Анкараға зардабы тиген “Зарраб”

АҚШ-та 2011 жылдан 2016 жылға дейінгі кезеңде Тегеранға қарсы санкцияларды бұзғаны үшін айыпталған түрік-ирандық кәсіпкер Рыза Заррабқа қатысты сот процесі жүріп жатыр. Дегенмен, бір қызығы сот процесіне Р. Зарраб айыпталушы емес, енді куәгер ретінде қатысады. Осы себепті аталған жағдай әлем назарын аударып, түрік билігін дүр сілкіндірді.

 

Бұған дейін Рыза Зарраб экономикалық қылмыстар туралы 2013 жылы «Үлкен пара» жемқорлыққа қарсы операциясы барысында Стамбұл полициясының бастамасы бойынша тергеу нәтижесінде ұсталған еді. Заррабтан өзге оның төрт одақтасы күшінде тұрған АҚШ санкцияларын айналып өтіп, Иран үкіметіне ақша аударудың заңсыз схемаларын ұйымдастырғандары үшін айыпталды. Өз кезегінде Haklbank басшысының орынбасары Х. Атилла 27 наурызда Тергеу Федералды Бюросы агентінің көмегімен АҚШ санкцияларын айналып өтуде Иранға қатысты заңсыз ақша операциясына қатысы бар күдікті ретінде Нью-Йорк әуежайында тұтқындалды. Прокуратура Атилла үшін 50 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрап отыр. Айыптауға сәйкес, Түркияның бұрынғы экономика және ішкі істер министрлері Заррабқа ірі көлемді ақша жымқыруда қолдау көрсеткен.

Кәсіпкерден өзге мемлекеттік Haklbank басшысы Сүлеймен Аслан, сол сәтте қызметте болған ішкі істер министрі Муаммер Гюлер мен экономика министрі Зафер Чаглаянның ұлдары тұтқындалды. Істе Еуроодақ бойынша министр Егемен Бағыштың да рөлі туралы айтылды. Бұдан өзге 2013 жылдың 25 желтоқсанынан аян болған істе прокурорлар айқын ете алмаған түрік басшысының ұлы Біләл Ердоғанда фигурант деген сыбыстар желдей есті. Дегенмен, 2014 жылдың наурызына қарай тергеу туралы парламенттік жүктеме қабылданбады. Барлық іске қатысы бар фигуранттар бостандыққа шықты. Темір торға 72 күн тоғытылған Зарраб, бір қызығы бостандыққа шыққаннан кейін, қайырымдылық ұйымдарына қолдау көрсететін жылы жүректі жан деп жарияланып,Түркия экономикасының қарыштауына өз бизнесі арқылы қалай көмектескенін баяндап, үлкен телесұхбат жасады.

Тіпті Түркия билігі Заррабты түрік экспортының дамуына қосқан үлесі үшін марапаттады, дегенмен, қазір экспорт та, импорт та жалған екені анықталып отыр. Алтын сатудағы жетістігі үшін Түркия Республикасының орденімен марапатталған Зарраб, өзі «ешуақытта Иранға алтын жібермегенін» мойындап, көлік жүйесінің жай-жапсарын баяндап берген. Оқиғаның түйіні мына себептен көрінеді: Реза Зарраб 2010 жылдан бері Иранға ақша жылыстату жолдарын ойлап тапқан. Haklbank көмегі арқылы Зарраб экспорттық-импорттық операцияларға қатысты жалған құжаттар жасаған. Араб Әмірлігінде ешқашан болмаған астықты Ираннан импорттауы да ғажап емес. Түркия алаяқтық деп айып таққан Зарраб 2016 жылдың 19 наурызында Флоридада тұтқындалды.

Түркия үшін жойқын жауап

2016 жылдың 21 наурызында Рыза Зарраб федералды сотта жауапқа тартылды. Бірақ, бір қызығы соңғы үш айда Зарраб өзін қорғау үшін ешқандай әрекет жасамаған. Оның күдіктіден куәгерге айналып кетуінің себебі де жоқ емес. Айта кетерлігі, АҚШ сот жүйесінде күдіктілердің айыпты жұмсартуға немесе оны алып тастау үшін прокуратурамен мәміле жасауға мүмкіндігі бар.

