Апта айшығы: Елбасының арнайы Жарлығы шықты, Жер комиссиясының жұмысы қорытындыланды

Жер төңірегіндегі қордаланған түйткілді мәселені талқылау үшін құрылған Жер реформасы жөніндегі мемлекеттік комиссия табанды төрт ай жұмысынан соң қызметін тоқтатты. Өткен сенбіде Жер реформасы жөніндегі мемлекеттік комиссия Астана қаласында алқа құрып, осы уақытқа дейін атқарған қызметін бір қорытындылаған болатын.

Төрт мәселе төңірегінде құрылған жұмыс топтары өңірлерді аралап, қоғамдық пікірді зерделеп, азаматтармен кездесіп, көтерілген проблемаларды ортаға салды. Нәтижесінде жер қатынастары аясында қордаланған мәселелер әлі де баршылық екені анықталған. Түйткілдерді біртіндеп тарқата түсу үшін Жер реформасы жөніндегі мемлекеттік комиссия ҚР Президентінің атына хат жолдап, жер заңнамасына қатысты мораторийді бес жылға ұзарту туралы ұсыныс жасаған еді. Оншақты ұсыныс қамтылған Үндеуді Елбасы қабылдаса, комиссия өз жұмысын тоқтататынын да мәлімдеген. Осы аптада Елбасы Н. Назарбаевтың комиссияның ұсынысын құптаған арнайы Жарлығы шықты.  

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті өзінің төрағалығымен өткен елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және Жер реформасы жөніндегі комиссияның қызметі туралы кеңесте Үкіметтің жер заңнамасына өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдаған кезде агроөнеркәсіп саласына қаражат тарту мақсатын басшылыққа алғанын тілге тиек етті.

– Ауылдық жерлерде халықтың шамамен 40%-ы тұрып жатыр, 20%-ы ауылда еңбек етеді. Ауыл шаруашылығын өркендету көптеген салалардың дамуына септігін тигізеді. Ауыл шаруашылығымен айналысатындардың барлығы бұл салаға қолдау көрсету үшін мемлекеттің қандай күш-жігер жұмсағанын жақсы біледі. Жыл сайын аграрлық секторға айтарлықтай қаражат жұмсалады, бірақ ол өзін ақтай бермейді. Нарықтық экономикада олай болмайды. Мұның себебі ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігінің төмендігінде жатыр, ал оны арттыру үшін қосымша қаражат салу керек. Бүкіл әлем аграрлық секторға инвестиция тарту ісімен айналысуда. Біздің мемлекетіміз де ауыл шаруашылығын дамыту үшін көбірек капитал тартуды қалады. Егер бұл жұмыс түсіндіруден басталып, тек содан соң ғана заңдар қабылданса, онда ахуал басқа болар еді, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, кеңесте республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі мәселелері, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы және алдағы кезеңге арналған жоспарлар қарастырылды.

– Елдің экономикалық дамуы әлемде болып жатқан үдерістер салдарынан зор қысым көріп отыр. Қазіргі қаржылық-экономикалық дағдарыс, сандық экономиканың жаңа парадигмасына көшу бізден мүлде жаңа қадамдар талап етеді. Біз соны таба білуіміз керек, бұл үшін елде ресурстар жеткілікті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз баяндамасында А.Мырзахметов Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған  комиссия Астанада, сондай-ақ бірқатар өңірде жұртшылықтың қатысуымен көшпелі отырыс өткізгенін айтты.

– Азаматтардың арыз-шағымдары үшін арнаулы сайт ашылып, call-орталықтар құрылды, бүгінде оларға 13 мыңнан астам телефон қоңырауы түскен. Түсіндіру жұмыстары барысында жұртшылықты барынша кеңірек қамту үшін әкімдіктер жанындағы қоғамдық кеңестер іске тартылды, халықтың 67 мың өкілімен кездесу өтті, – деді Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі.

А.Мырзахметов комиссияның негізгі ұсыныстары, соның ішінде ауыл шаруашылығы жерін жалға беру институтын сақтап, одан әрі дамыту, жалға берілетін жер телімдерінің шекті көлемін белгілеу қажеттігі жөнінде де айтты. Сондай-ақ халықтың жайылымдар мен шабындық жерлерге қатысты мүддесі мен талаптарын ескеру керектігі, жеке тұрғын үй салу үшін жер берудің нақты ережелері мен тетіктерін анықтау қажеттігі аталып өтті.

Дереккөз: akorda.kz