Әнет баба- ұстаздардың ұстазы
Бүгін ғана факультетте жыл бойы жасаған ғылыми жұмыстарымыздың қорытындысын жасап едік. Түсте «Фолиант» баспасы шақырып «Әнет баба: ғұмыры мен заманы» кітабымызды қолымызға табыстады. Бұл ЕҰУ-і ректоры Ерлан Сыдықовтың бастамасымен екеулеп дайындаған кітабымыз. Әнет бабамызға қатысты бүкіл дерек енген сияқты, әсіресе Молдабек Жанболатұлы ағамыздың жинақтаған дүниелерінің тақырыпты ашуда көмегі аз болған жоқ ! Сонымен бірге Наурыз тойының алдында Жарылқап ағай, Хазіретәлі мен Зікірия достамызбен бірге Өзбекстанды, соның ішінде Бұхара мен Самарқандты аралап келгеніміз көп көмегін тигізді. Болашақта Мәуреннахрды тағы да бір сүзіп өту қажет депе отырмын. Әнет бабадан қалған қадірлі сөздер көп, соның ішінде мына сөзді әр азамат, әр әкім төріне іліп қоюы керек сияқты:
«Бір жылдары қазақтың ескі жолын үйрендім, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есімнің ескі жолын» жаттадым, ендігі білгім келетіні дін мұсылманның шариғат жолы, соны үйренемін, — деп Қаздауысты Қазыбек би әдейілеп көшіп келіп, бір жаз қоныстас болыпты.
Қазыбек күз түсіп, еліне қайтарда бабамен қоштасып тұрып, — Баба! – Мына дүниені не бұзады? Адамшылық ар қалай бұзылады? Күнә неден болады? – деп сұрапты.
Сонда баба ойланып отырып:
— Шырағым, арабтың тілінде «хакім» деген сөз бар, қазақтың жалпақ тілінде «әкім» дейді. Осы «Әкім» деген сөз үш әріп, соны екі рет айтса, алты әріп болады. Сол алтауы алты сөздің басқы әріптері: әйел мен алтын, кек пен кежір, мақтан мен мансап. Адам осы алтауына қызығып дүниені де бұзады, ардан да, адамшылықтан да айрылады, күнәға да батады, -депті. Айғақсыз қасаң дауға қандай түйінді шешім айтпақ керек, бұрынғыдан қалған жоба бар ма? – деген екен Қазыбек. Сонда баба тұрып:
— Қазақ жолы қанағат,
О да жолдан адаспас.
Қасаң дау емі – шариғат,
Бұған ешкім таласпас, — деген екен.
Қазыбек би бұл сөзге риза болып, бабаны құшақтап, сақалын сүйген екен дейді».