ӘНІМЕН ӘЛЕМДІ ӘЛДИЛЕГЕН ӘНШІ
Абай елі. Абай атындағы опера және балет театры. Абай әні.
Кенжеғали Мыржықбай — Абай елінде туып, Абай опера және балет театрында өнер көрсетіп, Абай әндерін орындаған сырбаз, талғампаз, ғажап дауыс иесі! Неткен сәйкестік!
Абай әндерінің ғасырдан ғасырға жетіп, қалың бұқараның игілігіне айналғаны Кенжеғали Мыржықбай сияқты талантты, талғампаз кәсіби әншінің орындау шеберлігіне байланысты. Әрбір шығармасын образға кіріп шырқайды. Ән қоржыны құнды қазынаға толы. Пушкин мен Абайдың өзара шығармашылық сабақтастығын дәріптеп, қалың бұқараға жеткізіп келеді. Өмірде кездейсоқ ештеңе жоқ. Кенжеғалидың өзі Ұлы Абайдың мекені Саржал ауылында дүниеге келген. Ес білгелі Семей ядролық сынағын көріп өсті. Бірақ болашақ әнші Дегелеңдегі жарылыс үніне емес, белгілі әншілердің үніне құлақ түрді. Радиодан күміс көмей әншілердің әнін тыңдап, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысты. Алға қойған асқақ арманы орындалып, Н.А.Римский-Корсаков атындағы Ленинград консерваториясының вокал-хор факультетін опера әншісі, концерттік әнші, педагог мамандығы бойынша бітірді. Әлемнің 18 мемлекетінде өнер көрсетті. Концерттік бағдарламалары «Астанаға ән-шашу», «Ғабең және музыка», «Я встретил Вас», «Көктем сезім», «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да», «Сағындым Сарыарқаны», «Серенада» деген атпен өтті.
Ұлы ақын Абайдың шығармашылығын үнемі ұлықтап келеді. Абайдың әндері мен ақын сөзіне қазақ композиторлары жазған шығармаларды қоса есептегенде, барлығы 25 ән бар. Ал «Пушкин-Абай» бағдарламасында Пушкиннен – 12, ал Абайдан 13 ән орындаған. Ақынның 175 жылдығына орай Абай әндері мен ақын өлеңдеріне жазылған қазақ композиторларының вокалдық шығармаларын «Абай ТВ» арнасы түгел жазып алды.
Абайдың 150 жылдығында Түркия, Ресей, Германия, Польша, Румыния,Украина, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның барлық облыстарында жеке концерт беріп ел аралады. Ақынның музыкалық мұрасын насихаттауға арналған соңғы шараны Абай атындағы опера және балет театрында өткізді.
Абайдың 160 жылдығында «Өзгеге көңілім тоярсың» атты ән жинағын шығарды. Оған Абайдың және ақын өлеңдеріңе ән, опера жазған Сыдық Мұхамеджанов, Мұқан Төлебаев, Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди, Нұрғиса Тілендиев, Еркеғали Рахмадиев, Мыңжасар Маңғытаев, Тұрсынжан Шапай, т.б. композиторлардың 15 туындысы енгізілді.
2017 жылы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, өнертану профессоры Кенжеғали Мыржықбай студенттерге «Көктем шуағы» атты дәріс-концерт өткізді. Концертте классикалық шығармалардан — опера, романс, сондай-ақ халық әні мен эстрадалық әндерді орындап, өнер құндылығы туралы әңгіме-дүкен құрды. Кеш соңында университет проректоры, ҚР ҰҒА академигі, Д. Қамзабекұлы халыққа елеулі тұлға Кенжеғали Тұрсынбекұлына Абайдың музыкалық мұрасын насихаттап келе жатқанын тілге тиек етіп, халықаралық ТURKSOY-дың «Абай-175» медалімен марапаттайды.
Сексенінші жылдар
1981 жылы Н.А.Римский-Корсаков атындағы Ленинград консерваториясын бітіріп келіп, Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының көркемдік кеңестің тыңдауынан өтіп, жетекші әнші болып жұмысқа қабылданады. Жас әншіге театр табалдырығын аттамай жатып Сыдық Мұхамеджановтың (либреттосын жазған Ғабит Мүсірепов) «Ақан сері – Ақтоқты» қойылымына Ақан серіні сомдауды жүктейді. Сөйтіп Х.Қалиламбекова екеуі «Ақан сері – Ақтоқты» операсында Ақан сері, Ақтоқты болып сахнаға шықты. Ғабит Мүсіреповтің сұрауы бойынша «Қыз Жібекте» Төлегенді ойнайды. Қыз Жібекті Нұржамал Үсенбаева сомдады. Ақан сері, Біржан сал, Айдар, Төлегенге қоса Ленскийді («Евгений Онегин»), Лыковты («Патша қалыңдығы»), тағы басқа да көптеген партияны орындайды.
