депутат әрдайым белсенді болуы керек

– Өткен жылы «Ауыл аманаты – ел аманаты» экспедициямыздың қорытынды дөңгелек үстеліне қатыстыңыз. Биылғы дөңгелек үстелге де шақырсақ па деген ниетіміз бар. Жалпы дөңгелек үстелде көп мәселелер көтерілді. Бірақ көбісі жауапсыз қалды.
– Экспедиция керек. Бұқаралық ақпарат құралдарының өткізетін дөңгелек үстелдері, дайындаған материалдары әркез сапалы. Оның нәтижесі жоқ деп айтуға болмайды. Олар біржақты позиция ұстанбай, кешенді түрде сол мәселені көтереді. Сондықтан журналист ретінде газеттің өзі өңірге шығып мониторинг жасауы оң нәтиже береді. Көтерілген мәселелердің жауапсыз қалуына келсек… сіздер «АMANAT» партиясымен бірге жұмыс атқарып жатқандықтан, сол партия тарапынан белсенділік танытылуы керек еді. Басқа партия өкілі болғандықтан, бұл іске араласа алмаймын. Мысалы мен сіздерден алған мәселелер бойынша өңірлерде жұмыс жүргіздім. Әкімдіктерге мәселелерді жеткізіп айттым. Бірақ әзірге нәтижесін бақылап үлгермедім. Егер биыл да шақырып жатсаңыздар, депутат ретінде қатысуға дайынмын.
– Депутат болу оңай емес. Сіздер үнемі халықтың назарындасыздар. Өзіңізді біз белсенді депутаттар қатарына қосамыз. Негізі бір уақыт аралығында үндемеген депутаттың мандатын алу керек сияқты. Сіздер депутаттық сауал жасайсыздар. Оның көбісін Үкімет құлағына ілмейді. Неге оны сіздер нақты талап етпейсіздер?
– VIII сайланым депутаттарының бәрінің істерін жоққа шығаруға болмайды. Жұмыстарын қолдарынан келгенше атқарып жатыр. Біздің негізгі жұмыс – заң шығару. Заң жобалары келгенде депутаттардың бәрі белсенді. Біраз толықтырулар, ұсыныстар береді, бұл жағынан олқылықтар жоқ. Ішінде жүрген соң өзім куәмін.

Әлеуметтік желіде белсенді емес депутатты жұмыс істемейді деп айтуға әсте болмайды. Ал жолданған депутаттық сауалдар 100 пайыз орындалмайды, соған көңілім толмайды, расын айтсам. Ал енді депутат мандатын алу – таза партия шешімі. Егер партия өзі тізіммен ұсынған депутат белсенді емес және лайықсыз деп тапса, ротация жасап, ауыстыруға толық құқығы бар.

Қымбатшылық пен жемқорлық халыққа қатты батуда

– Қазір қымбатшылық халықтың қабырғасына қатты батып тұр. Әсіресе ауылшаруашылық өнімдері, оның ішінде картоп қымбаттап, ел шулап жатыр.
– Нарық заңы бойынша мемлекеттің бағаға тікелей араласуы қисынсыз дүние. Бұл жерде мемлекет «көрінбейтін қол» функциясын атқару керек. Шаруалардың өндірген өнімін сатып алып, оларды ірі сауда орындарына тікелей жеткізу механизмін қарастыруы керек. Бұл жөнінде Мемлекет басшысының тікелей берген тапсырмасы бар, бірақ «Азық-түлік корпорациясы» оны әлі орындаған жоқ. Жалпы кәсіпкер және алыпсатар деген ұғым бар. Осының аражігін ашып алу қажет.

Кәсіпкер өзінің адал еңбегімен күнін көріп жүрген, ал алыпсатар, аты айтып тұрғандай, өнімді сатып алып, үстеме баға қойып, қайта сататын адам. Сол үшін алыпсатарға қоятын талапты күшейтіп, оларға шектеу қою керек. Сауда министрлігімен осы мәселені қолға алып жатырмыз.

