АНТ

Анттасу, яғни анда болу – көшпелі халықтардың ежелгі салттарының бірі. Мәселен, грек тарихшылары Геродот пен Лукиан скифтердегі осы салт туралы қызғылықты деректер жазып қалдырған. Лукиан өзінің «Токсарис және достық» деген шығармасында скиф Токсаристің айтуы бойынша былай деп жазады: «Біреуді дос болуға таңдағанда одақтасып өмір сүруге және керек болса бір-бірі үшін жан қиюға асқақ ант береді. Мұны былай жасайды: саусақтарын тіліп, қанын кесеге ағызып қосады да, семсерлерінің ұшын матырып, содан кейін құшақтасып, әлгі қанды ішеді. Осыдан кейін оларды ажырататын ешбір күш болмайды, себебі, бұл адамдар қандасты».

Осы көне салт қазақ хал­қы­ның өмірінде де  әртүрлі жағдайға бейімделіп, жалғасын тапқан. Анда рәсімі кейінірек екі достың арасында ғана емес,  қоғамдық кең ауқымды мәнге ие боп,  жеке тұлға тарабынан ел үшін немесе  ұлыс әміршісі хан үшін ант беру рәсіміне ұласып, далалық заңның бір түріне айналып кеткен. Кейде мұны серт беру деп те атайды. Ант беру салтының кешенінен ырыми әрекетті, сөз магиясына илануды, сондай-ақ қасиетті затпен сүйемелдеу шарттарын байқаймыз. Осындай рәсімдерде адамның бас бармағы үлкен  заңи міндет атқаратыны белгілі.

Моңғол, алтай, тыва халық­тарында кездесетін атқан оғы жерге түспейтін сұрмергеннің аты – Эрхий мерген. Ол, тіпті, аспанда жанып тұрған үш күнді (кейде жеті күнді) атпақ болып анттасқан космостық жойқын  мерген. Аспандағы үш күнді атқалы бәстесіп, «Егер оғым мүлт кетсе, тұнық су ішпейтін, тұқыл тамыр жейтін, қапас  інде өмір сүретін хайуанға айналайын!», деп серт береді. Мерген екі күнді жойып, енді үшінші күнді ата бергенде қарлығаш кедергі келтіреді де, жебесі соған тигендіктен, құстың құйрығы айыр болады. Аспанда аман-сау қалған ақырғы күн жылысып, таудан асып, батып кетеді. Бұрын күн аспанда шақырайып жанып, аптап төндіреді екен-мыс. Содан бері күн бататын болып құбылыпты.  Антына жете алмаған қапалы мерген бас бармағын  кесіп тастап, інге кіріп, «тұнық су ішпейтін, тұқыл тамыр жейтін» суырға айналып кетеді. Сол себептен, суырды қарасаң, адамға ұқсас кейіпте, бірақ оның саусағы – төртеу. Аңыздағы  мергеннің антына жете алмаған соң өзін өзі жазалап, бас бармағын кесуінде үлкен тарихи мән бар.

Эрхий мерген, яғни бұл  – «Бармақ мерген» деген ма­ғынаны білдіреді. Ежел­гі дәуір­де садақ тарту үшін адам­ның бас бармағы маңыз­ды мін­дет атқарған. Тү­рік-моң­ғол ха­лықтары салбу­рын­ға шық­қан­да алғашқы аңды ат­қан бала мергеннің бас бар­ма­ғы­на май жағып, арна­йы ырым жа­саған. Мысалы, Шың­ғыс қаған сүйікті немересі Құ­бы­лай­дың бармағын майлап, бата берген көрінеді. Аңшылық-жауынгерлік  тұрмыста балуан бармақ осындай зор  міндет атқарғандықтан ол туралы ерте заманда әртүрлі ырымдар пайда болған. Мәселен, түрік-моңғол халықтарының дені  адамның  жаны бас бармағында деп түсінсе, алтайлықтар, тіпті, бас бармақ бедерінің шең­бер­лен­ген сызығының дәл ортасын­да «жүрек бар» деп ұққан. Ал австралиялық байырғы тайпалар жауды өлтірген соң оның оң қолының бас бармағын кесіп алатын, себебі аруақ арғы әлемде қа­һар­ланып, садақ атып, қаскөйлік әрекет жасай алмайтын болады деп ұққан. Бір сөзбен айтқанда, ежелгі ұғымда адамның жан қуаты бас бармақта, сондықтан бас бармақ басқа ағзаға толық уәкілдік ете алады деп сенген.  Сол себептен де ерте дәуірде ерлер ант берісіп, «анда болу» рәсімін жасағанда бас бармақтарынан қан шығарып, оны ыдысқа құйып, өзара бөлісіп ішкен немесе екі батыр бармағының ұшын тіліп, қан шығарған соң, бірінің саусағын бірі сорған. Бұл салттың көрінісі  эпостарда этнографиялық аса дәлдікпен бейнеленеді. Мысалы, «Тентек қара ер кекіл» батырлық  жырында былай делінген:

