Андрей ЧЕРНОЯРОВ, «Чернояров» шаруа қожалығының жетекшісі: «Шығынды азайтып, етті арзандатуға болады»

 

 Андрей Чернояров – қала іргесіндегі Үлкен Шаған ауылында тұрады. Ол –ауыл шаруашылығы саласын дамытуға белсене атсалысып жүрген жастардың бірі.

1998 жылы ата-анасымен және бауырларымен бірігіп «Чернояров» шаруа қожалығын құрған, қазіргі таңда осы шаруашылыққа жетекшілік етеді. Аталған шаруа қожалығы, негізінен мал азығы өнімдерін өндіріп, оны өңдеумен айналысады. Шаруа қожалығында көкөністермен қатар,  көшеттер де өсіріледі. Андрейдің сөзінше, қазіргі уақытта егін егіп, мал өсіргеннен тиімді ештеңе жоқ.

   — Мен  жоғары білімді Ресейде алдым, ауыл шаруашылығы саласының маманымын. Маған да сол өзім оқыған жерде қалып қоюға болатын еді, бірақ мен өзімнің туған жерімді қимадым. Сөйтіп,  оқуымды бітіріп, дипломымды алған соң өз еліме қайтып келдім. Жеке шаруашылығымызда мал азығы өнімдерін өндіріп жүрміз, — деген Андрей одан әрі шаруашылығын кеңейтуді көздеп жүргенін баяндады.hiphlm

 

— Бұдан басқа біздің шаруа қожалығымызда қазіргі уақытта 200 бас шошқа және 300 бас тауық бар. Алдағы уақытта мал басын бұдан да көбейтіп, оны түрлендіріп, шаруашылығымызды кеңейткіміз келеді. Мысалы, біз де өзгелердей қой-ешкі, сиыр, жылқы сатып алып, көп мөлшерде ет және ет өнімдерін өндіруді армандаймыз. Үкімет қазіргі уақытта мал басын асылдандыруды қолға алуда. Біз де осы бағытта жұмыстануды жоспарлап жүрміз. Егер етті малдың санын көбейтіп, таза ет және ет өнімдерін өндірумен айналысатын болсақ, мен бірден еттің құнын арзандатуға күш салар едім. Бұл бағытта жаңа жобам бар, оны жүзеге асыру үшін мен жақында осы жобамды комиссия назарына ұсындым. Менің жобам мемлекеттік грантты ұтып алса, онда тегін келген 3 млн. теңгені осы жобаны іске қосуға жұмсаймын. Тіпті  мемлекеттік грантқа қолымыз жетпеген күнде де несие алып, отбасымыз болып жұмылып, бұл жобаны биылдан қалдырмай жүзеге асыратын шығармыз. Менің бұл жобам ет бағасының арзандауына үлкен ықпал етпек. Және өзі көп қаражатты қажет етпейді. Бұл жоба бойынша бір ангардың (мал қора) құны 12-13 млн. теңге тұрады. Оның құрылысына ПВХ материалдарын пайдалануға болады. Мұндай ангарларға төселетін бактериялы терең төсемнің бір шаршы метрінің құны 8-15 мың теңге. Мен 250 бас мал сиятын алты мал қора (ангар) құрылысын жүргізуді армандаймын. Әзірге бір ангар салып, нәтижесін көргім келеді. Осы жобаның тиімділігін айтып, жақында өзіміздің ауданның кәсіпкерлік бөліміне, облыс әкімдігінде болдым. Ол кісілер бұл жобаны бірауыздан қолдап, көмектесуге уәде берді. Енді бұйырса, мамыр айының басында осы жобаммен Ауыл шаруашылығы министрлігінің қабылдауына бармақпын. Осы жобаға байланысты шақыртып жатыр. Соған дейін мал шаруашылығы үшін өте тиімді жобаны осы «Орал өңірі» газеті арқылы жұртшылық назарына ұсынғым келеді. Өйткені  сіздің газетіңіз – алыс  ауылдарға тарайтын өңірдегі жалғыз басылым. Мүмкін, осы мақала газет бетіне шыққаннан кейін өңіріміздегі шаруашылықтар жаңа жобамен жұмыс істеуге түгелдей көшер, кім біледі?.. Сөйтіп, мал өсірудің осы бір ең заманауи тәсілі мал басының тезірек көбеюіне және ет бағасының арзандауына оң ықпалын тигізер еді. Ал шаруа қожалықтары бұдан ұтпаса, ұтылмайды, — дейді Андрей Чернояров.

-Ал енді осы тиімді жоба жайлы айтар болсам, бактерия қосылған терең төсемді еуропалықтар шаруашылығында инновациялық жоба ретінде соңғы кездері жиі қолдана бастады. Мен де осы жобаны көпшілік назарына ұсыну арқылы өңіріміздің мал шаруашылығына енгізгім келеді. Бұл жоба бойынша мал тұратын қораға (ангар) терең төсем (глубокая подстилка) төселуі тиіс. Мұндай төсемдерді қамыс, салом, ағаш үгіндісінен  (опилка) жасауға болады. Оның тиімділігін арттыру үшін төсем құрамына арнайы бактерияны араластырады. Міне, осы құрамдағы төсемге малдың нәжісі араласқан кезде керемет жылу бөлінеді. Бұл жағдайда сыртта қатты аяз болғанның өзінде қораның жылуы ешқандай жылыту құрылғысын пайдаланбай-ақ, +5, +15, +20 градусты көрсетіп тұрады. Егер бұған желдеткіш жүйесін орнатса, қорадағы ылғалды сыртқа шығарып, мал тұратын жерді жағымсыз иістен тазартуға болады.