Негізінде кооперативтік дүкендер болу керек, осы туралы ылғи да айтып жүрмін. Сауда министрімен келісіп, тиісті ақша бөліп, жоба жасап жатырмыз. Яғни, Астанада дүкендер желісін құрмақпыз. Мұнда әдетте басқа сауда орталықтарында қосылатын 25-30 пайыз үстемеақы болмайды.
– Біз сұрақтарымызды тек ауылшаруашылығы мәселелерінде өрбіттік. Ал мына түйінді сұрақ өзгеше. Ол бәрімізге белгілі елімізді жайлап алған жемқорлық жайлы. Бұл кесел ауылшаруашылығында ауылды да шырмап алған. Мұны қалай жоя аламыз?
– Жемқорлыққа қарсы агенттік жұмыс істеп жатыр және жаман жұмыс істеп жатқан жоқ. Апта сайын бір жемқорды әшкерелеуде десек, артық айтқандық емес. Тиісті заң нормаларына біз жақында ғана өзгеріс енгіздік. Енді әр жемқорлық әрекет жіті тексерілетін болды. Жемқор шенеунік қайдан шығады? Жемқор шенеунік халық арасында сыбайласы болған соң шығады. Біз соған халық болып қарсы тұруымыз керек. Отбасынан бастап сол мәдениетті қалыптастыруға тиіспіз. Жемқорлықты қазір жоғарғы қарқынмен дамып жатқан цифрландыру тамырымен жояды деп ойлаймын. Өйткені ол жерде адами фактор жоқ.
– Өзіңіз жас депутаттардың қатарындасыз. Осы біздің мемлекетімізде «жастарға қамқорлық жасайық» деп ұрандатқанмен, бұл өзекті мәселе шынайылықпен жүзеге асып жатыр ма? Кадрлар демекші, қазір ауылда қойшы, механизатор, бақташылар қат болып тұр. Жалпы қазақ халқы біртіндеп мал шаруашылығынан алыстап бара жатқандай ма, қалай?
– Өскелең ұрпақ санасына еңбектің наны тәтті екенін балабақша мен мектептен бастап сіңірген жөн. Еңбекке баулу сабағы өтіп, өндірістік практикадан өткізу қажет.

Негізі азаматтардың жұмыссыз-
дыққа берілетін ақшасын тоқтату керек, бұл жатыпішерлікке баулиды. Оларға бәленбай миллион қаржы аударылады. Мәселен жұмыссызбын деген адам алдыңғы жұмысынан не үшін кетті, ешкім тексеріп жатқан жоқ. Өз еркімен болса, онда неліктен ақша төленеді деген сұрақ туындайды. Жұмыссыздар айына бір рет тек әкімдіктің тазалау жұмыстарына барады. Ал мұнда, ауылдағы шаруашылықтарда адам жетіспейді. Бұл қисынсыз ғой.

Жалпы халықтың бәрі жаппай қалаға кетіп, ауылдар қаңырап бос қалды. Қалада жұмыс, жағдай бар. Мәселен, қалада күніне 100 донер сататын кәсіпкер ауылдағы 100 гектар жері бар шаруадан бай тұрады. Біз шаруалардың жағдайын түзеп қана ауылдарды сақтай аламыз.
– Сөз соңында ата-ана, жарыңыз, балаларыңыз, жалпы отбасылық өміріңіз жайлы таныстырып кетсеңіз. Депутат әкенің бала-шағасына көңіл бөлуге уақыты жете ме?
– Үйде анам, жарым, 3 балам бар. Әкемнен ерте айырылдым, анам жалғыз өзі ағам екеуімізді асырап, бағып-қақты. Оқытып тәрбиелеп, осындай жағдайға жеткізгеніне мың алғыс! Өз басым отбасыма көңіл бөлуге уақытым жетпейді. Таңертең кеткеннен түнде бір-ақ келемін. Әртүрлі жиналыс, кездесулерден қол тимейді. Балаларымның сабағына қарап, оқытып, дұрыс тәрбие берумен анам мен жарым айналысады. Мақсатым – мүмкіндік барда, осы 45 жасымда бар күш-жігерімді, энергиямды жұмсап, еліме аянбай қызмет істеу.
– Анас мырза, тұшымды әңгімелеріңіз бен ойларыңызға көп рақмет! Жұмыстарыңызға табыс тілеймін!
Сұхбаттасқан –
Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