«Ақ бантиктің» кейіпкері қайда жүр?

Бір кездегі шашына ақ бантик байлаған балауса қыз бүгінде ақ жаулық жамылған аяулы әже. Иә, иә, біз Мұхтар Шахановтың сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың әні, дүйім ел жатқа білетін «Ақ бантик» әнінің кейіпкері туралы айтып отырмыз. Осы ән шыққалы ел оны Ақбантик атап кетіпті. Ақбантиктің шын аты-жөні – Патима Төреханова. «Ол Шымкенттің Айқап шағынауданында тұрады» деген деректі бізге шәмшітанушы, белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлі ағамыз айтты. Мұны біле сала ән кейіпкерімен сұхбаттасуға асықтық. Осылайшы Ақбантик-Патима апаның үйіне табан тіредік. Жаулығын жамылған ашаң жүзді апа бізді жылы ғана жымиып қарсы алды.
«Ақ бантик» әні жарыққа шыққан 1966 жылы 11 сыныпты енді ғана бітірген тау бұлағындай мөлдір, шың басындағы шынардай болған арудың жарқын бейнесі сол нұрлы қалпында сақталыпты. Жетпістің төртеуіне шыққан Патима Әшірқызы жылдардың еркіне бағынып, жылдарға қол созып, жалынды жастық шағының белгісіндей болған сол әнді бойтұмарындай көреді екен.
Ақбантик, яки Патима Төреханова Түркістан комсомол комитетінде істейтін жігіт ағасы Қаражан Әбләзімовтің асыл арманы еді. Ақыры өзінен 9 жас кіші, мектепті бітіргеніне 12-ақ күн болған балаң қызды жар етіп, 1966 жылдың 12 шілдесінде отау құрады. Екі жастың қосылуына Патима апайдың туыс жездесі себепкер болыпты. Қ.Әбләзімов әке-шешесінен ерте айрылған соң үлкен ағасы мен әпкесінің қамқорлығында болыпты. Інісі мен келініне арнап қос бауыр Түркістандағы қарашаңырақта, үйдің ауласында екі жастың тойын дүркіретіп істеп беріпті. Қаражанның достары Шәмші мен Мұхтар да сол тойдың құтты қонағы болған екен. «Тойға берер сыйымыз кәне? Одан да ән арнайық» деп ән жазуға кіріседі. Достары Қаражанның жұбайы жаңадан мектеп бітірген балауса қыз екенін естіп, ақын мен сазгер тойға бір апта қалғанда «Ақ бантик» әнін дүниеге әкеліп, оны жолдастарының үйлену тойында тарту етіп, шырқап береді. Әу баста, әннің сөзі өзгеше болып, кейін өзгертілген екен.
–Шәкең де, Мұхаң да Қарекеңнің жас күніндегі жолдасы болды. Біз үйленбей тұрып та Мұхаң екеуі бір қолдың сағасындай ауызбірлікте комсомол комитетінде қатар еңбек еткен. Мені ол кісілер тойда бір-ақ көрді. Ал әнді суретіме қарап отырып жазыпты, — деді П.Әшірқызы ескі фотоальбомнан сарғайған суреттерін ақтарып отырып.
«…Ол уақытта ПАЗ автобусы көліктің төресі саналатын. Тойдың алдында Қарекеңнің бір топ жора-жолдастары сол «ПАЗ-икке» мініп, улап-шулап осы әнді шырқап келгені күні кешегідей есімде. Ал тойда барлығы қосылып шырқады. Балтагүл деген қайынсіңлім «баянның сүйемелдеуінде мен шырқағанмын» деп айтады. Мен ол кезде тым жаспын. Ол жағына аса мән бермеппін. Бұл ән сөйтіп ел арасына тарап кетті. Өзім мақтангершілікті жаным сүймейді. Бір мен емес, барлық ақ бантикті қыздарға арналған. Енді ел іші болған соң түрлі әңгімелерді естиміз. Ән жарыққа шыққан бойда өзін кейіпкер етіп, әннің дүниеге келуіне себепкер ретінде көрсеткен бәзбіреулер оның шығу тарихын бұрмалаған да кездер болды. «Шәмші біздің үйге жиі келетін. Мен ол кезде ақ бантик киген кішкентай қыз едім», «Ақ бантик тағып жүрген мына маған Шәмші ән жолдаған», т.с.с. жалған сөздер желмен бірге елге кеңінен таралып, ән тарихы ескерусіз қалды. Арналмаған нәрсені қалай арналды деп айтатынын түсінбедім. Өзім ешкімге мақтанып айтқан емеспін. «Айтпай-ақ қойыңдаршы!» деймін. Шәмшінің өзі өлсе де, мәңгілік өлмейтін әндерінің бірі ғой».