1982 жылдың қыркүйегінде Біржан салдың туғанына 150 жыл толуына байланысты Алматыда үлкен конференция болды. Сол жиында Композиторлар одағының төрағасы, КСРО халық артисі Еркеғали Рахмадиев баяндама жасап, Әлкей Марғұлан бастаған академик ғалымдар сөз сөйлеп, ой толғайды.
1983 жылы қазақтың тұңғыш кәсіби композиторы, КСРО халық артисі Мұқан Төлебаевтың туғана 70 жыл толуына орай Москваның «Одақтар үйінің Колонный залында» композитор Қажым Жұмалиевтің либреттосына жазылған «Біржан-Сара» операсының концерттік нұсқасы қойылады. Орындаушылар:
Мемлекеттік симфония оркестрі, Хор капелласы, дирижеры Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты Төлепберген Абрашев болды.
Біржан — Абай атындағы опера және балет театрының әншісі Кенжеғали Мыржықбай, Сара — Қаз КСР еңбек сіңірген артисі Алма Оспанова. Атақты залда орындалған опера бүкіл Кеңестер одағының 15 республикасының телевидениесіне тікелей эфирден көрсетілді. Концерттік кешке КОКП идеология хатшысы, КСРО Мәдениет министрі, КСРО Композитор одағы, өнер адамдары мен сонда тұратын қазақтар қатысады. Халықтың көп болғаны соншалық залда ине шаншар жер болмай, көбі түрегеліп тұрып тыңдайды.
Орындалған айтыс, ария, дуэттерге көрермендер дүркірете қол соғып, қошеметін аямайды.
Музыкалық ұжымның өнері жоғары бағаланып, Алматыға оралғанда аэропортта адамдар құшақ- құшақ гүлмен қарсы алып, қазақ операсының жетістігі туралы телевидениеден көрсетіледі.
Жарты жыл өтпей КСРО Мәдениет министрлігінің шешімімен «Біржан -Сара» операсы Германияға гастрольге шығуына жоспарға енгізіледі, Еуропаға қазақ операсы тұңғыш рет өнер көрсететін болғандықтан жаңа костюмдер тігіліп, бас партияларды сомдайтын өнер шеберлеріне конкурс жарияланады.
Бір жылдан астам дайындықтан соң Қазақ КСР Компартиясының хатшысы, бас идеолог Зақаш Камалиденов тыңдап көріп, театрға келіп жиналыс ашып «Біржанды-Кенжеғали Мыржықбай, Сараны-Роза Жаманова орындайды, екінші құрамдағылар сақтандырушылар ретінде барады. Спектакльге Қазақ КСР еңбек сіңірген артист, бас хормейстер Базарғали Жаманбаев дирижерлық етеді. Театр ұжымын Қазақ КСР Мәдениет министрі Жексенбек Еркінбеков, Орталық комитеттің инспекторы Дүйсен Қасейінов бастап барады» деп осы өнер адамдарының Германияға баратынын хабарлайды.
1986 жылы «Біржан-Сара» операсын Германия жұртшылығына апарып көрсетеді. Батыстың Берлин, Дрезден, Лайпцих, Штат-Халле қалаларының опера театрларында орындалып, шет елдің тәккаппар да талғампаз көрермендерін опера оқиғасының шынайлығымен, композитор музыкасының әсем сазды мелодикалық әуенімен, сахналық көріністің көркемділігімен тамсандырады. Немістер: «Шіркін, мына спектакльді неміс тіліне аударып қойса ғой» деп таңданысын жасырмайды. «Біржан-Сарада» музыка десең музыка, би десең би, ән десең ән, айтыс өнеріне дейін бар. Музыкасы, ариясы, ансамбльдері қандай ғажап!
