АПАТ ЖАҢҒЫРЫҒЫ ӘЛІ ЕСТЕ
Украина даласындағы Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың болғанына 37 жыл толып отыр. 1986 жылдың 26 сәуірінде болған өкінішті оқиға мыңдаған адамның өмірін жалмаған ең ірі апат болды. Соның салдарынан 5 миллионнан астам адам зардап шеккені белгілі. Көзге көрінбейтін тілсіз жауды жоюға сол кезде кеңестік елдердің азаматтары тартылған. Солардың қатарында шулықтар да бар.
Осыған орай атаулы күнді еске алып, өмірін тәуекелге тіккен батырларды Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков арнайы қабылдап, өзінің ізгі тілегімен бөлісті.
Өздеріңіз жақсы білетіндей, биыл әлем назарын өзіне бұрған Чернобыль атом электр станциясында орын алған апатқа 37 жыл толып отыр. У шашылған оқиға Украина даласында болғанымен оның зардабын сол кездегі кеңестік құрамда болған көптеген жанға тигені рас. Оның ішінде өздеріңіздей ер жүрек жандар бар.
Қиындықтан мойымайтын халқымыз өзінің тағдырында түрлі сындармен бетпе бет келген. Чернобыль апаты да сондай мезеттің бірі. Сіздер тәуекелге бел буып, сол апаттың салдарын жоюға ат салыстыңыздар. Сол үшін сіздерге адамзат, әсіресе жас ұрпақ толассыз алғыс айтады,-деді Бақытжан Оразалыұлы өзінің лебізінде.
Мұнан соң кезек марапаттау рәсіміне беріліп, атом электр станциясындағы апат салдарын жоюға қатысқан бірқатар азаматтар аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болды. Батырлардың тағы бір шоғыры аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбеновтың қолынан Құрмет грамотасын алды.
Құтқарушылардың атынан сөз алған Мият Бакеев көрсетілген құрмет үшін аудан басшысына алғысын білдірді. Ол сондай-ақ бірлесіп шешетін шаруалардан хабар берді.
Қабылдау соңында Бақытжан Оразалыұлы апаттың салдарын жоюға денсаулықтарын құрбан еткен жерлестердің мәселелеріне құлақ түрді. Олар бірінші кезекте денсаулығын сауықтыру, мүгедектікке шығу, тегін дәрі-дәрмекке қол жеткізу туралы сауалдарын қойды. Аталған сұрақтарға аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Жайдар Әйтішев пен аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлмира Керімбаева жауаптарын беріп, мәселелерін назарға алды. Сондай-ақ кәсіпкерлікті дамыту тетіктерін сұраған тағы бір азаматқа да тиісті кеңес берілді.
Шу ауданы әкімдігі