АҢҚАУ ЕЛГЕ……

“Аңқау елге, арамза молда”- көбейген заман болды.
Бүгінде бейнеті адал адамның қадірі жоқ. Себебі оның жарнамасы жоқ. Шенді адам есеп беретін кезде ғана еңбек адамының бейнесі экранның бір шетінен көрініп қалуы мүмкін. Былайғы күнде оны іздеп жатқан адам жоқ.
Есесіне шыттай киініп алып ақша табудың жолын үйрететін ақылмандардың санында есеп жоқ. Әлеуметтік желіні ашып қалсаң, жарнамадан жаныңды қоярға жер таппайсың.
Психолог, коуч, тренер, гороскоптың шебері, сандардың сырын игерген сюцайдың маманы, құдай салмасын енді бәрін кездестіресің. Халық маңдай терімен тапқан қаржысын, маңдай алды адам қылам деп алдаған маманның қалтасына құйып жатыр. Құдай ақырын берсін…..
Бәрі білгір, бай болу үшін жасыл немесе қызыл әмиян сатып алыңыз. Ай толғанда лавр жапырағын жағыңыз. Білегіңізге руна әріптерін жазыңыз. Қолыңызға қызыл жіп тағыңыз. Тұзды отқа жағыңыз-деген сан түрлі ритуалдарды айтып оңай ақша табам-деген жұрттың басын қатыруда.
Еңбексіз мал табам, осыны істей сала байлыққа белшемнен батам-деген пенденің барлығы дерлік ризық беруші Жаратқанды ысырып қойғандай.
“Ептеп адам бай болмас, маңдайға құдай бермесе”- деген сөз рас. Құдай маңдайға береді, немесе нәпәқа адал еңбекке келеді. “Құдайдан сұрағанның екі бүйірі, адамнан сұрағанның екі көзі шығады”- деп атам қазақ бекер айтпаса керек.
Баяғыда, бақуатты байдың жалғыз баласы бар екен. Барды ішіп-жеп, басқаға басын ауырпайтын баласын адал еңбек етіп, мал тап-деп үйінен қуып жіберіпті. Бір ай қаңғырып, қыдырып келген ұлының қолына анасы әкеңе еңбекпен тапқаным деп берерсің деп жүз күміс ділдә ұстата салыпты.
Әкесіне берген екен, ашуға булыққан әкесі әлгі жүз ділдәні отқа тастапты. Баласының мұрты да қисаймапты, беті де бүлк етпепті.
Әкесінің ауыр сөздерінен кейін бала адал еңбек етуге бел буады. Ауыр жұмысқа жалданып, айдың соңында он алтын ділдә табады. Әкесіне әкеп берсе, оныда отқа тастайды.
Баласы жан ұшыра, жанып тұрған оттың ішінен жалаңаш қолымен он алтын ділдәсін көсіп алады.
Әкесі сонда ғана балам бұл қаражатты адал еңбегіңмен тапқаныңа енді ғана көзім жетті. Анада анаң берген қаражатқа қайырылыпта қарамап едің, бүгін өз дүниеңе жаның шығып кете жаздады. “Еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болады балам”- деп батасын беріпті.
Сол айтпақшы ұрпағымызға жұрттың аузын бағып, болмайтын дүниеге сенуді емес, шеге қағып болсада нанын адалынан табуды үйретейік ағайын……
МАҚСАТ СҚАҚОВ.