Ол осы естелігін айтып отырғанда жанының тым қарапайым да нәзік иірімдерін, жүрегінің шексіз мейірімін аңғардық. Ал «Менің сондай құрметке ие болғаным – азаматым Қаражанның арқасы. Әйтпесе, мен кіммін? Бір түкпірдегі ауылда жүрген қойшының қызымын. Отағасына өмірлік жар болып, Шәмші мен Мұхтар сияқты аңыз адамдармен тонның ішкі бауындай араластық. Оны да тағдырдың үлкен сыйына балаймын» дегенінде қасиет қонған кейуананың көздерінен өткен күндерге деген сағыныш ұшқынын сезіндік.
П.Әшірқызы жолдасы Қ.Әбләзімов екеуі үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді.
– Мен 18-імде келін болып түстім. Бір жылдан кейін Шымкент педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына оқуға түстім. Төрт жыл күндізгі бөлімде оқыдым. Жоғарғы оқу орнын бітіргенде бір қыз, бір ұлым болды. Кішкентайларыммен «алысып» жүріп дипломды да алдық қой. Бірақ, мамандық бойынша көп істемедім. Қарекеңнің іссапары көп болды да, мен көбіне үйде балаларға бас-көз болып отырдым. Оның үстіне ол уақытта қазіргідей кафе, ресторан, қонақүй деген атымен жоқ. Үйден қонақ үзілмейтін. Келімді-кетімді кісінің ас-ауқатын әзірлеп, жағдайын жасауға тырысатынбыз. Біздің үйден талай игі жақсы мен жайсаң дәм татты. Солардың ішінде Д.Қонаев атамыздан бастап «Ақ бантик» әнінің алғашқы орындаушыларының бірі Нұрғали Нүсіпжанов та болды. Сол әнді Нұрекеңнің орындауында тыңдағанда қатты әсерленемін. Осылайша өмірдің көп бөлігі отағасы мен балалардың бабын жасаумен өтті, қарағым. Алланың көрсеткен күніне тек шүкірлік айтамын, — деді.
Отағасы Ташкент қаласында Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшілігінде істеп жүрген кезінде 1994 жылы 54 жасына қараған шағында аяқ астынан денсаулығы сыр беріп, дүниеден озыпты. Содан бері 24 жылға жуықтапты. Аузында Алласы, тілінде тәубасы бар абзал ана қазірде Қаражан Әбләзімовтің шаңырағының шырағын сөндірмей, он екі немере сүйіп отырған жайы бар.
Әңгіме соңында Патима апайымыздан «Шәмші Қалдаяқовтың қайтыс болғанына биыл 29 жыл. Мұхтар Шахановтың көзі тірі болғанына тәубе етеміз. Ол кісімен хабар алмасып тұрасыздар ма?» деп сұрадық.
–Көзден кетсе, көңілден де кетеді деген. Отағасының көзі кеткен соң бәрінен ақырындап хабар үзе бастадық. Оқта-текте келіп тұрады. Мұхаңның 75 жылдығында Отырар ауданына барып, құттықтап қайтқанмын. Сол сапарда жастармен кездесу болғанда әннің шығу тарихын айтып берген болатынмын. Өмір деген бір орында тұрмайды. Жақсы мен жайсаңның көбінің көзі кетіп қалды. Шәмші қайтыс болғанда қатты қайғырдық. Өлімге қимайтын азамат еді ғой. Олар жас кезден бірге жүріп, бірге тұрды ғой. Мұхтар бойдақ кезінен біздің үйге қонаққа жиі келетін. Сонда шабыт қысатын болуы керек, таңертең ерте тұрып, есіктің алдында ерсілі-қарсылы жүріп, байыз таппайтын. Әйтеуір, Қарекеңмен комсомолда бірге істейтінін білетінмін. Ал бірақ жұмыстарына онша араласа бермейтінмін.
Деді. Өткен ғасырдың 60 жылдарындағы буынның жастық шағының ескерткішіндей болған «Ақ бантиктің» кейіпкері Патима Төреханованың өз аузынан шыққан ән тарихы осындай.
Мөлдір Кенжебай