Тоқсаныншы жылдар
1991 жылы опера әншісі көпшілікке жеке концертін өткізді. Асқар Тоқпанов, Әсет Бейсеуов, Нұрғиса Тілендиев, Ілия Жақанов, Мұхтар Мағауин, Рымғали Нұрғалиев, Өмірзақ Айтбаев сияқты біртуар мәдениет, өнер және әдебиеттің майталмандары, мемлекет қайраткерлері Советхан Нұрпейісов, Сиязбек Мұқашевтар келіп тамашалады. Кенжекеңнің бір кереметі кешті өзі жүргізіп, өзі орындайды. Кейбір концертте ән, романс, халық әні, эстраданы қатар орындап, көпшілікті тәнті етеді. Сахнадағы он жыл көрсеткен өнері, кәсіби шеберлігі жоғары бағаланып, 1991 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағы берілді.
Абай әндерін насихаттау мақсатымен 1994-1995 жылдары Қырғызстанға, Өзбекстанға, Украинаға, Ресейге, Түркияға, Иран мен Мысырға гастрольдік сапармен барады. Алматыда Абай әндерінен тұратын жеке концертін береді. Ұлы ақынның 160-170 жылдық мерейтойларына арнаған ән тартулары тағы бар. Сондағы таспалары сақтаулы. Концерттік бағдарламасын сапарына қарай біраз өзгертіп, толықтырып отырды. Түркия, Франция, Польша, Германия, Румыния елдерінде өнер көрсетті. Арменияға барып қайттық. Абайды түркі әлеміне кеңінен насихаттау мақсатымен Түркиядағы іс-шараға қатысты.
Ардақты әнші елорданың мәдениеті мен өнеріне ерекше үлес қосқан Алаштың аяулы азаматы.1996 жылдың мамыр айында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Светлана Жалмағамбетованың шақыруымен Алматыдан Ақмолаға концертмейстер Ирина Филинковамен гасторольдік сапармен келіп, Атбасар, Есіл, Қорғалжын аудандарында, облыс орталығындағы Пионерлер сарайында, педагогика училищесінде жеке концерт береді. Халық пен тыңдаушылардың ықыласынаи бһленеді.
Алмаиыға қайтар сәтінде Елбасы Жарлығымен Л.Н.Гумилев есімін алып қайта құрылған ЕҰУ ректоры Амангелді Құсайыновты құттықтамақ болып, кабинетіне енгенде ректор : «Кенжеғали, міне мәртебелі университетке айналып жатырмыз. Болашақ астанаға келсеңші. Біздің Музыка факультетінің денгейін көтеруіміз керек. Сенің атағың және тәжірибең бар. Сен маған керексің. Жағдайыңды жасаймын, 4 бөлмелі үй беремін», деп ұсыныс жасайды. Мұны күтпеген әнші шабыттaнып: «Пәлі, онда опера театрының біраз әншілер ала келсем бола ма?»-дегені сол екен, «Алып кел, оларды да жұмысқа орналастырамын» -деп ректор ағынан жарылып, телефонмен кадр бөлімінің басшысы Жанна Әбдрахмановаға: «Мәдениет министрі Талғат Мамашевқа хат жаз! Университет К.Мыржықбайды Абай атындағы опера және балет театрынан ауысу негізінде шақырады» деп шұғыл тапсырма береді. Кадр басшысы 10-15 минутта орындады. «Қысқасы, 30 тамызда осында бол»,- деп ректор Амангелді сарт еткізіп қолын қояды. Ол ҚР Мәдениет министрі Талғат Асылұлына барып, жағдайды айтқанында, бұл шешімді қолдап, батасын береді. Ауысып келген соң университеттің Музыка факультетіне доцент ретінде жұмысқа кіріседі. Бір -екі айдан кейін концертмейстер, тамаша музыкант Гүлзада Құсайынованың роялда сүйемелдеуімен «Алматыдан — Ақмолаға» атты жеке концертін береді. Оны «Казахстанская правда» газеті бірінші бетіне суретіммен басып, «Болашақ астананың өнер қарлығашы Ақмолада концерт берді» деп жазып жібереді.
Кенжеғали Мыржықбайды Астана қаласын өнердің ошағына айналуына алғашқы болып үлес қосқан отансүйгіш азамат ретінде тануға болады. Ол 1996 жылы Ақмоладағы Л.Г. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университеті Музыкалық факультетінде сабақ береді. 1997 жылы мемлекет және қоғам қайраткері Жәнібек Кәрібжанов Ақмола облысына әкім болып тағайындалып, филармония директоры қызметіне шақырады. 1997 жылы Ақмола облыстық филармониясын құрып, оның алғашқы директоры болып істегенде астананы қазақыландыру, жергілікті музыканттарды тарту міндеті тұрды. Қазақ ұлт аспаптар оркестрі жасақталып, оның репертуарын дайындау үшін Павлодардан тәжірибелі дирижер Мырзағали Айдаболовты шақырады. Біраз әншілер мен Ғазиза Жұбанова атындағы Шекті аспаптар квартеті жұмысқа орналасады. Бір жылдай дайындалып репертуар жинақтап «Жастар» сарайында облыстық филармонияның тұңғыш ұжымдық концертін халыққа көрсетіп, қошеметке бөленеді. Орыстанып кеткен қала үшін бұл үлкен жаңалық еді.
