АППАРАТТЫҚ МӘЖІЛІС

Апта басында аудан әкімдігінде кезекті аппараттық кеңес өтті. Аппараттық
кеңеске аудан активі мен округтік сайлау комиссияларының төрағалары қатысты.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе жетінші шақырылған Қазақстан Республикасы
Парламентінің Мәжілісін тарату және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі
депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы және барлық деңгейдегі
мәслихаттардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы аудан әкімі
аппаратының басшысы Мейірхан Төлеулиев хабарландыру жасап, округтік сайлау
комиссияларының дайындықтары мен әлі де атқарылуы тиіс жұмыстарды талқыға
салды.

Келесі кезекте аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық
жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғани Тілешев
бөлімнің 2022 жылы атқарған жұмысын қорытындылап, 2023 жылға бекітілген
жұмыс жоспарымен таныстырып өтті.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2020 жылғы 1
қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау
мақсатында Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды
реттеу басқармасының тапсырмасына сәйкес, аудан бойынша 2021-2025 жылдар
аралығында 50000 түп ағаш отырғызу жоспары бекітіліп, 2022 жылы көгалдандыру
бойынша іс-шаралар жоспары жасалып, ауылдық округтерге берілген 10 000 түп
ағаш егу жұмыстары жоспарға сай орындалды,–деді ол өз сөзінде.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерді пайдалану және қолдану
туралы зерделеу жұмыстарының нәтижесі бойынша аудан әкімдігінің ішкі саясат
бөлімі басшысының міндетін атқарушы Рүстем Тұрарқұл хабарлама жасады.
— Құрметті әріптестер рәміздерді дұрыс пайдаланбаған немесе міндетті болған
жерге орнатпаған мекемелердің басшыларына 50 АЕК (159 мың теңге) айыппұл
салынады. Ал заң бұзушылық бір жыл ішінде тағы қайталанса, лауазым иесі екі есе
(318 мың теңге) айыппұл төлейді.
Бөлім, мекеме басшыларынан алдағы уақытта мемлекеттік рәміздердің
пайдаланылуы және қолданылуы бойынша жұмыстарды қатаң бақылауда
ұстауларыңызды сұраймын,-деді ол.
Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Сәбит Төлегенов ауылдық округ, ауыл әкімдеріне тиісті тапсырмалар берді.

Мойынқұм ауданы әкімдігі