Мәміле жасалғаннан кейін, куәгердің мәмілені бұзуға, жалған сөйлеуге еш құқықғы жоқ, яғни бар көрген білгенін жіпке тізгендей баяндап беру, оған дәлелдер келтіру куәгердің міндеті. Осы орайда куәгер фигурантқа айналған Зарраб болған оқиғалардың жай-жапсарын жайымен баяндай бастады. Сотта кәсіпкер Түркияның бұрынғы экономика министрі Зафер Чаглаянға 40-50 млн еуро көлемінде пара бергенін және Еуро одақ ісі бойынша экс-министр Егемен Бағышқа, Түркияның бұрынғы ішкі істер министрі Муаммер Гюлерге және бірқатар ондаған шенеуніктерге не үшін пара бергенін мәлімдеп берді. Бірақ ең бастысы аталған қылмыстардың барлығы «Ердоғанның рұқсатымен жасалғанын» айтқан Зарраб, төрт күн көлемінде прокуратураға қайда, не үшін кездескені туралы, кімге не бергені, қайтарымына не алғаны туралы толықтай баян етті. Заррабтың баяндауынща, Haklbank-ке салынған ақша Дубайдан әкелінген алтынды сатып алуға жұмсалған-мыс, саудадан түскен қаржы Иранға жіберілген. Өзара есептің басқа да схемасы болған. Заррабтың айтуынша, ол ауыл шаруашылық өнімдері түрінде жіберілген. Жоғарыда аталған Араб Әмірлектерінде ешқашан болмаған астықты Ираннан импорттау осы оқиғамен сабақтас болуы ғажап емес. Кәсіпкер аталған іске Түркия экономика министрі Зафер Чаглаян мен қаржы министрі Әли Бабаджянның қатысы бар деп растады. Ал Түркия мұндай әрекет жасалмағанын алға тартты.Түркия президенті Ердоған көршілес Иранмен бұл тұрғыда сауда және энергетикалық қатынастар бар деп мәлімдеді.

 

Бұдан өзге Заррабтың жауабындағы ең маңызды құрамдас бөлігі – қаржы полициясы жүргізген сұхбат жазбаларының және Түркия тарихындағы ең үлкен сыбайлас жемқорлық дауына дәлелдердің болуы (17-25 желтоқсан, 2013 жыл).

Анкара мен Вашингтон қырқысы

Дау басталғаннан күннен бері Ердоған полиция мен прокурорларды айыптап, АҚШ-та тұратын Фетхуллал Гүленмен ауыз жаласты деп сөкті.Бұдан өзге сол уақыттағы Түркия премьері мен Ердоғанға тараптас БАҚ, барлық жабылған жалалар жалған деп растап, «Үлкен пара» ісі бойынша телефон әңгімелерін, құжаттар мен суреттерді жойған еді. Сот отырысы барысында осы жағдайға қатысты бірқатар қызықты детальдар қылаң берді. Түрік қорғаныс ұйымдары жасаған жазбалардан өзге 2014 жылдан бастап Федералды Тергеу Бюросы жүргізген техникалық құралдар ұсынылды. Сонымен қатар, техникалық қадағалауға жауапты адам куә ретінде сотқа келген. Сот процесінде Вашингтонның Түркияны тыңдағаны, электронды поштасындағы хат-хабарларды оқығаны аян болды. Осы жағдайға орай Түркия Орталық барлау басқармасын айыптап, орын ала жаздаған әскери төңкеріс ОББ-ның (Орталық барлау басқармасының) арнайы операциясы болды деп түркиялық БАҚ жарыса жазды. Үкіметке тараптас Yeni Safak Daily газеті төңкерісті ұйымдастырған басты кейіпкер Ауғанстандағы НАТО коалициялық күштерінің бұрынғы командирі Джон Ф. Кэмпбелл деп жазды. Түрік бұқаралық ақпарат құралдары америкалық генерал ОББ-ның қолдауымен, өз кезегінде, Фетхуллах Гүленнің қозғалысымен ауыз жаласып, әрекет етті деп жазды. Yeni Safak басылымында жарияланған мақалаға Джон Ф. Кэмпбелл мақала «жауап беруге тұрмайтынын», онда келтірілген айыптар «өте күлкілі» деген пікір білдірді.

