Апаттан сақтандыруға үкімет неге асықпай отыр?
Алдағы аптада еліміздің тағы 9 облысында су тасқыны болуы мүмкін. Бұл «Қазгидрометтің» болжамы. Лайым өтірік болсын. Алайда Алла Тағаланың «Сақтанғанды сақтаймын» деген қағидатын естен шығармаған дұрыс – ау. Қар көбесінің күрт сөгілуіне байланысты Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында су тасқыны болу қаупі бары ексертіле бастады. Мысалы: 26 — 30 наурызда Қарағанды, Ақмола, Қостанай облыстарында, ал 26 — 27 наурызда Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында күн жылынып, қардың еруіне байланысты кейбір өзендерде су деңгейі көтеріліп, арнасынан асуы мүмкін. 25-30 наурызда Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе облыстарында күн жылынып, жауын-шашын түсуіне байланысты кейбір өзендер арнасынан асып, судың жайылу қаупі бар. Наурыз айының соңында Ақтөбе облысында қатты жаңбыр жауады деп күтілуде.
26 наурызда ауа температурасы одан әрі жоғарылауына байланысты Сырдария өзенінде (Қызылорда облысы) мұз кептеліп, су деңгейі көтеріліп, тасқын болуы мүмкін. Егер апат шынымен орын алса қайтеміз? Елімізде халықтың қауіп – қатерден сақтандырылуы қандай деңгейде?
«Қазгидрометтің» ескертулеріне қарап отырып, Мәжілістің соңғы отырысында Азат Перуашевтің Ұлттық банкті табиғи апаттардан сақтандыруды жетілдіруде еш әрекетсіз отырғаны үшін сынға алғаны түседі. «2017 жылғы 4 қыркүйекте Парламенттің ағымдағы отырысының ашылуында Мемлекет басшысы сақтандыру нарығын дамыту міндетін тапсырды. Елбасының сөзін дәйексөз ретінде келтіремін: «Біздің елімізде сақтандыруды дамыту керек, сақтандыру қызметтерінің деңгейін және қолжетімділігін арттыру қажет» деді президент. Міне, сол кезден бері жарты жылдан астам уақыт өтті, алайда не Үкімет, не Ұлттық банк күллі әлемде қаржы нарығының маңызды бөлігі болып саналатын сақтандыруды ілгерілету бойынша қандайда бір шаралар қолданбады», – деді депутат.
Шығыс Қазақстаннан басталып Іле Алатауына дейінгі аймақтарда орын алған табиғи апат – су тасқынының аясында бұл тақырыптың өзектілігі артып, осынау түйткілді мәселені қайтадан көтеруге тура келді. Ондаған отбасылар көмекке зәру.
«Жыл сайын дәл осы оқиға ұдайы түрде қайталанып отыратынын ашық айтуға мәжбүрміз. Әр жылда көктем келген сайын «күтпеген жерден» әрі аяқ астынан қар еріп, жаңбыр жауады. Сосын әр жолы, сол бұрынғыдай, мемлекеттен ақша талап етеміз», – деген Перуашев мұндай тәсіл – шенеуніктердің ұқыпсыздығы мен аталмыш мәселені шешуде кәсіби емес екендігінің айқын үлгісі екенін де атап өтті.
Осы орайда «Ақ жол» партиясы мемлекетке сеніп қол қусырып отыра бермей, дәл осыған ұқсас төтенше жағдайда туындаған залалдың орнын өтеу мен оның салдарын жеңілдету үшін ертерек жаппай нарық механизмдерін енгізу қажет деп санайды.
«Ұлттық банк жай ғана сырттан бақылап, қарап отырмай, қарапайым халықтың қаржылық мүмкіндігі мен қауіп-қатерді ескере отырып, сақтандыру компанияларын құралдар түрлерін кеңейтуге итермелеп, шетелдік тәжірибенің озық үлгісін зерделеу, сақтандыру қызметін жетілдіру саласында белсенді рөл атқаруы тиіс», – дейді Перуашев өз сауалында.
Айтпақшы, депутат осыдан 2 жыл бұрын Әділет министрлігі азаматтардың төтенше жағдайлардан өз тұрғын үйін міндетті сақтандыруды қарастыратын заң жобасын әзірлеу туралы мәлімдеме жасап, алайда, ондай заң жобасы әлі күнге дейін қабылданбағанын еске салды. «Көптеген отбасылардың іс-жүзіндегі шынайы қаржылық жағдайын ескере отырып, мәжбүрлеу арқылы емес, азаматтарды осы процеске саналы түрде тарту жемісті болар еді. Бұл арада жергілікті тұрғындар мен сақтандыру компанияларын ынталандыру, түсіндіру шараларын жүргізу, қарапайым қазақстандықтардың қаржылық және сақтандыру жөніндегі сауаттылығын арттыру жұмыстарын іске асыруда Ұлттық банкке артылар жүктің осал емесі белгілі. Кезекті бір су тасқынының астында қаламыз деген қауіппен өмір сүргенше, тұрып жатқан үйіңді сақтандырып қою әлдеқайда тиімдірек болатындай жағдай жасау қажет», – деп толықтырып өтті Перуашев.
Осыған байланысты, «Ақ жол» ҚДП фракциясы Үкімет пен Ұлттық банктен азаматтардың шынайы мүмкіндіктерін ескере отырып, сұрапыл апаттардан сақтандыру нарығын дамыту жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруын сұраған еді.
Бұл депутаттық сауалда «Айта – айта Алтайды, Жамал апай қартайдының» кебін киіп кетпесе екен дегіміз келеді!
Нағашыбай Қабылбек