1998 жылы Кенжеғали Мыржықбайды жаңадан ашылып жатқан Қазақ ұлттық музыка академиясының ректоры Айман Мұсақожаева аталмыш оқу орнына шақырып, Вокалды-хор факультетінің жеке ән салу кафедрасының меңгерушісі болады. Шәкірт тәрбиелейді. Бастапқы жылдары өте қиын болады… Арада он жыл өткенде жаңадан ашылған Опера және балет театры әншілермен, симфониялық оркестрі, үрмелі аспаптар оркестрі музыкалық аспапта ойнайтын музыканттармен түгелдей қамтамасыз етіледі. ҚазҰМА ректоры Айман Мұсақожаева жоғарғы жаққа жазып, айтып жүріп сол жағалаудан үлкен «Өнер университеті» ғимаратын салуға қол жеткізіп, жаңа факультеттер ашуға мүмкіндік туады. Бұл ғимараттың үлкен және кіші концерттік залында студенттік оркестрлерге білікті тәжірибесі мол профессорлар дирижерлық етіп, шет ел қазақ классикалық музыкасын орындап репертуарларын кеңейтуде. ҚазҰМА -де классикалық ән салу кафедрасының меңгерушісі болып жұмыс істеп жүргенде әлемге әйгілі скрипкашы Айман Мұсаходжаева қолынан өнертану ғылымы бойынша профессорлық атақ алады.
Екі мыңыншы жылдар
2006 жыл Ресейде Абай жылы, Қазақстанда Пушкин жылы болып белгіленді. Соған байланысты министрлік бұл сапарға лайық өнер адамын іздестірді. Сол тұста К.Мыржықбайдың «Абай-Пушкин» жобасы министрдің көзіне шалынып, концертін өзі келіп тамашалайды. Сөйтіп сол жылы Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларынан бастап, Ресейдің Астрахань, Орынбор, Самара, Омбы, Томск, Барнаул, Новосібір сияқты бірнеше қалаларда өнер көрсетеді. Бір айға жуық Ресейді аралап, он бес шақты концерт береді.
ҚазҰМА -да 2007 жылға дейін кафедра меңгерушісі қызметін атқарады. Көптеген шәкірт даярлап, профессор атанады. 2007 жылы Шығыс Қазақстан облысына Мәдениет басқармасының бастығы болып барады. Осы қызметті бес жыл абыроймен атқарады. 2012 жылы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың шақыруымен астанаға қайта оралып, «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің жетекшісі болады
Мен 2016 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-не қызмет істедім. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, өнертану профессоры Кенжеғали ағамыз жастарды өнерге, мәдениеттілікке тәрбиелеуде дәріс-концерттер беріп тұрды. Бірде «Өнер тұғыры» атты дәріс-концерті өткізді. Онда классикалық өнер шебері студент-жастарға қазақ операсының тарихын баяндап, Абай атындағы қазақ опера және балет театрының ірге тасын қалаған əншілер жəне опералық спектакльдер жазған композиторлар туралы мағлұматтар берді. Ария, романс, халық əні, эстрадалық шығармаларды орындап, қойылған сұрақтарға жауап берді. Қазақ опера саласының дамуына айрықша үлес қосқан халқымыздың дарынды тұлғаларын таныстырды. Қазақстанның айтулы сахна саңлақтары: Кәукен Кенжетаев, Күләш Байсейітова, Рабиға Есімжанова, Мұқан Төлебаев, Манарбек Ержанов, Қалибек Қуанышбаев, Зейнеп Қойшыбаева, Ришат, Мүсілім Аблуллиндер, Байғали Досымжанов, Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебеков, Қанабек Байсейітов, Әміре Қашаубаев сынды опера маржандарының өнерге қосқан орасан зор үлестерін дәріптеді. Сондай-ақ, концерттік бағдарламасын ұсынды.
Халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген күміс көмей әнші Қазақстан композиторларының ғана емес шет ел классиктерінің әндерін де орындады.