Арнайы төсемнің тағы бір пайдасы, жылы жерде тышқандар мен кеміргіштер жүрмейді. Таза да жылы жерде уақытында жемделіп, суарылып тұрған мал көп ауырмайды, ал бұл жағдай олардың тез өсіп, жетілуіне, жылдам салмақ қосуына мүмкіндік береді. Мысалы, осы технологиямен  өсірілген шошқа тәулігіне 70-85 грамм салмақ қосады. Бұл ретте еттің үлесі үш пайызды құрайды. Арнайы төсем қолданғандарға малдың астын жиі тазартпауға да болады, өйткені көңде бактериялардың көмегімен тазару, өңделу процесі өзінен өзі үздіксіз жүріп жатады. Бұл өз кезегінде малды күтіп, бағу жұмысын біршама жеңілдетеді. Қорадағы төсем қалдығы 40-70 см-ден кем болмауы тиіс. Жылуды жоғалтпау үшін еденнің бетон болғаны дұрыс, бірақ  бетон болмай, тек қара жердің өзіне төселген жағдайда төсемнің қалыңдығын тағы 10-45 см-ге биіктету керек. Айтпақшы, төсемнің аумағы мен қалыңдығы оның ішінде қанша бас мал тұратындығына байланысты өзгере береді. Мұндай төсемді 4-5 жылда бір тазартуға болады. Және пайдаланылған төсемді мерзімі біткеннен кейін далаға лақтырып тастамай, егін саласында органикалық тыңайтқыш ретінде пайдалануға болады. Міне, нағыз қалдықсыз өнім дегеніміз осы емес пе?   Тағы бір айта кететін нәрсе, осындай заманауи қораларда малды жемдеуді автоматты түрде жүзеге асыруға болады. Ол үшін ангарларға азықтандыру бункерлері қойылады. Бұған салынған жем бункерлер арқылы малдың алдына жетеді.  Бұл жағдай мал азығының шығынын 10-20 пайызға дейін азайтады. Малды суару да автоматты жүйе арқылы жүзеге асырылады. Осы автоматты жүйелі құрылғыларды мал қораларға орналастырсақ, малшы еңбегін көп жеңілдетеді, мұндай жағдайда тіпті қол еңбегі қажет болмай қалады. Жаңа жобамен жұмыс істеген жағдайда малшыға қораларға кірмей-ақ, мал жайын сыртынан бақылап қана жүруіне болады. Мал қоралар түгел автоматтандырылған жағдайда 200-300 бас малға жалғыз малшының өзі жеткілікті болады.

Міне, осылайша жем-шөпті үнемдеп, малшылар санын азайтсақ және малдың ауруына, өлім-жітіміне жол бермесек, біз көп нәрсені үнемдеп, үлкен табысқа қол жеткіземіз. Бұл жағдай өз кезегінде ет өнімдерінің бағасын арзандатуға мүмкіндік береді. Егер осы жоба арқылы шынымен, үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жатсам, болашақта шұжық цехын ашып, табиғи ет өнімдерін өндіруе бет бұрар едім. Табиғи еттің бағасы қашан да қымбат болады, бірақ оның бағасын ет өнімдерін өндіретін шығынды азайту арқылы арзандатар едім. Менің жоғарыдағы жобаны жүзеге асырудағы ең басты мақсатым  осы, — деген Андрей  технологияны өзінің шаруашылығында қазірдің өзінде қолданып жүргенін айтты.

Оның айтуынша, бактериялы терең төсемнің пайдасы, шынымен де көп. Өкініштісі сол, бұл жөнінде ол әріптестеріне талай рет айтқанымен, ауылдастары бұған онша сеніңкіремейді.

-Жаңалықты қашан да жатырқап қабылдайтын әдетіміз ғой, әзірге өз өңіріміздегі шаруашылықтар осынау инновациялық әдіске онша мойын бұрмай отыр. Мен өзім де алғаш естігенде, терең төсемнің соншалықты тиімді екеніне сенбегем. Сосын осы тәсілді пайдаланып жүрген Новороссийскі маңында тұратын бір шаруа қожалығына әдейі барып, көрдім. Шаруашылықта 800 бас шошқа өсіріліп жатыр. Ангарлары жып-жылы, тап-таза, ешқандай иіс жоқ. Осышама көп шошқаны жалғыз адам күтіп-бағып жүр. Мұнда мал басының өлім-жітімі де жоқ көрінеді. Қатты таңғалдым. Оларда бәрі автоматты түрде атқарылады екен, қолмен атқарылатын жұмыс жоқ десек те болады.  Содан бастап осы тәсілді шаруашылыққа қолдануды армандадым. Сөйтіп, ең алдымен олардан терең төсемге қосатын бактерияны даярлау жолын үйреніп алдым. Қазіргі уақытта мұндай бактерияны өзім даярлап, шаруашылығымдағы шошқалардың төсеміне қосып жүрмін. Оң нәтижесі көп. Кейде еліміздің басқа өңірлерінен әріптестерім келіп, осындай дайын қоспаларды алып кетеді. Ұнатқандары үлкен мөлшерде даярлауға тапсырыс береді. Мен бұл жобаны өзгелерге ұсынбас бұрын  өзім пайдаланып, оның оң нәтижесін әбден көрдім. Сондықтан бұл жобаға кеткен қаражаттың қайтарымы мол болатынына сенімім мол, — дейді Андрей ертеңгі күніне сенім артып.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

Батыс Қазақстан облысы