Төс қағысып, құдірет,

Екі батыр осылай,

Аға-бауыр дос ұдай,

Болайық деп келісіп…

Тентек қара кекіл ер,

Жан ағасы болады.

Иықтарын тіресіп,

Тәңірден медет тілесіп,

«Анда болдық» десісіп,

Бас бармағын тесісіп,

Қанды саусақ сорысып,

Қандас бауыр болысып.

Қос тұлпарды қосады.

Кейінгі заманда бұл  көне салт қоғамдық өмірден біртін­деп ығыса бастайды да, ендігі қазақ батырлары жауға аттан­ғалы серттескенде Құран оқып, қара қой сойып, соның қанына найзаларының ұшын, көп жағдайда бас бармақтарын батырып, оны маңдайына жағып: «Серт­тен таятын болсақ, қара қойдың қаны ұрсын» дей­тін бол­ған. Әйткенмен, қазақ­та бас бармаққа табыну салты­ның белгілері тарихи аңызда кез­деседі. Мысалы, қаптаған қа­лың жауды бөгей соғысып, тірі қалмайтынына көзі жеткен Бәйеш батыр қалған азамат­тар­ға өзінің сол қолының бас бармағын кесіп беріп: «Елге осы бармағымды апарып, Бәйеш деп жерлеңдер» деп аманат еткен деседі. Сол бас  бармақ жерленген тау Бәйеш атанып кетіпті.

Ант беру салты заман өткен сайын  көне қалпынан алшақ­тап, кейінгі қоғамның талабына икемделіп, түрлене бергені хақ. Мәселен, кейде батырлар сем­серін немесе садағының адыр­насын сүйіп ант берген, тіп­ті, кейбір адамдар моланың та­сын бастарына көтеріп, қабір­ді айналып: «Антымыздан қайт­сақ, қара тас бассын» деп серт­тескендігі  жөнінде дерек бар.

Кейінгі кезеңдегі ант берудің мақсаты да, орындалу шарты да алуан түрлі екендігін байқаймыз. Яғни, ежелгі анда болу салты кейінірек жекеменшік ұлғай­ып, рулық қоғам ыдырай бас­таған тұста екі адамның дәре­же­сінен әлдеқашан асып, әлеу­меттік-саяси мәнге ие боп, жа­ңа сипаттағы  анттасу деген мәмілегерлік кәдеге айналған. Мәселен, «Құпия шежіреде» бейнеленген андалар –  Керей Уаңхан мен Есүкей батыр немесе Темүжін мен Жамуха ара­сын­дағы «андалық» саяси ірі  одақ­тастық дәрежеге жетіп, билік пен байлықты бөлісудің құ­ралына айналғандығы анық. Мұн­дай мағынадағы анттасулар  мемлекеттің болашақ  тағ­­дырын шешетін ірі саяси тетік болған. Мысалы, ХІІІ ға­сыр­­да мажар халқының жеті үлкен тайпасының көсемдері Ал­мошты хандық билікке сайлап, ант беру салтын өткізіп, оны қанымен бекіткен. Мұндай салт Еуразия   көшпелілерінің арасында ортақ сипатта кең таралған. Мажар археологтары Замарди деген жердегі аварлардың моласынан бір белдік тапқан. Сол белдікте руна жазуында анттың мәтіні жазылған екен. Ғалымдардың оқуынша, онда «ант» деген сөз  осы тұлғада бәдізделген. Кейбір жағдайда екі батыр ант беріскенде белдіктерін де алмасып, рәсім жасаған. Бұл археологиялық олжа сол  көне салттың көрінісін айғақтайды.

