АНТИСЕПТИКТЕР ӨНДІРІСІ
Пандемия кезінде Toraighyrov University-дің химик ғалымдары Мәдениет Елубай мен Серік Шәріпов антисептик өндірісін игерді. Бүгін олар сертификатқа тіркеуден өтті.
Университеттің зертханасында мың литр зарарсыздандыратын құралдар дайындалды. Құралдар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған рецептураға негізделіп жасалды.
Зерттеушілердің мәліметтері бойынша, мұндай антисептикті алу технологиясы оны бірнеше сағат ішінде дайындап шығаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ол қолдануға ыңғайлы, өзіндік табиғи иісі және жабыспайтын текстурасы бар.
«Көбінесе антисептиктерде синтетикалық қосындылар қолданылады, біз стандартты компоненттерге – спиртке, глицеринге және суға – дәрілік өсімдіктерді қостық. Олар табиғи антисептикалық, антибактериалдық, қабынуға қарсы және жара басатын әсерге ие», – деп атап өтті Мәдениет Елубай.
Бұл құралды университеттің оқытушылары мен қызметкерлері, сондай-ақ жатақханалардағы студенттер де пайдаланады.
Алда пайдалануға беру және толыққанды өндіріс көлемін ұлғайту жоспары бар, ресми рұқсаттарға байланысты мәселелер шешілген.
Естеріңізге сала кетсек, наурыз айында аймақтық экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері спиртті заңсыз сату фактісін анықтап, бір мың литр спирті бар сұйықтықты антисептиктер өндіру үшін университетке берген болатын.