ҚР еңбек сіңірген әртіс К.Мыржықбай Абайдың «Айттым сәлем қаламқас», А.Жұбановтың «Қарлығаш», «Перская красавица» операсынан француз композиторы Жорж Бизенің «Смиттің серенадасын», «Гори гори моя звезда» орыс романсын, Естайдың «Құсни Қорлан», С.Мұхамеджановтың «Әйтеуір сол бір қыз сұлу», Ш. Қалдаяқовтың «Әнім сен едің» Жаяу Мұсаның «Ақсиса», Ә. Бейсеуовтің «Сырласу вальсі», М.Жанболатовтың «Сағындым сары Арқаны» әндерін жоғары кәсіби деңгейде орындағанда жастар әншінің орындау шеберлігіне тәнті болды.
Өнер-тәңір сыйы. Туған еліне арналған тағы бір кештің куәсі болғанмын. Сонда классикалық өнер шебері Қазақстан композиторлары Л.Хамиди, С.Мұхаметжанов, Е. Рахмадиев, Н. Тілендиев, К.Күмісбеков, Ә.Еспаев, Е.Хасанғалиев, І. Жақанов, Ә.Бейсеуов, Т.Базарбаев, М.Сағатов, Ө.Байділдаев, Ә.Молдағайынов, Ж. Тұрсынбаев, Ә.Телғозиев, М.Жанболатовтардың патриоттық әндерін концертмейстер Любовь Глинканың рояльда сүйемелдеуімен орындады. Қалың қауымға танымал, ерекше өнерімен халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген белгілі әнші Кенжеғали көптеген талабы таудай, дарынды жастардың шырағын жағу мақсатында сахнаға алып шықты. Университеттің түрлі факультетінде оқып жүрген жалынды жастар белгілі ақындардың, кейінгі ел аузында жүрген ақын аға-апаларының Отан, туған жер, туған ел туралы өлеңдерін тебірене жатқа оқып, жүрек лүпілін жеткізді. Ғашықтық, лирикалық әндер де шырқалды.
Кенжеғали қазақ өнерінің жанашыры. «С.Мұхамеджановтың сегіз бөлімнен тұратын «Ғасырлар үні» деген ірі ораториясы бар. Сонау «ақ табан шұбырындыдан» бастап, тәуелсіздік алғанға дейінгі аралықты суреттейді Осы ғажап дүниені неге қайта тірілтпеске деген ой келеді» -деп толғанады.
Биыл «Қазақстанның Еңбек Ері»,, өнер зерттеушісі, композитор Ілия Жақановтың 85 жылдығы. Опера тарланы композитордың 15 шығармасын біледі. Енді белгілі әнші туралы зиялы қауым баға берсін. Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Әлеуметтік-мәдени даму мәселері жөніндегі проректоры, академик Дихан Қамзабекұлы:
— Қазіргі қазақ зиялылары, кешегі Алаш арыстары классикалық өнер арқылы биікке көтерілді. Соны түсінген, көрген, білген, насихаттаған. Кенжекең — қазақ операсы мен классикалық музыкасының дамуына үлкен үлес қосқан өнердегі биік тұлғамыз.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Серік Негимов:
— Кенжеғали — Ленинград консерваториясының түлегі. Талғамы жоғары
классикалық әнші. Кез келген ортада ән айтпайды, тек қана сахнада әнді маңдай терін төгіп тұрып орындайды. Опера және балет театрында талай- талай керемет рольдерді сомдаған.
Шығыстанушы, ғалым, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Болат Көмеков:
— Қазақ — ұлы даланың елі. Дала өркениетінің керемет бір қасиеті-үйлесімділік. Көшпелі ел үйлесімділікпен көшкен. Үйлесімділіктің күш қуаты-әнде, музыкада. Осы музыка Кенжекеңнің орындауында бізді жетелеп, алға қадам бастырып, рухымызды биіктетіп отыр. Қалада туған, өскен жастар ауылдың рухымен өсу керек.
ҚР еңбек сіңірген әртісі Кенжеғали Мыржықбай — қазақ операсы мен классикалық музыкасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан өнердегі биік тұлға. Талғамы жоғары классикалық әнші. Сахнада әнді жанды дауыспен орындайды. Опера және балет театрында талай-талай керемет рольдерді сомдаған. Кенжеғали – дала елінің дәстүрін, мәдениетін, дүниетанымын, сырын, бояуын бойына сіңірген жан-жақты әнші.
Сондықтан Абай атындағы әдебиет және өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық!
Жұлдыз ТОЙБЕК
ҚР Журналистер одағының мүшесі