Әйткенмен, анттасу ұдайы саяси мақсатта бола бермейтіні белгілі. Кейде ант жорық алдында батырдың өз қару-жарағымен серттесу түрінде де болатыны белгілі. Мұның алдыңғы анттан басты ерекшелігі – аталмыш рәсім адам мен заттың арасында өтетіндігінде болып отыр. Қазіргі біздің түсінігімізде зат өлі деп саналғанымен, ежелгі анимистік таным бойынша қасиетті бұйымдар,  керісінше, тірі нысан болып саналған. Сол себептен батырлар бес қаруымен  кәдімгі «досындай» сырласып, берік серт береді:

…Толғамалы ақ сүңгім,

Шанша алмасам маған серт.

Қанға тойсаң саған серт.

Бұлғары садақ, бұқар жай,

Тарта алмасам маған серт.

Бел күшіме шыдамай,

Беліңнен сынсаң саған серт.

Алтын құндақ ақ берен,

Ата алмасам маған серт,

От алмасаң саған серт!

Мұнда батыр өзінің және қару-жарағының намысын қайрап, қытығына тигені, бес қаруының  беріктігін, өткірлігін  өз күш-қуатына қарама-қарсы қойып, шендестіріп, жекпе-жекке әзірлегені көрініс тапқан. Бұл рәсім кең мағынада ант берудің бір түрі болғанымен, оны мәтіннің өзінде айтылғандай, серт деп атасақ,  рәсімнің дәлме-дәл мәні ашылады деп ойлаймыз. Осыған ұқсас халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігімен үйлесіп жатқан ант берудің (дәлірек айтқанда, серттің) қарапайым түрлерін де көруге болады. Мәселен, аңшы құрал-сайманына, қолөнер шебері бұйымына серт айтқан. Ғашық жандар, дос-жарандар, рулас ағайындар  өзара серт айтысып, соны мүлтіксіз орындаған. Бір сөзбен айтқанда, ежелгі анттың мұндай қарабайыр ша­ғын түрлері көне салттағыдай қан­мен бекітілмесе де, адамның ар-ождан тазалығына сенім артып, қоғамдық  өмірде  кең өріс алып, басқаша айтқанда, уәде-аманат деген құндылықтарға айналған.

Ежелгі күрделі ант салтының  кейбір тармақтары заманға икемделіп, қарапайым түрлерге ауысып,  бүгін де  басқаша сипатта өмір сүріп жатыр деуге негіз бар.

Қорыта айтқанда, алғашқы қауымдық қоғамда қалыптасқан ежелгі ант беру салтында  негізгі  қызмет атқаратын  материалдық айғақ – қан,  рухани айғақ сөз екенін аңғардық. Әрине, бұл рәсімде айтылатын сөз толық орындалатын заңдық күшке ие. Демек анттың қос қанатының бірі – ғұрып кезінде арнайы ай­тылатын магиялық  формулалы сөз. Ал, осында айтылатын қалыпқа түскен  мәтінді фольклордың қандай түріне жатқызуға болады? Ол қандай жанрға жақын?  Мәтіннің поэ­тикалық ерекшелігі неде?

Мәселен, артық күнді ататын  Бармақ мерген – Эрхий мерген  былайша анттасады:

Атқан оғым мүлт кетсе,

Бас бармағымды кесейін,

Адам болмай кетейін.

Тұнық су ішпейтін,

Тұқыл тамыр жейтін,

Қамалып  қапас інде,

Хайуан болайын мүлде!