Өз кезегінде, Заррабтың соттағы мәлімдемесі Түркия үшін жойқын жарылыстай әсер еткені жасырын емес. Осы сәтте Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған билеуші Әділет және даму партиясы депуттарының шұғыл отырысын шақырып, қандай позицияны ұстану керектігін тұжырымдады. Сот ісін билік те қалт жібермей қадағалап отыр. Бұған басты себеп – «Зарраб ісі» Түркия Республикасы тарихында Анкара тарапынан АҚШ-қа екі рет қарсылық нотасы жариялануына түрткі болды, себебі, Заррабтың жауабында Ердоғанның және оның отбасы мүшелерінің есімі бірнеше рет аталады.

Бұдан өзге Нью-Йорктағы сотта Зарраб мәлімдеме бере бастаған сәтте Ердоған және Түркия билік өкілдері «оның бізге қатысы жоқ», «бұл саяси тергеу ісі», «Зарраб – бұл агент», «бұл Түркия тәуелсіздігі үшін жеке соғыс» сынды мәлімдемелерін алға тарта бастаған. Мәселен, Әділет және даму партиясының Анкарадағы отырысында Түркия президенті Ердоған АҚШ-тағы сот ісінің заңдық негізі жоқтығын алға тартады.

Hürriyet газеті Ердоғанның аталған іс Фетхуллах Гүлен қозғалысының қатысы бар халықаралық төңкеріс әрекеті деген пікірін келтіреді. Ал MK Turkey ғаламтор басылымына Зарраб ісіне қатысты мақала жариялаған Ариф Асалыоғлының пікірінше,Заррабтың жауабы даудан кейін түрмеге тоғытылған ондаған мың полиция қызметкерлері, әскерилер мен мемлекеттік қызметкерлердің кінәсіздігін айқындайды. 2016 жылдың 15 шілдесінде болған мемлекеттік төңкерістің де бір себебінің ұшпағы осы оқиғадан байқалады.

Сот салдары

19 желтоқсанда әлем назарын аударған аты шулы іс мәресіне жетті. Нәтижесі белгісіз, аян етілмеді. Аталған сот ісінің салдары не болмақ? Саяси гипотезаға сүйенер болсақ, Зарраб сотта келтірген кейбір детальдар Анкараның күрделі проблемалармен бетпе-бет келуі бек мүмкіндігін көрсетеді. Мысалы, жоғарыда аталған Halkbank және Aktif Bank мемлекеттік банктері Иранға ақша жылыстатуда АҚШ санкциясын бұзғандары үшін кінәлі деп танылса, банк басшыларына ірі көлемде айыппұл төлеуге тура келеді.  Бұл Түркия экономикасына үлкен соққы болуы ғажап емес. Бұдан өзге іске қатысы бар кейбір фигуранттарға елден кетуге шектеу қойылуы ықтимал. АҚШ пен Түркия қатынасының қалай өрбитініне де аталған жағдай әсерсіз деп айту да ақылға қонбайды.

Республика халық партиясының депутаты Фикри Сағлардың BirGün газетіндегі сөзіне сәйкес сот «17-25 желтоқсандағы жемқорлық дауының жазбаларын дәлел ретінде қабылдаса» Түркияның қазіргі президенті Р. Ердоғанға айтарлықтай қауіп төнетіні, тіпті «президенттің тұтқындалуы» мүмкін екендігі айтылады. Түркия оппозициясы да Зарраб ісі бойынша сот шешімін асыға күтуде. Кейбірінің пікірінше, Зарраб ісі мерзімінен бұрын сайлауға әкелуі мүмкін деп топшылауда. Мұндай жағдайда оппозицияның парламенттен орын алу мүмкіндіктері қылаң береді.

Билікке жақын Star газетінің жазғанындай , кәсіпкер Түркияға қатысты ешкім білмеуге тиісті бар былыққа қанық. Бұдан шығатын қорытынды, Зарраб ісі Ердоған және оның тараптастары үшін өмірлік маңызы бар. Зарраб мәлімдемесі, болашақта Түркияның саяси аренадағы түбегейлі өзгерістерінің түпкі себебі болуы да ғажап емес.

Сабина Сайлаубай