Көне анттың бір үлгісі ассирия жазуында сақталып қалған. Бұл антты Ассирия патшасы Ашур-нирариға  Бит-агуси елінің көсемі Мати-илу берген екен. Оның мәтіні былай: «Бұл серке Иштар құдайдың құрметіне құрбандық шалуға  немесе азық үшін сойысқа, әйтпегенде, ауру тиген себепті үйірінен оңаша бөлініп, мұнда әкелінген жоқ. Бұл серкені Мати-илу Ассирия патшасы Ашур-нирариға адал­дықпен ант беру салтына орай мойнынан ұстап әкелді. Егер Мати-илу антты бұзса,  үйірінен қапелімде маңырап айырылып, оны қайтадан бастай алмай­тын халге жеткен осы серкедей ол да өз атамекенінен, ұл-қыздарынан, ел-жұртынан аластатылады  және оларды бас­қара алмайтын болады.  Бұл бас серкенікі емес,  ол – Мати-илудың, оның ұл-қыздарының, бек­задаларының, қара орман халқының басы.  Егер Мати-илу антты бұзса, бұл серкенің басы қалай кесілсе, оның да басы солай кесіледі.  Серкенің алдыңғы оң аяғы бұл да Мати-илудың, оның ұл-қыздарының, бекзадаларының,  қара орман халқының оң қолымен тең. Егер Мати-илу антты бұзса, бұл серкенің сирағы  қалай кесіл­ді, Мати-илудың, оның ұл-қыз­дарының, бекзадаларының, Отанындағы халқының да оң қолы солай кесілетін болады».

Ал қазақ жауынгерлері  Ұлы Отан  соғысы кезінде былайша ант берген екен:

Бір адым кейін шегінсем,

Тілерсегім кесілсін.

Көздегенім мүлт кетсе,

Шықсын көзім, тесілсін!

Қалтырап қолым қорықсам,

Қарғысы атсын ананың.

Халқым менен жиіркеніп,

Көз жасы ұрсын ананың!

Әлбетте, бұл мәтіндерден байқайтынымыз, ежелгі және жаңа замандағы ант берушілер егер сертіне жетпеген жағдайда өзіне неше түрлі жамандықтар тілеп, сол кесапаттардың айна-қатесіз орындалуын тілеген. Демек, басқаша айтқанда, анттасушы белгілі дәрежеде арнайы шартпен  өзін өзі қарғап-сілеп отырғанға ұқсайды. Мәселен, бүгінгі қазақ бір жағдайға куәлік етерде сөзіне жұртты нандыру үшін «Көрсем көзім шықсын, естісем құлағым керең болсын!» деп күнделікті тірлікте  ант берісіп жатады. Бұл да белгілі дәрежеде анттың қарабайыр  бір түрі және мұнда айтылған сөз де қарғыспен қабысып жатыр. Уәдеде тұрмайтын пәтуасыз жандарды халық «антұрған» деп атайды немесе ондайларды «Ант ұрсын!» деп қарғап та жататындығы тегін емес. Бір сөзбен айтқанда, анттың мәтіні қарғыс жанрымен қапталдас екенін аңғарамыз. Себебі, антта айтылатын сөз – бұлжымай орындалатын, жүзеге асатын  қанмен бекітілген қатал заң. Демек, оны бұзған тараптардың  да ауыр жазасы мәтінде көрсе­тіл­ген, ол қарғыс түрінде кестеленген.

Сонымен, ант дегеніміз не? Түйіндеп айтар болсақ, қан­дай бір қысылтаяң елеулі оқи­ға кезінде екі адам бір-бірі үшін немесе жеке адам (кейде  бір топ мүдделес жандармен одақ­­тасып) қауымның игілігі үшін өз басын шын ниетпен құр­бандыққа шалуға бел буып,  магиялық ережелі сөздерді айтып, егер антты бұзса, осындағы шартқа сай қатаң жазалануды қалап, арнайы ғұрыптық рәсімді атқаруды ант салты деп атаймыз.

Ант салтында айтылатын фольклорлық үлгілер халқы­мыздың сөз киесіне сенген «Айтылған сөз – атылған оқ» болған ежелгі замандағы танымынан айқын хабар беріп, көшпелі қоғамдағы  заңның қалыптасу тарихын зерттеуге де құнды айғақ бола алады.

Ақеділ ТОЙШАНҰЛЫ,

филология ғылымдарының кандидаты,

Егемен Қазақстан